Қуқық
Қорғаныс министрлігінің шығармашылық ұжымы елордалық алаңдарда музыкалық бағдарламамен өнер көрсетті 07.07.2025
Елорда күніне арналған мерекелік шаралар аясында Қарулы Күштердің Орталық әскери оркестрі мен Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың Орталық ансамблінің музыканттары мен солистері «Жетісу» саябағында және дәстүрлі XI «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалінің гала-концертінде өнер көрсетті.Елорда әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға елдің күштік құрылымдарының үздік музыкалық ұжымдары қатысты. 6 шілде күні «Қазақ елі» алаңында Қорғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, ҰҚК Шекара қызметі және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінің музыканттары бірлескен құрамда өнер көрсетті.Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының әскери музыканттары плац-концерт қойып, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» тобының попурриін, ырғақты «Құдаша дикси» шығармасын, марштық, патриоттық, қазақтың халық әуендерін және Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады. Көрермендерді барабаншылардың интерактивті шоуы мен Құрмет қарауылы ротасының дефилесі де ерекше тәнті етті.– Бүгін ерекше күн – бүкіл ел сүйікті елордамызға назар аударуда. Астананың тұрғындары мен қонақтарына музыкалық сый жасап, мерекелік көңіл күй сыйлап, осылайша мемлекеттік мерекемен құттықтағанымызға қуаныштымыз, – деді Орталық әскери оркестрдің аға әскери дирижері капитан Нұрлан Күчкаров.Айта кетейік, «Әскери керней» фестивалі әскери-музыкалық өнерді дамыту мен насихаттауға, әскер мен халық арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1030563?lang=kk
Конаевтық жас жүзгіш Дубайда өтетін финалға жолдама алды 07.07.2025
Қонаев қаласында ашық суда жүзуден өткен халықаралық «Oceanman Kazakhstan – 2025» турнирі өз мәресіне жетті. Капшагай су қоймасы аумағында ұйымдастырылған жарысқа әлемнің түрлі елдерінен 2000-нан астам спортшы қатысты. Жарыс бес түрлі қашықтық бойынша өткізілді.Турнирдің ерекше қатысушыларының бірі – Конаев қаласынан келген 8 жастағы Дмитрий Кремпин. Ол – Дубайда өткен Oceanman финалының күміс жүлдегері. Биыл да «OCEANKIDS» санатында 500 метр қашықтықты 10 минут 40 секундта жүзіп өтті.«Жас ерекшелігі бойынша топта ең кішісі мен болдым. Қарсыластарымның жасы 9 бен 10-дың арасында. Биыл жеңімпаздар қатарына ене алмадым, бірақ келесі жылы міндетті түрде жеңемін деп ойлаймын. Әрдайым қолдау көрсететін ата-анама және бапкеріме үлкен рақмет», – деді Дмитрий.Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстанда турнир төртінші рет өткізіліп отыр және оған деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Бұл бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтына деген халықтың ерекше ынтасын көрсетеді.Биылғы жарыстың маңызды ерекшелігі – ерекше қажеттіліктері бар 15 баланың қатысуы болды. Әр балаға тәжірибелі жүзгіштен арнайы серік бекітілді. Солардың бірі – танымал заңгер Ержан Есімханов. Ол – 2019 жылы Ла-Маншты жалғыз жүзіп өткен алғашқы қазақстандық.«Бүгін мен Тұмар Мұратқызын алып жүрдім. Ол нағыз қайсар қыз. 500 метрді сәтті жүзіп шықты. Бұл чемпионаттың басты құндылығы – ашықтығы мен қолжетімділігі. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен келген әртүрлі жастағы және кәсіптегі адамдарды біріктіреді», – деді Ержан Есімханов.Ересектер арасындағы INSPIRATION санатындағы 2 км қашықтықта Қазақстанның жүзуден алғашқы паралимпиада чемпионы, ұлттық құраманың капитаны Зүлфия Ғабидуллина жүлдегер атанды.«Биыл 59 жасқа толдым. Бірақ спорттан кетуді ойлап жүрген жоқпын. Қыркүйекте Сингапурда өтетін әлем чемпионатына қызу дайындалып жатырмын. Жас спортшыларға айтарым – ешқашан тоқтамаңдар, әрқашан алға ұмтылыңдар. Бапкерлеріңізді естен шығармаңдар, олардың еңбегін бағалаңдар», – деді ол.5 шақырымдық «HALF OCEANMAN» жарысында 20–29 жас санатында Станислав Редько жеңіске жетті. Ол – Астанада жаттықтырушы болып қызмет етеді, бұрын ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионы болған.«Oceanman жарысына алғаш рет екі жыл бұрын қатысқан едім. Биыл әлемнің бірнеше елінде өткен үш кезеңге қатыстым. Барлығында да жеңіске жеттім. Әрине, дайындықсыз адам үшін 5 немесе 10 шақырым қашықтықты тоқтаусыз жүзу өте қиын. Бірақ мен кәсіби спортшы болған соң, бұл – менің күнделікті тәртібім», – деді Станислав Редько.«Мастер» санатында тәжірибелі спортшыларымыз 4 алтын медальдің үшеуін иеленді. Әйелдер арасында абсолютті жеңімпаз – Алматы қаласынан келген Ирина Лазарева. Ол – ашық суда жүзуден Қазақстан Республикасының спорт шебері, Орта Азия ойындарының күміс жүлдегері және суасты бағдарлау бойынша Әлем кубогының қола жүлдегері.«Қонаевтағы бұл жарысқа үшінші жыл қатарынан қатысып келемін. Үш жылда да жеңімпаздар қатарынан көріндім. Қарсыластарым мықты болды, сол үшін де жеңіс ерекше құнды», – деді Ирина Лазарева.10 км және 5 км қашықтықтарда абсолютті чемпион атанған қазақстандықтар – Лев Черепанов пен Ғазиза Құмақбаева. Ал 2 км қашықтықтағы «SPRINT» санатында жеңіске жеткендер – Біріккен Араб Әмірліктерінен Родриго Малан мен қазақстандық Таисия Короткова.«Oceanman» – әлемнің әртүрлі елдерінде өтетін бірнеше кезеңнен тұратын халықаралық чемпионат. Қатысушылар бір ғана кезеңге не бірнеше жарысқа қатыса алады. Әр маусымның соңында финалдық жарыс ұйымдастырылады. Жүйе бойынша, әр кезеңде үздік 10 ер және 10 әйел спортшы автоматты түрде финалға жолдама алады. Биылғы финал желтоқсан айында Дубайда өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1030527?lang=kk
Домбыра – ұлттық бірлік пен рухани мұраның символы 07.07.2025
Ұлттық Домбыра күнін мерекелеу аясында еліміздің барлық өңірінде кең ауқымды мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл мереке – дәстүрлі өнерді дәріптеуге, рухани құндылықтарды нығайтуға және жастарды ұлттық мәдениетке баулуға бағытталған.Облыстың қала және аудан деңгейіндегі мәдениет үйлерінде, кітапханалар мен музейлерде концерттік бағдарламалар, әдеби-танымдық сағаттар, тақырыптық көрмелер және басқа да мазмұнды шаралар өтті. Мерекеге орай республика бойынша арнайы челлендж ұйымдастырылып, оған Алматы облысындағы барлық шығармашылық ұжымдар белсенді қатысты. Челленджде белгіленген кестеге сәйкес, 5 шілде күні эстафета Павлодар облысынан қабылданып, Ақтөбе облысына жолданды.6 шілде күні Қонаев қаласында Домбыра және Астана күніне арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Қала көшелерімен домбырашылар шеруі ұйымдастырылып, орталық саябақта көрме ашылып, мерекелік концерт өткізілді. Концерттік бағдарламаны Қазақстанның халық әртісі Секен Тұрысбековтің жетекшілігіндегі «Ақ жауын» мемлекеттік камералық оркестрі ашты. Одан әрі сахна төріне «Адырна», «Құлансаз», «Қонаев әуендері» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері және облыстың түрлі аудандарынан келген өнерпаздар көтерілді.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: Домбыра – ұлт болмысы, халық қазынасы. «Қазақ – нағыз қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра». Әсіресе, өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласы ерекше. Жастар төл мәдениетімізді терең түсініп, салт-дәстүрімізге құрметпен қарайды. Бұл – өте жақсы үрдіс екенін. Бұл қасиетті аспаптың жастар арасында кеңінен танымал болып келе жатқанын атап өтті. Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың дәстүрлі мәдениетке деген қызығушылығын, ата-бабадан қалған мұраға деген құрметін жоғары бағалап, рухани сабақтастықтың маңыздылығына назар аударды.Домбыра – ұлттық бірегейліктің ажырамас бөлігі, халықтың тарихы мен рухын жеткізетін тірі шежіре. Ұлттық Домбыра күнін атап өту – ұлы мұраға деген құрметтің айғағы ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақ бойында патриоттық рух пен ұлттық сана-сезімді қалыптастырудағы маңызды қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1030528?lang=kk
Қазақстан мен Бразилия СІМ басшылары Рио-де-Жанейрода кездесу өткізді 06.07.2025
Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 5 шілде – БРИКС мүше және серіктес мемлекеттер басшыларының саммитіне қатысу мақсатында Рио-де-Жанейро қаласына келген Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Бразилия Сыртқы істер министрі Мауро Виейрамен кездесу өткізді.Тараптар саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықтың келешегі жөнінде пікір алмасты.М.Нұртілеу Қазақстанның Латын Америкасындағы сенімді серіктесі әрі маңызды досы ретінде Бразилияға айрықша мән беретінін атап өтті. «Биыл елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 32 жыл толып отыр. Бұл байланыстар тұрақты саяси диалогпен, экономикалық қарым-қатынастың кеңеюімен және халықаралық аренадағы тығыз іс-қимылмен ерекшеленеді», – деді ол.Сұхбаттастар екіжақты қатынастарды нығайтудың тиімді тетігі ретінде тұрақты диалогты сақтаудың және сапарларды жоғары деңгейде жандандырудың маңыздылығын растады. Осы ретте Қазақстан СІМ басшысы бразилиялық әріптесін Астанаға сапармен келуге шақырды.Сауда-экономикалық байланыстарды ілгерілету негізгі назарда болды. Географиялық алшақтыққа қарамастан, Бразилия Қазақстанның Оңтүстік Америкадағы басты серіктесі ретінде саналады. 2024 жылы өзара тауар айналымы 257 млн АҚШ долларынан асты, ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 88%-ға өсіп, 104,2 млн АҚШ долларына дейін жетті.Министрлер негізгі салалардағы бірлескен бастамаларды кеңейтуге ниеттерін растады. «Біз ауыл шаруашылығы, өндіріс, көлік және логистика бағыттары бойынша өзара ықпалдастықты тереңдетуге мүдделіміз. Ортақ іс үшін нақты мүмкіндіктерді анықтау аса маңызды», – деді М.Виейра.Қазақ тарапы өз кезегінде тау-кен өнеркәсібі, атом энергетикасы, авиация, тыңайтқыштар өндірісі сынды бағыттарда бірлесе жұмыс істеуді ұсынды.Сонымен қатар министрлер жаңартылатын энергия көздері, цифрлық технологиялар және инновациялық шешімдер салаларында тәжірибе мен технология алмасуға қызығушылық танытты.Халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау барысында Астана мен Бразилиа ұстанымдарының жақындығы және БҰҰ мен өзге де көпжақты құрылымдар аясындағы тұрақты өзара қолдау аталып өтті.Кездесу қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволарының басшылары өзара байланыстарды одан әрі нығайтуға және БРИКС пен басқа да халықаралық алаңдар шеңберіндегі іс-қимылды кеңейтуге ниетті екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1030473?lang=kk
OCEANMAN-2025 Капшагайда басталды 05.07.2025
Конаев қаласындағы Heaven Club демалыс аймағында әлемнің түрлі елдерінен келген жүзушілер қатысқан ірі халықаралық турнир — OCEANMAN Kazakhstan-2025 өз бастауын алды. Биылғы жарысқа Үндістан, БАӘ, Франция, Кувейт, Италия, Ұлыбритания, Германия сынды 18 елден 2000-нан астам спортшы қатысты. Капшагай жағалауында жанкүйерлермен бірге 3000-нан астам адам жиналды.Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Oceanman халықаралық франшизасының иесі Фермин Эгидо және Қазақстандағы жарыстың ресми ұйымдастырушысы Ералы Оралов қатысты.«Төртінші жыл қатарынан біздің облыста бұл беделді халықаралық жарыс өтіп жатыр. Мұндай бастамалар бұқаралық спортты дамытуға ғана емес, туризмге де серпін береді. Қатысушылар елімізден керемет әсер алып, қайта оралуға ниетті боларына сенімдімін», — деді Марат Сұлтанғазиев өз құттықтауында.Жарыстар «Sport Qory» спортты қолдау қорының қолдауымен өтуде. Қатысушылар келесі қашықтықтар бойынша сынға түсуде:OCEANMAN 10 км – 300 қатысушыHALF OCEANMAN 5 км – 400SPRINT 2 км – 800OCEANKIDS (500 м) – 500 балаOCEANTEAM (эстафета 3×500 м) – 90 командаЖарысқа кәсіби спортшылармен қатар әуесқой жүзушілер де қатысуда. Франшизаның иесі Фермин Эгидоның айтуынша, жеңімпаздар осы жылдың желтоқсанында Дубайда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады.Биылғы жарыстың ерекше сәттерінің бірі — INSPIRATION санатына кіретін ерекше қажеттілігі бар 15 баланың 6 шілдедегі жүзуге қатысуы болды. Әр балаға жеке қамқоршы бекітіліп, арнайы дайындалған спортшылармен бірге жүзді. Қауіпсіздік үшін 22 жүзу құралы, ТЖМ-нің 4 қайығы мен еріктілер жұмылдырылды. Сонымен қатар, қатысушыларға арналған тамақтану және демалу орындары ұйымдастырылған.«Біз тек жарыс емес, адамдарды біріктіретін, рухты көтеретін және шабыт сыйлайтын атмосфера қалыптастырып келеміз», — деді ұйымдастырушы Ералы Оралов.Жарыстың алғашқы күнінде 10 және 5 км қашықтықтар өтті. Екінші күні SPRINT, OCEANKIDS және OCEANTEAM дистанциялары ұйымдастырылды. Капшагай су қоймасының жағалауында өтіп жатқан бұл ауқымды шара спорт пен достықтың, табиғат пен адам рухының тамаша мерекесіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1030386?lang=kk
Астанада Ақмола гарнизоны сержанттары арасында спорттық жарыс өтті 05.07.2025
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің базасында ұйымдастырылған жарыстарға аға және жоғары сержанттық құрамның өкілдерінен құралған командалар қатысты. Бағдарламаның басты оқиғасы қатысушылардың дайындығы мен ұйымшылдығының жоғары деңгейін көрсеткен шағын футбол турнирі болды.Футбол матчтарынан бөлек сержанттар белтемірге тартылып, арқан тартысты.Шағын футболда Қарулы күштер Бас штабының Сержанттық құраммен жұмыс жөніндегі басқарма командасы ауыспалы кубоктың иегері атанды. Екінші орын 68665 әскери бөлімі сержанттарының еншісін. Ал Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының сержанттары үшінші орын иеленді.Белтемірге тарту жарыстарында бірінші орынды 68665 әскери бөлімінің сержанттары, екінші орынды 44813 әскери бөлімінің сержанттары, үшінші орынды Қарулы күштер Бас штабы Сержанттар құрамымен жұмыс басқармасының әскери қызметшілері иеленді.Қарулы күштер Бас штабы Сержанттар құрамымен жұмыс басқармасының сержанттары арқан тартыста жеңімпаз атанды. Екінші орынды Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасының сержанттары иеленді. Ал әскери полиция өкілдері мен әскери теңізшілер үшінші орынды бөлісті.Спорттық іс-шараға қатысушылар күш-жігерді, төзімділікті дамытуға және командалық рухты нығайтуға ықпал ететін жарыстарды ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1030384?lang=kk
ШЫМКЕНТТЕ БАЛАЛАР ҚАУІПСІЗДІГІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ШАРАЛАР КҮШЕЙТІЛДІ 05.07.2025
Шымкент қаласында көпқабатты үйлердің терезелерінен балалардың абайсыз құлауын болдырмау мақсатында кешенді алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Биылғы жылы бүгінгі күнге дейін осындай 3 оқиға тіркелген: 2 бала қаза тауып, 1 бала жарақат алған. Өткен жылдың осы кезеңінде 4 оқиға болған еді (3 жарақаттану, 1 өлім жағдайы). 2024 жылы жалпы 8 оқиға тіркелген, оның ішінде 1 бала қаза тауып, 7 бала жарақат алған.Мамандардың айтуынша, 7 жасқа дейінгі балалар терезенің ашық немесе москит торымен жабылған күйінің қауіптілігін толық бағалай алмайды. Жазатайым оқиғалардың негізгі себебі – ересектердің, әсіресе баланы үлкен балаларға немесе қарт туыстарына сеніп тапсыру кезіндегі бақылаудың жеткіліксіздігі.Тұрғындардың хабардарлығын арттыру мақсатында жергілікті және республикалық телеарналар арқылы 4 рет сөз сөйлеу ұйымдастырылып, 22 рет радиоэфир шықты. Бұған қоса, арнайы бейнеролик дайындалуда.Адамдар көп жиналатын жерлерде және көпқабатты үйлердің тұрғындары арасында жыл басынан бері 159 үйді аралау жүргізіліп, 2650-ден астам адам қамтылды. 22 жиын өткізіліп, 1060-тан астам жадынама таратылды. Бұл кездесулерде балалардың терезеден құлауын болдырмау бойынша нақты ұсынымдар берілді.Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде (WhatsApp, Instagram, Telegram) түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, учаскелік қызметкерлермен бірге ата-аналар мен үй комитеттерінің чаттарына Департамент әзірлеген «5 қадам» жадынамасы жолдануда.Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жыл басынан бері 62 үйдің терезелеріне 103 қауіпсіздік блокаторы орнатылды. 26 маусымда «Балалардың терезеден құлап кетуіне жол бермеу шаралары» мәселесі бойынша төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Онда проблемалық мәселелер қаралып, балалардың қауіпсіздігін күшейту жөнінде тапсырмалар берілді.Заңнамаға сәйкес, баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ата-ананың тікелей міндеті. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабында бұл міндеттерді орындамағаны үшін әкімшілік жаза қарастырылған. Сондай-ақ, ҚР Қылмыстық кодексінің 119 және 141-баптарында бала өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларда тиісті міндеттерді орындамағаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген.Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға балаларды қараусыз қалдырмауды, терезелерге арнайы бекіткіштер орнатуды және барлық қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады.Бұл туралы бүгін, Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменті Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы, азаматтық қорғау полковнигі – Махмудов Ирисмат Бахтиярович мәлімдеді
Қазақстанда стратегиялық жобаларды іске асыру мүмкіндіктері АҚШ-та талқыланды 05.07.2025
Нью-Йорк, 2025 жылғы 3 шілде – Америка Құрама Штаттарына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Вашингтон, Нью-Йорк және Сан-Франциско қалаларында халықаралық қаржы ұйымдары мен жеке сектор өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді.Дүниежүзілік банкте «Business Ready» бағдарламасының Ғаламдық көрсеткіштер тобының директоры Норма Лоайзамен кездесу өтті. Инвестициялық климатты бағалау әдіснамасын жетілдіру, өңірлік ерекшеліктерді көрсету және тарифтік емес тосқауылдардың іскерлік белсенділікке әсері мәселелері талқыланды. 2024 жылы «Doing Business»-тің орнына іске қосылған «Business Ready» бағдарламасы Қазақстанды 2025 жылдан бастап шолуға енгізеді. Қазақстан тарапынан ұлттық ерекшеліктерді дәл ескеру үшін жергілікті деректерді ұсынуға және консультацияларға қатысуға дайындығы расталды.«IG Global» компаниясының бизнесті дамыту жөніндегі вице-президенті Стефани Эштонмен Қазақстандағы тау-кен секторында инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары талқыланды.«Bay Area Economic Institute» және «San-Francisco Chamber of Commerce» ұйымдарымен Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы және Кремний алқабы бизнесімен ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.Тұрақты энергетика, шикізатты қайта өңдеу, биотехнология және технологиялық ынтымақтастық салаларында жобаларды дамытуға бағытталған бірқатар компаниялармен кездесулер өтті.«Windfall Bio» компаниясымен метанды ұстауға арналған микробиологиялық технологияларды қолдану және оларды Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенінде пайдалану мүмкіндіктері талқыланды.«Boardwurks» компаниясымен қарасорадан жасалған композиттік құрылыс материалдарын бірлесіп өндіру перспективалары қозғалды.«Astranis Space Technologies Corp.» компаниясы Қазақстанның шалғай аумақтарын байланыспен қамтамасыз етуге арналған спутниктік байланыс шешімдерін ұсынды.«Silkroad Innovation Hub» инновациялық орталығында тараптар қазақстандық стартаптарды қолдау, халықаралық акселерациялық бағдарламаларды дамыту және АҚШ-тағы «Digital Nomads» үшін жағдай жасау мәселелерін талқылады.Бұл кездесулер технологиялық және орнықты даму салаларындағы негізгі бағыттар бойынша Қазақстан мүдделерін ілгерілету мен экономикалық дипломатияны жандандырудағы маңызды кезең болды.Кездесулердің қорытындысы бойынша Ә.Қуантыров АҚШ-тың Қазақстан экономикасына ең ірі инвесторлардың бірі болып қалатынын атап өтті – жалпы инвестициялар көлемі 62 млрд АҚШ долларынан асады. Осыған байланысты жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және өзара сенімді нығайтуға бағытталған американдық серіктестермен диалогты тереңдету ерекше маңызға ие.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1030328?lang=kk
Қазақстандық Арнайы операциялар күштерінің жауынгерлері Түркиядағы «Анадолу-2025» оқу-жаттығуында жоғары дайындық деңгейін көрсетті 04.07.2025
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері Түркияда өткен «Анадолу-2025» халықаралық оқу-жаттығуына қатысты. Іс-шараға әлемнің түрлі елдерінен арнайы мақсаттағы бөлімшелері қатысып, Қазақстан атынан 15 әскери қызметші өнер көрсетті.Оқу-жаттығу аясында әскери қызметшілер урбанизацияланған және таулы жерлерде ұрыс жүргізу, топ құрамында атыс жүргізу, тікұшақтан арқанмен түсу, парашютсіз десанттау, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану, жаралыларға алғашқы көмек көрсету және оларды эвакуациялау жаттығуларын пысықтады.«Анадолу» оқу-жаттығуы екі жылда бір рет өткізіледі және 2006 жылдан бері түрлі елдердің арнайы күштері арасындағы өзара іс-қимылды арттыру мен тәжірибе алмасуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1030298?lang=kk
Қазақстандық бітімгерлер халықаралық үстел теннисі турнирінде жеңіске жетті 04.07.2025
Ұлттық контингенттер арасында үстел теннисінен жарыс қазақстандық бітімгерлік ротасы орналасқан Голан биіктері ауданындағы Фауар базасында өтті. Жарыс барысында Қазақстанның әскери қызметшілері майор Михаил Лудвин мен сержант Қуат Әшімханов түрлі елдердің мықты спортшыларына қарсы ойында жоғары техника мен үйлесімділік танытып, жұптық санатта бірінші орынды иеленді.– Біз осы турнирге барынша дайындалдық. Қарсыластарымыздың ойынын талдап, пысықтадық. Шешуші фактор біздің жауынгерлік жолдастарымыздың қолдауы болды, – деп бөлісті жеңімпаздар.Қазақстандық бітімгерлік контингентінің командирі подполковник Жәнібек Нұрланов әскери қызметшілерді жеңісімен құттықтап, оларға зор денсаулық және одан әрі спорттық табыс тіледі.Турнир бітімгерлік миссиясының құрамында әртүрлі елдердің әскери қызметшілері арасындағы достық пен өзара сыйластықты бейнелейтін маңызды оқиға болды.Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның дербес бітімгерлік контингенті 2024 жылдан бастап БҰҰ күштерінің бөлінуді бақылау жөніндегі миссиясына қатысады. Әскери қызметшілердің негізгі міндеті - қауіпсіздікті қамтамасыз ету, гуманитарлық жүктерді алып жүру, патрульдеу, сондай-ақ Израиль мен Сирия қарулы күштері арасындағы бөліну аймағында тұрақтылықты сақтау. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1030290?lang=kk
Мемлекеттік қолдау – болашаққа салынған инвестиция 04.07.2025
2024 жылдың басынан бері Қостанай облысында әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерін гранттық қаржыландыру бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда. Бұл бастама аясында кәсіпкерлер әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған жобаларын дамыту үшін 5 миллион теңгеге дейін грант алу мүмкіндігіне ие. Қаржыландыру тек конкурстық негізде жүзеге асырылады, бұл өз кезегінде іріктеу процесінің ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етеді.Бағдарламаға қатысу үшін ерекше шарттар «Бір ауыл – бір өнім» жобасының финалистері болып табылатын кәсіпкерлерге арналған. Бұл бастама аясында кәсіпкерлер өз өнімдерін тек жергілікті шикізаттан өндіреді. Мұндай тәсіл аймақтық брендтердің дамуына және ауыл кәсіпкерлігінің өркендеуіне жол ашады.2024 жылғы гранттық байқаудың жеңімпаздарының бірі – «Уникум» жылдам оқыту және интеллектіні дамыту мектебі» ЖШС болды. Бұл жоба қазылар алқасының назарын бекерден-бекер аудартқан жоқ, себебі оның мақсаты – қоғамның ең осал тобының бірі саналатын, 1 жастан 4 жасқа дейінгі аутизм спектрі бұзылыстары бар балаларға қолдау көрсету.Жобаның негізі – дамуында ерекшелігі бар балалармен жұмыс істеуде өзінің тиімділігін дәлелдеген, ғылыми негізделген ерте араласу әдісі — Денвер үлгісін енгізу болды. Бағдарламаның басты мақсаты — аутизм белгілерін жеңілдетіп, баланың әлеуметтік, эмоциялық, сөйлеу және мінез-құлық салаларындағы дамуын жеделдету. Балалармен жұмыс ойын түрінде жүргізіледі, бұл олардың қоршаған ортаға бейімделуін, өз-өзіне қызмет көрсету дағдыларын және әлеуметтік өзара әрекеттесуін қалыптастыруға ықпал етеді.Орталықта ата-аналармен де тығыз жұмыс жүргізіледі: олар арнайы мамандардан кеңес алып, баламен тиімді қарым-қатынас орнатудың стратегияларын үйренеді, сондай-ақ әр кезеңде кәсіби қолдауға ие болады.Гранттық қолдаудың арқасында кәсіпкер орталықты заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған арнайы ойыншықтар мен оқу материалдарын сатып ала алды.Бүгінде «Уникум» орталығында 45 бала оқып жатыр, оның 15-і — Денвер үлгісі бойынша. Бағдарламаны жүзеге асырып жатқан мамандар құрамында 12 адам бар: логопед-дефектологтар, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, бастауыш сынып мұғалімдері және басқа да білікті мамандар. Жақын арада, грант шартына сәйкес, қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Бұл жобаны тек әлеуметтік маңызы бар бастама ғана емес, сонымен қатар өңір экономикасына пайдалы жоба деп те бағалауға болады.Қостанай облысында әлеуметтік кәсіпкерлікті гранттық қолдау бастамасы – мемлекеттік тетіктердің өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге және инклюзивті қоғам құруға қалай ықпал ете алатынының жарқын мысалы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1030085?lang=kk
Алматы облысында «Р-3» арнасындағы жұмыстарды жеделдету жөніндегі жол картасы бекітілді 04.07.2025
Алматы облысының Талғар ауданында суару жүйелерін қайта жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жоба 2024 жылы басталып, 48 суару арнасында тиісті құрылыс жұмыстарын қамтиды.Жобаның мердігері – «AK Construction Company» ЖШС. Құрылыс жұмыстары жалпы құны 21,4 млрд теңге болатын келісімшарт аясында атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін республикалық бюджеттен бөлінген 1,5 млрд теңгенің 1,27 млрд теңгеден астамы игерілді.Қазіргі таңда «Айтуар», «Саз-Талғар», «Новостройка», «Р-9» және «Р-3» су арналары бойынша негізгі жұмыстар аяқталды. «Р-3» арнасындағы автожол арқылы өтетін дюкерлік өткелден басқа учаскелер толық аяқталған. Жалпы жаңғыртылған арналардың ұзындығы 28,1 шақырымды құрайды.Жобадағы негізгі кезеңдердің бірі – «Р-3» арнасындағы дюкерлік өткелдің құрылысы болды. 30 маусым күні аталған нысанда Алматы облысы әкімінің орынбасарлары А.Д. Масабаев пен Б. Бақытұлы, мердігер компания өкілдері, қадағалаушы органдар мен басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен көшпелі жиын өтті. Кездесу барысында аталған нысандағы жұмыстарды жедел аяқтауға бағытталған жол картасы бекітілді.Қазіргі уақытта құрылыс бригадалары күшейтілген режимде – екі ауысымда жұмыс істеуде. Қабылдау құдығын бетондау және негізгі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.10 шілдеге дейін дюкер толық аяқталып, «Р-3» арнасына су беру қайта қалпына келтіріледі. Осылайша, нысанның жаңғырту жұмыстары толық аяқталады деп жоспарлануда. Су пайдаланушылардың ұсыныс-пікірлері ескерілген соң, арнаны пайдалануға қабылдау қыркүйек айына дейін жүргізіледі.Құрылыс жұмыстары жалғасып жатқан уақытта су беру балама көздер арқылы қамтамасыз етілуде. Дюкерлік өткел аяқталғаннан кейін «Р-3» арнасы арқылы су беру толығымен қалпына келіп, ауыл шаруашылығы алқаптарын тұрақты суаруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1029990?lang=kk
Күніне 4 мың демалушы және ЖИ камералары: Қонаевтағы жағажайларда тазалық қалай сақталуда? 04.07.2025
Қонаев қаласы әкімдігінің мәліметінше, №6 жағажайда 40 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Барлығы сенімгерлік басқарушы компаниямен келісімшарт жасап, жалға алған аумақты күтіп ұстау бойынша нақты міндеттемелерді алған. Олар күн сайын тазалық жұмыстарын жүргізуге, тапшандарды дезинфекциялауға, қоқыс жәшіктері мен жарық орнатуға, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті.«№6 жағажайда 45 қоқыс жәшігі, 10 контейнер және үш әжетхана орнатылған. Тазалыққа 30 жұмысшы мен 2 арнайы техника жауапты. Қауіпсіздікті 10-нан астам құтқарушы қамтамасыз етіп отыр, медицина қызметкерлері кезекшілік етеді, бейнебақылау камералары орнатылған. Мониторинг күн сайын жүргізіледі», — деп хабарлады қалалық ТҮКШ бөлімі.Ал №5 жағажайда 28 бөлмелі 6 әжетхана, 5 жуыну орны, 6 киім ауыстыратын бөлме, 30 қоқыс жәшігі, 40 бөшке және 25 контейнер бар. Мұнда жасанды интеллектпен жабдықталған бейнебақылау жүйесі орнатылған.Жағажай аумағында тәртіпті сақтау және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ТЖБ мен полиция қызметкерлері тұрақты түрде кезекшілік атқарады.Күн сайын №6 жағажайға 4–5 мың адам, ал №5 жағажайға 1 500–2 000 адам келеді. Демалыс күндері бұл көрсеткіш әр жағажайда 2–3 есеге дейін артады.«Әр демалыс сайын отбасымызбен №5 жағажайға келеміз — менің үш балам және екі жиенім бар. Мұнда таза, қауіпсіз, ересектер мен балаларға барлық жағдай жасалған. Киім ауыстыратын бөлмелер, құтқарушылар мен медқызметкерлер бар. Балаларға ойнайтын алаң болса, біз үшін тазалық пен тәртіп маңызды. Қоқыстарды арнайы жәшіктерге тастау – бұл мәдениеттілік белгісі», — дейді алматылық тұрғын Мұрат Амангелдиев.Қауіпсіздік бойынша санитарлық қызмет мамандары пікір білдірді. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нариман Орынбасарұлының айтуынша, Қапшағай су қоймасынан ай сайын су сынамасы алынып, зертханалық сараптамалар жүргізіледі. Қорытындысы - қанағаттанарлық, су санитарлық талаптарға сай келеді, шомылуға рұқсат берілген.Жағажай маусымы басталғалы қоғамдық орындарды ластағаны үшін ҚР ӘҚБтК 434-2-бабы бойынша 35 әкімшілік хаттама толтырылып, азаматтарға жалпы сомасы 1 376 200 теңге айыппұл салынған.Қала әкімдігі жағажайдағы санитарлық талаптардың сақталуына бақылау күшейтілгенін атап өтті. Келісімшарт талаптарын орындамаған кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылады, сондай-ақ демалушылар да тазалық пен тәртіпті сақтауға жауапты екендерін естен шығаомауы қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1029851?lang=kk
Қоқыс полигонында бұрын-соңды болмаған су жинақтағыш резервуар салынуда 04.07.2025
Қонаев қаласының шетінде орналасқан, аумағы 30 гектарды құрайтын қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жұмыс барысымен қала әкімі Асхат Бердіханов танысты.«Қонаев Көркейту» ШЖҚ МКК директоры Қанат Азаматовтың айтуынша, полигонда көлемі 30 текше метрді құрайтын су жинақтаушы резервуар салынып жатыр. Бұл құрылым өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған — өрт болған жағдайда су жеткізуге уақыт жоғалтпай, дереу сөндіру шараларын жүргізуге мүмкіндік береді. Бұған дейін мұндай инфрақұрылым полигонда болмаған. Сонымен қатар, өрт ошақтарын жылдам жою үшін арнайы техника тәуліктік кезекшілікке қойылады.Санитарлық талаптарға сәйкес, полигонның айналасына қоқыстардың ұшуын және малдың кіруін болдырмау үшін ор қазылып, темір тормен қоршалуда. Белгілі бір бөліктерге бетон қоршаулар орнатылуда.Экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында полигонның алдыңғы жағы көгалдандырылады. Арнайы техникалар үшін таразы қойылып, көлік жуу аймағы жабдықталатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1029793?lang=kk
Экономикалық әлеует пен кіріс базасының тұрақты өсуі 04.07.2025
Алматы облысы құрылған сәттен бастап өңірлердің экономикалық әлеуеті мен кіріс базасының тұрақты өсімі байқалуда. Мұның айқын дәлелі – облыстық бюджетке бюджеттік алып қоюларды қамтамасыз ететін донор аумақтар санының екіден беске дейін артуы. Бұған дейін донорлар қатарына тек Іле және Қарасай аудандары кірсе, қазіргі уақытта оларға Қонаев қаласы, Еңбекшіқазақ және Талғар аудандары қосылды.2025 жылға жоспарланған бюджеттік алып қоюлардың жалпы көлемі шамамен 298 млрд теңгені құрап отыр. Бұл көрсеткіш аталған аумақтардың салықтық әлеуетінің жоғары екендігін және облыстық бюджеттің кіріс бөлігін қалыптастырудағы рөлінің арта түскенін көрсетеді.Алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік саясатты жоспарлау аясында Жамбыл ауданын донорлар қатарына қосу көзделген. Сондай-ақ, өнеркәсіптік орталық ретінде дамып келе жатқан Алатау қаласын да болашақта осы қатарға енгізу мүмкіндігі қарастырылып отыр. Осылайша, қазіргі қарқын сақталған жағдайда, облыстағы дотациялық төрт ауданнан өзге өңірлердің барлығы дерлік өзін-өзі қамтамасыз ететін және аймақ дамуына үлес қосатын донорға айналмақ.Сонымен қатар, өңір кірістерінің тұрақты өсім көрсетіп отырғанын атап өту қажет. 2024 жылы облыс кірістері 130%-ға, яғни 120 млрд теңгеге артты. Биылғы жылы да оң динамика жалғасуда – 2025 жылдың алғашқы бес айының қорытындысы бойынша жоспардан тыс 44 млрд теңге қосымша түсім тарту жоспарлануда.Егер салық түсімдерінің қазіргі өсім қарқыны сақталса, 2029 жылдан бастап, яғни келесі үшжылдық кезеңнің соңына қарай, Алматы облысы тарихта алғаш рет республикалық бюджетке алып қою жүргізетін донор өңір мәртебесіне ие болуы мүмкін. Бұл өңірдің қаржылық дербестікке қадам басуы мен экономикалық тұрақтылығын нығайтудың маңызды кезеңі болмақ. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1029647?lang=kk
1000-нан астам әлеуметтік кәсіпкер экономикаға, әлеуметтік мәселені шешуге үлес қосуда 04.07.2025
Бүгінде Қазақстанда 1000-нан астам әлеуметтік кәсіпкер жұмыс істейді. Олар жұмыс орнын құру мен салық түсімін қамтамасыз ету арқылы бизнесті дамытып қана қоймай, әлеуметтік міндеттерді шешуге белсенді қатысады. Халықтың осал тобына көмектесіп, өңірлерде өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді. Тақырыптың өзектілігі мен әлеуметтік бизнестің өсудегі үлесі Астанада "Әлеуметтік кәсіпкерлік: проблемалар мен перспективалар"атты дөңгелек үстелде талқыланды. Оған мемлекеттік органдардың, әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының өкілдері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, сондай-ақ іс жүзінде әлеуметке бағдарланған жобаларды іске асыратын кәсіпкерлердің өздері қатысты.Қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетігі туралы ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев айтып берді. Ол әлеуметтік кәсіпкерлер портфельдік субсидиялау құралын пайдалана алатынын атап өтті: кредиттер бойынша жеңілдікті мөлшерлеме 11,3%, ал қарыздың ең жоғары сомасы 200 млн теңгеге дейін беріледі.Сонымен қатар, 2024 жылдан бастап мемлекеттік грант беру жүйесі әлеуметтік кәсіпкерліктің пайдасына қайта бағдарланды. Енді 5 млн теңгеге дейінгі көлемде қаржыландыруды қызмет секторына қарамастан, тек әлеуметтік кәсіпорындар мен "Бір ауыл – бір өнім" жобасының жеңімпаздары алады. 30 маусымдағы жағдай бойынша, жалпы сомасы 91 млн теңгеге осындай 19 грант берілді. 2024 жылы барлығы 1,3 млрд теңгеге 290 грант берілген.Мемлекеттік қолдауға сонымен қатар бұрын берілген кредитті субсидиялау да жатады. Бағдарлама іске қосылған кезден бері 61 жобаға субсидия беріліп, кредиттеудің жалпы көлемі 8,3 млрд теңгеге жеткен. Оның 617,1 млн теңгесі субсидия түрінде жабылған.Кездесу соңында Асан Дарбаев қатысушыларға сындарлы диалог үшін алғыс білдіріп, Министрліктің одан әрі өзара іс-қимылға дайын екенін жеткізді. Ол әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту басымдықтың бірі болып қала беретінін, өйткені бұл сектор елдің тұрақты және инклюзивті экономикасын қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1029584?lang=kk
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінде Латвия Елшісін қошеметпен шығарып салды 03.07.2025
Астана, 2025 жылғы 3 шілде – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Латвияның Елшісі Ирина Мангулені Қазақстандағы дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай қабылдады.Кездесу барысында дипломаттар Қазақстан мен Латвия арасындағы саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы қарым-қатынастардың оң динамикасын атап өтіп, бірлесіп атқарылған жұмысты қорытындылады. Мемлекетаралық диалогты нығайтуға, іскерлік және білім беру байланыстарын кеңейтуге, сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.Министрдің орынбасары И.Мангулеге ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің атынан Латвия елшісінің екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және екі ел халықтары арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге қосқан елеулі үлесі үшін құрмет грамотасын табыстады.Астанада бес жыл бойы жұмыс атқарған Латвия Елшісі қазақ тарапына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіріп, жемісті ынтымақтастықты жалғастыруға үміт артты.Р.Василенко И.Мангулеге алдағы қызметінде табыс тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1029493?lang=kk
Абай облысындағы атмосфералық ауаны қорғаудың жай-күйі туралы 03.07.2025
2024 жылы стационарлық көздерден атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарындылары 36,8 мың тоннаны құрады және олардың деңгейі алдынғы жыл мен салыстырғанда 4,5%-ға төмендеді.Облыс кәсіпорындары ластаудың барлық стационарлық көздерінен шығатын ластаушы заттардың жалпы санынан ластаушы заттардың 83,4%ұстап алып, залалсыздандырды.Ластаушы заттар шығарындыларының ең көп көлемдері Семей қалалық әкімшілігі (19,8 мың тонна), Аягөз ауданы (4,6 мың тонна), Жарма ауданы (4,2 мың тонна), Бородулиха ауданы (3,1 мың тонна) және Жаңасемей ауданы (1,5 мың тонна) аумақтарында шоғырланған.Есепті жылда облыстың ауа бассейіне көміртегі тотығы – 12,9 мың тонна, бейорганикалық шаң – 12,1 мың тонна, күкіртті ангидрид – 5,4 мың тонна, азот диоксиді – 3,3 мың тонна, тағы басқа ерекше ластаушы заттар түсті._________________________________________________________________________________________________Әдіснамалық түсіндірмелерАтмосфераға ластайтын заттардың шығарындылары – шығарындылардың тұрақты (ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған) көздерінен (халықтың денсаулығы немесе қызметіне, қоршаған табиғи ортаға қолайсыз әсер ететін) ластайтын заттардың атмосфераға түсуі.Ұйымдастырылған тұрақты көздерге зиянды заттар газ қалдықтары және ауа айдаушы жүйелер арқылы шығарылатын жылжымайтын көздер (мұржалар, аэрациялық фонарлар, вентиляциялық шахталар және т.б.) жатады.www.stat.gov.kz/Ресми статистика/Салалар бойынша/ Қоршаған орта статистикасы Өнеркәсіп және қоршаған орта статистикасы бөлім басшысы Ш.А. ИсахановаТел. +7 7222 52-49-18Орындаушы: Өнеркәсіп және қоршаған орта статистикасы бөлімінің бас маманыА.Т.МайкибаеваТел. +7 7222 52-49-18Адрес:180000, Cемей қаласыМәңгілік ел көшесі, 25 © Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1029404?lang=kk
Капшағай су қоймасында OCEANMAN-2025 – Орталық Азиядағы ең ірі ашық судағы жарыс өтеді 03.07.2025
5–6 шілде күндері Капшағай су қоймасында OCEANMAN-2025 халықаралық жүзу жарысы бастау алады. Бұл – Орталық Азия аумағындағы ең ірі ашық суда өтетін жарыс. Жарысқа 18 елден 2 050 спортшы қатысады. Олардың қатарында Үндістан, Франция, Италия, Ұлыбритания, БАӘ және Малайзия елдерінің өкілдері бар.Жарыс бес түрлі қашықтық бойынша өтеді — балалар санатынан бастап ересектерге дейін:• OCEANMAN (10 км) — 300 қатысушы• HALF OCEANMAN (5 км) — 400 қатысушы• SPRINT (2 км) — 800 қатысушы• OCEANKIDS (500 м) — 500 бала• OCEANTEAM (эстафета 3×500 м) — 90 адамБиыл ерекше назар INSPIRATION санатына аударылды. Ерекше күтімді қажет ететін 15 бала өз қамқоршыларымен бірге суға түсіп, жарысқа қатысады. Олардың арасында алғашқы OCEANMAN қатысушысы болған Қазақстандық заңгер Ержан Есимханов та бар. Бүгінде ол жас буынды қолдап келеді.– OCEANMAN – бұл тек спорт емес, бұл – бірлік, инклюзия және рухты жарыс. Осындай ауқымды, дайындық деңгейіне қарамастан баршаға ортақ шараны Алматы облысының қабылдағанына қуаныштымыз, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рахман Шахарбек.Іс-шара Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Алғаш рет шетелдік қонақтар үшін ұйымдастырушылар Алматыда Culture Day – Қазақстанның мәдениеті мен дәстүрімен танысу күнін өткізеді.Жарыс Heaven Club демалыс аймағында болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1029299?lang=kk
Астана күні қарсаңында Қарасай ауданында 37 отбасы баспаналы болды 03.07.2025
Астана күніне орай Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Қарасай ауданында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бастама.Аудан әкімдігінде өткен салтанатты шара барысында 37 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды. Салтанатты рәсімге қатысқан Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов жиналғандарды елорда күнімен құттықтап, ауданда атқарылып жатқан әлеуметтік бастамаларға тоқталып, жаңа қоныс иелеріне тұрғын үй кілттерін табыс етті.Жаңа пәтерлер «Арнау» және «Сәукеле» ықшам аудандарынан берілді. Баспанаға қол жеткізгендер қатарында жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы және толық емес отбасылар бар.Соңғы он жылда халық саны 120 мыңнан астам адамға артқан Қарасай ауданына ерекше назар аударылып отыр. Ауданда инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, электрмен және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталған жобалар 16 елді мекенді қамтып отыр. Бұл мақсатта 5,7 млрд теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, республикалық бюджеттік комиссияға қаржыландыруға өтінім жолданды.Жалпы, Алматы облысында құрылыс саласы серпінді дамып келеді. 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында құрылыс жұмыстарының көлемі 28,7%-ға өсіп, 955 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 960 мың шаршы метр баспананы тапсыру жоспарланып отыр. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдау мақсатында 2023 жылы 442 отбасы тұрғын үймен қамтылды.Сонымен қатар, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесін шешу мақсатында «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» тарапынан 22,1 млрд теңгеге облигациялар шығарылып, 1331 пәтерді сатып алу жоспарланған. Бұдан бөлек, бюджет саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер мен спортшылар үшін арнайы «Алатау» өңірлік ипотекалық бағдарламасы іске қосылды. Аталған бағдарлама аясында 3,1 млрд теңге бөлінген.Алдағы уақытта да тұрғын үймен қамтамасыз ету және инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғастырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1029276?lang=kk