Қуқық
Алматыда 80 шыршаның шамы жағылды: қалада мерекелік шаралар бастау алды 24.12.2024
Алматыда бір мезетте 80 жаңа жылдық шыршаның шамы жағылып, бұл мерекелік маусымның символдық басталуын көрсетті.Абай алаңында Алматының басты жаңа жылдық шыршаның шамын жағу рәсімі өтті. Оның биіктігі 25 метр. Биыл мегаполис шыршасы алғаш рет классикалық стильде жасалып, қаңқалы емес, табиғи діңді болды. Шыршаны безендіру үшін алты метр гирлянда, түрлі-түсті шарлар мен жаңа жылдық ойыншықтар қолданылған.Рәсімге ауа райы ертегідей ерекше атмосфера сыйлады: жаңа жылдық арудың айналасын сиқырлы қар қоршап тұрды, ал мамықтай аппақ қар ұлпалары мегаполистің басты шыршасын безендіріп тұрды.8 мыңнан астам алматылық пен мегаполис қонақтары қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен керемет шоуды тамашалады.«Мен жас орындаушыларды қолдап, құттықтау үшін келдім. Шырша өте әдемі, бәрі тамаша ұйымдастырылған. Концерт те керемет өтті, ал қарлы ауа райы нағыз жаңажылдық көңіл-күй сыйлады», – деді мегаполис тұрғыны Сергей Дмитриевич.Концерттік бағдарламаны «BS band» үрмелі оркестрі ашып, жаңажылдық әуендерден попурри орындады. Роза Рымбаеваның сахнаға шығуы ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Халық әртісі «Снег идет» және «Жұлдызды жаңа жыл» әндерін орындап, кешті жылулық пен жағымды эмоцияға толтырды.Бүгін алматылықтар мен қала қонақтарына жаңажылдық көңіл-күйді Назым Әбілдина, Мәди Рымбаев, Динара және Балжан Бидаш сыйлады. Әсіресе жастар «ALPHA» тобы, Dakelot, «ASTRA» тобы, Малика YES және Adil өнерін асыға күтті.«Мен Жаңа жылды қатты жақсы көремін. Мұндай шаралар бақыт сыйлайды. Мұндай керемет мерекені ұйымдастырған әкімдікке алғысым шексіз. Жауған қар да ерекше атмосфера сыйлап, бәрі өте ертегідей болды», – деді Алматы тұрғыны.Turar-дың «Жаңа жыл» әнімен қаладағы алғашқы жаңажылдық концерт аяқталып, көрермендерге мереке алдындағы керемет көңіл-күй сыйлады.Ертегідегідей атмосфераны күймедегі Күлбике, Зімбір адам, бұғылар және басқа да кейіпкерлер бейнеленген көркем безендіру элементтері, жарқыраған фотоаймақтар мен жарық инсталляциялары толықтырды.Айта кетейік, қаладағы барлық ауданда шырша жағу рәсімдері концерттер мен әртүрлі шаралармен бірге ұйымдастырылып, тұрғындар мен қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.Сондай-ақ бүгін Абай алаңында басты жаңа жылдық жәрмеңке ашылды. Ол 2025 жылдың 5 қаңтарына дейін жұмыс істеп, тұрғындар мен қонақтарға кәдесыйлар, қолөнер шеберлерінің бұйымдары мен мерекелік әшекейлер ұсынады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/907339
Алматыда Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейтойына арналған концерт өтті 24.12.2024
Республика Сарайында опера және кино өнерінің тірі аңызы, халық артисі әрі ұстаз Бибігүл Төлегенованың мерейтойына арналған концерт өтті. Биыл 95 жасқа толған әйгілі өнерпаз 75 жылын сахнаға арнап, Қазақстанның рухани өнерінің символына айналды.Салтанатты кештің бағдарламасын Александр Беляков басқарған эстрадалық-симфониялық оркестр ашты. Олар Шәмші Қалдаяқовтың мәңгілік туындыларына негізделген увертюраны орындады. Оркестрдің әуенін танымал виолончелист Бақытжан Октябрь жалғастырып, қазақтың халық әні «Япурайды» тамаша орындап шықты.Сондай-ақ, концертке «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының солистері, халықаралық байқаулардың лауреаттары – Дамир Садуақасов, Дана Таласпекова, Әлихан Зейнулла, Жандарбек Еркінбаев, Балуан Беркенов, Зарина Алтынбаева, Олег Татамиров, Расул Жармағамбетов және Таир Тәжі қатысты. Олар Моцарт, Жорж Бизе, Джоаккино Россини және Александр Зацепиннің опералық туындыларынан үзінділер орындады. Сахнада «Салтанат» ансамблінің «Шашу» биі мерекелік көңіл-күй сыйлады.Латиф Хамидидің атақты «Бұлбұл» романсы да орындалды. Бұл шығарма арқылы Бибігүл Ахметқызы «қазақтың бұлбұлы» атанып, тек Қазақстанда емес, әлемнің көптеген елінде танылған болатын. Бұл жолы романсты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова орындады.Концерттің соңында кештің басты кейіпкері – Бибігүл Ахметқызы сахнаға барлық қатысушымен бірге шықты. Ол Джузеппе Вердидің «Травиата» операсынан «Застольная» ариясын және көпшіліктің сүйікті әуеніне айналған «Көктем әнін» орындады.Айта кетейік, бұған дейін, 16 желтоқсан – аңызға айналған опера әншісінің туған күнінде, Алматы әкімі Ерболат Досаев Бибігүл Төлегенованы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан 95 жылдық мерейтойымен құттықтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/907352
ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Алматы қаласы үшін тұрақты көлік қаңқасын қалыптастыру 24.12.2024
Алматы қаласында биыл тұрғындар мен қонақтарға ыңғайлы әрі экологиялық көлік жүйесін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жыл бойы қалада көлік инфрақұрылымын жақсартуға, жолаушылар тасымалын экологияландыруға және жолдардың өткізу қабілетін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 25 шақырым жаңа жол салынды, Құлжа тас жолы 6 жолаққа дейін кеңейтілді, 255 көшедегі 250 шақырым жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, 770 газбен жүретін автобус және 115 электр автобусы сатып алынды. Құлжа трактісінің кеңейтілуі. Бұл жоба учаскенің өткізу қабілетін екі есе арттыруға мүмкіндік берді – тәулігіне 40 мыңнан 80 мыңға дейін. Сонымен қатар, жол жиектеріне тосқауыл қоршаулары, жарықтандыру орнатылды. Құлжа трактісінің кеңейтілуі қаладағы көлік қозғалысын жеңілдетуге, кептелістерді азайтуға және қала орталығы мен қала маңындағы аудандар арасындағы байланысты жақсартуға өз септігін тигізді. Жолайрықтарын жаңғырту. 2024 жылы Абай даңғылын ұзарту аумағы және Саин – Мөңке би жолайырығы бойынша қозғалыс ашылды. Сонымен қатар, Рысқұлов даңғылынан ұзындығы 3,2 шақырымдық жол айрығы бағытында салынып жатқан Сайна көшесін салу жұмыстары жалғасуда. Бұл Момышұлы көшесінен келетін көлік жүктемесін үштен бірге азайтуы керек. Әкімдік әр бағытта үш жолақты, жаяу жүргіншілер жолы мен велосипед жолдары бар жол салуды жоспарлап отыр.Келесі жылы 35 км жаңа жол салынып, 300 км жолға орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Сейфуллин – Жансүгіров жолайырығын іске қосу, 2 радиалды (және 2 магистральдық көшелерді ұзарту сапалы, тиімді көлік байланысын қамтамасыз етпек. Бұл жұмыстар сапалы жолдардың үлесін 2024 жылғы 92%-тен 2025 жылы 95%-ке дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Көшелердің орташа жөндеуі. Алматы қаласының көше-жол желісін жаңғырту аясында 2024 жылы, 255 көшеде 250 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстары тек жолдардың сапасын жақсартып қана қоймай, көлік құралдарының қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін арттырды. Қоғамдық көлікті экологияға қауіпсіз ету. Атмосфералық ауаның сапасын жақсарту – әкімдік жұмысының күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі болып қала береді. Бүгінгі таңда ауаны ластаушы заттардың 60%-і автокөлікке тиесілі. Негізгі жұмыс қала тұрғындарын қоғамдық көлікке көшуге ынталандыруға, оның тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған. Осы шаралардың нәтижесінде 2024 жылы қоғамдық көліктегі жолаушылар саны 33%-ке артып, күніне олармен 1,6 млн жолаушыға дейін қатынайтын болды, бұл – рекордтық көрсеткіш.2024 жылы экологияландыру мақсатында 770 газ және 115 электр автобусы сатып алынды. Осының арқасында автобустардың эксплутациялық мерзімі 6 жылдан 2,5 жылға дейін қысқарды. Осыған қоса, 112 жаңа троллейбус сатып алынып, троллейбус паркі 100%-ға жаңартылды. Келесі жылы 800 газбен жүретін автобус және 260 электр автобусы сатып алынбақ, бұл орташа пайдалану мерзімін 2 жылға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Қала маңы маршруттарын көбейту. Алматы агломерацияның орталығы ретінде тығыз көлік байланысын қамтамасыз етуге аса мүдделі. Биыл 20 жаңа қала маңындағы маршруттар ұйымдастырылды. 2025 жылы қоғамдық көлік үшін жаңа тарифтік мәзірді және «Bus/km» қағидатына көшумен субсидиялаудың жаңа қағидаларын енгізу жоспарлануда. Бұл өзгерістер қала мен оның маңындағы аудандар арасындағы байланысты нығайтып, көлік шығындарын азайтуға ықпал етпек. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/907399
Алматының Әуезов ауданында 41 жыл бұрын пайдалануға берілген құбыр ауыстырылды 24.12.2024
Алматыда Саин – Төле би – Өтеген батыр – Райымбек көшелерінің ауқымындағы аула іші аумағы бойынша төселген құбыр ауыстырылды. Биыл жаңғыртылған учаскенің ұзындығы 901 метрді құрайды.Ауыстырылған құбыр 1983 жылы пайдалануға берілген еді, ол 17 көппәтерлі тұрғын үйді, 2 жеке тұрғын үйді, 1 балабақшаны және басқа да 4 нысанды жылу және ыстық сумен қамтамасыз етіп отыр.Жалпы, биыл қалада Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен ұзындығы 20 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылды. Жаңғырту жұмыстары жыл сайын жылытуаралық кезеңде жүргізіледі, биыл олар Алматы қаласының 6 ауданында атқарылды.Естеріңізге сала кетейік, қозғалысты шектеуге қатысты барлық ақпарат Almaty.kz сайтында, @AlmatyJoly Telegram-арнасында, аудан әкімдіктері мен басқармаларының әлеуметтік желілерінде, сондай-ақ «2GIS» және «Яндекс карталары» сервистерінде орналастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/907923
Алматылық Арбат Карнаби көшесінің стилінде безендірілді 24.12.2024
Алматының Арбаты Жаңа жылдық мерекеге орай Лондонның әйгілі Карнаби көшесінен шабыт алған жарқын арт-нысанға айналды. Тұрғындардың сүйікті жаяу жүргіншілер көшесі мыңдаған гирлянд шамы мен жарық қондырғылармен көмкеріліп, жайлы әрі сиқырлы атмосфераны қалыптастырды.«Жаңа жылыңызбен», «Бақытты бол», «Жұлдызың жансын» деген жарқыраған жазулар тілектер ерекше назар аудартады. Бұл жүрекжарды лебіздер мұнда келген әрбір адамға арналғандай, мейірім мен көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Қаланың тұрғындары мен қонақтары ерекше безендіруді жоғары бағалады.«Балалармен бірге біз де өте қуаныштымыз! Қаншама әдемі сурет түсіріп үлгердік. Өзім де бала сияқты осы әшекейлерге қуанамын. Шынымды айтсам, қала әрқайсымызды құшақ жая қарсы алуға дайындалып жатқандай көрінеді. Мұнда керемет әдемі әрі бәрі жарқырап тұр», - деді алматылық Алуа Жомарт.Жібек жолы көшесінде де жарықтандырылған аққала мүсіндері, жарқыраған жұлдыздар және сәулелі бұғылар орнатылған. Олар балалар мен ересектердің жүздеріне қуаныш пен күлкі сыйлайды. Мерекелік безендіруді сәндік аюлар мен басқа да элементтер толықтырып, Арбаттағы серуенді ерекше жайлы етеді. Ең әсерлі қондырғының бірі – «2025» сандары бар алып жарқыраған шар.Арбаттың орталық шыршасы түрлі-түсті шарлармен, жарқыраған шамдармен және жұлдыздармен безендірілген. Оның етегінде орналасқан алып сыйлық қораптары кеңістікке ертегідей ерекше атмосфера береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/907925
Алматыда «Добрая крышечка» экоакциясына қатысушылар марапатталды 24.12.2024
Еске салсақ, «Таза Қазақстан» жалпы республикалық бағдарламасы аясында Алматыда пластикалық қақпақтарды жинау жөніндегі экологиялық акцияның 2 айға жуық уақытқа созылған бірінші маусымы сәтті аяқталды. Экология мәселелеріне назар аударуға бағытталған бастама 200-ге жуық мектеп пен балабақша оқушыларын біріктірді.- Акцияға көптеген оқушылар мен ата-аналар қатысқанына қуаныштымыз. Бұл балалардың қоршаған ортаға ұқыпты қарайтындығының белгісі. Қызықты әңгімелер болды - маған ата - аналар қоңырау шалды, олар үйде балалар сусынның қақпағын алып жатыр деп айтты, - дейді Eco Network стартапының негізін қалаушы Евгений Мұхамеджанов күлімсіреп, - ата-аналардың балаларының арқасында экологияға қызығушылық танытуы да қуантады. Біз әкімдіктің осындай жобаны іске қосқанына қуаныштымыз және ол өте сәтті болды.Білескен күш-жігердің нәтижесінде қатысушылар 1,26 миллионнан астам пластикалық қақпақтарды жинады.Акцияның көшбасшылары қаланың үш ауданы болды:Жетісу ауданы - 570 кг (жалпы көлемнің 22,7%);Алмалы ауданы - 484 кг (19,3%);Әуезов ауданы - 328 кг (13,0%).Қала бойынша барлық қатысушылардың ішінен топ-3 жеңімпаз анықталды:1 орын - №6 мектеп;2 орын - №144 мектеп;3 орын - №132 балабақша.Әуезов ауданының №6 мектеп-гимназиясының жеңімпаздары 2 ай ішінде 120 келі қақпақ жинап, барлық 200 қатысушыны басып озды.- Біз акцияға бірінші жыл қатысып отырған жоқпыз, бұл туралы білім бөлімінен білдік. Біздің балалар бұл акцияға өте белсенді қатысты-тіпті сыныптар арасында да олар бір-бірімен жарысты. Біз олардың қақпақтарды қай жерде болса да үлкен қызығушылықпен жинағанын көрдік, -дейді №6 мектеп-гимназия директорының тәрбие работе жөніндегі орынбасары Роза Досанова. - Акцияға ата-аналар да қатысты. Осындай іс-шаралар арқылы балалар қоқыстың қандай екендігі, оны қалай қайта пайдалануға болатындығы және оны не үшін сұрыптайтынымыз туралы білім алады. Бұл науқан өте жақсы! Барлық ұйымдастырушыларға көп рахмет! Біздің мектеп алдағы уақытта осындай акцияларға қатысатын болады, - деді ол.Барық үш жеңімпазға сыйлық ретінде вело-ұсақтағыштар беріледі, соның арқасында олар қақпақтарды ұсақтап, шикізатты өңдеу және әртүрлі заттарды жасау үшін эко-хабқа жібере алады.Сонымен қатар, эко-хабтағы жеңімпаздар үшін экология бойынша дәрістер ұйымдастырылады, сондай-ақ олар өз қолдарымен қайта өңделген пластиктен шырша ойыншықтарын жасай алады.Іс-шара барысында бірегей бұйымдары бар эко-жәрмеңке және қалдықтарды қайта өңдеу бойынша мастер-класстар, экологиялық тәжірибелер бойынша оқыту сессиялары өтті.Ұйымдастырушылар 2025 жылы пластикалық қақпақтарды жинау акциясы Алматының экологиялық мәдениетін қалыптастыру жөніндегі жалпы науқанның тұрақты бөлігіне айналатынын атап өтті. Мұндай бастамалар қаланы көркейтіп қана қоймай, қайта өңдеудің маңыздылығын еске түсіріп, қоршаған ортаны сақтау жауапкершілігін де оятады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/907926
Алматыда жаңа жылдық шыршалар жәрмеңкесі ұйымдастырылды 24.12.2024
Жаңа жыл жақындаған сайын Алматыдағы Панфилов көшесі қылқан жапырақтың иісі мен мерекелік көңіл-күйге толы нағыз қысқы базарға айналды. Жәрмеңке әркім үйіне жаңа жылдық шырша таңдай алатын алматылықтардың сүйікті орнына айналды.Жәрмеңкеде сатып алушыларға биік шыршадан бастап шағын ыдыстағы ағаштарға дейін түрлі тауар ұсынылған.– Мен жыл сайын базардан шырша сатып аламын, бірақ биыл дәл осы жерден сатып алуды шештім, өйткені бағасы бірдей. Балалармен келіп шырша таңдап жатырмыз, пірәндіктерден дәм татып, жарқыраған қондырғылардың жанында суретке түстік. Мұндағы атмосфера керемет, шаршағаныңды ұмытасың, суық та сезілмейді. Жаңа жылдың жақындап қалғаны анық сезіледі, – деді Ерлан Қасымов.Жәрмеңкеде классикалық қылқан жапырақ ағаштарымен қатар қармен көмкерілгендей сәнделген дизайнерлік шыршаларды да сатып алуға болады. Мұндағы ассортименттің молдығын қала тұрғындары ерекше атап өтуде.– Біз құрбымызбен жай ғана көріп қайтуға келген едік, бірақ қызығып, шырша, ойыншықтар мен гирляндалар сатып алдық. Енді бірге жиналып, шыршаны безендіріп, какао ішеміз. Мұнда сондай әдемі, жылы әрі жайлы, кеткің келмейді. Бұл жәрмеңке қаланың ең керемет орындарының біріне айналғанына сенімдімін, – деді студент Алина Әбілдаева.Жәрмеңкенің безендірілуі ерекше әсер қалдырады: гирляндалар, жарқыраған шамдар, фотоаймақтар – мұның бәрі ғажайып мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Әсіресе, қар басқан шаналар, жарқыраған аққалалар мен бұғының мүсіндері балаларды қуантады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/908187
Алматы метросы Жаңа жылға орай безендірілді 24.12.2024
Жаңа жыл қарсаңында Алматы метрополитені ерекше кейіпке енді: бекеттер мен вагондар мерекелік жарықтармен көмкеріліп, әсем декорациялармен безендірілді. Тұрғындар бұл жаңа жылдық көңіл-күй сыйлайтынын айтады.Әр бекетте шырша орнатылып, тақырыптық ойыншықтармен безендірілген. Кейбір вагонда жолаушылар естелік суретке түсе алатын мерекелік бұрыштар бар.«Біз метродағы әрбір сапар жолаушыларымыз үшін сәл де болса мерекелік болғанын қалаймыз. Бекеттер мен вагондардағы әшекейлер адамдарға ертегі сезімін сыйлап, оларды мерекелік көңіл-күйге бөлеу үшін жасалған», – деді метрополитеннің баспасөз қызметі.Қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік безендіруді жоғары бағалады. Көптеген жолаушы әлеуметтік желілерге фотосуреттер жүктеп, мұндай атмосфера үшін ризашылық білдіріп жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/908189
ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Алматының тұрғын үй саласын реновациялау 24.12.2024
2024 жылғы 29 қарашада Алматы қаласының мәслихаты 2030 жылға дейін тұрғын үйді реновациялаудың жаңа бағдарламасын бекітті. Бүгінгі таңда Алматыда 1366 ескі тұрғын үй тіркелген. Осы үйлердің жартысын, яғни 683 үйді, 2030 жылға дейін жаңарту көзделген. Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі – кварталдық салу принципінің енгізілуі. Бұл тәсіл ескірген тұрғын үйлерді жүйелі түрде жаңарту арқылы қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін күшейтуге және тұрғын үй қорының сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Бағдарлама аясында ескі үйлердің иелеріне екі негізгі балама ұсынылады.«Бөлмеге бөлме» қағидасы бойынша айырбастауға немесе нарықтық құны бойынша өтемақы алуға мүмкіндік алады. Сейсмикалық қауіпсіздікті арттыру үшін тектоникалық бұзылыстарда орналасқан қаңқалы үйлер мен ғимараттарды бұзуға ерекше назар аударылады.Ғимараттарды көшіру және бұзу барлық меншік иелерінің келісімімен ғана жүзеге асырылады.Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін кедергісіз кіруді қамтамасыз ететін лифттермен және пандустармен жабдықталған бірінші қабаттарға немесе үйлерге көшу қарастырылған.Бағдарлама аясында құрылыс барысында сейсмикалық қауіпсіздікке ерекше назар аударылады, бұл жер сілкінісі қаупі бар аймақ үшін маңызды қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/908306
Ақтөбеде Президенттік шырша өтті 24.12.2024
Ақтөбеде «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты балалар шыршасы өтті. Дәстүрлі Президенттік шыршаға 180 жас ақтөбелік шақырылды.Бұл – көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ оқуда және спортта жетістіктерге жеткен балалар.Мереке жарқын түстерге толы театрландырылған қойылымнан басталды, онда балалар ертегілер мен мультфильмдердің сүйікті кейіпкерлерімен, Аяз Ата мен Ақшақармен кездесті. Сиқырлы атмосфера мен жаңажылдық декорациялар қатысушыларға ұмытылмас сәттер сыйлады.Облыс әкімі Асхат Шахаров балаларды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.«Құрметті балалар! Менің сендерге артар үмітім зор және ертеңгі күні облысымыз бен мемлекетіміздің атын шығаратын, елге танытатын азаматтар боласыңдар деп сенемін.Білім мен еңбек сендерді биік белестерге бастайды. Болашақта ата-ана, ұстаз еңбегін ақтап, халық мақтанышына айналатын саналы ұрпақ, зерделі де зерек, білімді де білікті болыңдар, үлкенді сыйлаңдар, Отанымызды мақтан тұтыңдар, сонда біздің еліміз үлкен жетістіктерге жетеді.Атаның ғана емес, адамның баласы, елдің баласы болыңдар. Әрқашан биік белестерді бағындыра беріңдер», - деп өңір басшысы тілегін жеткізді.Мерекелік шараны ұйымдастырушылар түрлі байқаулар, әуезді әндер және билерімен ойын-сауық бағдарламасын әзірледі. Балалар ойындарға белсенді қатысып, мереке туралы өз әсерлерімен қуана бөлісті. Әр балаға сыйлықтар табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/908413
ҚР Туризм және спорт министрлігі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті 24.12.2024
ҚР Туризм және спорт министрлігі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында IX қысқы Азия ойындарына дайындық және Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының қорытындысы туралы айтылды.Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин 2025 жылғы 7-14 ақпан күндері Қытайдың Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарына дайындық барысы туралы мәлімет берді. Харбинде Қазақстан құрамасының спортшылары 64 медаль жиынтығы сарапқа салынатын 11 спорт түрінен сынға түседі. Сары құрлық додасында отандық 139 спортшы өнер көрсетеді.Биылғы Азиада бағдарламасына шаңғы-альпинизм спорты енгізілген. Қазақстандық спортшылар бұл спорт түрінен жақсы нәтиже көрсетуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, 2017 жылы Саппорода (Жапония) өткен ең соңғы қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары жалпы саны 32 медаль жеңіп алған болатын.Отырыста Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының қорытындысына ерекше назар аударылды. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Кәріпбаев атқарылған жұмыстардың қорытындысын баяндап, туризм жылы аясында бизнес-форумдар, туристік көрмелер, этноауылдар, фестивальдар мен автошерулер сияқты 35-ке жуық іс-шара өткізілгенін атап өтті.Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының негізгі жетістіктері ретінде екіжақты ынтымақтастықты нығайту және Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілету болғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ ынтымақтастық туралы 25 меморандумға қол қойылды. Бұл туристік салада жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға негіз болмақ. Одан бөлек, Weibo және WeChat сияқты Қытайдың танымал әлеуметтік желілерінде Қазақстанның танымалдылығын арттыру бағытталған ауқымды онлайн-науқан өткізіліп, 13,5 миллионнан астам пайдаланушы қамтылды.Сонымен қатар «Жібек жолы» бағыты және Peking-Paris Motor Challenge автораллиі сияқты автошерулер мен халықаралық мото-турнирлер өткізілді. Бұл бастамалар Қазақстанның көлік және мәдени әлеуетін көрсетіп, халықаралық аренадағы орнын нығайтты. Аталған іс-шаралардың нәтижесінде Қытайдан келген туристер саны бір жылда 500 мыңнан асса, Қазақстан Қытай саяхатшылары үшін танымал бағыттар арасында 29-орынға көтерілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/908568
«Таза Қазақстан»: студенттер волонтерлік және экология мәселелерін талқылады 24.12.2024
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде волонтерлік және экология тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараны Ualikhanov University мен Ақмола облысының «Мейірім» волонтерлер клубы ұйымдастырды.Кездесу барысында қатысушылар экологиялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті, маңызды әлеуметтік бастамаларды талқылады және жастардың еліміздегі экологиялық жағдайды жақсартуға белсенді түрде қалай үлес қоса алатыны туралы айтты.Сондай-ақ іс-шарада университеттің көптеген студентін қамтитын «Мейірім» еріктілер клубы Ақмола облысы «Жастар ресурстық орталығы» «Еріктілерді қолдау орталығының» фронт-офисі ұйымдастырған «Жыл волонтері-2024» байқауының жеңімпаздары ретінде танылғаны ерекше атап өтілді.Дөңгелек үстел қоршаған ортаны сақтау және қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру үшін күш біріктірудің маңыздылығы талқыланған, пікір алмасуға шабыт беретін алаңға айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/908557
Қарулы күштердің әскери қызметшілері аты аңызға айналған қолбасшыны еске алды 24.12.2024
Қарулы күштердің әскери қызметшілері аты аңызға айналған қолбасшыны еске алдыБүгін барлық жерде Кеңес Одағының Батыры, аты аңызға айналған Панфилов дивизиясының батальон командирі Бауыржан Момышұлының 114 жылдығына арналған шаралар өтті. Астанада Қорғаныс министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, Ақмола гарнизоны қолбасшылығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдерінің, әскери қызметшілердің, Қарулы күштер ардагерлерінің және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы тәрбиеленушілерінің қатысуымен Бауыржан Момышұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. – Біз үшін Бауыржан Момышұлы – Ұлттық рухтың, ар-намыстың және Отанға жанқиярлықпен қызмет еткен батырдың үлгісі. Қазақ халқының даңқты ұлының қолбасшылық қасиеттері Ұлы Отан соғысы жылдарында анық көрінді. Батыр сұрапыл соғыс жылдары туралы бастан кешкендерін кітаптары мен естеліктерінде баяндады. Оның мұрасы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде өте маңызды, – деп атап өтті Халық қаһарманы, отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев. Жиында Бас штаб бастығы – Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Қуанышбек Үштаев пен Qazaqstan Аrdagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл сөз сөйледі.Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі Тараз қаласының Жеңіс саябағында да өтті, онда әскери қызметшілер, Қарулы күштердің ардагерлері мен ауған жауынгерлері жиналды. Салтанатты шараны басқарған Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектебінің түлегі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ыбыраев өзі үшін бұл іс-шараның ерекше маңызы бар екенін атап өтті. Салтанатты шара Тараз гарнизонының Бауыржан Момышұлы атындағы 5-ші механикаландырылған бригадасында да өтті. – Біздің бригада ұлы қолбасшының есімімен аталады, біз қашанда батырды мақтан тұтамыз, – деді 5-ші механикаландырылған бригада командирі полковник Жәнібек Құранбеков. – Биыл біз Қазақстан Қарулы күштерінің жауынгерлік сайысында бірінші орын иелендік. Бұл жеңісті батылдықтың, табандылық пен Отанға деген адалдықтың үлгісі – Бауыржан Момышұлына арнадық. Бауыржан Момышұлы даңқты қолбасшы ғана емес, жазушы да болды, оның әскери ғылымның дамуына және болашақ офицерлердің көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыруға қосқан үлесі баға жетпес.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/908614
IL-TOV зауыттың қуаттылығын 10000 - 12000 тоннаға дейін кеңейтеді 24.12.2024
IL-TOV компаниясы тауық кеуде сүбесінен жартылай фабрикаттар өндіретін зауыттың қуатын кеңейту жобасын іске асыруда. Зауыт Қазақстан мен Орталық Азиядағы осы саладағы алғашқы кәсіпорын болмақ.Қазіргі уақытта оның өндірістік қуаты жылына 3 346 тоннаны құрайды. 2026-2027 жылдары IL-TOV екі жаңа желіні қосуды жоспарлап отыр, бұл жалпы қуаттылықты 10000 - 12000 тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Инвестиция сомасы шамамен 4 млрд теңгені құрайды.Компания өндірісте заманауи және жоғары технологиялық жабдықтарды, өнімнің сапасына кепілдік беретін еуропалық технологиялар мен стандарттарды пайдаланады.Дайындау технологиясы пайдалануға дайын өнімдердің 90% -ын қарқынды өнеркәсіптік пісіруді, кейіннен тез салқындатуды қамтиды, бұл жарамдылық мерзімін сапаға нұқсан келтірмей 90 тәулікке дейін ұлғайтады. Бұл ретте консерванттар пайдаланылмайды, ал еуропалық стандарттарды сақтау өндірістен орауға дейінгі барлық кезеңдерде жоғары сапаға кепілдік береді.Компанияның жаһандық мақсаты - халықты жоғары сапалы тамақпен қамтамасыз ететін тамақ өнімдерін қайта өңдейтін өнеркәсіптік кәсіпорындар салу. Зауыт көкөніс қоймаларын, тоңазытқыш және мұздатқыш камераларды, ет комбинаттарын, балық комбинаттарын, көкөніс қоймаларын, ас үйлерді, салат және ұн өнімдерін өндіретін цехтарды, сондай-ақ көлік-экспедициялық кешендерді қамтитын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/908159
Жыл қорытындысы: «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» РМК-ның жетістіктері мен перспективалары 24.12.2024
2024 жыл республикалық мемлекеттік кәсіпорын «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» үшін ерекше жыл болды. Қазақстанның жер ресурстарын басқару саласындағы негізгі орынға айналған кәсіпорын бір жыл бұрын құрылған болатын.Осы уақыт ішінде 6 млн гектар аумақта электронды топырақ карталарын жасау арқылы топырақ зерттеу жұмыстары, 7 млн гектар аумақта электронды геоботаникалық карталарды жасау арқылы геоботаникалық зерттеулер, 8 млн гектар жерге мониторинг жүргізілді, 4 млн гектар аумақта топырақтың бонитеті анықталды.Бұл деректер жерлерді ұтымды пайдалану бойынша ұсыныстар дайындаудың негізі болды. Ауыл шаруашылығы өндірушілеріне топырақ құнарлылығын арттыру, эрозияның алдын алу, оңтайлы ауыл шаруашылығы дақылдарын таңдау, сондай-ақ тыңайтқыштар енгізу бойынша ұсыныстар берілді.2025 жылы «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» РМК өз жұмыс ауқымын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, топырақ зерттеулері 6,65 млн гектар аумақта, геоботаникалық зерттеулер 7,5 млн гектар аумақта жүргізіледі. Топырақтың бонитеті 5 млн гектар аумақта анықталып, 10 млн гектар жер мониторингпен қамтылады. 53,5 млн гектар аумаққа жер деградациясының электронды карталары жасалады.Ағымдағы жылы «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» РМК бірқатар халықаралық жобаларға белсенді қатысты.Атап айтқанда, БҰҰ-ның Шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі конвенциясы аясында Орталық Азиядағы жер ресурстарының аймақтық шолуын дайындау бойынша жұмыстар жалғасуда.Бакуде өткен COP29 аясында көміртекті егіншілік мәселелері бойынша сайд-ивент ұйымдастырылып, кәсіпорынның қызметі таныстырылды.Маңызды оқиғалардың бірі – Эр-Риядта өткен COP16-ға қатысу болды, онда «Жерлерге зерттеп-қарау жұмыстарын жүргізу мемлекеттік институты» РМК климат өзгерісі жағдайында жер ресурстарын тұрақты басқару бойынша Қазақстанның жетістіктерін таныстырды.Save Soil қозғалысы аясында Conscious Planet ұйымымен топырақ денсаулығын сақтау бойынша бірлескен жұмыс туралы меморандумға қол қойылды.UFU тәуелсіз экологиялық институтымен (Германия) келісім жасалды.Қазақстандағы БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен бірлесіп бірнеше жоба жүзеге асырылуда.Барлық негізгі бағыттар бойынша жұмыс әрі қарай жалғасын табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/908365
Қазақстан Арменияға ет экспорттай бастады 24.12.2024
Алғашқы 20 тонна мұздатылған шошқа еті Ереванға экспортталды. Экспорттаушы – Солтүстік Қазақстандық EMC Agro компаниясы.Бұл кәсіпорын үшін шетелдік кәсіпкерлермен алғашқы ынтымақтастық тәжірибесі болды, себебі бұған дейін өнімдері тек Қазақстанда сатылып келген.«Біз сондай-ақ шошқа етін Грузияға экспорттау туралы келіссөздер жүргіздік. Жақын күндері бұл елге де алғашқы 20 тонна ет жіберіледі.Мұны Қазақстан үшін үлкен жетістік деп айтуға болады, өйткені біз үшін бұл нарық енді ғана ашылуда. Армения мен Грузия бізден ай сайын 400 тонна ет сатып алуға дайын екенін білдірді.Айта кету керек, біздің кәсіпорын ай сайын ел ішінде 700-800 тонна шошқа етін сатады. Сондықтан, егер біз осы екі бағытпен ұзақ мерзімді ынтымақтастық орнатсақ, өніміміздің 50%-ы шетелге жіберіледі», - дейді компания өкілдері.Жалпы, EMC Agro әлемдегі ең ірі шошқа еті тұтынушысы болып табылатын Қытаймен ынтымақтастықты қарастыруда. Биылғы жазда Қытай ет қауымдастығының өкілдері EMC Agro өнеркәсіп кешеніне барып, өндірісті тексергеннен кейін, жылына 20 мың тонна шошқа етін импорттауға қызығушылық танытты.Осыған байланысты компания ҚХР-дың Бас Кеден Басқармасының ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер тізіліміне ену жұмыстарын жүргізуде.EMC Agro – Қазақстандағы ет өңдеу кәсіпорындарының көшбасшысы. Компания жоғары сапалы, экологиялық таза өнім өндіруге және оны түпкілікті тұтынушыларға жеткізуге бағытталған. Ет комбинатының өндірістік қуаты жылына 20 000 тонна ет және тәулігіне 30 тонна дайын өнім шығаруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/908403
«DALA DAUYSY» республикалық конкурсының жеңімпаздары анықталды 24.12.2024
Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында «DALA DAUYSY» республикалық конкурсының жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау рәсімі және гала-концерт өтті.Конкурс мақсаты – ұлттық мәдениетті сақтау және дамыту, қоғамдағы рухани құндылықтарды нығайту, сондай-ақ өскелең ұрпақты адамгершілік пен патриоттыққа тәрбиелеу бағытында дәстүрлі, классикалық, эстрада және театр өнері жанрында жаңа туындылардың авторларын қолдау.Конкурста 5 номинация бойынша 15 сыйлық тағайындалды: «Үздік фольклорлық музыка», «Үздік классикалық музыка», «Үздік драматургиялық туынды», «Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы», эстрада жанрындағы «Республика әні» және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2 арнайы жүлдесі.Биыл конкурсқа қатысу үшін 1 сәуір мен 1 қараша күндері аралығында 154 өтінім келіп түсті.Конкурсқа соңғы екі жылда жазылып, көпшілік алдында жарияланбаған қазақстандық композиторлар мен жазушылардың шығармалары қабылданды.«Үздік фольклорлық музыка» номинациясына авторлық вокалдық-аспаптық шығарма «Бебеу дүние» әні үшін Каликберген Абилжанов, аспаптық авторлық туынды «Ақкөркем» күйі үшін Әділбек Тәшімов, аспаптық шығарма «Сағыныш» күйі үшін Эльмира Жаңаберген, халық аспаптар оркестріне арналған «Бабалар толғауы» күйі үшін Айтқали Жайымов лайық деп танылды.«Үздік классикалық музыка» номинациясымен ансамбльдерге арналған «Ішекті квартет» шығармасы үшін Қуат Шілдебаев, флейта және симфониялық оркестріне арналған «Шабыт» туындысы үшін Әділжан Толықпаев марапатталды.«Үздік музыкалық-театрлық жанр туындысы» номинациясы бойынша «Ақбөбек» операсы үшін композитор Арман Жайым, либретто авторы Айтқали Жайымов, «Ер Төстік» балеті үшін композитор Бейбіт Дәлденбай, либретто авторы Дүйсенбек Накипов, «Мұқағали» мюзиклі үшін композитор Әліби Әбдінұров, либретто авторы Сейфолла Оспанов марапатталды.Эстрада жанрындағы «Республика әні» номинациясымен «Ел үміті» әні үшін композитор Иса Ауғантай, мәтін авторы – Саят Рахымжан марапатталды.«Үздік драматургиялық туынды» номинациясын драмалық театрларға арналған тарихи пьеса «Шемен» шығармасы үшін Нартай Сауданбекұлы, балалар мен жасөспірімдер аудиториясына арналған «Қондыгер» пьесасы үшін Азамат Әбілқайыр алды.Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2 арнайы жүлдесінің иегерлері: Азамат Бақия «Рухты ел» күйі, Анаргул Наурызхан «Отан ана» патриоттық әні. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/908618
С. Жақыпова азаматтарды қабылдады 24.12.2024
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Азаматтарды қабылдау орталығында жеке қабылдау өткізіп, еліміздің әр өңірінен келген 3 адамның мәселелерін қарады.Қабылдауға келген азаматтар министрге бизнесті дамыту үшін гранттар алу, жұмысқа орналасу, мүгедектігі бар азаматтарға арналған техникалық құралдар мен оңалту қызметтерінің тізімін кеңейту мәселелері жөнінде сұрақтарын қойды.Светлана Жақыпова азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдап, олардың сауалдарына егжей-тегжейлі жауап берді. Қарауға қосымша уақытты талап ететін мәселелерді өзінің жеке бақылауына алып, ҚР ЕХӘҚМ тиісті департаменттеріне қолданыстағы заңнамаға сәйкес өз құзыреті шеңберінде оларды шешуге көмек көрсетуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/908491
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2024 жылдың қорытындысы бойынша жетістіктері 24.12.2024
Елімізде 90-ға жуық педагогке 3,6 млн теңгеден мемлекеттік сыйақы төленді Мемлекет басшысының бастамасымен педагогтерді қолдау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының біріне айналды. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша білім саласындағы жетістіктері үшін 89 педагогке мемлекеттік сыйақы тағайындалып, әрқайсысына 1000 АЕК көлемінде (3 692 000 теңге) жалпы сомасы 328 588 000 теңге біржолғы сыйақы төленді. Оның ішінде «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегерлері - Алматы қаласындағы №4 арнайы мектеп-интернатының математика пәні мұғалімі Гүлжанар Нұрпейісова және Батыс Қазақстан облысы Орал қаласындағы Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Эльмира Траисова бар. Ең жоғары дәрежелi мемлекеттік награданың бірден екі педагогке берілуі – тарихи оқиға және педагогтер қауымына көрсетілген үлкен құрметтің белгісі. Нұрпейісова Гүлжанар Молдакерімқызы математика пәнінен 40 жылдан аса дәріс беріп келеді. Оның сабақ берудегі әдіс-тәсілін, көру қабілеті бұзылған балаларға бейімдеп жазған оқулықтарын, шәкірттерінің 100 пайыз білім көрсеткішіне қол жеткізіп жүргендігін айтпағанда, бар педагогикалық ғұмырын арнайы білім беруді қажет ететін балаларға арнауға бел шешкендігі де шәкірт жүрегіне жол тапқан нағыз шынайы ұстаз екенін байқатады. Ал филологиялық білім берудегі жетістіктері мен жас мұғалімдерді ұстаздыққа баулыған тәлімгерлігі көпке үлгі-өнеге боларлық Орал қаласындағы №34 мектеп-гимназиясының мұғалімі Траисова Эльмара Асқарқызы - еліміздің батыс өңіріндегі алғашқы жұлдызды ұстаз.Сонымен қатар қайта қалпына келтірілген «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын биылғы жылы Мемлекет басшысының қолынан 23 педагог алды. Дәстүрлі республикалық «Үздік педагог» байқауының қорытындысы бойынша 64 педагог жеңімпаз болды.Бұл шаралар педагогтердің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, олардың маңдай тер адал еңбегін әділетті бағалау бағытында «Педагог мәртебесі туралы» Заңы аясында жүзеге асырылуда. Айта кету керек, соңғы жылдары мұғалімдердің, сондай-ақ балабақша тәрбиешілерінің, колледждерге кәсіпорындардан тартылатын мамандардың еңбекақылары айтарлықтай өсті. Мұғалімдерге академиялық дәрежесіне сәйкес үстемақы төлеу жолға қойылды. Одан басқа халықаралық олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған мұғалімдерге де қаржылай сыйақы төлеу дәстүрлі үрдіске айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/908594
АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛДАРЫНДА ЕКІ ЖАҢА МЕДИЦИНАЛЫҚ ПУНКТ САЛЫНДЫ 24.12.2024
Ақтөбе облысы Алға ауданының Қарабұлақ және Тоқмансай ауылдарында екі жаңа медициналық пункт салынып, пайдалануға берілді.Қарабұлақ ауылының 340 тұрғыны үшін жаңа медициналық мекемеде қабылдау бөлімшесі, емшара, егу, сүзгі және терапия кабинеті жұмыс істейтін болады.Тоқмансай ауылында 300-ден астам адам тұрады, олар заманауи жабдықталған медициналық пунктте медициналық көмек ала алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/908430