Enbekshi QazaQ

Қуқық

Премьер-министр Президентке экономиканың болашағы зор салаларындағы негізгі жобаларды іске асыру барысы туралы баяндады 01.02.2025
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканың болашағы зор салаларындағы негізгі жобалардың іске асырылуы туралы баяндады.Мұнай-газ химиясы және көмір химиясы саласында биыл құны $7,4 млрд болатын полиэтилен өндіретін зауыт салу жоспарланған. Сонымен қатар құны $1,3 млрд бутадиен өндіретін зауыт салу жөніндегі жобаны әзірлеу басталады. Қазақстан Даму банкінің қолдауымен инвестор Павлодар облысында алкилат шығаратын зауыт құрылысын бастағалы отыр. «Qarmet» компаниясы жылына 200 мың тонна көмір өңдейтін жобаны іске асыруға кірісті. Жалпы құны $262 млн болатын жоба аясында көмір химиясы өнімдерінің 15-тен астам түрін шығару көзделуде. Премьер-министр қытайлық China Energy компаниясы Қазақстанда көмір химиясы бойынша $4 млрд-қа инвестициялық жобаларды іске асыруға қызығушылық білдіріп отырғанын баяндады. Қазіргі таңда оңтайлы көмір кенінің орны таңдалуда.Мемлекет басшысының қайта өңдеу деңгейін арттыру бойынша алға қойған міндеттерін ескере отырып, Абай облысында құны $1 млрд-тан асатын мыс балқыту зауытының жобасын іске асыру басталды, ол бүгінде экспортталатын мыс концентратының барлығын дерлік қайта өңдеуге мүмкіндік береді. Павлодар облысында жобалық қуаты 160 мың тонна ферросилиций болатын ферроқорытпа зауытының құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ осы өңірде қуаты 300 мың тонна алтын-мыс концентраты мен 15 тонна алтын өндіруге жететін гидрометаллургиялық комбинат салу бойынша жобалау жұмыстары басталды. «Qarmet» металлургиялық комбинаты жоғары деңгейде өңделген металдарды, оның ішінде автомобиль жасауға қажетті болат өндіру көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту үшін кәсіпорынды жаңғырту жұмыстарын жүргізуде. 2024 жылы автомобиль және вагон құрылысында, сондай-ақ тұрмыстық техника өндірісінде қолданылатын 25 мың тонна қоспалы болат өндірілді.Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу үшін еліміздің өңірлерінде бірқатар жобалар іске асырылуда. Қостанай облысында – құны $132 млн болатын бидайды қайта өңдеп, крахмал өнімдері мен биоэтанол шығаратын жоба іске асырылуда, Түркістан облысында биыл қуаты 150 мың тонна құрайтын жүгері өңдеу зауыты ашылады. Сондай-ақ Астанада өндірістік қуаты 320 мың тоннаға жететін крахмал, глютен және жеміс шырынын терең өңдеуге арналған бидай мен бұршақ дақылдарын қайта өңдеу зауытын салу жобасы басталды. Сонымен қатар 2025 жылы Солтүстік Қазақстан облысында тәулігіне 1,2 мың тонна күнбағыс өңдейтін зауытты іске қосу жоспарланып отыр. Бірқатар инвесторлар өнеркәсіптік қарасора өңдеу жобаларына қызығушылық білдіруде. Бірнеше компанияға жасанды жағдайда қарасора өсіруге лицензия берілді. Аталған өнімнен май, мал азығын, тыңайтқыштар және талшық алуға болады.Көлік-логистика әлеуетін ашу жөніндегі міндеттерді іске асыру шеңберінде биыл «Достық – Мойынты» және Алматы қаласын айналып өтетін темір жолдардың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Премьер-министр «Дарбаза – Мақтаарал» және «Бақты – Аягөз» жобаларын іске асыру жалғасып жатқанын айтты.«Мойынты – Қызылжар» жаңа теміржол желісін салу, сондай-ақ «Алтынкөл – Жетіген» учаскесінің екінші жолдары салуға кірісті. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі аймақтарының туристік әлеуетін ашу мақсатында үш әуежайдың құрылыс жұмыстары қолға алынады. Сондай-ақ әуе хабын құру жобасы пысықталуда. Биыл Каспий теңізінің түбімен талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту басталғаны туралы баяндалды.Президент алға қойған міндетке сәйкес, Үкімет энергетика секторындағы желілердің тозу деңгейін азайту жөнінде бірқатар тиісті шара қабылдауда. Мәселен, 2032 жылға дейін кезең-кезеңімен пайдалануға бере отырып, Көкшетау, Семей, Өскемен қалаларында 3 ЖЭО салу жобаларын іске асыру басталды. Биылдың өзінде 166 МВт бу және гидрогенерация, сондай-ақ ЖЭК бойынша 10 нысанда 450 МВт қуат пайдалануға беріледі. Премьер-министр жел электр стансаларының негізгі компоненттерін шығаратын зауыт құрылысы басталғаны туралы хабарлады. Сондай-ақ қазіргі уақытта Батыс Қазақстанның электр желілерін бірыңғай энергия жүйесіне қосу бойынша жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жақын арада Алматы облысында бірінші АЭС салу бойынша тиісті келісімдер жасау жоспарлануда. Екінші АЭС құрылысының ықтимал орындарын анықтау үшін өңірлерді талдау жұмыстары аяқталуға жақынМұнай-газ саласында 2024 жылы ҚазМұнайГаз Қызылорда, Атырау және Ақтөбе облыстарында төрт жоба бойынша бұрғылауд жұмыстарын бастады. Бұл жобалардың жиынтық геологиялық ресурстары мұнай эквиваленті бойынша 800 млн тоннадан асады. Премьер-министр биыл алғашқы қазақстандық тақтатас мұнайын өндіріледі деп күтілетінін, бұл мұнай мен газ саласына инвестициялар тарту үшін қосымша серпін беретінін атап өтті. Сонымен қатар шикізат қоры шамамен 19 млрд текше метр газды құрайтын «Батыс Прорва» және «Барханная» кен орындарында газ өндіру басталады. Сондай-ақ Қарағанды облысында жерде сирек кездесетін металдардың 17 түрі бар ірі кен орны табылды. Бүгінгі таңда аймақта электромобилдерге арналған аккумуляторлар өндірісінде қолданылатын графит концентратын өндіру үшін тиісті құжаттама әзірленіп жатыр. Қашаған мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарының құрылысы жалғасуда. Олжас Бектенов Қашағандағы екінші Газ өңдеу зауыты және Қарашығанақтағы ГӨЗ жобалау жұмыстарын бастау үшін инвестициялар күтілетінін атап өтті.Жалпы, келешегі бар сегіз жүзден астам жоба Үкіметтің бақылауында тұр.Дереккөз: ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсыПремьер-министр Президентке экономиканың болашағы зор салаларындағы негізгі жобаларды іске асыру барысы туралы баяндады - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/925960
Үкімет салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шаралар ұсынды 01.02.2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов салық-бюджет жүйесін сауықтыруға және экономиканың өсуіне бағытталған бірқатар ұсыныс айтты.Премьер-министр жекелеген оң нәтижелерге қарамастан, қазіргі экономикалық өсу қарқыны баяу екенін атап өтті. Елдің өнеркәсіптік әлеуетін толық көлемде іске асыру және келешегі бар жобалар санын арттыру үшін қомақты инвестициялық капитал жасақтап алу қажет. Алайда, бұған «даму бюджетінің» жеткіліксіз көлемі кедергі келтіреді: дамыған елдерде ол мемлекеттің барлық шығыстарының 25%-на, Қазақстанда – 8%-ға жетеді. Бүгінгі таңда 26 трлн теңгеге жуық республикалық бюджеттің небәрі 2 трлн теңгесі ғана дамуға жұмсалады. Қалғанының барлығы – ауқымды бөлігін әлеуметтік шығыстар құрайтын ағымдағы бюджет.Нәтижесінде экономикалық дамудың негізі саналатын электр және жылу энергетикасы, су шаруашылығы, газ тасымалдау жүйелері, жол, инженерлік желілер және инфрақұрылым салаларына жеткілікті қаражат бөлінбей келеді. Даму институттары да қаржыландырумен толық қамтамасыз етілмей отыр. Мұндай жағдайда ЖІӨ өсімінің жоғары қарқынын тұрақты қамтамасыз ету өте қиын.Осыған байланысты салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыру қажет. Қазіргі салық жүйесі мемлекетке қажетті инвестиция көлемін қамтамасыз ете алмайды, сондай-ақ ол кәсіпкерлерге қатысты әділетсіз салық жүйесі ретінде қалыптасып отыр. Негізгі салық жүктемесі еңбекақы төлеу қорына, яғни, тауардың өзіндік құнына түседі. Кәсіпкер тауар сөреге түспей тұрып, салықтың ауқымды бөлігін төлеуге мәжбүр болады.Қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін Үкімет салықты еңбекақыдан сатылымға қайта бөлуді қолдап отыр. Ол үшін әлеуметтік салық пен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы төлемдерін бір мезгілде төмендете отырып, ҚҚС мөлшерлемесін арттыру қажет. Бұл отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олар үшін қажетті қаржылық қор жасақтауға жол ашады. Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктеменің азаюы бизнеске жұмысшылардың жалақысын көбейтуге мүмкіндік береді. Қосымша салық түсімдері экономикалық өсуді ынталандыруға, инфрақұрылымды озыңқы дамытуға, басым салалардағы келешегі зор бизнес-жобаларды қолдауға бағытталады. Ұлттық қор қаражаты тек ірі инфрақұрылымдық жобаларды салу үшін ғана сұралады.Сонымен қатар мемлекеттік шығыстар тиімділігі арттырылып, бюджет тәртібі нығайтылады.Субсидиялау шығындары барлық салада тоқтаусыз өсіп барады. Оның үстіне олардың нақты әсері есепке алынбайды әрі мемлекеттік органдардың тарапынан бақылау да әлсіз. Субсидия алу кейбір компаниялардың бизнес-моделінің бір бөлігіне айналды. Соңғы 3 жылда жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге 770 жобаның сметалық құны қымбаттаған. Әрине, оның объективті тұстарымен бірге, күмәнді жақтары да бар.Республикалық және жергілікті бюджет шығыстарының жартысынан көбі – 18 трлн теңгеден астам сома әлеуметтік салаға бағытталып отыр. Ал, бұл шығындардың тиімділігіне қатысты үлкен сұрақтар бар. 9 орталық және барлық жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік шығыстардың әкімшілері болып табылады. Бұл осы шығыстардың бөлшектеніп және оған бақылаудың босаңсып кетуіне алып келеді.Цифрлық құралдардың пайдаланылуымен әлеуметтік мақсаттарға жұмсалатын бюджет қаржысын бақылау күшейтілді. Пилоттық режимде Тараз, Шымкент, Түркістан және Орал қалаларында балабақшаларды қаржыландырудың ашық цифрлық тетігі енгізілді. Бұл жалған мәліметтерді алып тастау есебінен 4 қаланың өзінде ғана 20 млрд теңгеден астам қаражат үнемдеуге мүмкіндік береді. Қазір бұл тәжірибе елордада енгізілуде, биылғы жылдың соңына дейін бүкіл ел аумағына таратылатын болады.«Әлеуметтік әмиян» да атаулы мемлекеттік қолдауды күшейту құралына айналуда. Сол арқылы балалардың тамақтануы мен мұқтаж жандарға дәрі-дәрмек алу үшін ақы төлене бастады. Бақылауды күшейту мақсатында тегін берілетін дәрі-дәрмектерді таңбалау аяқталды. Пилоттық режимде «ақшаны бояу» функционалы бар «цифрлық теңге» енгізілді. Ол түпкі алушыға дейінгі барлық шығындардың тізбегін бақылауға мүмкіндік береді. Ағымдағы сипаттағы мемлекеттік аппараттың шығыстары жалпы сомасы 410 млрд теңгеге қысқартылды.«Мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру жұмыстарын «бюджет шығыстары – бірінші кезекте экономикалық дамуға, әлеуметтік қолдау – тек қана мұқтаж адамдарға» қағидаты бойынша күшейтетін боламыз. Экономиканың өсуі инфрақұрылымға салынатын қарқынды инвестициялармен қатар жүруі керек. Алайда, экономиканың қаржыландыру көлемі үлкен секторларында бағаны шамадан тыс мемлекеттік реттеу бұл міндетті қиындата түсіп, инвестициялық әлеуетті төмендетіп отыр. Үкімет жанар-жағармай материалдары мен газ бағасын, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы және теміржол тасымалы салаларындағы тарифтерді кезең-кезеңмен ырықтандыруды бастады. Біртіндеп нарықтық баға саясатына көшу осы салаларға қажетті инвестицияларды тартуға және жанармай тапшылығының алдын алуға мүмкіндік береді. Біз бағаның күрт қымбаттауына жол бермейміз. Осыны ерекше атап өткім келеді. Жоғарыда айтылған шараларды қабылдау өсімнің қажетті қарқынын қамтамасыз етіп, экономикадағы құрылымдық өзгерістерді жүзеге асыруға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді сөзін Олжас Бектенов.Дерекөз: ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсыҮкімет салық-бюджет жүйесін сауықтыру үшін кешенді шаралар ұсынды - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/925971
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі 01.02.2025
Құрметті кеңеске қатысушылар! Бүгін біз Үкіметтің кеңейтілген отырысында өте өзекті мәселелерге тоқталамыз. Себеп – бәрімізге белгілі. Қазір дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық.Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор.Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз. Осы жұмыстың нәтижесі былтыр қандай болды? Негізгі міндеттер орындалды ма? Бүгін осы сұрақтарға тоқталамыз және жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді талқылаймыз. Құрметті мемлекеттік қызметшілер! Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп.Қазіргі таңдағы басты мәселе мынадай.Әлем экономикасында болып жатқан тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер қалыпты жағдайға айналды. Бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін.Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады.Қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңінен қолданыла бастады.Жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек.Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс.Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді.Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет.Енді Үкіметтің және басқа да құзырлы органдардың жақын арадағы негізгі міндеттеріне тоқталсам. БІРІНШІ. Экономиканы әртараптандыру. Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек.Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ.Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту.Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек.Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал.Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығында бәсеке қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Көрсеткішке көңіл толғанымен, бұл 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем.Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендеген. Ал жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр. Бірақ бүгін ғана даму бюджеті шектеулі екені айтылды. Ол ішкі жалпы өнім көлемінің небары 8 пайызын құрайды. Инвестициялық жобаларды бюджет есебінен өтеу тек қысқа мерзімдік нәтиже бере алады. Біз мұны түсінуіміз керек.Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Мұндай саясат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегияма толық сай келеді. Бұл – маңызды сәт.Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті.Ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мұны кезінде елден заңсыз шығарылған активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажет. Мен бұл жөнінде ірі бизнес өкілдерімен кездесулерде айтқанмын. Қазақстанда орта буынға жататын көшбасшы компаниялар шоғырын қалыптастыру міндеті әлі де өзекті. Үкімет биылғы маусым айының соңына дейін келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуге тиіс. Еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен. Бүгін Премьер-Министр баяндамасында осындай 17 кен орнының ашылғанын айтты. Демек біз осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отандық бизнесмендерге де басымдық берген жөн.Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келді. Жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды. Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек. Жер қойнауын пайдалану саласындағы реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс. Бұл – принципті ұстаным. Үкімет мұны қатаң түрде сақтауы қажет.Ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді іске асыру нәтижесінде Қазақстан жаһандық нарыққа қуат көзін сенімді жеткізушіге айналды. Бұл жобалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Сонымен қатар қомақты инвестициялар ұзақмерзімді жоспарлауды талап етеді. Сондықтан Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет.Бұдан бөлек, игерілуі технологиялық тұрғыдан күрделі бірқатар мұнай кен орындарын, сондай-ақ айтарлықтай қоры бар тақтатас мұнай кеніштерін экономикалық айналымға енгізген жөн. Мұндай жобалардың коммерциялық тартымдылығын арттыру үшін Үкімет мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруы керек.Тағы да қайталап айтамын: қазіргі жаңа геосаяси және экономикалық жағдайда индустрияға болсын, ауыл шаруашылығына болсын, жалпы ел экономикасына жеке инвестиция тарту – Үкіметтің басты міндеті. Бұл стратегия еліміздің ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан мұнда отаншылдықты желеу еткен жалған ұрандар орынсыз деп күмәнсіз айтуға болады. Сонда ғана Қазақстан өз экономикасына қосымша инвестиция тартады, ресурстық әлеуетін арттырады, жаңа өндірістік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Қоғам менің ұстанымымды білсін деп мұны әдейі айтып отырмын.Былтыр энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба қабылданды. Бұл жоба аясында өнеркәсіп саласын дамыту үшін жаңа өнімдер шығару да қолға алынбақ. Отандық кәсіпорындар негізгі сұраныстың 40 пайызын ғана өтей алады. Үкімет жергілікті зауыттармен офтейк-келісім жасау арқылы құрал-жабдық өндірісін жолға қоюға тиіс.Әлем Қазақстанға зор сенім артады, бізді «орта держава» ретінде таниды. Алайда бұл жоғары мәртебе тек сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс.Қазіргі геосаяси жағдай көршілермен, атап айтқанда, Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді. Бұл аймақтың бәсекеге қабілетін күшейтеді. Үкімет өнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ сектор, агроөнеркәсіп кешені және басқа да салалардағы өзара тиімді байланыстар бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек.Бұдан бөлек, Қытай, Ресей, АҚШ, ЕО, Таяу Шығыс, Азия елдерімен және басқа да мемлекеттермен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын айрықша назарда ұстаған дұрыс.Келесі кезек күттірмейтін мәселе. Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер.Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдауға тиіс. Мен экономикаға инвестиция тарту мәселесін бекерден-бекер басты орынға қойып отырған жоқпын. Мұның да стратегиялық маңызы зор. Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты.ЕКІНШІ. Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек.Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерімен біз энергетикалық және коммуналдық саладағы ауыр дағдарысты еңсердік. Енді Үкімет мұндай жағдайға жол бермеуге тиіс.Жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейді, беделіне нұқсан келтіреді және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр.Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес. ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл жағдай экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?! Көршілес елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағармай тасылатынын жұрттың бәрі көріп отыр. Өз кезегінде бұл ел ішінде қылмыстың етек алуына негіз болады.Біз қоғамда ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін талай жылдан бері айтып келеміз. Бірақ азаматтарға үндеу тастау жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет. Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар. Мысалы, дәл осындай ұстаным ай сайын суды сегіз пайызға жуық үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл – аса маңызды. Себебі Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда су тапшылығы күшейіп тұр. Сондықтан суды үнемдейтін технологияларды пайдалану мәселесі өте өзекті.Көрші Қытай елінде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар бар, олар тәжірибесін бөлісуге дайын. Бірақ біздің жақ – құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын.Тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес.Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр. Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет.Тағы бір маңызды міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет. Бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу керек.Біз былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік (19 миллион шаршы метр). Бұл – өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн.Енді көлік-логистика инфрақұрылымына тоқталайық.Транзит – жүк тасымалына қатысты халықаралық бәсекедегі біздің орасан зор артықшылығымыз. Мұны толықтай әрі тиімді пайдалануымыз керек.Қазақстан арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ. Осы бағыттағы маңызды жобалардың біразы қазір жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала қамданып, жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беру керек.«Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек.«Алтынкөл – Жетіген» темір жолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады.Бұдан бөлек, темір жол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды. Мультимодальды көлік тораптарын дамытуға баса мән берген жөн. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс.Жаһандық электронды сауда-саттық көлемінің артуы біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан ел экономикасын дамытуға зор ықпал ететін осы үрдісті толық пайдалану керек.Қазақстанға озық логистика жүйесі қажет. Қазіргі халықаралық нарықтың ерекшеліктерін ескерсек, бұл стратегиялық сипатқа ие міндет саналады. Автокөлік тасымалына арналған «жасыл дәліздің» тиімді қызметін қамтамасыз ету маңызды. Бұған дейін жоспарланған жолдарды салу және жөндеу жұмысын уақтылы аяқтау керек. Біз автокөлік тасымалының әлеуетін толығымен пайдаланып отырған жоқпыз.Заманауи технологияларды енгізбейінше, логистиканы табысты дамыту мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифрландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдану Үкімет жұмысының басым бағыттары болуға тиіс.Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет. Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсімін жеңілдетіп, авиаотынға қолжетімді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті. Өйткені біздің әуежайлардағы, атап айтқанда Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат. Үкімет Бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жартыжылдықта орындауы керек.Қазір әлемде әуемен жүк тасымалдау нарығы 140 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл – орасан зор мүмкіндік. Алайда бірде-бір қазақстандық авиакомпания аталған салада толық жұмыс істемейді.Шамамен мамыр айында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын еліміздің көлік-транзит және логистика әлеуетін дамыту әрі нығайту тақырыбына арнаймыз. Бұл мәселені бөлек қарастыру керек. Өйткені оның стратегиялық маңызы зор. Қазір көлік және логистика саласы халықаралық бизнес ретінде алдыңғы орынға шықты.ҮШІНШІ. Цифрлық технологияны жан-жақты енгізу қажет.Қазақстан цифрландыру ісінде, әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жетті. Бірақ бұл – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана.Толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиіс, яғни, сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет.Елімізде жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керек. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын Электронды үкімет жүйесіне енгізу қажет. Бұл технологияны «Smart City» жобаларында кеңінен қолдану мәселесіне айрықша назар аударған жөн.Адам капиталын дамытуды және жоғары оқу орындарын білім беруден ғылыми-зерттеу тәсілдеріне көшіруді көздейтін «AI-Sana» жасанды интеллектіні оқыту бағдарламасының маңызы артып келеді. Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың біртұтас жүйесін құруға тиіс. Қазір жасанды интеллект нарығында не болып жатқанына қараңыздар. Қытайлық компания 6,5 миллион долларға DeepSeek платформасын жасап шығарды. Оның тиімділігі миллиардтаған доллар жұмсалған платформалардан асып түсті. Жуырда Қытай тарапының цифрландыру мәселесімен, жасанды интеллектіні ойлап табумен айналысатын өкілімен кездестік. Бізге Қытай тәжірибесін міндетті түрде қолдану керек.Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсырамын.Жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтады. Бұл – түсінікті.Алайда таяқтың екі ұшы бар, цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады. Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек. Бірақ киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиіс.Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді.Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Рас, мұндай қылмыстарды ашу оңай емес. Үкімет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да ведомстволар күш-жігер біріктіруі керек. Ішкі істер министрлігіне осы сипаттағы қылмыстарды әшкерелеуге көмектескен жөн.Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек.ТӨРТІНШІ. Энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру.Еліміз өзін өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған міндет. Сондықтан алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл – алдыңғы жылдардың көрсеткішінен 2,5 еседей артық меже (1,3 ГВт).Біздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы стратегиялық бағдарымыз өзгермейді. Алайда оны жүзеге асыруға барынша байыппен, салмақты түрде қараған жөн.Біз қолда бар табиғи байлықтарымыз бен мүмкіндіктерімізді ұтымды пайдалануымыз қажет. Сондықтан әлдеқашан ескірген технологиялар бойынша салынған ЖЭС-терді инновациялық көмір стансалары алмастыруы керек. Қытай мен Оңтүстік Кореяда зиянды шығарындылары аз, жаңа буын көмір стансалары табысты жұмыс істеп тұр.Өкінішке қарай, кезінде Балқашта көмір электр стансасы салынбай қалды. Соның кесірінен біз мықты қуат көзінен айрылып қалдық. Ал ондай станса бізге қазіргі таңда артық болмайтын еді.Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет.Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет.Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық.Үкімет 2027 жылы Батыс аймақтағы электр желісін еліміздің Бірыңғай электрэнергетикалық жүйесімен біріктіруі керек. Сондай-ақ Оңтүстік аймақтағы электр желілерін күшейту жобасын жеделдеткен жөн. Оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығын жою үшін «жасыл» энергетика саласында ірі жобалар мен бу-газ қондырғылары іске қосылды. Сондықтан 2026 жылы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырына қарасты екінші тармақтың алғашқы кезеңін аяқтауымыз керек.Жалпы газ саласын дамыту елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің негізгі факторына айналып келеді. Былтыр тоғыз өңірдегі 107 елді мекенге газ жеткізіліп, 300 мың халықтың тұрмысы жеңілдеді.«Шеврон» корпорациясымен бірге жаңа газ кеніштерін игеру жұмыстары басталып, Ақтөбе облысындағы Жәлібек учаскесін геологиялық барлау жөнінде ынтымақтастық орнады. Алайда Жаңаөзен мен Қашағандағы газ өңдеу зауыттарының, сондай-ақ Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы базасында жұмыс істейтін электр стансасының құрылысы ойдағыдай жүріп жатқан жоқ. Аталған жобалар межелі мерзімде аяқталуға тиіс.БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажет.Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты.Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн.Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек.Былтыр диқандарымыз мол астық жинады. Бірақ бидай бағасы тым арзандап кетті. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек.Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн. Мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты.Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар.Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет. Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек. Қазір бұл міндет, негізінен, «Қазпошта» арқылы орындалып жатыр.Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын.АЛТЫНШЫ. Салық-бюджет саясатын реформалау.Бүгін бұл тақырыпқа қатысты қосымша баяндаманы тыңдадық.Жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және үдерістерді цифрландыру үшін инвестор қаржысын тарту қажет екені түсінікті.Бір жағынан мемлекет те экономикаға салынатын инвестиция көлемін ұлғайта береді. Сондықтан Үкімет барлық қаржыны басты басымдықтарға сай бөлуі керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер бұлжытпай орындауға тиіс негізгі бюджет қағидатының бірі.Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда бұл жүйе әрдайым жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс.Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр.Бұл мәселені қоғам жіті бақылап отыр. Сондықтан бүкіл жұмыс ашық әрі түсінікті, кәсіби деңгейде жүргізілуге тиіс. Халыққа саясатымызды түсіндіру керек.Мемлекет қаржысын барлық деңгейдегі бюджетке рационалды әрі әділ бөлудің маңызы зор. Тіпті ауылдық округтерге дейін қамтылуға тиіс.Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеген кезде барлық диспропорцияны ескергеніміз жөн. Республикалық бюджеттен, ең алдымен, кенжелеп қалған белгілі бір өңірді жалпы елдің даму деңгейіне жақындататын жобалар қаржыландырылуға тиіс. Әйтсе де барша аймақтың мәселелері мен қажеттіліктері Үкіметтің жіті назарында болуы керек. Өңірлердің даму қарқыны бәсеңдеуіне және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына мүлдем жол беруге болмайды. Дәл осы себепті мен бүгін әлеуметтік салық проблемасына назар аудардым. Тағы да байыппен қараңыздар. Қазір аймақ әкімдерін қаржылық стимулдан айыруға болмайды деп ойлаймын. Сайып келгенде, өңір дегеніміз – тұтас ел. Сондықтан мұның шешімін табыңыздар. Алдағы уақытта тағы да кездесіп, бұл мәселелерді талқылаймыз.Мемлекеттік бюджеттің жоспарлануы мен орындалуы көбіне инфляция үдерістерін бақылау шараларының тиімділігіне байланысты. Ұлттық банк пен Үкіметке батыл әрі қалыптан тыс, бірақ сындарлы шешімдер қабылдауға тура келеді.Әлемдегі экономикалық конъюнктура тез өзгеріп жатқан кезеңде таптаурын жолмен жүруге болмайды. Ол заман келмеске кетті. Әлем өзгеріп жатқанын көріп отырсыздар. Жаңа мән, жаңа форматтар, ұғымдар мен тәсілдер пайда болуда. Бұл инфляциялық үдерістер мәселесіне де қатысты. Демек қабылданған шешімдер күрделі сын-қатерлерге сай болуға тиіс.Жолдауда цифрлық активтер айналымына қолданылатын тәсілдерді өзгерту қажет екенін айтқан едім. Қазір мұндай активтерді тек Астана халықаралық қаржы орталығындағы криптобиржа базасында ғана заңды түрде пайдалануға болады.Алайда, сарапшылардың бағалауынша, Орталықты сауда алаңы ретінде қазақстандық криптоинвесторлардың небары 5 пайызы пайдаланады. Қалғаны астыртын жұмыс істейді. Цифрлық активтердің заңды түрде қолдану аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды жедел құру керек. Қаржы саласының реттеушілері тиісті заңнама базасын қалыптастыруды қолға алғаны жөн.ЖЕТІНШІ. Маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету керек.Екінші деңгейдегі банктердің ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен жаңғырту жұмысына тартуға болады және тарту керек деген мәселе көп айтылды.Мемлекет бөлетін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөлшерлемесін субсидиялауға қарай бағыттау керек.Бұл қаржыландыру көлемін бірнеше есе ұлғайтып, банктердің ақшасын экономикалық айналымға қосуға мүмкіндік береді.2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін білесіздер. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді. Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр. Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырамын.Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді. Қомақты қаражат бергеніміз рас.Бизнестің кепілге қоятын мүлкінің болмауы нақты секторды кредиттеуге кедергі келтіреді. Сондықтан займды кепілдендіру құралдарын көбейту қажет. Үкімет салалық даму институттарымен бірлесіп, кепілдік қорын құру мәселесін пысықтауы керек. Банктердің, корпорациялардың, орталық және жергілікті билік органдарының жыл сайынғы жарнасы есебінен қаржыландырылатын мұндай қорлар бірқатар елде өз тиімділігін көрсетті.Сондай-ақ экономикалық қайтарымы жоғары стратегиялық жобаларды жүзеге асырған кезде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан нарық шарттарына сай «ұзақмерзімге берілетін» қаржыны анағұрлым белсенді тартуға болады.СЕГІЗІНШІ. Әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажет.Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады.Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс.«Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Ауқымды жұмыс. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы өте баяу жүріп жатыр.Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр. Жұмыс созылып кетті. Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Аталған мәселені дереу шешіңіздер.Үкімет пен әкімдер алғашқы көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын.Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қажет. Бюджет қаржысын үнемдеп, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұған жол ашатын тәсілдерді енгізу жұмыстарын жалғастыру керек. Осы орайда мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржыландыратын пилоттық жобаны атап өткен жөн. Мемлекеттік тапсырыс белгілі бір білім беру мекемесіне байланбайтын болды. Соның нәтижесінде, ата-аналар балабақшаны өздері таңдауға мүмкіндік алды. Аталған жоба қаншалықты тиімді, орынды екенін қарау керек. Егер талапқа сай болса, бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті.Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді.Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет.Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс.Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет.Ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды. Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс.Соңғы жылдары мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арттырды. Әлі де арттыра береді. Бірақ бұл қаржы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет. Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек.* * *Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек. Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан «Аmanat» партиясының тәжірибесін ескерген жөн.Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек. Онсыз болмайды. Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде.Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда, сонымен бірге, бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет.Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс.Ақпараттық жұмыс уақтылы әрі сапалы жүргізілген жағдайда көптеген мәселені, соның ішінде қоғамда дүрбелең тудырған түйткілдерді ушықтырмай шешуге болатын еді. Сондықтан мұқият ойластырылған қоғамдық коммуникация стратегиясы қажет.Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет. Дегенмен мемлекет пен қоғамның серіктестігі азаматтарға да зор жауапкершілік жүктейді.Соңғы кезде заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басымдық беру қажеттігі дамыған елдерде, тіпті, АҚШ-тың өзінде жиі айтыла бастады. Біз мұндай пайымға әлдеқашан келгенбіз.«Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. Мұны, әсіресе, аймақ әкімдері мықтап қолға алғаны жөн. Бірақ шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс. Мәжбүрлеу шаралары болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек. Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс. Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе.Мен бүгін Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап бердім. Бұл – ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері.Экономикамыз дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек.Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз. Құрметті кеңеске қатысушылар! Бүгін біз еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесін қарадық. Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет. Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады.Дереккөз: Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтыМемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі — Қазақстан Республикасы Президентінің ресми сайтыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/926245
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізді 01.02.2025
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.Мемлекет басшысы жиын барысында Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, цифрлық технологияны жан-жақты енгізу, энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, салық-бюджет саясатын реформалау, маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту жөніндегі нақты міндеттер мен жоспарларға тоқталды.Президенттің пікірінше, алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек.– Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек. Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс. Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді. Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздің өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Үкіметтің биылға арналған жоспарлары туралы баяндады. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің фискалдық жүйесін, яғни салық және бюджет саласын реформалауға қатысты ұстанымдарды таныстырды. Ақша-несие саясатына қатысты мәселелер бойынша Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов сөз сөйледі. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың қызметі туралы есеп берді.Бұдан бөлек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзінің толық мәтінімен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/926275
Абай облысында жол желісін дамыту: өткен жылдың нәтижелері және болашақ жоспарлар 01.02.2025
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында автожолдарды орташа жөндеуге ерекше назар аударуды тапсырды. Мемлекет басшысы бұл бағдарлама жолаушылар тұрақты пайдаланатын 2,5 мың шақырым облысаралық және ауданаралық трассаларды қамтығанын атап өтті.«2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды орта деңгейде жөндеуге арналған бағдарламаның мән-маңызы зор. Дәл осы жолдармен жұрт өте жиі қатынайды. Сондықтан бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, кемінде 10 мың шақырым жолды қамтуды тапсырамын. Әрине, мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.2024 жылы Абай облысында Кіндікті ауылына кіре берістегі Боғас өзені арқылы өтетін көпірге, «Жарбұлақ» және «Ключики-Уба-застава» аудандық маңызы бар жолдардың су өткізу құрылыстарына, Аягөз қаласындағы Барақ батыр көшесіндегі көпірге қайта жаңғырту жүргізілді.Жалпы сипаттағы трансферттер шеңберінде облыстық маңызы бар 60 шақырым болатын 6 учаскеге орташа жөндеу жүргізілді. Олардың қатарында Шар-Әуезов, Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар, Көкпекті-Преображенка, Петропавловка-Шелехова-Дмитриевка аралықтары бар.Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 90,4 шақырым аудандық маңызы бар автожолдардың 17 учаскесі жөндеумен қамтылды. Облыс орталығы Семей қаласында жалпы ұзындығы 37,8 шақырым 40 көше жөнделді.Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков 2025 жылы жолдарды жөндеу жалғасатынын айтты. Облыстық маңызы бар автожолдардың 7 учаскесі орташа жөндеумен қамтылады деп жоспарлануда.«Орташа жөндеу – бұл Мемлекет басшысы белгілеген стратегиялық міндет. Облыстық маңызы бар жолдардың 109 шақырымын жөндеу көзделген. Оның ішінде Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар, Бородулиха-Жезкент, Дмитриевка-Бородулиха-облыс шекарасы, Семей-Долон-Бесқарағай-Ерназар-Қоянбай, Мақаншы-Жалаңашкөл, Семей-Қарауыл учаскелерінде жөндеу жүргізіледі. Сонымен қатар, жөндеу жалпы ұзындығы 113,7 шақырым болатын аудандық маңызы бар автожолдардың 12 учаскесін қамтиды. Біз өңірдің халқы мен экономикасы үшін маңызды болып табылатын автожолдарды орташа жөндеу бағдарламасын белсенді түрде іске асыруды жалғастырамыз», — деді облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.Өңірде көшелерді жөндеу жұмысы жалғасады. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 63,3 шақырым елді мекендердің көшелерін орташа жөндеу жоспарлануда. Семейде жалпы ұзындығы 55 шақырым көшелерді орташа жөндеу жұмысы жүргізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/925904
Автожол саласының мәселелері талқыланды 01.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте автожол саласының мәселелері талқыланды. Оған селекторлық режимде қала, аудан әкімдері мен жауапты сала басшылары қатысты.Аймақ басшысы автомобиль жолдарының сапасына қатысты тапсырмалар жүктеді.«Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Атырау қаласындағы Ұлттық құрылтайдың отырысында «Автокөлік жолдары – елдің экономикалық және әлеуметтік тыныс-тіршілігінің күретамыры. Сапалы жол жалпыұлттық міндетке айналуы керек. Жолдың сапасы жақсармай, еліміздің дамуы туралы сөз қозғау мүмкін емес» деп атап айтты.Бұған дейінгі жол саласына қатысты мәжілістерде сапаға баса мән беруді тапсырып келемін. Бұл ретте Жол активтері Ұлттық сапа орталығының рөлі ерекше. Орталық облыстағы 91 жобадан 1884 сынама алып, 138 ақауды анықтаған. Оның ішінде Қызылорда қаласындағы 31 жобадан анықталған 14 ақау бүгінгі күнге дейін қалпына келтірілмеген. Кемшілікті түзетуді шұғыл арада қолға алыңыздар.Мердігер мекемелер құрылыс жұмыстарына заманауи техника мен технологияларды пайдаланып, сапалы әрі мерзімінде орындауы тиіс. Алдағы уақытта сапасыз жұмыс үшін мердігер мекемелермен қоса, авторлық және техникалық қадағалаушылар да жауапты болатынын ескеріңіздер.Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, Қызылорда қаласы және аудан әкімдері бірлесіп автомобиль жолдары мен көшелердің, реконструкциялау, жөндеу жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алыңыздар. Биылға межеленген жұмыстардың сапалы атқарылуын қамтамасыз етіңіздер», – деді Н.Нәлібаев.Облыс аумағындағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 3545 шақырым, оның 1025 шақырымы – республикалық, 555 шақырымы – облыстық, 1965 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.Былтыр 300 шақырымнан астам жол жөндеуден өтіп, жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 92 пайызға жетті. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен бөлініген қаржыға 329 шақырым жолдар мен көпірлерді жөндеу жоспарлануда. Бұл арқылы жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 95 пайызға жеткізілмек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/924810
Жылу маусымы штаттық режимде өтуде 01.02.2025
Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дархан Сатыбалдының төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде Мемлекет басшысы тапсырмаларының орындалуы, оның ішінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының іске асуы және жылу маусымының өту барысы талқыланды.Облыста жылу беру маусымы штаттық режимде өтуде, 1067 әлеуметтік нысан мен 888 көпқабатты тұрғын үй жылумен толықтайқамтамасыз етілген. Жылу-электр орталығында отын қоры, авариялық қор жасақталған. Қазір кәсіпорында 5,3 мың тонна мазут пен 193 тонна дизель отыны бар.Барлық әлеуметтік нысанның отын қоры толық. Жылу беру маусымы қарсаңындабелгіленген, тұрғындар мен әлеуметтік нысандарға қажетті 162 мың тонна көмірдің138 мың тоннасы қоймаларға жеткізілген.«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық, абаттандыру және тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау мақсатында өңірлік жоспар бекітіліп, кешенді жұмыс жүргізілуде. Демеушілік есебінен және облыстық бюджеттен Қызылорда қаласындағы орталық алаң қайта жаңғыртылды, 28 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті заманауи панельмен қапталды, 20 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылды. Теміржол вокзалы ғимараты мен перроны күрделі жөндеуден өтті.Балалардың игілігі үшін 80 ойын және спорт алаңы, Жаңақорған ауданында демалыс паркі, Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылында «Еңбекшілер аллеясы» пайдалануға берілді. Қармақшы ауданы Жаңажол ауылының орталық алаңы және Жалағаш ауданы Таң ауылының көшелеріабаттандырылып, жарықтандырылды.Облыстық бюджеттен бөлінген 800 млн. теңгеге 17 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары, 200 млн. теңгеге 14 спорт және ойын алаңы салынып, 7 балалар ойын алаңы жөндеуден өткізілді. Демеушілер есебінен 63 көпқабатты тұрғын үй мен 2 әлеуметтік нысанның қасбеті заманауи үлгіде әрленуде.Аудандарда 320 млн. теңгеден астамқаржыға көшелер абаттандырылып, ойын алаңдары мен скверлер салынды.Өткен жылы аймағымызда мекеме ғимараттарының қасбеті, аулалардағы балалар ойын және спорт алаңдары, көшелердегі жарықтандыру мен аялдамаларды әрлеу, сырлау, безендіруге біркелкі дизайн код бекітілді. Барлық елді мекендегі мекеме ғимараттары, аулалар, ойын алаңдары, аялдамалар, жарық бағаналары бірыңғай архитектуралық талаптарға сәйкестендірілді.Өңірде жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізілуде. Соңғы екі жылда 1 млрд. 500 млн. теңге бөлініп, үздік атанған елді мекендерге 48 арнайы техника табысталды.Биыл осы бағытқа 564 млн. теңге бөлініп, 19 коммуналдық техника жеңімпаздарға табысталмақ. Өткен жылы коммуналдық салаға және абаттандыру мекемелеріне 106 арнайы техника сатып алынып, қазір ел игілігіне қызмет етуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/924912
Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасына компьютерлік томография аппараты алынды 01.02.2025
Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасына облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес 405 млн.теңгенiң компьютерлік томография аппараты алынды. Жаңа жабдық халыққа сапалы медициналық көмек көрсету жұмысын жандандыра түспек.Бүгін Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Искаков және Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин Байқоңыр қаласының көпбейінді ауруханасындағы компьютерлік томография аппараты кабинетiнiң ашылуына қатысып, ұжымға тілектестік білдірді.Аурухананың бас дәрігерi Сұлтан Кенжебаев пациенттерге сапалы медициналық қызмет көрсету деңгейін жоғарылатудағы жұмыстарды, алдағы жоспарларды атап өтті.Айта кету керек, өткен жылы аурухананың материалдық- техникалық базасын нығайту мақсатында 300,0 млн.теңгеге 1 сандық- маммографиялық жүйе, 1 стационарлық- цифрлық рентгендік флюорография, 10 науқас мониторы, 1ЛОР комбайн, 10 дефибрилятор, 1 анестезиялық тыныс алу аппараты, 2 функционалды керуерт сатып алынды. Оған қоса құны 98,0 млн.теңге болатын 5 санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілді.Жаңадан іске қосылған аппараттар ауруды ерте анықтау, емдеу ісіне тың серпін беріп, қызмет сапасын жақсартады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/925169
Сыр елінде «Әлемнің әміршісі – еңбек» атты облыстық әйелдер форумы өтті 01.02.2025
Шиелі ауданындағы жаңадан ашылған «Руханият орталығында» Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтарының жылына» орай «Әлемнің әміршісі – еңбек» атты облыстық әйелдер форумы өтті.Форумға облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Райкүл Байназарова, іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Манат Алмашева, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер және түрлі салада еңбек ететін жұмысшы әйелдер қатысты.Басқосуды жүргізген Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков Мемлекет басшысының Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймақта атқарылған жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар, облыс әкімінің бастамасымен соңғы жылдары салынған әлеуметтік нысандарды, қолға алынған ауқымды шараларды атап өтті.Атаулы жылға орай ұйымдастырылған іс-шараға «Хабар 24» республикалық телеарнасындағы «Дархан дала» бағдарламасының түсіру тобы арнайы келіп, Сыр елінде атқарылған жұмыстармен танысты.Еске салайық, өткен жылы өңірдегі «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» бой көтеріп, бірқатары ел игілігіне табысталды.«Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», 1000 орындық көпфункционалды «Өнер орталығы» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды. Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Шығармашылық академиясы» салынуда.«Анаға тағзым» орталығы – аймақ басшысының бастамасымен қала орталығында бой көтерген ұлттық және заманауи үлгідегі мәдени-әлеуметтік нысан, Сыр елінің арулары мен ақжаулықты аналары бас қосатын құтты мекен.Халқымыздың өткені мен бүгінін сабақтастыратын «Анаға тағзым» экспозициялық кешенінде «Қазақ елінің ұлы аналары» атты бірегей картина және ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін киіз үйдің инсталляциясы орналасқан. Сонымен қатар, «Мирас» әжелер, «Бойтұмар» қыздар, «Жас отау» жас отбасылар, «Ана тілі» дебат клубтары, психолог-медиатор кабинеті, «Береке» аспаздық, «Шамшырақ» фото-видео студиялары жұмыс жасайды. Музей, конференц, мәдени-концерттік залдары және коворкинг орталығы бар.Өнер мен мәдениетті қолдау мақсатында салынған 1000 орындық «Өнер орталығының» филармония ұжымына берілуі сырбойылық өнерпаздарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Филармония жанынан құрылған 10 өнер ұжымы бар. Облыстық симфония, Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрлері, «Қорқыт сазы» қобызшылар, «Ақмешіт» фольклорлық, вокалды-аспаптық ансамбльдері, «Томирис» және «AI-ARU» би, хор ұжымдары, «Әдемі» балалар музыкалық театр студиясы өнердің түрлі бағытында жемісті еңбек етуде.Камералық оркестрге қосымша 30 штаттық бірлік қосып, симфония оркестрін ашу туралы ұсыныс оң шешімін тапты. Облыс әкімінің қолдауымен қайта құрылған симфония оркестрінде 50 қызметкер бар, 17 өнерпаз қызметтік үймен қамтылған. Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Талдықорған, Байқоңыр қалаларынан 10-ға жуық өнерпаз арнайы шақыртумен келген.Айта кетейік, “Дархан дала” бағдарламасының біздің аймаққа арналған шығарылымын 26 қаңтар күні, сағат 15.35-те және 23.00-де “Хабар 24” телеарнасынан көре аласыздар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/925191
Қаржы министрлігі қызметінің 2024 жылдағы қорытындылары 01.02.2025
Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі – бірыңғай қаржы, бюджет, салық және кеден саясатын жүргізуді қамтамасыз ететін республикалық атқарушы билік органы. Министрлік бюджет және қаржы саласында салааралық үйлестіруге басшылық жасайды.КІРІСТЕР2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджеттің кірістері бойынша жоспар (трансферттерді есептемегенде)100,7%-ға немесе жоспарланған 21,4 трлн теңгенің орнына бюджетке 21,5 трлн теңге артып түсті. Артығымен орындалған соманың көлемі – 142,4 млрд теңге. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда РБ кірісі 614,9 млрд теңгеге ұлғайды немесе өсу қарқыны 102,9%-ға жетті (2023 ж. дерек – 20,9 трлн. теңге).Оның ішінде кірістер жоспары:- республикалық бюджет 95,7%-ға немесе жоспарланған 14,1 трлн теңгенің орнына іс жүзінде 13,5 трлн түсті. РБ жоспарындағы орындалмаған сома – 608,6 млрд теңге. Былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда РБ кірісі 1 трлн 15 млрд теңгеге азайды немесе төмен қарқын 93% деңгейінде байқалды (2023 ж. фактісі-14,5 трлн. теңге);- жергілікті бюджеттер 110,3%-ға немесе жоспарланған 7,3 трлн теңгенің орынан іс жүзінде 8 трлн теңге түсті. ЖБ бойынша жоспарды асыра орындау 751,1 млрд теңгеге жетті. Былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда ЖБ кірісі 1 трлн 631 млрд теңгеге ұлғайды немесе өсу қарқыны 125,5% артты (2023 ж. фактісі-6,4 трлн. теңге).Республикалық бюджеттің кірістері бойынша жоспардың орындалмауына негізінен салық түсімдері әсер етті. Оған сәйкес жоспар 97,1%-ға немесе жоспарланған 12,7 трлн орнына бюджетке 12,3 трлн теңге түсті. Жетпей қалған соманың мөлшері – 366,7 млрд теңге.Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда РБ салықтары 604,6 млрд теңгеге немесе 4,7%-ға азайды (2023 ж. дерегі – 12,9 трлн. теңге).Жоспардың орындаламауына әсер еткен негізгі факторлар:-3 елден импорт көлемінің төмендеуі (2023 жылмен салыстырғанда 2024 жыл үшін 4,4% - ға);- негізгі экспорттық металдар бағасының төмендеу үрдісінің сақталуы (2024 жылғы 1 тоқсанда мырыш бағасы 21,7% - ға, алюминий 8,3% - ға, мыс 5,4% - ға және қорғасын 3% - ға төмендеді; 2024 жылдың 1 жартыжылдығында мырыш бағасы 6,8% - ға, қорғасын 2024 жылғы 1,4% - ға, қорғасын 3% төмендеді);- Былтырғы кезеңмен салыстырғанда бюджеттен ҚҚС 3 есеге көп (282,6%) қайтарылды (2023 жылғы 430 млрд теңгеден 2024 жылғы 1 216 млрд теңгеге дейін), оның ішінде 2023 жылға дейінгі 594 млрд теңге сомасындағы қарыздар толық көлемде қайтарылды. Бұл бизнесті айналым қаражатымен қамтамасыз етті және олар үшін айтарлықтай қолдау болды;- геосаяси жағдайға байланысты өндіру, шығару, жеткізілім көлемінің қысқаруы мен логистикалық шығындардың ұлғаюы себебінен бірқатар ірі кәсіпорынның кірістерінің азаюы (188 ірі кәсіпорынан РБ-ке түсетін салық түсімдері 1,4 трлн теңгеге немесе 2023 жылғы 4,6 трлн теңгеден 2024 жылы 3,2 трлн теңгеге дейін төмендеді);– салық салынатын мұнай экспорты көлемінің 1,7 млн тоннаға немесе 4%-ға төмендеуі (2023ж. - 42,9 млн тонна, 2024ж. - 41,2 млн).Салықтық және кедендік әкімшілендіру мен бұл бағыттағы цифрландыру есебінен 2024 жылы 1 112,8 млрд теңгеге қосымша түсімдер түсті, оның ішінде:- салықтық әкімшілендіру – 952,6 млрд теңге (жер қойнауын пайдаланушыларды әкімшілендіру – 296 млрд, ірі салық төлеушілерді әкімшілендіру – 157,1 млрд, камералды бақылау – 207,6 млрд, салық аудиті-126,8 млрд және т. б.);- кедендік әкімшілендіру - 160,2 млрд теңге.Анықтама: (2019 ж. – 916 млрд тг, 2020 ж. – 710 млрд тг., 2021 ж. - 681 млрд тг., 2022 ж. - 726 млрд тг, 2023 ж. - 931 млрд тг.).РБ-ке салықтан тыс түсімдер бойынша жоспар 83,2%-ға орындалды немесе жоспарға сәйкес орындалмаған сома 242 млрд теңге (жоспар бойынша 1 443,4 млрд теңге, іс жүзінде 1 201,4 млрд теңге). Бұл қосымша қабылданатын шаралар бойынша жоспарланған төлемдердің түспеуіне байланысты мемлекеттік меншіктегі акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтердің түсімдері есебінен (253 млрд теңгеге орындамалмаған) орын алды (ERG және басқалар).Жергілікті бюджеттердің кірістеріне қатысты (трансферттерді есепке алмағанда).Жергілікті бюджеттердің кірістерінің құрылымы 92,2% салық түсімдерінен тұрады. Бұған сәйкес жоспар 110,5%-ға орындалып, жоспарланған 6,7 трлн теңгенің орнына бюджетке 7,4 трлн теңге түсті немесе салық бойынша ЖБ жоспарын артығымен орындау 701,1 млрд теңгеге жетті.Бұл орайда былтырғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда салықтар бойынша түсімдер 1,4 трлн теңгеге ұлғайды немесе өсу қарқыны 123,2% (2023 ж. дерегі - 6 трлн теңге) артты.Жоспардың артығымен орындалуына негізінен ЖТС бойынша 249,3 млрд теңгеге немесе 11,3%-ға ұлғаюы әсер етті (2,2 трлн теңге жоспарланған, іс жүзінде 2,5 трлн теңге түсті), сондай-ақ шағын және орта бизнес субъектілерінің КТС (бұдан әрі – ШОБ КТС) бойынша - 245 млрд теңгеге немесе 18,6% (1,3 трлн теңге жоспарланған, іс жүзінде 1,6 трлн теңге түсті) және Әлеуметтік салық бойынша 127,5 млрд теңгеге немесе 8,8%-ға (1,5 трлн теңге жоспарланған, іс жүзінде 1,6 трлн теңге түсті) артуы да ықпал етті. Бұл мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің (мұғалімдерге, медицина қызметкерлеріне және әлеуметтік қамсыздандыру қызметкерлеріне) жалақысының кезең-кезеңмен өсуіне және ШОБ кірістерінің ұлғаюына байланысты.ШЫҒЫСТАРБюджеттің негізгі өлшемшарттары азаматтарды, экономиканың нақты секторын, өңірлерді және сыртқы ахуалдың күрт өзгеруі жағдайында жалпымемлекеттік шығыстарды қолдауға байланысты қосымша шығыстарды қаржыландыруды көздейді.Мәселен, 2024 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 23 594 трлн теңгені құрады. Оның ішінде әлеуметтік салаға жұмсалған қаражат 8,8 трлн теңгеге көбейді.Атап айтқанда: әлеуметтік қамсыздандыруға және әлеуметтік көмекке 5,3 трлн теңге; денсаулық сақтауға – 2,2 трлн теңге; ғылым мен жоғары білімге – 0,7 трлн теңге; білім беруге – 0,3 трлн теңге; туризм мен спортқа – 0,2 трлн теңге; мәдениет пен ақпарат саласына – 0,2 трлн теңге бағытталды.ҚР Үкіметі өңірлерді дамыту үшін бірқатар тетікті әзірлеп, былтыр бұл бағытта жұмсалған шығыстардың жалпы көлемі 7,1 трлн теңгеге жетті. Бұл субвенциялар, нысаналы даму трансферттері мен ағымдағы нысаналы трансферттер. Жұмсалған шығыстардың жалпы көлемінен субвенцияға 5,3 трлн теңге; дамуға арналған нысаналы трансферттердің көлемі 1,5 трлн теңгені; нысаналы ағымдағы трансферттердің көлемі 0,3 трлн теңгені құрады.МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ТУРАЛЫ ЖАҢА ЗАҢБюджетті орындаудың маңызды компоненттерінің бірі – мемлекеттік сатып алу процесі болып саналады.2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң күшіне енген (01.07.2024ж. қол қойылған) болатын. Бұл реформа мемлекет есебінен сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің ең төменгі бағадан сапаға басымдық беруге, сондай-ақ барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың сатыпалымдарын бірыңғай платформаға ауыстыруды көздейді.Жаңа заң мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін кеңінен пайдалану арқылы, сол секілді қоғамдық мониторингті енгізу мен құрылыс саласында «кілтпен тапсыру» қағидасы бойынша келісімшарт жасасу мүмкіндігімен өнім берушіні таңдаудың бағадан тыс өлшемдерін дамыту арқылы сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға жол ашады.Мемлекеттік сатып алудың бірыңғай операторы – «Электрондық қаржы орталығы» АҚ базасында қолданыстағы сатып алу алаңдарымен интеграциялау арқылы Бірыңғай сатып алу платформасы құрылды (goszakup.gov.kz, zakup.sk.kz, mitwork.kz).Бірыңғай сатып алу платформасы мемлекеттік, ұлттық компаниялардың және «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларына қатысуға мүмкіндік берді.10.06.2024 ж. бастап барлық пайдаланушыға ЭЦҚ кілттері мен QR-код пайдалану арқылы бірыңғай платформада тіркелуге жол ашылды (қолданыстағы алаңдар арқылы авторизациялау құқығын сақтай отырып).Шағын сатыпалымдарды жүзеге асыру мақсатында тауарларды 100 АЕК-ке дейін, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді 500 АЕК-ке дейінгі бір көзден алу құқығы енгізілді. Ауылдық әкімдіктер үшін мұндай сатып алу мөлшері бір көзден 3000-нан 4000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.Конкурс біліктілік талаптарына сай келетін бір өтінім берілген жағдайда да өтті деп танылады.Конкурсты өткізу мерзімі 10 жұмыс күніне дейін қысқартылды.Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында мынадай шаралар қабылданды:- ұлттық режімнен алып қоюға белгіленген тауарлардың тізбесі кеңейтілді;-офтейк-келісімшарттардың нысаны болып саналатын тауарларды бір көзден алу тәсілімен сатып алу;- ШОБ субъектілерінде жүзеге асырылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін, мемлекеттік сатып алу тәртібі мен көлемін бекіту;- 30% мөлшерінде авансты міндетті төлеу және қамтамасыз етудің барлық түрінен босату (келісімшарттың орындалуын қамтамасыз ету, авансты қамтамасыз ету, сондай-ақ демпингке қарсы шаралар қабылданған жағдайда тиісті сомамен қамтамасыз ету).ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУЖекешелендірудің кешенді жоспарына сәйкес 637 мемлекеттік меншіктегі және квазимемлекеттік сектордың нысандарын өткізу қарастырылған.Бүгінгі таңда 392 нысан 918,3 млрд теңгеге бәсекелестік ортаға берілді, оның ішінде: 6,4 млрд теңге сомасына 3 республикалық меншіктегі нысан, 9,5 млрд теңге сомасына 144 коммуналды меншіктегі нысан, 900,6 млрд теңге сомасына ұлттық холдингтер мен компаниялардың 129 нысаны, 1,8 млрд теңге сомасына 116 ӘКК нысаны.68 нысан қайта құруға/таратуға бағытталды.21 нысан саудаға қойылды.156 нысан сату алдындағы дайындықта тұр.Кешенді жоспар 72% орындалды.Қазіргі уақытта Мемлекеттік мүлік тізімінің веб-порталы мобильді қосымш жүйесіне бейімделген.Жекешелендіру нысандарын сату қағидалары «электронды әмиян» ұғымымен толықтырылды (ҚР ПП 26.10.2024 ж. № 890).МЕМЛЕКЕТТІК АУДИТ2024 жылдың қорытындысы бойынша ІМАК 9 трлн теңгеден астам қаражатқа 1 740 тексеру (оның ішінде 607 электронды аудит немесе әрбір 3 аудит) жүргізіп, онда 340,9 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар мен 5 594 процедуралық бұзушылықтар анықталды.Жалпы сомасы 1 349,4 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды (аудит нәтижелері бойынша - 271,6 млрд теңге, камералды бақылау - 1 052,7 млрд теңге, кәсіпкерлік субъектілерін профилактикалық бақылау - 15,1 млрд теңге, ОМО бюджеттерін қалыптастыру мониторингі - 10 млрд теңге).Бюджетке 10,2 млрд теңге (9 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар және 1,2 млрд теңгеге әкімшілік айыппұлдар бойынша) төлем жасалды.Пост-аудиттен превентивті аудитке көшу шеңберінде 2024 жылы Қазынашылық деректері негізінде бюджеттік төлемдерді нақты режімде қашықтан бақылауға мүмкіндік беретін «Онлайн бюджеттік мониторинг» модулі әзірленіп, іске қосылды.Мәселен, білім беру ұйымдары бойынша Қазынашылықтың егжей-тегжейлі мәліметтерінің мониторингіне сәйкес жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге жалақы түріндегі заңсыз төлемдер расталды.Сонымен қатар 2024 жылы жалпы сомасы 11,7 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы шарттарға қосымша келісімдерді заңсыз жасасудың 1 707 фактісінің жолын кесті, осылайша бюджет қаражатының артық шығындарының алдын алды.Комитет ақпараттық дерекқорлармен ықпалдасу нүктелерін ұлғайта отырып, электрондық аудитті одан әрі дамытуды, мемлекеттік бюджеттің қалыптасуы мен атқарылуына камералды бақылауды кеңейтуді, оның ішінде мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттардың орындалуын нақты режимде сүйемелдеуді және мемлекеттік органдардың бухгалтерлік есебін жүргізуді жалғастыруда.САЛЫҚТЫҚ-КЕДЕНДІК ӘКІМШІЛЕНДІРУСалықтық-кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде.Атап айтқанда, 2024 жылы автомобиль өткізу пункттерінің өткізу қабілеті 40% - ға ұлғайтылды, ал көлік құралдарының өту уақыты 9-дан 3 сағатқа дейін қысқарды.«Нұр Жолы» ірі өткізу пунктінің (ҚХР шекарасында) тәулік бойы жұмысы қамтамасыз етілді.«Достық» өткізу пунктінде (ҚХР шекарасында) заманауи көлік-логистикалық орталық ашылды.Жүргізушілерге Qoldau.kz порталында немесе CargoRuqsat мобильді қосымшасы тіркелу арқылы кезекті брондау бойынша сервис ұсынылды. 55 мыңнан астам жүргізуші мен 145 мың көлік тіркелген.Жылдың қорытындысы бойынша жүйеде 1,2 млн астам брондау жүзеге асырылды.ҚХР және Өзбекстанмен шекарада CarGoAlem шетелдік рұқсат бланкілерін автоматтандырылған түрде беру жүзеге асырылды.Қытай – Еуропа маршруттары үшін теміржол транзитін автоматтандыру бойынша қанатқақты жоба іске қосылды (60 мыңнан астам транзиттік декларация шығарылды).35 шетелдік интернет-платформа ҚҚС төлеушілер ретінде тіркелді (2022 жылдан бастап барлығы 98). Pinduoduo, Alibaba, Tema және Sony сияқты ірі компанияларды қамтиды.Анықтама: нәтижесінде бюджетке 34,9 млрд теңге түсті (2022 жылдан бастап барлығы 67,2 млрд.теңге).59 шетелдік юрисдикциямен автоматты түрде қаржылық ақпарат алмасу қамтамасыз етілді (қосымша 5,1 млрд теңге тартылды).FATCA келісімі аясында АҚШ-пен 019.00 нысаны бойынша ақпарат алмасу басталды.ҚМ бастамасы бойынша 18 тауар бойынша бағаның ең төменгі деңгейін енгізу ұсынылды, оның ішінде ҮАК қорытындысы бойынша (сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері бойынша) 5 тауар (күнбағыс майы, жұмыртқа, бидай, ұн, ашытқы, ҚР ПП 24.10.2024 ж. № 887) мақұлданды. ҚМ ЕТБ есептеу және ЕТБ үшін тауарлар тізбесін бекіту құзыретін беру бойынша жұмыс жүргізілуде.Анықтама: ҰК-нің 444-бабына сәйкес жекелеген тауарлар бойынша ЕТБ қолдану көзделген.2022 жылдан бастап ЕТБ алкоголь өнімдерінің 4 түріне қатысты қолданылады: арақ, коньяк, этил спиртінің 2 түрі.5 жаңа Мемлекеттік кірістер басқармасы құрылды (Алматы облысы -1, Абай облысы – 2, ШҚО -2).2024 жылы өткізілген іс-шаралардың нәтижелері бойынша мынадай заңсыз акцизделетін өнім анықталды:- алкоголь өнімі - 1 916,7 мың литр, әкімшілік жауапкершілікке 1 566 салық төлеуші тартылды;- темекі өнімдері - 16 625 мың қорап;- мұнай өнімдері-34,6 мың тонна, сот шешімі негізінде 25,3 млн теңге сомасына 617 салық төлеуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.Құқық бұзушылық жасау нәтижесінде алынған 591,4 млн теңге сомасында табыс мемлекет пайдасына өндірілді.ЦИФРЛАНДЫРУЖеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызметтің 48 түрі көрсетіледі, оның 44-і электронды түрде (92%).2024 жылы 21,4 млн астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның 99,5% - ы электрондық түрде (21,3 млн.).Мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстырудың арқасында еңбек ресурстары, қағаз құжат айналымы оңтайландырылды, көрсетілетін қызметті алушылардың уақыт және қаржылық шығындары қысқартылды, тікелей байланыстар азайтылды және нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайтылды.Сонымен қатар смартфондар арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі бойынша жұмыстар жүргізілуде.Бүгінгі таңда eGov mobile және e-Salyq Azamat мобильді қосымшасында салық және кеден бағыттары бойынша, сондай-ақ аудиторлық қызмет және жекешелендіру бойынша 22 мемлекеттік қызмет қолжетімді.Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі (СӘИЖ) әкімшілендіру процестерін автоматтандыруға және оңтайландыруға, мемлекеттік қызметтер көрсетуге, салық төлеушілермен, оңалту және банкроттық рәсімдерінің әкімшілерімен электрондық өзара іс-қимылды ұйымдастыруға арналған.2024 жылы СӘИЖ жобасы бойынша МО АЖ-мен интеграциялау, МКК қолданыстағы жүйелерінен деректерді көшіру бойынша жұмыс жүргізілді.Smart Data Finance (SDF) бір-бірімен бүкіл елдің кез келген салық деректерін салыстыруға және талдауға мүмкіндік береді, бұл салық төлеуден жалтарудың заңсыз схемаларын қолдану әрекеттерін едәуір қиындатады, яғни көлеңкелі экономиканы айтарлықтай азайтады және ҚР салық салынатын базасын кеңейтеді.2024 жылы онда мыналар іске асырылды: жеткізушілер тізбегін қадағалау, декларацияларды алдын ала толтыру, ахуалдық орталық, букмекерлік модуль және басқалары, оның ішінде МО және ұйымдармен 55 интеграция. Жеке және заңды тұлғалардың цифрлық бейіні құрылды (553 мыңнан астам заңды тұлға және 1,8 млн ЖК).«Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» жобасының арқасында азаматтар мен бизнес енді әртүрлі логиндерді есте сақтаудың, көптеген авторизациялардан өтудің қажеті болмайды.Бизнестің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылының ыңғайлылығын қамтамасыз ету үшін министрліктің барлық мемлекеттік ақпараттық жүйелері мен платформаларын біріктіретін КБК электрондық сервисі әзірленді.Қаржы министрлігінің әртүрлі жүйелеріндегі деректерді визуализациялауға бағытталған фискалдық чектерді визуализациялау жобасы жүргізілуде. Ақпарат географиялық картада карта қабаттарын қолдана отырып көрсетіледі. Қанатқақты жобаның негізгі қабаты нақты уақыттағы фискалды чектерді картадағы бақылау-касса машинасы (БКМ) орналасқан нүктеге дейін көрсетеді, ол БКМ тіркелген ұйымға байланған чекті нокаутқа түсіреді.2024 жылдан бастап «Цифрлы ҚҚС» қанатқақты жобасы іске асырылуда. Оның қатысушылары: шетелдік авиакомпанияларға жанар-жағармай материалдарын сататын; экспорттаушылар (экспортталатын тауар өндірушілерді қоспағанда). Іске асырудың бастапқы кезеңінде пилотқа ерікті негізде екінші деңгейдегі банктердегі цифрлық шоттар арқылы цифрлық теңгені пайдалана отырып, ҚҚС бойынша төлемдерді жүзеге асыратын ҰК қатыса алады. Жобаның артықшылықтары: 15 күн ішінде ҚҚС-ты жедел қайтару, контрагенттермен және бюджетпен өзара есеп айырысу бойынша ашықтықты қамтамасыз ету.Осы жылы «Кеден» АЖ-де «Қорғас» ХШЫО модулі және экспресс-жүктерді декларациялау іске асырылды. Транзит модулін енгізу қамтамасыз ету процестерін толық цифрландыруды жүзеге асыруға, УСҚ-да тауарлардың виртуалды қоймасын жүргізуге, бір терезе қағидаты бойынша бақылаудың барлық түрлерін енгізуге мүмкіндік береді. 4,8 мың пайдаланушы тіркелген. 2024 жылы «Қорғас» ХШЫО арқасында жүктерді ресімдеу (1,1 млн.теңгеге дейін) және ТПиН түсімдері (127 млн. теңгеге дейін) өсті.МЕМЛЕКЕТТІК ЗАЙМ2024 жыл ішінде республикалық бюджет тапшылығын толық көлемде қаржыландыру қамтамасыз етілді, атап айтқанда:- ішкі нарықта 5,6 трлн сомасында МБҚ шығару жоспарының 100% орындалуы қамтамасыз етілді. теңге, бұл кірістілік қисығының бүкіл ұзындығы бойынша эталондық шығарылымдар жасау үшін айналымдағы эмиссияларды ірілендіруге, сондай-ақ отандық қор нарығының басқа эмитенттері үшін баға бағдарын белгілеуге ықпал етті.- сыртқы капитал нарықтарында 1,5 млрд долларҚР ҚМ шығару жедел және сапалы ұйымдастырылды, бұл сыртқы нарықтардағы ағымдағы экономикалық және геосаяси жағдай аясында неғұрлым тиімді жағдайлар бойынша қаражат тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.Уақытылы орналастырудың арқасында Қаржы министрлігі шығарылым көлемі мен бағасы бойынша оңтайлы параметрлерге қол жеткізді. Өтінімдердің жиынтық кітабы тұрақты өсуді көрсетті, шамамен 6 миллиард АҚШ долларына жетті, бұл купондық мөлшерлеме мен кірісті 4,7% деңгейінде белгілеуге мүмкіндік берді, АҚШ-тың қазынашылық облигацияларына 88 базистік тармақ сыйақы берілді.Мұндай спрэд 10 жыл мерзімге тәуелсіз облигациялары бар дамушы елдер үшін рекордтық болып саналады.- ХҚДБ, АДБ және АБИИ бағдарламалық қарыздары жеңілдетілген шарттармен тартылды.Ағымдағы жылғы желтоқсанда жалпы сомасы 189,9 млрд жап болатын ХҚДБ, АДБ және АБИИ-дан бағдарламалық қарыздар тарту бойынша жұмыстар аяқталды. иен жеңілдікті шарттармен, бұл республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыруды толық көлемде қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.Бұл жеңілдетілген қарыздар Үкіметке борышқа қызмет көрсетуге арналған болашақ шығындарды оңтайландыруға және үкіметтік борыш портфелінің валюталық себетін әртараптандыруға мүмкіндік береді.БАНКРОТТЫҚ2024 жылы банкроттықты қолдану жолымен 97 млрд теңгеден астам сомаға 11 654 азаматқа қарыздары есептен шығарылды (азаматтардың банкроттық туралы Заңын іске асырудың барлық кезеңінде (2023 жылғы наурыздан бастап) 115 млрд теңге сомасына 20 500 азаматтың борыштары есептен шығарылды).Айта кету керек 2024 жылғы 21 желтоқсанда Қазақстан банкроттық саласындағы реттеушілердің халықаралық қауымдастығының құрамына ресми түрде кірді, ол тұрақсыздық (банкроттық) саласындағы әлемдік практикамен алмасу жөніндегі жалғыз мамандандырылған алаң болып табылады.Бұл қауымдастықтың мүшелері АҚШ, Ұлыбритания, Сингапур, Канада, БАӘ, ҚХР, Финляндия, Польша, Австралия, Жаңа Зеландия және басқа да дамыған елдерді қоса алғанда 33-тен астам елдер болып табылады.Бұл қауымдастық тұрақсыздықты реттеу саласындағы үздік тәжірибелер мен стандарттарды ілгерілетуді жинақтайтынын ескере отырып, мүшелік бізге озық халықаралық тәжірибені зерделеуге, сондай-ақ банкроттық мәселелері бойынша әртүрлі халықаралық юрисдикциялармен ынтымақтастық орнатуға көмектеседі. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/925649
Олжас Бектенов: Үкіметтің басым бағыттары – сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту 01.02.2025
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысына 2024 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері жөнінде баяндады.Премьер-министр Президентке Қазақстан экономикасының өсу қарқыны туралы мәлімдеді. Өткен жылы аталған көрсеткіш 4,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте – 8,5% жоғары серпінге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға артты. Бұл ретте аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді.Сонымен қатар мұнай өндіру көлемі 2,4 млн тоннаға төмендеп, Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына кері әсерін тигізді. Бұл көбіне еліміздің ОПЕК+ шеңберіндегі міндеттемелеріне және ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты болды.Салалар бойынша экономиканың өсуінің статистикалық көрсеткіштерінің артында нақты нәтижелер жатыр. Мәселен, Қазақстанда 29 ірі зауыт салынды, олардың қатарында Қостанай облысында шойын құю; Алматы облысында вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін, Шымкентте бағалы металдарды өңдеу; Қарағанды облысында катодты мыс, автокөлік шиналары мен тұрмыстық техника шығаратын және басқа да кәсіпорындар бар. Саран қаласында заманауи өндірістердің іске қосылуы оның моноқалалар санатынан шығуына мүмкіндік берді.Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 2024 жылы 26 млн тоннадан астам астық және 3 млн тоннадан астам майлы дақылдар жинады. 4 млн тонна астық экспортқа жөнелтілді. Егіншілер толық көлемде суармалы сумен қамтамасыз етілді. Бұл ретте Арал теңізіне 2 млрд 600 млн м3 су жіберілді, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден едәуір жоғары. Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын 80 су арнасын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Су үнемдеу технологияларымен қамтылған егіс алқабы 1,5 есе артып, 470 мың гектарды құрады.Құрылыс саласында да нақты нәтижелер бар. Атап айтқанда, алғаш рет елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 397 денсаулық сақтау нысаны, 298 білім беру нысаны бой көтерді. 11 мың орынға арналған 40 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. 12 мың шақырым автомобиль жолдары және 2,8 мың шақырым теміржол жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында 3 жаңа терминал пайдалануға берілді. Жалпы, өткен жылы жүк тасымалдау көлемі 10%-ға өсіп, шамамен 1 млрд тоннаға жетті.Тұрғын үй-коммуналдық секторға ерекше көңіл бөлінді. Өткен жылы қосымша 300 мыңнан астам адам газбен қамтылып, 200 мыңнан астам адам орталық су жүйесіне қосылды. 542 шақырым жылу желілері мен 55 жылу көзі жаңғыртылып, 6,5 мың шақырым инженерлік желілер жөнделді. Жалпы қуаты 700 МВт-тан асатын қосымша электр қуатын өндіру көздері іске қосылды.Инвестициялық штабта жалпы құны $50 млрд болатын 115 жоба бойынша түткілді мәселелер тез арада шешімін тапты. Бюрократиялық мәселелерге қарамастан, еліміз үшін қажетті жобаларды дер кезінде бастауға мүмкіндік беретін шешімдер қабылдануда. Инвест штаб іскерлік ахуалды жақсарту үшін нақты кейстер негізінде заңнамалық өзгерістерді әзірлейді. Қазіргі уақытта 97 түзету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.Жалпы, өңірлер бойынша өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында тіркелді. Негізгі көрсеткіштердің төмен динамикасы Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қалыптасты.«Үкімет Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасында, жолдауларында және басқа да бағдарламалық құжаттарда белгіленген стратегиялық міндеттерді іске асыруды жалғастыруда. Сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту, біздің басымдықтарымыз болып қала береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов. primeminister.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/925925
Әлеуметтік инспекторлар 2024 жылы халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтарын қорғау мақсатында 2,6 мыңнан астам тексеру жүргізді. 01.02.2025
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары 2 695 тексеру жүргізді, оның 741-і профилактикалық бақылау шеңберінде, 751-і жоспардан тыс, 1 203-і прокуратураның талабы бойынша.Тексеру қорытындылары бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 1087 ұйғарым берілді, сондай-ақ жалпы сомасы 230,3 млн теңгеден астам айыппұл түрінде 973 әкімшілік жаза қолданылды.Мемлекеттік бақылаумен: әкімдіктер – 178, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары – 112, мемлекеттік мекемелер – 117, балабақшалар – 470, мектептер – 805, колледждер, лицейлер – 145, ауруханалар, емханалар – 89, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары – 101, оңалту орталықтары – 11, дүкендер – 22, сауда үйлері – 39, ДК – 50, мәдениет үйі – 12, мұрағаттар, мұражайлар – 13, банктер – 12, кафелер, мейрамханалар, қонақ үйлер – 33, нотариустар – 4, санаторийлер – 8, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері – 9, полиция пункттері – 8, стомалогия – 4, автобус паркі, авто/теміржол вокзалдары, әуежайлар – 9, кітапхана – 4, БЖСМ, спорт мектептері – 16 және басқалар қамтылды.Мәселен, Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестігінің өтініші негізінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділіктің болмауы фактісі бойынша мейрамханаға жоспардан тыс тексеру жүргізді.Тексеру қорытындысы бойынша субъект айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді.Бұл ретте қазақстандықтар мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеудегі оң өзгерістерді байқауда.«Қаламызда мүгедектігі бар азаматтар үшін қызметтерге қол жетімділік бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жақсы. Мысалы, Атырау қаласындағы Халық банкінің филиалында тактильді көрсеткіштер, мнемосұлбалар қойылып, кіреберіс есіктер кеңейтіліп, кедергілер алынып тасталған. Сонымен қатар, ғимаратқа еш кедергісіз кіріп, қызмет алуға болады, себебі мұнда өте ыңғайлы пандус орнатылған», – деп атап өтті екінші топ мүгедектігі бар Атырау қаласының тұрғыны Кенжебай Мұратов.Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеде ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енген кезден бастап, елімізде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының институты енгізілді. Олардың құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру кіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/925399
Инклюзия бойынша Бірінші Дүниежүзілік конгресс Қазақстанда өтеді 01.02.2025
Бұл жаңалық Лондондағы ең ірі білім беру іс-шараларының бірі - Бетт шоуы өткен жерде айтылды, деп хабарлайды ҚР Білім министрлігінің баспасөз қызметі. Дүниежүзілік конгресс бірегей жаһандық конгреске айналады. үкіметтерді, педагогтарды, технологиялық компанияларды, сарапшыларды және инклюзия саласындағы мамандарды біріктіретін платформа. Негізгі мақсат – соңғы жетістіктерді талқылау, озық тәжірибе алмасу және инклюзивті білім беруді ілгерілету. Конгресс бірқатар негізгі белгілермен ерекшеленеді:• Іс жүзінде жүзеге асыруға назар аудару;• Үшжақты тәсіл (педагогикалық) инновациялар, технологиялық жетістіктер, корпоративтік ынтымақтастық) ;• Жасанды интеллект пен соңғы технологияларды пайдалануға назар аудару. «Конгресс инклюзивті білім беру саласындағы алғашқы халықаралық бастама болмақ. Осы беделді халықаралық іс-шараны өткізу Қазақстанға өзінің әділетті және инклюзивті қоғам құруға деген ұмтылысын көрсетуге, сондай-ақ білім беру реформалары мен технологиялық инновациялардағы жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік береді. Халықаралық корпоративтік көшбасшылардың қатысуы стратегиялық мүмкіндіктерді ашып, жаһандық назарды және Қазақстанға әлеуетті инвестиция тартуға мүмкіндік береді», - деді Қазақстан Республикасы Білім министрлігі Инклюзивті және арнайы білім департаментінің директоры Лаура Бутабаева. Анықтамалық. : 2024 жылы елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 230 мыңнан асты. Еліміздегі мектептердің 90 пайызында инклюзивті білім алуға жағдай жасалып, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 80 пайызға жетті. Фото иллюстрация АИАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/925655
Президент: Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қажет 01.02.2025
«Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қажет. Бюджет қаржысын үнемдеп, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұған жол ашатын тәсілдерді енгізу жұмыстарын жалғастыру керек.Осы орайда мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржыландыратын пилоттық жобаны атап өткен жөн. Мемлекеттік тапсырыс белгілі бір білім беру мекемесіне байланбайтын болды. Соның нәтижесінде, ата-аналар балабақшаны өздері таңдауға мүмкіндік алды. Енді бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті.Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді. Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет» Akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/925905
Қасым-Жомарт Тоқаев: Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. 01.02.2025
Қасым-Жомарт Тоқаев:«Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі.Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс.Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет.Ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды. Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс.Соңғы жылдары мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арттырды. Әлі де арттыра береді. Бірақ бұл қаржы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет. Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек» Akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/925908
Олжас Бектенов: Үкіметтің басым бағыттары – сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту 01.02.2025
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысына 2024 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері жөнінде баяндады.Премьер-министр Президентке Қазақстан экономикасының өсу қарқыны туралы мәлімдеді. Өткен жылы аталған көрсеткіш 4,8%-ды құрады. Ауыл шаруашылығында – 13,7%, құрылыста – 13,1%, саудада – 9,1%, көлікте – 8,5% жоғары серпінге қол жеткізілді. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 5,9%-ға артты. Бұл ретте аграрлық сектор мен өңдеуші салада соңғы 10 жыл ішіндегі ең қарқынды өсім тіркелді.Сонымен қатар мұнай өндіру көлемі 2,4 млн тоннаға төмендеп, Жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынына кері әсерін тигізді. Бұл көбіне еліміздің ОПЕК+ шеңберіндегі міндеттемелеріне және ірі кен орындарындағы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты болды.Салалар бойынша экономиканың өсуінің статистикалық көрсеткіштерінің артында нақты нәтижелер жатыр. Мәселен, Қазақстанда 29 ірі зауыт салынды, олардың қатарында Қостанай облысында шойын құю; Алматы облысында вольфрам және жылу оқшаулағыш материалдар өндіретін, Шымкентте бағалы металдарды өңдеу; Қарағанды облысында катодты мыс, автокөлік шиналары мен тұрмыстық техника шығаратын және басқа да кәсіпорындар бар. Саран қаласында заманауи өндірістердің іске қосылуы оның моноқалалар санатынан шығуына мүмкіндік берді.Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 2024 жылы 26 млн тоннадан астам астық және 3 млн тоннадан астам майлы дақылдар жинады. 4 млн тонна астық экспортқа жөнелтілді. Егіншілер толық көлемде суармалы сумен қамтамасыз етілді. Бұл ретте Арал теңізіне 2 млрд 600 млн м3 су жіберілді, бұл өткен жылдардағы көрсеткіштерден едәуір жоғары. Жалпы ұзындығы 400 шақырымнан асатын 80 су арнасын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Су үнемдеу технологияларымен қамтылған егіс алқабы 1,5 есе артып, 470 мың гектарды құрады.Құрылыс саласында да нақты нәтижелер бар. Атап айтқанда, алғаш рет елімізде 19 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 397 денсаулық сақтау нысаны, 298 білім беру нысаны бой көтерді. 11 мың орынға арналған 40 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. 12 мың шақырым автомобиль жолдары және 2,8 мың шақырым теміржол жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында 3 жаңа терминал пайдалануға берілді. Жалпы, өткен жылы жүк тасымалдау көлемі 10%-ға өсіп, шамамен 1 млрд тоннаға жетті.Тұрғын үй-коммуналдық секторға ерекше көңіл бөлінді. Өткен жылы қосымша 300 мыңнан астам адам газбен қамтылып, 200 мыңнан астам адам орталық су жүйесіне қосылды. 542 шақырым жылу желілері мен 55 жылу көзі жаңғыртылып, 6,5 мың шақырым инженерлік желілер жөнделді. Жалпы қуаты 700 МВт-тан асатын қосымша электр қуатын өндіру көздері іске қосылды.Инвестициялық штабта жалпы құны $50 млрд болатын 115 жоба бойынша түткілді мәселелер тез арада шешімін тапты. Бюрократиялық мәселелерге қарамастан, еліміз үшін қажетті жобаларды дер кезінде бастауға мүмкіндік беретін шешімдер қабылдануда. Инвест штаб іскерлік ахуалды жақсарту үшін нақты кейстер негізінде заңнамалық өзгерістерді әзірлейді. Қазіргі уақытта 97 түзету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.Жалпы, өңірлер бойынша өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ең жоғары экономикалық өсім Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Астана және Шымкент қалаларында тіркелді. Негізгі көрсеткіштердің төмен динамикасы Ұлытау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында қалыптасты.«Үкімет Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасында, жолдауларында және басқа да бағдарламалық құжаттарда белгіленген стратегиялық міндеттерді іске асыруды жалғастыруда. Сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту, біздің басымдықтарымыз болып қала береді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.Дереккөз: ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтыОлжас Бектенов: Үкіметтің басым бағыттары – сапалы экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әл-ауқатын жақсарту - Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/925943
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ғылым және жоғары білім бағыттардағы салалық баспасөз хатшыларын «UniMediaX25» семинар-тренингіне шақырады 01.02.2025
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі 2025 жылғы 30-31 қаңтарда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп ғылым және жоғары білім бағыттардағы баспасөз хатшылары үшін «UniMediaX25» республикалық семинар-тренингін өткізу жоспарланып отырғанын хабарлайды.Іс-шара салалық баспасөз хатшыларын медиа және коммуникация саласындағы заманауи әдістер мен тәсілдерге оқытуға, тәжірибе алмасуға және олардың ғылым мен білім саласындағы біліктілігін арттыруға, БАҚ арқылы халықты сенімді және уақтылы хабардар етуді қамтамасыз етуге бағытталған.Спикерлер ретінде мемлекеттік органдардың өкілдері, жетекші медиа жаттықтырушылар, PR, стратегиялық және дағдарыстық коммуникациялар саласындағы мамандар сөз сөйлейді.Оқыту курсы келесі мекен-жай бойынша өтеді: Астана қ., Сәтбаев к-сі, 2, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Бас корпусы.Барлық сұрақтар бойынша +7 7172 740186 нөміріне хабарласуға болады. «UniMediaX25» ғылым және жоғары білім саласындағы баспасөз хатшыларына арналған салалық семинар-тренинг бағдарламасыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/925701
НҚА жобасын орналастыру туралы хабарлау 01.02.2025
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қоғамдық кеңес туралы үлгілік ережені бекіту туралы» бұйрық жобасын қоғамдық талқылауды бастау туралы хабарлайды.https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15414299 сілтеме бойынша аталған бұйрық жобасы қол жетімді.Сізден жобаны талқылауға қатысуыңызды сұраймыз. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/925766
Ташкентте Қамбар-Ата ГЭС-1 құрылысына қатысты мәселелер талқыланды 01.02.2025
Ташкент қаласында Қазақстан Республикасы, Қырғызстан Республикасы және Өзбекстан Республикасының су-энергетика ведомстволары басшыларының кездесуі өтті.Кездесуде «Қамбарата ГЭС-1 құрылысы» жобасын қаржыландыру және іске асыру тетіктерін тарту кезеңдері бойынша Жол картасының жобасы қарастырылды.Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов атап өткендей, қуаттылығы 1860 МВт болатын Нарын өзеніндегі гидроэлектростанция жобасы Орталық Азиядағы ең ірі жобалардың біріне айналады және Орталық Азия өңірі елдерінің тату көршілік қатынастарын одан әрі дамытуға ықпал етеді.Қазіргі уақытта Дүниежүзілік Банктің техникалық көмегі аясында техникалық-экономикалық негіздемені дайындау бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Бұл жерде Камбарата ГЭС-1 жобасының техникалық, экономикалық, қаржылық, экологиялық және әлеуметтік құрамдас бөліктерін бағалау, сондай-ақ, оны одан әрі іске асыру үшін қажетті басқа да негізгі іс-шаралар мен зерттеулерді орындау кіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/925830
АЗИАДА-2025: ҚЫСҚЫ АЗИАДА ТУРАЛЫ ҚЫЗЫҚТЫ ДЕРЕКТЕР 01.02.2025
Қазақстан спортшылары қысқы Азия ойындарына алтыншы мәрте қатыспақ. Отандастарымыз ең алғаш 1996 жылы Харбиндегі додада өнер көрсеткен.Бүгінге дейін жерлестеріміз қысқы Азиадада 196 медаль (78 алтын, 62 күміс және 56 қола) жеңіп алған. 2017 жылы Саппорода өткен ойындарда Қазақстан құрамасы 32 медаль олжалап, жалпыкомандалық есепте 4-орынға ие болған еді.Қазақстан құрамасынан Харбиндегі қысқы Азиадаға 138 спортшы (72 ер және 66 әйел) қатысады. Жерлестеріміз 6 спорт түрінен 10 дисциплинада өнер көрсетіп, 51 медаль жиынтығын сарапқа салады.Ойындарға Азияның 32 елінен 1000-нан астам спортшы қатысып, 64 медаль жиынтығы үшін сынға түседі.Ски-альпинизм спорты алғаш рет Азия ойындарының бағдарламасына енгізіліп отыр.Харбинге баратын делегацияның жартысынан астамы Астана, Алматы қалаларынан және Шығыс Қазақстан облысының спортшылары. Сондай-ақ тағы 10 өңірдің спортшылары өнер көрсетеді.Ту ұстаушылар – Әділ Бекетаев (шайбалы хоккей) пен Ольга Тихонова (шорт-трек).Қазіргі құрамнан бұған дейінгі қысқы Азия ойындарында чемпион атанған спортшылар:• Ольга Полторанина (биатлон, 2011 жылғы чемпион)• Евгений Рымарев (шайбалы хоккей, 2011 жылғы чемпион)• Роман Старченко (шайбалы хоккей, 2011 жылғы чемпион)• Дарья Климина (биатлон, 2017 жылғы чемпион)• Кирилл Савицкий (шайбалы хоккей, 2017 жылғы чемпион)• Дмитрий Гренц (шайбалы хоккей, 2017 жылғы чемпион)Ең жас спортшы – Асан Асылхан (фристайл-акробатика, 15 жаста).Ең егде спортшы – Денис Власов (ски-альпинизм, 41 жаста).Азия ойындарының салтанатты ашылуы (7 ақпан) және жабылу рәсімі (14 ақпан) Харбиндегі Harbin International Convention and Exhibition Centre Stadium спорт нысанында өтеді.Азиаданың бойтұмары – Cібір жолбарыстары Бинбин мен Нини. Ұраны: «Азиядағы қысқы арман мен махаббат».Қытайдың Харбині қысқы Азия ойындарын биыл екінші рет қабылдайды. Бұған дейін бұл қалада 1996 жылғы Азиада өткен болатын. Жалпы, Қытайда қысқы сары құрлық бәсекесі үшінші мәрте өткелі тұр.Азиаданың салтанатты бөлігі мен жарыстар 7 спорт нысанында өтеді. Атап айтқанда: Харбин хоккей аренасы; Халықаралық Харбин конгресс-көрме және спорт орталығы; Харбиндегі Пинфан ауданының хоккей аренасы; Харбин спорт университетінің мұзайдыны; Хэйлунцзян көпфункционалды залы; Хэйлунцзян оқу орталығының мұздағы жарыстарға арналған залы; Ябули тау-шаңғы курорты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/925793