Қуқық
Құрметті медицина қызметкерлері! 21.06.2025
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — Медицина қызметкері күнімен шын жүректен құттықтаймыз!Біз дәрігерлеріміз бен мейіргерлеріміздің жетістіктерін мақтанышпен атап өтеміз, олар жыл сайын жүздеген мың науқасты қабылдап, миллиондаған жедел жәрдем шақыртуларына қызмет көрсетіп, мыңдаған күрделі операцияларды сәтті жасап, сәбилердің аман-есен дүниеге келуіне көмектесіп келеді.Ұлт денсаулығын нығайту - мемлекетіміздің басты басымдықтарының бірі.Қазақстанда медицинаның бірнеше бағыты халықаралық деңгейде табысты бәсекеге қабілетті. Бүгінде еліміздің әрбір тұрғынына медициналық-санитариялық алғашқы көмек те, жоғары технологиялық медициналық қызметтер де қолжетімді.Сіздердің тынымсыз еңбектеріңіз үшін алғысымыз шексіз!Сіздерге және отбасыларыңызға зор денсаулық, мол оптимизм, құрмет пен амандық тілейміз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/1017584?lang=kk
Астанада «Күй» спектаклінің премьерасы өтті 21.06.2025
2025 жылдың 14 маусымында күндері Қалибек Қуанышбаев Қазақ ұлттық музыкалық драма театры Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаевтың «Күй» повесі негізінде сахналанған драмалық қойылымның премьерасын ұсынды.Көрнекті қаламгердің терең философиялық туындысы театр сахнасында ерекше интерпретациямен көрерменге жол тартты.Қойылым театрдың халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өтті.Туындыда басты кейіпкер Жөнейіт ыза-кекпен арпалысып, жан азабын тартады. Билік пен ар арасындағы тартыс та сахнада шебер суреттеледі.Қойылым көрерменге терең ой салып, ұлттық өнердің құдіретін сезіндіріп, ерекше әсер сыйлады. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1017590?lang=kk
Түркістан облысында 280 мың құсты қамтитын құс фабрикасы іске қосылады 21.06.2025
2025 жылы Сауран ауданына қарасты Шаға ауылдық округінде ет бағытындағы заманауи құс фабрикасы – “Eco-Chiken” ЖШС жұмысын бастайды. Құны 2,5 млрд теңге болатын жаңа инвестициялық жоба 280 мың құсты ұстауға есептелген және өңірдегі агроөнеркәсіптік кешендегі ірі нысандардың біріне айналмақ.Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін облыс ішіндегі сұранысты қамтып қана қоймай, еліміздің нарығына да шығып, сапалы құс етін бүкіл Қазақстан бойынша жеткізу жоспарлап отыр.Жоба Сауран ауданын дамыту жөніндегі кешенді бағдарлама аясында жүзеге асырылуда. Жалпы, 2024 жылы ауданда жалпы құны 16,4 млрд теңге болатын 13 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр.Маңызды жобалардың бірі ретінде биылғы жылдың соңына дейін аяқталатын, “Ақ Сауран” ЖШС жүзеге асырып жатқан жаңбырлатып суару әдісіне негізделген суару жүйесінің құрылысын атап өтуге болады. Аталған жобаға салынған инвестиция көлемі – 1,5 млрд теңге. Жоба су ресурстарын тиімді пайдалану мен ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған.Бұдан бөлек, ауданда бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері де белсенді дамып келеді. Бұл өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығының тұрақты өсуіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1017594?lang=kk
Ақтөбеде медициналық ұйымдарға көліктер, ал дәрігерлерге қызметтік пәтер кілттері табысталды 21.06.2025
Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы ғимаратының алдында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті.Салтанатты рәсім аясында 15 медициналық ұйымға жаңа жедел жәрдем көліктері беріліп, 4 дәрігерге қызметтік пәтер кілттері табысталды. Саладағы үздік мамандар республикалық және өңірлік деңгейдегі марапаттарға, «Ерен еңбегі» медаліне, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі, әкімдік және кәсіподақ ұйымының құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов, денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Сұлтангереев, «QAMQOR» кәсіподағының төрағасы Қайрат Сабыр, саланың ардагерлері мен өңірдің медициналық қауымдастығының өкілдері қатысты.Бұл күн тек мереке ғана емес, сонымен қатар халықтың денсаулығы мен өмірін қорғап жүрген барлық мамандардың еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет болды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1017550?lang=kk
Фельдшерлер – күнделікті батырлар 21.06.2025
Медицина қызметкері күніне арналған жарияланымдар сериясын жалғастыра отырып, біз шұғыл көмек көрсетіп, адам өмірін құтқарумен айналысатын мамандар туралы әңгімелейміз. Бұл фельдшерлер, олар үшін шақырту – бұл жай ғана жұмыс емес, адамдарға қиын жағдайда көмек көрсетуге бағытталған күнделікті миссия. Қуаныш Екараев – Апаттар медицинасы орталығының Алматы қ. бойынша филиалының шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімінің фельдшері. Медицина саласында 26 жылдан астам еңбек етіп келеді, оның 19 жылы – апаттар медицинасы орталығында. Республикалық ірі оқу-жаттығуларға, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысып, 100-ден астам шақыртуда көмек көрсетті. 2021 жылы Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыстың салдарын жоюға қатысты. 2023 жылдың қыркүйегінде ол Фурманов шыңына барып, таулы, қиын жер бедерінде жарақат алған әйелге шұғыл көмек көрсетті. Мұндай жағдайда жұмыс істеу тек кәсіби шеберлікті емес, жоғары физикалық дайындықты да талап етеді. Ол мол тәжірибесі бар білікті маман, әріптестері арасында үлкен құрметке ие. ТЖМ басшылығынан бірнеше рет алғыс хаттар мен грамоталармен марапатталған. Жайылхан Өтеналиев – Алматы облысындағы «Құрты» трассалық медициналық-құтқару пунктінің аға фельдшері. 2015 жылдан бастап төтенше жағдайлар медицинасы жүйесінде қызмет атқарып келеді. Ол – жол бойындағы жедел көмек көрсету шебері, көмек дәл қазір, осы жерде қажет болған сәтте қызмет етеді. Жайылхан – мықты мінезді, мейірімді жан. Әріптестері оны кәсібилігі мен сенімділігі үшін бағалайды, ал пациенттер – қиын сәттерде көрсеткен қамқорлығы үшін алғыс білдіреді. Ақниет Сайпырханов – Алматы облысындағы «Жаңа-Арна» трассалық медициналық-құтқару пунктінің аға фельдшері. Жас болса да, жүрегі кең маман. 2020 жылдан бері Апаттар медицинасы орталығында жұмыс істеп келеді. Жол-көлік оқиғалары мен басқа да төтенше жағдайлар болған жерге бірінші болып жетеді. Әскердегі қызметі оның мінезін шыңдады. Бүгінде Ақниет – кәсібилік, ерлік пен адамгершіліктің үйлесімі, кез келген сәтте алғы шепте тұратын, өз ісіне адал маман. Дана Досқалиева – Апаттар медицинасы орталығының Атырау облысы бойынша филиалының фельдшер-диспетчері. Мамандықта 25 жылдан астам, оның 2010 жылдан бері Апаттар медицинасы орталығында еңбек етіп келеді. Диспетчерлік қызметіне қарамастан, Дана төтенше жағдайлар кезінде де шақыртуларға шығып, өрт, су тасқыны сияқты апаттарда зардап шеккендерге көмек көрсетеді. Ол – білімі мен тәжірибесі мол кәсіби маман ғана емес, сондай-ақ мейірімді, сабырлы, жанашыр жан. Әріптестері оны жауапкершілігі мен іскерлігі үшін құрметтейді, ал зардап шеккендер – сенім мен жылулық үшін алғыс білдіреді. Дархан Жақыпов – Апаттар медицинасы орталығының Ақмола облысы бойынша филиалының фельдшері. 6 жыл ішінде өзін жоғары білікті маман ретінде көрсете білді. Ондаған құтқару операциясына қатысты. Оның кәсіби біліктілігі, шешім қабылдауы және сыни жағдайларда салқынқандылығы адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Дархан – сын сағатта салқынқандылық танытып, секундтар санаулы болғанда шешім қабылдай білетін фельдшер. Әріптестері оны сенімділігі мен жанкештілігі үшін бағалайды, ал науқастар – оның сабырлы мінезінен дем алады. Ол – кез келген сәтте арқа сүйеуге болатын адам. Тары Манат – Апаттар медицинасы орталығының Ақмола облысы бойынша филиалының фельдшері. Күнделікті медициналық жұмыстан бөлек, халықты алғашқы көмек көрсету дағдыларына үйретумен белсенді айналысады. Оның сабақтары түсінікті әрі қызықты, ол күрделі ақпаратты қарапайым тілмен жеткізе біледі. Манат – тек көмек көрсетіп қана қоймай, өзгелерге де өмірді қалай құтқаруға болатынын үйрететін маман. Оның білімі, мейірімділігі мен тәжірибе бөлісуге деген ынтасы оны нағыз ұстаз, беделді маман етеді. Адамдарға көмек көрсету – оның шынайы өмірлік миссиясы. Фельдшерлер – бұл жай медицина қызметкері ғана емес. Бұл – әрбір адам өмірі үшін күрес жолындағы батылдық пен жанкештіліктің көрінісі. Біз олардың әрқайсысын мақтан тұтамыз және кәсібіне деген адалдығы, ерлігі мен жан жылуы үшін алғыс білдіреміз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/1017610?lang=kk
Қазақстанда Әкелер күні аталып өтіп жатыр 21.06.2025
2023 жылдан бастап маусым айының үшінші жексенбісінде Қазақстанда ресми түрде Әкелер күні атап өтіледі. Әкелер – күнделікті өмірдің шынайы қаһармандары. Олар – балалары мен отбасысы үшін күш-қуаттың, даналық пен жауапкершіліктің қайнар көзі. Әке – тек асыраушы ғана емес, сонымен қатар тәрбиеші, баланың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін рухани тірек.Қазақ халқы әкені әрдайым отбасының тірегі, кеңесшісі әрі қамқор тәрбиеші ретінде бағалаған. Бұл жөнінде Мұхтар Әуезов: «Әке – асқар тау» деп тамаша айтып кеткен. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин де бала тәрбиесіндегі әкенің рөлін ерекше атап көрсеткен: «Балалардың тәрбиесіне бірінші кезекте олардың ата-аналары, әсіресе – әкелері жауапты».Әкелердің қолдауы мен қамқорлығы – әрбір баланың және тұтас қоғамның болашағы үшін берік негіз қалыптастырады.Айта кету керек, Қазақстанда заңнамалық тұрғыда әкелердің бала күтіміне байланысты демалыс алу құқығы бекітілген. Бұл – отбасындағы теңдік пен өзара қолдаудың айқын көрінісі.Елімізде әке институтын дамыту – отбасылық және гендерлік саясаттың маңызды бағыты. Бұл міндет 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасында көрініс тапқан және осы бағытта нақты шаралар қабылдануда.Әке институтын қолдау мақсатында жыл сайын 7 мыңнан астам іс-шара өткізіліп, 600 мыңнан астам адамды қамтиды. Биыл да әкелер мен балалардың бірлескен демалысын ұйымдастыруға бағытталған ауқымды шаралар – спорттық турнирлер, тақырыптық концерттер, театр қойылымдары өтуде.2012 жылдан бері елімізде республикалық «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі табысты жұмыс істеп келеді. Бұл – еліміздің барлық өңірлерінен жиналған белсенді әкелерді біріктіретін алаң. Мектептер жанынан 500-ден астам әкелер кеңесі, балабақшаларда әкелер клубтары құрылып, олар отбасы мен бала тәрбиесіне белсенді қатысып келеді.«Әкелер одағы» бірқатар маңызды жобаларды жүзеге асыруда, олардың қатарында: «Аламан» әкелер футбол лигасы, «Әкелер апталығы», «Саналы әке» тренингтері, зорлық-зомбылықпен күреске арналған Орталық Азия семинары, «Ерекше балалардың ерекше әкелері» бағдарламасы, жалғызбасты әкелерге қолдау көрсету, «Бала Толағай» атты әкелер мен балалар арасындағы спорттық жарыстар бар.«Әкелер одағының» бастамасымен және Ұлттық комиссияның қолдауымен Республикалық әкелер форумы өткізіледі – бұл отбасы құндылықтарын нығайту мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін маңызды алаң.Айта кетерлігі, VII Республикалық форум қатысушыларының бастамасымен бүгінгі мереке – Әкелер күні – елімізде ресми түрде бекітілді.Биыл 10-шы мерейтойлық Республикалық форум өтті. Бұл – елдің түкпір-түкпірінен белсенді азаматтар мен әкелерді біріктіретін жыл сайынғы маңызды шара. Форум аясында бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер, қазіргі заманғы отбасындағы әкенің рөлі, жауапты әке болудың үздік тәжірибелері талқыланды. Соңғы 10 жылда бұл форумға 3 мыңнан астам белсенді әке қатысты.Әке институтының дамуы өз жемісін беруде. Сауалнама нәтижесі бойынша, респонденттердің 75%-дан астамы бүгінгі таңда әке мен бала арасындағы қарым-қатынас бұрынғыдан әлдеқайда сенімді бола түскенін атап өтуде. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1017611?lang=kk
Дәстүрлі садақ атудан IV республикалық чемпионат – ұлттық ойындардың дамуына қосқан үлес 21.06.2025
Ұлт рухын ұлықтаған мергендер сайысы 18 өңірден 270 спортшыны біріктірді 14 маусым күні Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласы тағы бір тарихи оқиғаның куәсі болды. Мұнда ересектер арасында дәстүрлі садақ атудан Қазақстан Республикасының чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті.Ұлттың өткенін ұлықтап, рухани тұғырын биіктететін бұл бірегей додаға еліміздің 18 өңірінен 270-ке жуық таңдаулы мерген жиналды. Бұл көрсеткіш – ұлттық спортқа деген қызығушылықтың, әрі оны дамытуға бағытталған нақты қадамдардың нәтижесі.Садақ ату – тек спорт емес. Бұл — ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан төл мұра, жауынгерлік өнер мен рухани тектіліктің символы. Бүгінде бұл өнер жаңа серпін алып, спорт түрі ретінде қарқынды дамып келеді.Чемпионат — осы үрдістің айғағы. Жарыс аясында қатысушылар ежелгі садақ түрлері мен оқ ату әдістерін меңгеріп, шеберліктерін ортаға салуда. Әрбір оқ — дәлдік қана емес, тарихпен тілдесу, ата-баба рухымен үндесу.Турнирдің бағдарламасына бірнеше күрделі және дәстүрлі нысаналар енгізілген. Әр нысана — ежелгі жекпе-жек немесе аңшылық дәстүрдің көрінісі:Пута нысанасы — 9 оқ, 7 мүмкіндікҚалқан нысанасы — 9 оқ, 7 мүмкіндікОрта Азия нысанасы — 6 оқ, 6 мүмкіндікЖамбы нысанасы — 5 оқ, 5 мүмкіндікЖарыс барысында мергендер тек спорттық дағдысын ғана емес, шыдамдылық, зейін, сабыр мен үйлесімді қимыл секілді қасиеттерді де паш етеді.Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсіміне ел көлемінде ұлттық спортты дамытуға үлес қосып жүрген бірқатар белгілі тұлғалар қатысты. Олар қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық өнердің өрістеуіне атсалысып жүрген азаматтарға алғыстарын білдірді.Салтанатты рәсімде сөз алған «Sadaq Aty» республикалық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Диас Ахметов ұлттық спорттың мән-маңызы туралы былай деді:«Дәстүрлі садақ ату — біздің тарихи болмысымыздың ажырамас бөлігі. Бұл — тек дене жаттығуы емес, рух тәрбиесі. Біз тек мергендер жарысын өткізіп жатқан жоқпыз, біз ұлттың рухын оятатын, тамырымызға қайта жан бітіретін шара ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі чемпионат — жастарға ұлттық құндылықтарды сіңірудің нақты жолы»Чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне Батыс Қазақстан облысының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, БҚО дәстүрлі садақ ату федерациясы және «Sadaq Aty» республикалық федерациясы ұйытқы болды.Жарыс 16 маусым күні өз мәресіне жетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bko/press/news/details/1017527?lang=kk
Мемлекеттік қызметшілер citizensec.kz платформасында киберсауаттылық бойынша оқудан өтеді 21.06.2025
Маусым айының соңына дейін ҚР орталық мемлекеттік органдарының қызметкерлері citizensec.kz порталында арнайы онлайн-оқудан өтіп, цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттырады.Бұл білім беру бастамасы кибергигиена мәдениетін нығайтуға және ірі деректермен жұмыс істеу барысында адами факторға байланысты қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған.Бағдарлама шамамен 7 сағаттық бейнесабақтарды қамтиды. Онда жеке деректерді қорғау, фишингтік шабуылдарды тану, цифрлық этика, сенімді құпиясөздермен жұмыс істеу және басқа да маңызды тақырыптар қарастырылған. Курстар жеке өтуге ыңғайлы форматта ұсынылған, ал материалдар сала мамандарымен қатар мемлекеттік органдардың басшыларына да бейімделген. Оларға ұйымдарда ақпараттық қауіпсіздік жүйесін құру бойынша арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірленген.«Мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығы — бұл тек қауіпсіздік негіздерін білу ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік IT-инфрақұрылымның сенімділігінің іргетасы. Біз цифрлық ортада саналы әрекет ету мәдениетін қалыптастыруға ұмтыламыз», — деді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның өкілі.Оқу мыңдаған қызметкерлерді қамтиды, олардың қатарында аса маңызды мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және азаматтардың жеке деректерімен жұмыс істейтін мамандар да бар. Бұл бастама киберқауіптерге қарсы тұрақты алдын алу жұмыстары аясында іске асырылуда. Оның аясында онлайн-курстармен қатар офлайн-семинарлар, тренингтер және ақпараттық-түсіндіру шаралары өтеді.Халықаралық зерттеулер деректеріне сәйкес, киберкеңістіктегі оқиғалардың 80%-ға жуығы адами қателіктерден туындайтыны анықталған. Пайдаланушылардың хабардар болу деңгейін арттыру — цифрлық жүйелерді қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.Citizensec.kz платформасы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленген және ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлау бойынша заманауи әдістемелерге сай келеді.Киберсауаттылықты арттыру — қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі. Пайдаланушылардың саналы әрекет деңгейі неғұрлым жоғары болса, мемлекеттік цифрлық сервистер соғұрлым сенімді және тұрақты жұмыс істейді. Ал бұл сервистерге күн сайын миллиондаған қазақстандық тәуелді екенін атап өткен жөн. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1017615?lang=kk
16–22 маусым аралығында өтетін жарыстар кестесі 21.06.2025
16–23 маусым – Семсерлесуден Азия чемпионатыЕл құрамасынан 23 спортшы қатысады.Өтетін орны: Нуса Дуа қаласы, Индонезия16–23 маусым – Көркем гимнастикадан юниорлар арасындағы әлем чемпионатыЖарыста отандық 7 спортшы бақ сынайды.Өтетін орны: София қаласы, Болгария16–24 маусым – Жағажай волейболынан Азия чемпионатыТурнирге Қазақстан құрамасы да қатысады.Өтетін орны: Рой-Эт қаласы, Таиланд18–19 маусым – Күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатыЕл намысын 30 палуан қорғайды.Өтетін орны: Вунгтау қаласы, Вьетнам18–21 маусым – Спорттық гимнастикадан ерлер арасындағы Әлем кубогі кезеңіЖарысқа отандық 6 гимнаст қатысады.Өтетін орны: Ташкент қаласы, Өзбекстан18–26 маусым – Пара пауэрлифтингтен Әлем кубогіҚазақстан құрамасынан 10 спортшы сынға түседі.Өтетін орны: Бейжің қаласы, Қытай20–21 маусым – Велотректен халықаралық жарысТурнирде 4 велошабандозымыз өнер көрсетеді.Өтетін орны: Котбус қаласы, Германия21–22 маусым – Жеңіл атлетикадан халықаралық турнирҚазақстан құрамасынан 2 спортшы қатысады.Өтетін орны: Ташкент қаласы, ӨзбекстанАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1017626?lang=kk
Ақтөбе облысында бес кәсіпорынның суды заңсыз пайдаланғаны анықталды 21.06.2025
Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының Ақтөбе бөлімшесінің мамандары су қорын қорғау және пайдалану талаптарына қатысты облыстың бес коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнына тексеру жүргізді.Нәтижесінде өңірдің Қобда және Қарғалы аудандарында, сондай-ақ Ақтөбе қаласының Ақжар-1, Қызылжар, Қарғалы, Жоғарғы Қарғалы, Өрлеу және Сазды тұрғын аудандарында жерасты суларын заңсыз пайдалану фактілері анықталды. Екі кәсіпорынның су бұруға рұқсаты болмағаны анықталды.«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-тармағына сәйкес, 5 коммуналдық шаруашылыққа су пайдалануға арнайы рұқсаттың жоқтығы үшін айыппұл салынды. Барлығы 3,7 млн теңге өндірілді», – деді Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы Ерғали Үмбетбаев.Бұған дейін Қызылорда облысында 6 шаруа қожалығы 2,3 млн текше метрден астам суды заңсыз пайдаланғаны анықталған болатын. Ал Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Шардара аудандық прокуратурасымен бірлесіп, Түркістан облысында тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1017631?lang=kk
Су ресурстары және ирригация министрлігінің өткен аптадағы жаңалықтарына шолу 21.06.2025
09.06АстанаПрезиденттің тапсырмасы бойынша Астана су қоймасы 55 жылдан кейін алғаш рет тазартылып жатыр. Бұл жұмыстар қазан айының соңына дейін жалғасып, жыл сайын 13 жыл бойы жүргізіледі.10.06АстанаҚазақстанда Су ресурстары және ирригация министрлігі әзірлеген жаңа Су кодексі күшіне енді. Бұл құжатта алғаш рет «су қауіпсіздігі» деген ұғым енгізілді.10.06Қызылорда облысыҚызылорда облысында 2,3 млн текше метрден астам суды заңсыз пайдалану фактілері анықталды.10.06ШҚОШығыс Қазақстанда 55 шақырым суару каналы тазартылды. Алдағы уақытта тағы 30 шақырым каналды тазарту жоспарланып отыр.11.06Жамбыл облысыЖамбыл облысында магистральдық каналдағы суды есептеу жүйесі автоматтандырылды.11.06АстанаСу ресурстары және ирригация министрлігі мен «Атамекен» ҰКП отандық бизнес өкілдерінің су нысандарын құрылыс материалдарымен қамтамасыз етуге қатысуын талқылады.12.06АстанаЖұмысшы мамандықтар жылы су саласында өндірістік тәжірибеден өткен студенттер саны 4 есе өсті.12.06Қызылорда облысыСуару кезеңі басталғалы Қызылорда облысының диқандарына 1,28 млрд текше метр су берілді. Облыстағы «Қазсушар» филиалы 982 шаруа қожалығымен су беру туралы келісімшарт жасасты.13.06АстанаСу саласы қызметкерлерінің жалақысы 50%-ға дейін өседі. Мемлекет басшысы су саласы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге бағытталған «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер енгізуді көздейтін заңға қол қойды.13.06АстанаСуармалы судың тарифін енді Су ресурстары және ирригация министрлігі реттейді. Судың тарифін реттеу құзыреті Ұлттық экономика министрлігінен Су ресурстары және ирригация министрлігіне берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1017632?lang=kk
Түркістан облысының Созақ ауданына Шу өзені арқылы 1,5 млрд текше метрден астам су жіберілді 21.06.2025
Су Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасынан жіберілді. Бұл жұмыс табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу шаралары аясында былтыр қыркүйектен басталып, биыл сәуірдің соңына дейін жүргізілді.Су Созақ ауданына ақпан айында жетті. Қажетті көлемді қамтамасыз ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі Қырғыз Республикасындағы әріптестерімен бірнеше келіссөз жүргізді.Су ресурстары және ирригациясы министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша «Қазсушардың» Жамбыл филиалы мен Шу-Талас бассейндік инспекциясының мамандары Шу өзені аңғарында мониторинг жүргізіп, табиғатты қорғау мақсатындағы су жіберу жұмыстарының нәтижесімен танысты. Жұмыс тобы Созақ ауданымен қатар, Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм және Сарысу аудандарына да барды.Мұндай көлемдегі су Созақ ауданына соңғы бес жылда алғаш рет жетіп отыр, сол себепті жергілікті тұрғындар министрлікке алғыс білдіріп жатыр.«Аудан халқы атынан судың жеткізіліп жатқанына қуанышты екенімізді айтқым келеді. Аптап ыстыққа қарамастан, суды жеткізу бағытындағы жұмысты жалғастырып, өздеріңіз жергілікті жерлерге шығып, жағдайды бақылап отырғандарыңызға алғыс айтамыз», – деді Созақ ауданының тұрғыны Ришат Таңатов.Биыл сондай-ақ Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасымен Шу өзенінен су Созақ ауданына жіберілетін Фурманов айналма каналын тазарту жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/1017634?lang=kk
Бұқар жырау ауданының Доскей ауылында орталықтандырылған су жүйесі тартылуда 21.06.2025
Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету - басты міндеттерінің бірі. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жобаларды жеке бақылауында ұстап отыр. Бұқар жырау ауданында тұрғындармен кездесуден кейін, Доскей ауылының тұрғындары жаңа су құбырымен байланысты проблемаларға шағымданды, өңір басшысы жағдайды анықтау үшін ауылға келді. Облыс әкімімен бірге прокуратура, МСҚБ басқармасының өкілдері де болды.Доскейдегі су құбырын қайта жаңарту жұмыстары өткен жылы аяқталды. Нысан қазір Доскей ауылдық округі әкімі аппаратының балансында тұр. Жаңа желілерге абоненттердің бір бөлігі қосылған, қайта қосуды тамызға дейін аяқтау жоспарланған.Ұңғымалардың бірінде мердігер кепілді міндеттемелер бойынша ақаулы сорғыны ауыстырды. Сонымен қатар, қуаттылығы жоғары жаңа терең сорғылар орнатылды.Облыс әкімі мердігерлер мен авторлық қадағалауды тыңдады. Кездесуде ауыл тұрғындары тек су құбырына ғана қатысты емес сұрақтарын да ортаға салды.Ермағанбет Бөлекпаев туған ауылының проблемаларын көтеріп, сындарлы әрекет етуге тырысатын бастамашыл топқа алғысын білдірді.- Сіздердің ауыл тынысына немқұрайлы қарамайтындарыңыз өте маңызды! - деп атап өтті облыс әкімі. - МСҚБ өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобын құруды тапсырамын.Доскейде кәріз желілерін қайта жаңарту жобасы да бақылауда. Жұмыстар өткен жылы басталған, биыл аяқталуы тиіс. Бүгінгі таңда алты көшеге жаңа құбырлар салынып, құдықтар орнатылды.Облыс әкіміне жол жұмыстары туралы да баяндалды. «Қарағанды - Тоғызқұдық - Ботақара» жолы, соның ішінде Доскей арқылы өтетін учаскеде жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Биыл ауылда 7 шақырым жол ретке келтіріледі.Кейін Ермағанбет Бөлекпаев тағы да Доскейге келіп, тұрғындармен кездесіп, нәтижесін жеке өзі тексеретінін айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1017636?lang=kk
Абай облысында AgroSkills Abai – 2025 чемпионаты өтті 21.06.2025
Абай облысы Бесқарағай колледжінде ауыл шаруашылығы бағытындағы студенттер арасында «AgroSkills Abai – 2025» өңірлік кәсіби шеберлік чемпионаты өтті.Ашылу салтанатына Абай облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бауржан Туленов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Чемпионатқа облыстағы ауыл колледждерінен келген 18 студент, сарапшылар және оқу орындарының өкілдері қатысты.Байқау жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, жастарды кәсіби білім алуға ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды. Қатысушылар үш құзыреттілік бойынша бақ сынасты. Студенттердің кәсіби шеберлігін 18-ден астам тәуелсіз сарапшы бағалады.Чемпионат нәтижесі бойынша жүлдегерлер анықталды:«Ауыл шаруашылық машиналарын жөндеу шебері» құзыреттілігі:І орын – Данил Шкред (Бесқарағай колледжі)ІІ орын – Ринат Жакупов (Үржар колледжі)ІІІ орын – Арман Мейрамғалиұлы (Абай колледжі), Андрей Алексеев (Бородулиха колледжі)«Ауыл шаруашылығын механикаландыру» құзыреттілігі:І орын – Никита Крисман (Бесқарағай колледжі)ІІ орын – Сергей Изотов (Үржар колледжі)ІІІ орын – Бек Ануарұлы (Ақсуат колледжі), Омар Жақсылық (Жарма технология колледжі)«Ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану» құзыреттілігі:І орын – Мади Мұхтарұлы (Жарма технология колледжі)ІІ орын – Ернұр Серіков (Ақсуат колледжі)ІІІ орын – Данил Забара (Бесқарағай колледжі), Максим Минаев (Бородулиха колледжі)Чемпионаттың жабылу салтанатында жеңімпаздар мен сарапшыларға алғыс хаттар мен дипломдар табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1017661?lang=kk
СҚО әкімі өңір дәрігерлерін кәсіби мерекемен құттықтады 21.06.2025
Өңірде ақ халатты абзал жандар ұлықталды. Медициналық қызметкер күніне орай өткен салтанатты жиында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов денсаулық сақтау саласының мамандарын құттықтап, марапаттарды табыс етті. "Дәрігер болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – жанқиярлықты, табандылық пен үлкен жүректі қажет ететін ерекше миссия. Сіздер күн сайын адамдарға үміт, саулық және өмір сыйлайсыздар", - деді өңір басшысы. 🏥 Облыста медициналық көмектің сапасын жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде: 🏡 Ауылдарда 46 медициналық нысан салынды — 55 мың ауыл тұрғыны сапалы медицинаға қол жеткізді 🏢 3 заманауи емхана пайдалануға берілді 💰 Медициналық жабдықтарды сатып алуға бөлінетін қаржы 1,5 есе өсіп, 8,5 млрд теңгеге жетті 🧲 Ангиограф, МРТ, КТ, УДЗ және рентген алынуда 👩⚕️ Тар бейінді мамандарға 8,5 млн теңге көтермеақы төленуде ⚡ Облыста алғаш рет қатерлі ісікті емдеуге арналған инновациялық желілік үдеткіш іске қосылды "Бүгінгі марапаттар – сіздердің еңбектеріңізге берілген әділ баға мен қоғамның шынайы алғысының көрінісі. Кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге мықты денсаулық, отбасы амандығын және толағай табыстар тілеймін!", - деді облыс әкімі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1017684?lang=kk
Алматы әкімі мердігерлерге №4 ҚКБ қабылдау бөлімін белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды 21.06.2025
Алматы әкімі №4 ҚКБ қабылдау бөлімін уақытында аяқтауды тапсырдыАлматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөліміндегі қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Бұл - тәулік бойы үздіксіз қызмет көрсететін, Алматыдағы маңызды көпсалалы медициналық мекемелердің бірі.Қабылдау бөліміне тәулігіне орта есеппен 250-300 науқас түседі. Жылына клиникада 12 500-ге дейін ота жасалады. Мұнда 260 дәрігерді қамтыған жалпы саны 1118 қызметкер жұмыс істейді.Жаңғырту жобасы жалпы ауданы 7 мың шаршы метрге жуық 5 бөлім мен 4 блокты қамтиды. Негізгі мақсат - қабылдау бөлімін кеңейту, халықаралық triage-сұрыптау жүйесін енгізу, жаңа операциялық залдарды ашу, 12 төсектік шұғыл ОАРИТ бөлімін құру, сондай-ақ өңірлік травматология және ортопедия орталығын қалыптастыру. Қайта жаңғыртуды аяқтау мерзімі - 2026 жылғы ақпан деп белгіленген.Құрылыс барысында медициналық мекеменің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету басты назарға алынған. Бұл үшін оқшауланған желдету жүйесі, нақты демонтажды бақылау, ангиографқа арналған «жасыл дәліз» және диагностикалық қызметтерге жеке қолжетімділік қарастырылған.Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мердігер ұйымдарға барлық кезеңдерде жоғары сапаны қамтамасыз ете отырып, белгіленген мерзімдерге қатаң мән беруді тапсырды.Жұмыс сапары аясында қала әкіміне онкологиялық орталықтың қазіргі жағдайы туралы баяндалып, 250 төсек-орындық көпсалалы аурухана мен бір ауысымда 350 келушіні қабылдай алатын кеңес-диагностикалық орталықтың құрылыс жобасы ұсынылды.Жыл сайын онкология орталығына келетін науқастар саны өсуде. Соңғы алты жылда ем алғандар саны екі есеге артып, 12 мыңнан 24 мың адамға жетті. Осыған байланысты жаңа заманауи онкоорталық салу қажеттілігі туындап отыр.Қала әкімі Дархан Сатыбалды бейінді инфрақұрылымды дамыту мен халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1017686?lang=kk
Қазақстандықтар 2025 жылдың алғашқы бес айында 800 миллион теңгеден астам қаржысын қайтарып алды 21.06.2025
2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен оның аумақтық департаменттері азаматтарға тауарлар, қызметтер мен жылжымайтын мүлік сатып алу барысында құқықтық көмек көрсетіп, олардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытында ауқымды жұмыс жүргізді.Осы аралықта тұтынушылардың шағымдары бойынша жалпы сомасы 881,3 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Шағымдар көбінесе сапасыз тауарлар (автокөліктер, косметика, ұялы телефондар), орындалмаған қызметтер (шипажай жолдамалары, қоғамдық тамақтану, фитнес, туризм), сондай-ақ рәсімделмеген немесе уақтылы берілмеген жылжымайтын мүлікке қатысты болды.Азаматтарға нақты көмек көрсетілген мысалдар:Алматы қаласында тұтынушы 215 млн теңгеге сатып алған, бірақ үшінші тұлғаға сатылып кеткен жылжымайтын мүлік объектісіне қатысты дау департаменттің араласуымен оң шешімін тапты.Қарағанды облысында 45 күннен аса уақыт берілмеген пәтер бойынша шарт талаптарының орындалуы қамтамасыз етіліп, тұтынушы 33,5 млн теңге тұратын жылжымайтын мүлікке қол жеткізді.Семей қаласында қоғамдық тамақтану орнында тұтынушының тапсырысы орындалмай, мекеме тұтынушылар бұрышын орналастыру міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Ақтөбе облысында тұтынушының туроператорларға қатысты шағымы бойынша сотқа дейінгі және сот процесінде департамент мамандары қолдау көрсетіп, нәтижесінде 6,6 млн теңге өтемақы өндіріліп берілді.Павлодар мен Жетісу облыстарында ондаған тұтынушының құқықтары топтық негізде қорғалды: косметика жиынтығы үшін рәсімделген 10,8 млн теңге несие мен жеткізілмеген смартфондар үшін 7,2 млн теңге қайтарылды.Түркістан облысында Дубай қаласына орындалмаған тур үшін 1,2 млн теңге қайтарылып, Шымкентте санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін жерде көрсетілген фитнес қызметтері үшін тұтынушыларға өтемақы берілді.Азаматтар тіпті 700 теңге тұратын сапасыз ойыншыққа қатысты да өтемақы талап етіп, өз құқықтарын қорғады.Бұл деректер – жай статистика емес. Әрбір өтініштің артында нақты тағдыр, үміт пен әділеттілікке деген сенім жатыр. Қазақстандықтар өз құқықтарын қорғауда белсенділік танытып келеді. Біз осы үрдісті жоғары бағалаймыз.Комитет пен оның аумақтық департаменттері бұдан әрі де тұтынушылардың мүдделерін қорғауға, заңнаманың орындалуын қамтамасыз етуге және құқықтық мәдениетті арттыруға күш салуды жалғастырады.Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – бұл ұран емес, нақты әрекет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1017681?lang=kk
СҚО мектептерінің есепшілері мен директорларына әйелдер колониясына экскурсия ұйымдастырылды 21.06.2025
Петропавлда облыстың жалпы білім беретін мектептерінің есепшілері мен директорлары үшін әйелдерге арналған түзету мекемесіне — №50 мекемеге профилактикалық экскурсия ұйымдастырылды. Іс-шара қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі тұжырымдаманы іске асыру және СҚО әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хаттамалық тапсырмасын орындау аясында өткізілді.Бастама бюджет қаражатын басқаруға жауапты тұлғалар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және білім беру саласындағы алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған.Экскурсия барысында қатысушыларға сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарының құқықтық салдары, сотталғандардың ұсталуы жағдайлары туралы айтылып, нақты сот тәжірибесінен мысалдар келтірілді. Мұндай кездесулер қызметтік міндеттерді орындауда заң талаптарын сақтау мен жеке жауапкершіліктің маңыздылығын еске салады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1017710?lang=kk
🏇 СҚО Бәйгеден екі жүлделі орынға ие болды 21.06.2025
Бүгін Бескөлдегі ипподромда ұлттық ат спортының басты оқиғаларының бірі — бәйгеден ел чемпионатының 4-іріктеу кезеңі өтті. Қомақты жүлде қоры мен финалға жолдама үшін елдің мықты шабандоздары бақ сынасты.Солтүстік Қазақстан облысының намысын 13 спортшы қорғап, жорға жарысы бойынша екі солтүстікқазақстандық шабандоз жүлделі орындарға ие болды! 🥈 Әлия Тоқтасынова және Град Лок есімді аты — екінші орын🥉 Андрей Ровдо және Триумф есімді аты — үшінші орын. Бұл жеңістер — солтүстікқазақстандық спортшылардың жоғары деңгейде дайындалғанын және ұлттық спорт түрлерінде көшбасшы болуға деген ұмтылысын дәлелдейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1017715?lang=kk
«ҚазАгроҚаржы» өз лизинг бағдарламасын іске қосты 21.06.2025
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің компаниялар тобына кіретін «ҚазАгроҚаржы» АҚ өз қаражаты есебінен жаңа лизинг бағдарламасын нарыққа шығарды. Бағдарлама қажеттіліктері қолданыстағы жеңілдетілген бағдарламалардан асып түсетін ауыл шаруашылығы өндірушілеріне бағытталған. Жаңа өнім шаруаларға қазір қолжетімді.Бағдарлама «Бәйтерек» Холдингінің еншілес компанияларды қаржыландыру бағдарламалары бойынша мөлшерлемелерді біріздендіру жөніндегі жаңа стратегиясының шеңберінде әзірленді және жылдық 12,6% мөлшерлемені, 10 жылға дейінгі лизинг мерзімін және 15%-дан басталатын авансты көздейді. Қаржыландыру тек компанияның меншікті қаражаты есебінен жүзеге асырылады, бұл өнімді ағымдағы сұраныс жағдайында ұзақ мерзімді инвестициялық ресурстарға өте икемді етпек.«Жаңа бағдарлама – нарық сұранысына біздің стратегиялық жауабымыз. Жеңілдетілген механизмдерден қалыс қалған бағыттар мен техника түрлері жетерлік. Оларды қаржыландыруға да қажеттілік сақталып отыр. Өз ресурстарымызды пайдалана отырып, біз мемлекеттік бағдарламалардан тыс қалғандар үшін қосымша мүмкіндіктерге жол ашып отырмыз. Бұл жеңілдетілген шешімдерге балама емес, оларды логикалық және дер кезінде толықтыру», - деп атап өтті «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев.Осылайша, бағдарлама шеңберінде 2025 жылы АӨК субъектілерінің кең ауқымын қамти отыра, 20 млрд теңге шамасында қаржыландыру жоспарланып отыр. Жаңа өніммен қатар, «ҚазАгроҚаржы» отандық техниканы жылдық 5%-бен лизингке берудің флагмандық жеңілдетілген бағдарламасын іске асыруды жалғастыруда. 2025 жылы оған 200 млрд теңге бөлінді, қазірдің өзінде 76 млрд теңге сомасына 4 мыңнан астам техника сатып алу қаржыландырылды. Сондай-ақ, «Қазақстанда жасалған», 6%-бен «Жеңілдетілген лизинг», «Өз жем-шөбіміз» бағдарламалары да қолданыста, осы бағдарламалар бойынша қаржыландыру 18,5 млрд теңге көлемінде деп болжанған.Бұл құралдардың барлығы ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және отандық машина жасауды қолдауға бағытталған.Дереккөз: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми сайтыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/1017722?lang=kk