Қуқық
Маңғыстау облысында «Кендірлі» курортты қаласы салынады 24.12.2024
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Маңғыстауға шет мемлекеттер мен ел аймақтарынан 215 мың турист келді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Туризм саласында көрсетілген қызметтер көлемі де 40% өсіп, 6,6 млрд.теңгені құрады. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай баяндады.Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысында «Жылы жағажай» ауданында орналасқан инвестициялық жобаларды іске асыруды тапсырған болатын. Осы тапсырма шеңберінде 2027 жылға дейін өңірде инвестициялық құны 100 млрд.теңге болатын 11 жобаны жүзеге асыруды жоспарланды. Биыл 8,5 млрд.теңгеге 3 жоба іске қосылды.«Президент тапсырмасына сәйкес, «Кендерлі» курорттық аймағының бас жоспары әзірленді. Бұл аймақта жылына 300 мың адамға дейін қабылдай алатын туристік қала салынады. Инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталды. Жоба іске асқан кезде Жаңаөзен қаласының тұрғындарын жұмыспен қамтып, негізгі жүктеменің төмендеуіне әсер етеді»,- деді Нұрдәулет Қилыбай.Сондай-ақ, келер жылы Маңғыстау өңіріндегі «Жыланды» мүйісі туристік орын ретінде абаттандырылып, Бекет Ата жолының бойынан саяхаттаушылар үшін визит-орталығы салынады.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906423
Маңғыстау облысының автобус паркі 97%-ға жаңартылады 24.12.2024
Ақтау қаласына 91 дана жолаушы автобусы сатып алынып, қала автобусының паркі 100%-ға жаңартылды. Бұл туралы ОКҚ өткен баспасөз конференциясында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.Былтыр Маңғыстауда лизингтік қаржыландыру арқылы метан отынымен жүретін барлығы 120 автобус сатып алынды. Оның 70 данасы Ақтау қалаішілік маршруттарға, қалған 50 данасы ауданаралық қоғамдық көлік маршруттарына берілді.Биыл да өңірде қалыптасқан механизм арқылы 120 автобус сатып алу жоспарланды. Бүгінде оның 70 данасы облысқа жеткізілді, қалған 50 данасы келер жылдың ақпан айында келеді деп күтілуде.Қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары «Каспий» ӘКК» АҚ-мен бірлесіп, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ отандық автоөндірушілерді қолдау шеңберінде автобус паркін жаңарту бойынша лизингтік қаржыландыру бағдарламасына сәйкес жүргізілуде.Осы жұмыстардың нәтижесінде жыл соңына дейін Маңғыстау облысының автобус паркі 97%-ға жаңартылады.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906426
Маңғыстауда 30 жыл үзілістен кейін кәсіби балық аулау шаруашылығы қайта жандануда 24.12.2024
Биыл Маңғыстау облысында балықпен айналысатын 3 кәсіпорын 45,5 тонна бекіре тұқымдас және жайын балықтарын өсірді. Ал, 2025 жылы өңірде 286 тонна балық өсіру жоспарлануда. Бұл туралы ОКҚ өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтып берді.Биыл Түпқараған ауданында бекіре балығы мен уылдырық өндіретін ферма салу үшін 56 гектар жер учаскесі берілді. Ферма құрылысы 2025 жылдың басында басталады деп күтілуде. Жоба іске қосылғаннан кейін 30 тұрақты жұмыс орны ашылады. Маселен Швейцарияның әйгілі балық фермасы бассейнде бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру және ас уылдырығын өндіру жобасын іске асырады. Жоба құны құны 4,2 млрд теңге. Ал, Қарақия ауданында шаян тәрізділер мен балық өсіру жобасы іске асырылады.Жалпы 2025-2027 жылдары құны 12 млрд.теңге болатын 8 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Оның ішінде ең ірісі – «Organic fish» серіктестігінің тор қоршамада бекіре тұқымдас балық түрлерін өсіру жобасы. Жобаның қуаты жылына 5 мың тонна, инвестициялық құны 7,4 млрд теңге.Аталған жобалар іске қосылған жағдайда «Қазақстанда жасалған» деген отандық бренд қалыптасып, ел нарығын жергілікті өніммен қамту жоспарланып отыр.Маңғыстауда 30 жыл үзілістен кейін кәсіби балық аулау шаруашылығын дамыту қолға алынды. Кеңес дәуірі кезінде қарқынды дамып, кейін тоқтап қалған бұл шаруашылықты қайта жаңғырту үшін бірқатар инвесторлар тартылды. Бүгінгі күні Каспийден балық аулайтын замануи кемелер сатып алынды. Келер жылы тағы төрт кеме алу жоспарланып отыр. Осылайша 2025 жылы теңізден 20 мың тоннаға дейін балық аулау көзделуде.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906431
Маңғыстау облысында жаңартылған энергия көздері қарқынды дамып келеді 24.12.2024
Маңғыстау облысында қуаты тәулігіне 50 МВт жел электр станциясы және жасыл сутегі өндірісіне бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.Облыс әкімінің айтуынша, Қарақия ауданына қарасты Мұнайшы ауылында салынатын «Сарқылмас Қуат» жел электр станциясы 2025 жылы іске қосылады деп жоспарланып отыр. Құны 13,474 миллиард теңгені құрайтын жоба 45,5 гектар аумақты алып жатыр. Әрқайсысы 6,25 МВт қуат беретін 8 жел генераторынан тұрады.Құрылыс барысында 120 адам жұмыс істесе, пайдалану кезеңінде 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.Бұдан бөлек Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Жаңаөзен қаласына жаңартылған энергия көздері гибридті электр стансасын салу көзделіп отыр.Жоба бойынша қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасы (75 000 дана), қуаттылығы 77 МВт жел электр стансасы (11 дана), қуаттылығы 120 МВт газ поршенді электр стансасы электр энергиясын өндіреді. Құрылыс мерзімі 2024-2026 ж.ж.Сондай-ақ, облыста «жасыл» сутегін өндіру жобасы жүзеге асырылмақ. «Немістің Svevind компаниясы жүзеге асыратын жасыл сутегі өндіру жобасы аясында су тұшыту зауыты, 40 гигаватттық жаңартылатын энергия көздері (жел, күн) станциялары және қуаты 20 ГВт болатын суды электролиздеу қондырғысы салынып, жылына 2 миллион тонна «жасыл» сутегі немесе 11 миллион тонна «жасыл» аммиак өндіруге мүмкіндік береді.Жобаға 50 миллиард еуро инвестиция құйылып, құрылыс кезінде 3500 жұмыс орны ашылады, ал жобаны пайдалану барысында 1800 тұрақты жұмыс орны пайда болады. Жоба 2030 жылы толық іске қосылады», - деді Нұрдәулет Қилыбай.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906432
Биыл маңғыстаулық кәсіпкерлер 1 трлн.теңгенің өнімін шығарды 24.12.2024
2024 жылдың 11 айында шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 76,8 мыңды құрап, олармен 1 трлн.теңгенің өнімі шығарылды. Жалпы бұл саланың өңір экономикасындағы үлесі жыл санап өсіп келеді. Бұл туралы ОКҚ өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай мәлімдеді.Маңғыстау облысында шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны - 147,4 мың адам, бұл өңірдегі экономикалық белсенді халықтың - 42,2% құрайды.Биыл кәсіпкерлікті қолдаудың бірыңғай кешенді бағдарламасы шеңберінде 17,5 млрд.теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 1231 жобаға қолдау көрсетіліп, 411 жұмыс орны сақталды. Сондай-ақ, 373 жаңа жұмыс орыны ашылуда.Сонымен қатар, аталған бағдарламамен әлеуметтік кәсіпкерлердің 20 жобасына 100 млн.теңге көлемінде мемлекеттік грант берілді.«Біздің мақсатымыз – бизнеске қолайлы орта қалыптастыру, оларға ынталандыру шараларын ұсына отырып тиісті жағдай жасау. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтетін боламыз»,- деді спикер.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906436
Ақтауда 50 жыл жөндеу көрмеген жылу құбырлары жаңартылды 24.12.2024
Ақтау қаласының тұрғындарын сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында 2024-2026 жылдары 44 шақырым магистралдық жылу құбырын жаңғырту жоспарланған. Биыл жобаның 1-ші кезеңі бойынша тозығы жеткен 11,5 ш/қ жылу құбыры толық ауыстырылды. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 12 млрд.теңге бөлінді. Бұл туралы ОКҚ өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтты.Сондай-ақ, тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы шұғыл шаралар кешені қабылданды. Жергілікті бюджет есебінен қуаты65 МВт құрайтын 9 блокты модульді жылу қазандығы орнатылды. Сонымен қатар Ақтауда тұрғын үйлерге 479 автоматтандырылған жылу басқару торабы орнатылды.Аталған жылу басқару тораптары жылу энергиясын тиімді қолдануға жол береді.Бүгінгі таңда қаланың жылу жүйелеріне жылу беру штаттық режимде жүзеге асырылып отыр. Жылумен қамтамасыз ету жайы аймақ басшылығының қатаң бақылауында. Ақтау қаласының жылу желілерін жаңарту бойынша облыс әкімдігімен тиісті іс-шаралар атқарылуда.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906442
Биыл Маңғыстауда 18 мектеп пайдалануға берілді 24.12.2024
Биыл Маңғыстау облысында «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры» арқылы 4 800 орындық 4 мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 6 510 орындық 14 жекеменшік мектеп ашылды. Бұл туралы ОКҚ өткен баспасөз конференциясында облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтып берді.Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында берген тапсырмасына сай, Ақтау қаласында балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін көтеру үшін 1500 орындық «Оқушылар сарайы» қолданысқа берілді. Бүгінде заман талабына сай салынған орталықта 3500-ден астам бала тегін қосымша біліммен қамтамасыз етілуде.Сондай-ақ, демеушілердің есебінен колледж студенттеріне арналған 500 орындық жатақхана ашылды. Осылайша Ақтау қаласында орналасқан колледждерде жатақхана мәселесі толықтай шешілді.«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында биыл 13 мектептің құрылысы басталды.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906446
2025 жылы Ақтау қаласы Түркі әлемінің мәдени астанасы болады 24.12.2024
Ақтау қаласы - Түркі әлемінің 2025 жылғы мәдени астанасы ретінде белгіленді. Бір жыл бойы Ақтау қаласы төрткүл дүниенің ерекше назарында болады. Бұл туралы ОКҚ өткен баспасөз конференциясында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай баяндады.Өңірде түркітілдес ұлттар арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты, түркілік мәдениет пен өнерді ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, оны әлемге таныту мақсатында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.Мәселен, Ақтауда классикалық және халық музыкасының концерттері, фото-картина көрмелері, театр труппаларының, музыкалық және би ұжымдарының, сондай-ақ түркі әлемінің басқа да өнер өкілдерінің фестивальдері жоспарлануда.Мәдени жыл наурыз айында TURKSOY ұйымына қатысушы елдердің мәдениет министрлері кеңесінің отырысымен және түркі елдері жұлдыздарының гала-концертімен ашылады.«Түркі әлемінің мәдени астанасы болу Маңғыстау өңірі үшін ұлттық салт-дәстүр мен төл өнерімізді әлемге танытып қана қоймай, аймақтың туристік әлеуетінің артуына, өңір халқының әл-ауқатының жақсаруына оң әсерін тигізеді»,- деді аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/906449
Энергетика министрі энергетика саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады 24.12.2024
Энергетика министрлігінде энергетика саласының кәсіби мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Оған энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қатысты. Іс-шара барысында саланың жұмыс нәтижелері қорытындыланып, энергетика секторын дамытуға елеулі үлес қосқан үздік мамандар марапатталды.Өз сөзінде министр тәуелсіздік жылдарында электр энергетикасы саласында жүзеге асырылған ірі жобаларды атап өтті. Бұл жобалар электр энергиясын өндіру көлемін айтарлықтай ұлғайтуға мүмкіндік берді – 83 миллиард киловатт-сағаттан 112 миллиард киловатт-сағатқа дейін.«2024 жылғы 8 шілдеде Мемлекет басшысы «Жылу энергетикасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл құжат жылу энергиясын өндіру, тасымалдау, сату және тұтыну процестерінде туындайтын қоғамдық қатынастарды алғаш рет дербес заң ретінде реттейді. Заң жылумен жабдықтау жүйелерінің сапалы жұмыс істеуі мен дамуына негіз болмақ», – деп атап өтті министр.Министр 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілген Электр энергиясын бірыңғай сатып алушының рөліне ерекше назар аударды. Бұл жаңашылдық электр энергиясын өндіру мен тұтыну тепе-теңдігін айтарлықтай жақсартуға, сондай-ақ тапшылық кезеңдерінде импортталатын энергияға тарифтердің төмендеуіне ықпал етті.Салтанатты шара барысында министр саладағы еңбегі мен кәсібилігі үшін үздік мамандарға марапаттар табыстады.«Сіздердің еңбектеріңіздің ел үшін маңызы зор, және сіздердің арқаларыңызда Қазақстан энергетикасы дамып, ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етуде. Біз сіздердің жетістіктеріңізбен мақтанамыз және энергетика саласының дамуына қосқан баға жетпес үлестеріңіз үшін алғысымызды білдіреміз», – деді министр.Шара соңында министр сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, оларға денсаулық, амандық және Қазақстанның энергетика секторын одан әрі дамыту жолында табыстар тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/906901
Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының тұрғындарымен кездесті 24.12.2024
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының тұрғындарымен кездесті.Алдымен Ербол Қарашөкеев халықты облыста атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша экономикалық өсім 4,1 пайызды құрады.814,7 млрд. теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. 239,3 млрд. теңгенің құрылыс жұмыстары атқарылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға артты.Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасып отырғанын атап өтті.Көне шаһарға тартылған инвестиция көлемі 5,3 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 2,8 пайызға артқан. Баспана кезегінде тұрған азаматтарға 317,4 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.Биыл Тараз қаласындағы М-1 жылу магистралінің 4,1 шақырымы қайта жаңғыртудан өтті. 2025 жылы М-3 жылу желілері мен жылу магистралін жаңарту жоспарлануда.Бұдан соң Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков халық алдында есеп берді.Негізгі баяндамалардан кейін тұрғындар көкейлерінде жүрген сауалдарын ортаға салды. Атап айтқанда, жарық, жол, байланыс, ауыз су мәселесін көтерді, сондай-ақ әлеуметтік нысандардың құрылысын жүргізу, бағдаршам орнату, жаяу жүргіншілер жолағын салу бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді.- Тараз қаласында тұрғын үйге, жылуға, көше жарығы мен жолына қатысты көкейкесті мәселелер бар. Дегенмен аталған түйткілдердің түйінін бірден тарқату мүмкін емес. Оған уақыт пен қаржы керек. Бүгінде нақты жоспарға сәйкес мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді, – деді облыс әкімі.Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының әкімдігіне халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше назар аударып, тұрғындардың, оның ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған шараларды жандандыруды тапсырды.Сонымен бірге құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етуді, қала аумағын абаттандыру, санитарлық тазалық шараларын тұрақты бақылауға алуды, азық-түлік, жанар-жағармай, сұйытылған газ тапшылығын болдырмау мақсатында кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс жүргізуді жүктеді. Ең бастысы, халықпен тұрақты кері байланыс орнатып, олардың мәселелеріне дер кезінде жауап беруді міндеттеді.Кездесуден кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.Айта кетейік, Жамбыл облысында бүгінге дейін барлық деңгейдегі әкімдер 758 кездесу өткізіп, халықтың 2 745 мәселесіне құлақ түрді. Оның 2 053-і шешімін тапты, 452 түйткілге түсінік берілілсе, 240 сауал бақылауға алынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/906910
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ШАҒЫН АВИАЦИЯНЫ ДАМЫТУ ЖОЛДАРЫ ҚАРАЛДЫ 24.12.2024
Түркістан облысында көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келеді. Соның ішінде шағын авиацияны дамыту мәселесі де назарға алынған. Бұл өңірге барыс-келісті жақсартып, туризмді дамытуда маңызды рөл атқарады. Осы бастама аясында шағын авиация талаптарына сай жаңа әуе бағыттарын ашу және аэродромдар салу жобалары қарастырылуда. Аталған мәселе облыс әкімдігінде талқыланды.Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы саланы дамытып, тиісті ұсыныстар енгізуді тапсырды. Сонымен бірге Түркістандағы халықаралық әуежайдың әлеуетін көтеруді тапсырды.– Түркістанның халықаралық әуежайының мүмкіндігі өте жоғары. Соны тиімді пайдалану керек. Бұл – бірінші кезекте көлік инфрақұрылымын дамытады. Екіншіден, туризм саласы өркендейді. Ізденіңіздер, шетел тәжірибелерін зерделеңіздер. Шағын авиацияны дамыту бойынша да нақты ұсыныстар күтемін. Жұмысты ширатыңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.Мәжілісте Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев авиация саласын жүйелеу бағытындағы жұмыстар мен жоспарларды баяндады. Бүгінде бірнеше әуе компанияларының өкілдерімен, сондай-ақ шағын авиацияны дамытуға қызығушылық танытқан кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Ішкі рейстерді қалыптастыру және туризмді дамыту мақсатында Түркістан облысында ішкі рейстерін ашу көзделген. Сонымен бірге «Түркістан-Ташкент», «Түркістан-Самарқанд» бағыттарында халықаралық рейс ашу мәселесі де талқыланып жатыр. Қысқа қашықтықтарға жолаушылар тасымалдау үшін 19 орындық шағын ұшақтарын пайдалану жоспарлануда. Шағын авиацияның қызмет көрсету инфрақұрылымын дамыту мақсатында аймақта шағын аэродромдар салу қажет. Бұл жобалар әлі талқыланып, қаржыландыру көздері зерделеніп, тиісті келіссөздер жалғасады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/906559
ТҮРКІСТАНДА ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА ЖАҢА ЖЫЛ МЕРЕКЕСІ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ 24.12.2024
Түркістан қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға Жаңа жыл мерекесі ұйымдастырылды. Түркістан қаласы әкімдігінің Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қолға алған бұл бастама ерекше жандарға қуаныш сыйлап, тең қоғам құндылықтарын насихаттауды мақсат етті.Мерекелік кештің шымылдығын Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев жүрекжарды құттықтауымен ашты. Шараға арнайы қатысқан қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев да өзінің жылы лебізін білдірді.Кеш барысында ерекше жандар өз өнерлерін көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Мерекелік концерттің соңында қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталып, шара мейірім мен қуанышқа толы сәттермен аяқталды.Бұл мерекелік шара ерекше жандарға қуаныш сыйлап қана қоймай, қоғамның жылы қарым-қатынасы мен қамқорлығын тағы бір мәрте айшықтай түсті.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/906562
ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВ АТЫНДАҒЫ СПОРТ КЕШЕНІ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ 24.12.2024
Түркістанда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені пайдалануға берілді. Заман талабына сай ғимараттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, бапкерлер мен спортшылар және спорт ардагерлері қатысты. Өңір басшысы көпшілікті ғимараттың ашылуымен құттықтады.– Алдымен баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құтықтаймын! Бүгін Түркістан төрінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында спорт саласын дамыту міндетін жүктеді. Әсіресе, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажет екенін айтты. Осы бағытта Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жақсартуға көңіл бөлінуде. Өңірде 3500-ден астам спорт нысаны бар. Биыл 11 айда облыста 10 ірі спорт кешені пайдалануға берілді. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері шаһарда «Түркістан-Арена» стадионы, «Olympic Center» спорт кешені, «Теннис орталығы», «Мұз сарайы» ғимараттары пайдалануға беріліп, спортшыларымыз тыңғылықты жаттығу жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда ескек есу каналы мен халықаралық талапқа сай атшабардың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұның бәрі – спорт саласына жасалған қамқорлық әрі үлкен қолдау. Ал бүгін қазақ халқының даңқты перзенті, Түркістаннан шыққан Олимпиада чемпионы Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені ел игілігіне берілуде. Түркістан өңірінде чемпионның атын ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгін ашылғалы тұрған спорт кешенін де ел перзентіне лайықты құрмет деп білеміз. Біз спортты дамыту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз, – деді Дархан Сатыбалды.Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова игі іске мұрындық болған азаматтарға алғысын айтып, аймақта «чемпионның ізбасарлары көбейе берсін» деген тілегін жеткізді.«Самұрық-Қазына» АҚ корпоративтік басқару, әлеуметтік-еңбек қатынастары және еңбекті қорғау жөніндегі басқарушы директоры Ғибрат Ауғанов та көпшілікті құттықтап, жаңа ғимарат чемпиондарды даярлауға үлесін қосатынын атап өтті.Бұл нысанның құрылысына Түркістан облысы әкімдігі тарапынан 2,7 млрд теңге бағытталды. «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы атынан «Samruk-Kazyna Trust» қайырымдылық қорынан технологиялық құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, ішкі әрлеуге, инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 500 млн теңге бөлінді. Ғимараттың ауданы – 7248 шаршы метр, жалпы жер ауданы – 1,8 гектар.Бұл спорт кешенінде бокс, қазақ күресі, грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі, таеквондо, каратэ, үстел теннисі және ойын спорт түрлерін дамытуға мүмкіндік бар. 300-ден астам жанкүйер сыятын көрермен залы, жаттығу залдарымен қамтылған. Республикалық және халықаралық жарыстарды өткізуге болады.Айта кетейік, Түркістан облысында спорт қарқынды дамып келеді. Өңірде 29 олимпиадалық, 34 ұлттық және олимпиадалық емес спорт түрлері дамып жатыр. Биыл Түркістан облысының спортшылары әлем чемпионаттарынан 106 медаль, Азия чемпионаттарынан 214 медаль жеңіп алды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 16 алтын, 10 күміс, 5 қола медаль олжалады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/906581
ТҮРКІСТАНДА «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА 2 МЫҢ ОРЫНДЫҚ ТАҒЫ БІР МЕКТЕП АШЫЛДЫ 24.12.2024
Түркістанда «Жайлы мектеп» жобасы аясында тағы бір мектеп ашылды. 2 мың оқушыға арналған білім ұясы «Жаңа қала» ықшамауданында бой көтерді. Мұнда балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен білім саласының ардагерлері қатысты.– Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Сіздердің мектептеріңіз жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл – даму мен оқу үшін тамаша жағдайлар жасалған орын. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! – деді Дархан Сатыбалды.Аталған білім ордасы қаладағы 2 мектептегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының «Жаңа қала» аумағында салынған 4 қабатты білім ордасындағы физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін мектепте спорт залдары, шеберлік залдары, зертханалар мен демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда оқиды. Балалардың жас ерекшелігіне орай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спорт залдарымен және жеке шкафтармен қамтылған.Айта кетейік, елімізде «Жайлы мектептердің» басым бөлігі Түркістан облысында салынуда. Қазір өңірде 29 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның үшеуі ашылып үлгерді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/906868
ТҮРКІСТАНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ 24.12.2024
Бүгін Түркістан қаласы, Отырар мөлтек ауданында азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде ет, сүт, ауыл шаруашылығы өнімдері тиімді әрі арзан бағада ұсынылып, халық күнделікті тұтынатын әлеуметтік маңызы бар 19-дан астам тауар түрі нарықтағы бағадан 40-50 пайызға төмен бағада саудаланды.Мәселен, нан бөлкесінің бағасы - 70 теңге болса, жұмыртқа данасы - 40 теңге, тұз - 45 теңге, ал пияз - 77 теңгеден сатылды. Картоп пен сәбіз - 100 теңге, І сұрыпты бидай құны – 190 теңге, күнбағыс майы - 520 теңгеден бағаланды. Тұрғындар қолжетімді өнімдер үшін ризашылығын білдірді.Баға тұрақтылығын сақтау бағытындағы жәрмеңкелер «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бастамасымен тұрақты түрде өткізіліп келеді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/906875
Өңір басшысы белгілі қаламгерлерді қабылдады 24.12.2024
Бүгін Ақтөбеде өңір баспасөзінің қара шаңырағы «Ақтөбе» қоғамдық-саяси газетінің 100 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Шара аясында «Жүз жыл жылнамасы» көрмесі, ғылыми-практикалық конференция, «Ақтөбе – 100 жыл» фотокөрмесі және салтанатты жиын ұйымдастырылады. Мерейтойға арнайылап еліміздің түкпір-түкпірінен құрметті қонақтар шақырылған. Оның ішінде Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан, Қазақстанның құрметті журналисі Мейрамбек Төлепбергенов, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Ақтөбе» газеті бас редакторының бұрынғы орынбасары Серікқали Байменше, Қазақстанның құрметті журналисі, Қазақстан Республикасы еңбек сіңірген қайраткері Қайнар Олжай, халықаралық «Түркістан» газетінің бас редакторы, «Ақтөбе» газетінің бұрынғы бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы бар. Өңір басшысы Асхат Шахаров шара алдында құрметті қонақтарды және «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншинді қабылдады. Өз сөзінде облыс әкімі талай тұлғалар басшылық жасап, қаламы қарымды қаламгерлер мен журналистер негізін салған дәстүрді абыроймен жалғастырған «Ақтөбе» газеті бүгінгінің талабына сай жаңғырып, ғасырлық туын жаңа жетістіктермен қарсы алып отырғандығына баса назар аударды.Басқосуда қатысушылар сөз алып,«Ақтөбе» газетінің кешегісі мен бүгінгісіне тоқталды, қазақ баспасөзі туралы ой қозғады. Кездесу соңында өңір басшысы әр мейманға жақында жарық көрген, 29 нұсқасы толықтай үш тілде енгізілген Қобыланды батыр жырының 7 томдық жинағын және «Ақтөбе» газетіне - 100 жыл» мерейтойлық медалін табыстап, алғысын білдірді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/906532
Жыл қорытындысы. Су және газбен қамту жұмыстары 24.12.2024
Өңірдің орнықты дамуының негізгі факторларының бірі – сумен жабдықтау.Биыл 2 мыңнан астам тұрғыны бар 7 ауылды сумен қамтылды.Бұдан өзге, ауылдарға одан әрі көгілдір отын тарту міндеті өзекті болып қала береді.Биыл 2 мыңға жуық халқы бар 5 ауылды газдандыруды аяқтап, қамтамасыз ету үлесі 95,7%-ға дейін жеткізілді.Сонымен қатар, 2023 жылы айтылғандай, өңірдегі магистральды газ құбырларының жүктеме мәселесі шешілді.Биылғы жылы «Бұхара-Орал» газ құбырының үшінші желісін салу жобасы аяқталу сатысында. Бұл алдағы 50 жылда облыс орталығындағы газ тапшылығын шешуге толық мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/906647
Облыс әкімі энергетика саласының мамандарына мемлекеттік наградалар табыстады 24.12.2024
Желтоқсан айының әрбір үшінші жексенбісінде Қазақстанда Энергетик күні аталып өтеді. Бұл - еңбегі қарапайым азаматтар мен жалпы ел өмірінде жылумен, жарықпен электр энергиясымен қамтамасыз ету сияқты маңызды міндетпен байланысты адамдардың кәсіби мерекесі.Өңір басшысы Ақтөбе облысындағы энергетика саласында еңбек етіп жүрген мамандарды кәсіби мерекесімен құттықтады.Әкім өз сөзінде энергетика саласының өңірдің дамуы мен халықтың өмір сапасын жақсартудағы маңызды рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала – тұрақтылықтың негізі, ал энергетиктердің қажырлы еңбегі экономиканың алға басуына және тұрмыстық жағдайдың жақсаруына тікелей әсер етеді.«Мемлекет басшысы энергетикалық кәсіпорындардағы жабдықтардың жұмысқа жарамдылығын қолдау үшін жаңа өндіруші қуаттарды жаңғырту, іске қосу және оған инвестициялар тартудың маңыздылығына бірнеше рет тоқталып, арнайы тапсырма бергенін де білеміз. Бүгін біз энергетика жүйесін реформалау қарсаңында тұрмыз. Энергетика – бұл тек мамандық қана емес, бұл нағыз күш-қуат пен жауапкершілікті талап ететін сала. Халықтың үйінде жылу мен жарықтың болуы - сіздердің еңбектеріңіз. Осы ретте әр маманға алғыс білдіремін,” – деді әкім.Салтанатты шара барысында облыс басшысы сала мамандарына елдің энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі үшін ҚР Президенті Жарлығымен бекітілген мемлекеттік наградаларды табыстады. ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені «Ақтөбе ЖЭО» АҚ от қалаушысы Нұртас Әбуовке және осы мекеменің ауысым бастығы Нұрболат Сарбасовқа, «Энергосистема» ЖШС қызмет бастығы Талғат Сисенбаев және компанияның аға шебері Сайлаубай Тажғаринге, «Аqtobe su-energy group» АҚ Магистралдық жылу желілері ауданының бастығы Мұса Ыбырайға берілді.«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Ақтөбеэнергоснаб» ЖШС Ақтөбе электр энергиясымен жабдықтау учаскесі бастығының орынбасары Людмила Кольцова наградталды.Айтып өтейік, облыста энергетика саласында 5 мыңнан астам маман қызмет атқаруда. Өңірдің тұтынатын қуаты орта есеппен 944 МВт құрайды, оның ішінде жергілікті энергия көздерінен 485МВт электр энергиясы өндіріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/906767
Балаларға қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру - басты міндет 24.12.2024
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Бородулиха ауданы Жаңа Шүлбі ауылындағы Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығында болды. Сапар барысында өңір басшысы мекеменің ағымдағы жағдайымен танысып, қызметкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Орталық тәрбиеленушілермен әңгімелесті.Мекемеде педагог-психолог кабинеттері, үйірме жұмысына арналғалған орындар, хореография, акт залы, медициналық пункт, жаттығу залы, сондай-ақ «Орман жиегі» деп аталатын жазғы сауықтыру алаңы жабдықталған. Тәрбиеленушілерді жан-жақты дамыту үшін орталықта 20-дан астам шығармашылық және спорттық бағыттағы үйірмелер мен секциялар ұйымдастырылған. Балалардың таланттарын ұштап қана қоймай, әлеуметтік бейімделуге көмектеседі. Орталық аумағында спорт және ойын алаңдары да бар.Аймақ басшысы ұжым мүшелерімен кездесіп, тәрбиеленушілердің білім алуы мен өмір сүру сапасын жақсарту бойынша пікір алмасты. Саннан сапаға ерекше көңіл бөлу керектігін айтқан әкім балалардың қызығушылықтарын ескеріп, болашақтарына қажетті дағдыларға баулитын үйірмелер ашуды тапсырды. Ал Білім басқармасы басшысына орталыққа әдістемелік көмек көрсету, ұжымдар арасында тәжірибе алмасуды жолға қоюды, аудан әкіміне балалардың қалаға саяхаттауына жағдай жасауды міндеттеді.«Біз барлығымыз бала тәрбиелеп отырмыз. Бұл орталықтағы балалар ерекше қамқорлықты қажет етеді. Олар қоғамда өздерін еркін сезіну үшін барлық жағдайды жасауымыз керек. Болашақ өмірге бүгіннен бастап даярлау біздің ортақ міндетіміз», - деді әкім.Облыс әкімі орталыққа жасаған сапарында бокс секциясына қажетті жабдықтарды сыйға тартса, биыл шаңғыға қажетті жиынтық табыс етті.Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау камералары орнатылды. Қазандық, кір жуатын орын, гараж, қоймалар жабдықталып, жарықтандыру жүргізілді. Орталықтың барлық аумағы қоршалды.Орталықта бүгінде 48 бала тәрбиеленуде. 26 педагог еңбек етеді. Мекеменің 75 балаға дейін қабылдауға мүмкіндігі бар. Мұнда арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға, оның ішінде физикалық және психикалық дамуында шамалы ауытқулары бар балаларға кешенді қолдау көрсетіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/906482
Зейнетақы жинақтарыңызды хабарландыру таратқыш делдалдарға сеніп тапсырмаңыз! 24.12.2024
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Зейнетақы жинақтарыңызды хабарландыру таратқыш делдалдарға сеніп тапсырмаңыз! Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде және онлайн-хабарландыру платформаларында азаматтардың кез келген санаты үшін ең төменгі жеткіліктілік шегінен (ТЖШ) асатын зейнетақы жинақтарын алу бойынша делдалдық қызметтерді төмен пайызбен көрсету туралы ұсыныстар таратылуда. "БЖЗҚ" АҚ өз салымшылары мен алушыларына ЕСКЕРТЕДІ: зейнетақы жинақтарын алу Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде қатаң белгіленген жағдайларда ғана мүмкін. Ең алдымен, бұл зейнет жасына толу, 1 немесе 2 топтағы мерзімсіз мүгедектік, шет елге тұрақты тұруға кету, мұрагерлік. Зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және/немесе емделуге заңнамамен белгіленген шарттар сақталған жағдайда, төмендегі азаматтардың санаты пайдалана алады:· ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар салымшылар (ТЖШ-дан асатын сома шегінде);· зейнетақысы жоғалған табыстың (бұрын алынған жалақысының) кемінде 40% құрайтын зейнеткерлер - олар шотта қалған жинақтарының 50% дейін пайдалана алады;· еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер (жинақтарының 100% дейін пайдалана алады);· зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан салымшылар (жинақтарының 100% дейін пайдалана алады). Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге немесе емделуге мақсатты пайдалану тек уәкілетті операторлар – екінші деңгейдегі банктер арқылы мүмкін болады. Тиісінше, делдалдық қызметтер қажет емес. Бұл ретте БЖЗҚ ешқандай ақы алмайды.Күмәнді әрекетке қатысуға келісе отырып, сіз ақшаңызды жоғалту қауіпін тудырып қана қоймай, болашақта басқа алаяқтық әрекеттер үшін пайдаланылуы мүмкін жеке деректеріңіздің сақталуына да қауіп төндіресіз.БЖЗҚ өз салымшылары мен алушыларына мұндай ұсыныстарды елемеуге, тек ресми көздерден ақпарат алуға және құқықтық тұрғыдан қорғалған салада ғана әрекет етуге қатаң кеңес береді.Барлық сауалдарыңызға жауап алып, ақпараттың дұрыстығын БЖЗҚ бөлімшелерінде де, қашықтықтан да:enpf.kz сайты, БЖЗҚ/ЕНПФ ұялы қосымшасы арқылы,байланыс орталығының 1418 нөміріне қоңырау шалу жолымен көп арналы тегін байланыс немесе +7 777 000 1418 нөмірі бойынша WhatsApp арқылы,БЖЗҚ-ның Одноклассники, Telegram, Facebook, Вконтакте, Х және Instagram сияқты танымал платформалардағы әлеуметтік желілердегі ресми парақшалары арқылы да тексере аласыз. БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында). Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/906549