Enbekshi QazaQ

Қуқық

Қорғаныс министрлігі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылардың цифрлық дерекқорын қалыптастыруда 09.05.2026
Қазақстанда «Батырларға тағзым» ұлттық порталын құру және 1938–1945 жылдары қызыл әскер қатарына шақырылған қазақстандықтардың мұрағат деректерін цифрландыру жөнінде ауқымды жоба жүзеге асырылып жатыр.Бастама Президенттің Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасы аясында қолға алынған.Ауқымды жұмыс ҚР Ұлттық қорғаныс университетінде жүргізілуде. Мұнда жоғары оқу орындары Қорғаныс министрлігінің Орталық мұрағатына тапсырған облыстық және аудандық әскери комиссариаттардың әскерге шақыру жөніндегі алфавиттік кітаптары өңделу үстінде.Осындай мақсатпен әскери оқу орындарын, министрліктің бейінді департаменттерін, Қарулы күштердің бөлімшелерін, Петропавл қаласындағы Ұлттық ұлан академиясын және азаматтық жоғары оқу орындарының 30 әскери кафедрасын біріктірген ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Құжаттарды фотолап тіркеу және оларды бірыңғай электрондық базаға енгізу жұмыстары іске асырылып жатыр.– Біздің алдымызда соғыс жылдары әскерге шақырылған 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық туралы деректерді цифрлық форматқа көшіру міндеті тұр. Көптеген отбасы үшін бұл – ата-бабаларының тағдырын білуге, олар туралы естелікті сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік. Бұл жұмысқа 20 мыңнан астам әскери кафедра студенттері, одан өзге әскери оқу орындарының курсанттары мен кадеттерінің жұмылуы жобаға қосымша білімдік әрі патриоттық мән беріп отыр, – деді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков.Алдағы уақытта цифрлық ресурс майдангерлердің ұрыс қимылдарына қатысқаны, марапаттары және өмірбаянын туралы өзге де деректерімен толықтырылады. Бұл ақпарат іздеуді жеңілдетіп қана қоймай, бұған дейін сол саланың мамандарына ғана қолжетімді болған бірегей мұрағаттық материалдарды ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1216547?lang=kk
Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері Корея Республикасында таныстырылды 09.05.2026
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов бастаған қазақстандық делегацияның сапары аясында Корея Республикасының астанасында «Корея бизнесі үшін Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, ұлттық компаниялардың, қаржы институттарының және бизнес қауымдастықтарының өкілдері қатысты. Талқылауларға энергетика, өнеркәсіп, инфрақұрылым, қаржы және технология салаларын ұсынатын шамамен 50 жетекші кореялық компания қатысты.Қазақстан Корея Республикасындағы Елшісі Әсет Исенәлі Қазақстан-Корея стратегиялық серіктестігінің үдемелі дамуын және Оңтүстік Корея бизнесінің Қазақстан экономикасына деген қызығушылығының артуда екенін атап өтті.ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетінің төрағасы Ғабидулла Оспанқұлов Орталық Азиядағы ең ірі экономика, маңызды көлік және логистикалық хаб және ұзақ мерзімді инвестициялық жобалар үшін сенімді платформа ретіндегі Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтарына тоқталды.Кореялық серіктестерге энергетика, машина жасау, агроөнеркәсіптік кешен, көлік инфрақұрылымы, логистика және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттары ұсынылды. Азия мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік бағыт ретінде маңыздылығы артып келе жатқан Транскаспий халықаралық көлік бағытын (орта дәліз) дамытуға ерекше назар аударылды.Қатысушылар Қазақстанның арнайы экономикалық және индустриялық аймақтары ұсынатын мүмкіндіктерге, инвесторларға арналған қазіргі үкіметтік қолдау шараларына және «бір терезе» қағидатына негізделген жобаларды қолдау тетіктеріне назар аударды. Сондай-ақ, Ақтөбе облысы әкімдігінің, «Бәйтерек» зерттеу холдингі» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ, «KEGOC» АҚ, «QazaqGaz» ҰК» АҚ, «Almaty Invest» және «Қорқыт Ата» АЭА басқару компаниясының өкілдері баяндамалар жасады. Баяндамаларда инфрақұрылымдық бастамалар, өндірісті оқшаулау жобалары және кореялық капиталмен жоғары технологиялық өндіріс жобаларын бірлесіп жүзеге асыру перспективалары талқыланды.Іс-шара барысында «Alatau City» жобасы бөлек ұсынылды. Қазақстандық тарап заманауи қалалық инфрақұрылымды дамыту үшін озық кореялық технологиялар мен инвестицияларды тарту мүмкіндіктерін және жаңа даму орталығының индустриялық-инновациялық әлеуетін атап өтті.Жобаның Қазақстан Республикасының қабылданған «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заңына сәйкес жүзеге асырылып жатқаны атап өтілді, ол бизнес жүргізу үшін ерекше жағдайларды, жеңілдетілген әкімшілік рәсімдерді және шетелдік инвесторлар үшін тұрақты және болжамды реттеуші ортаны қамтамасыз етеді. Талқылауларға «KIND», «Korea Eximbank», «Doosan Enerbility», «KNOC», «Shinhan Securities», «BNK Financial Group» және басқа да жетекші оңтүстік кореялық корпорациялар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.Дөңгелек үстел аясында қазіргі және әлеуетті инвесторлармен бірқатар екіжақты кездесулер өтті. Тараптар нақты жобаларды, өнеркәсіптік ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1216659?lang=kk
Парламент сайлау туралы заңға енгізілген түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады 09.05.2026
2026 жылғы 8 мамырдағы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы "Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.Түзетулер жобасын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды. Оның айтуынша, құжат сайлау науқаны барысында белгілі болған мәселелерді ескере отырып, сайлау заңнамасын жетілдіру үшін әзірленген.Түзетулер арқылы әкімдерді сайлау кезінде қайта дауыс беру мәселесін реттеу, кандидатты ұсыну тәртібін нақтылау, сондай-ақ бір адамның бірнеше сайлау науқанына бір мезгілде қатысуын болдырмау ұсынылған.Бұдан басқа, онлайн-кеңістікте сайлау алдында үгіт жүргізу, партиялық интернет-ресурстар мен әлеуметтік желіні пайдалану нормалары бар. Кандидаттардың сенімді тұлғаларына қойылатын талап, кандидаттарды қолдау үшін қол жинау тәртібі нақтыланған.Түзетулер бойынша вахталық жұмыс орындарында және арнайы уақытша оқшаулау мекемелерінде сайлау учаскесін құру мүмкіндігі қарастырылады.Серік Жұманғариннің айтуынша, ұсынылған нормаларды қабылдау сайлау процесінің ашықтығын арттыруға, қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге және рәсімдердің сақталуына мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1216734?lang=kk
Астанадағы әскери колледжде «Сарбазға прокурорлық кеңес» атты акция өтті 09.05.2026
Кеңес Одағының батыры, тұңғыш қорғаныс министрі, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжде «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын іске асыру аясында прокуратура органдары әскери ведомстволармен бірлесіп «Сарбазға прокурорлық кеңес» атты республикалық профилактикалық акция ұйымдастырылды. Оған Бас прокуратура мен Бас әскери прокуратура өкілдері, прокуратура органдарының ардагерлері, колледждің жеке құрамы мен кадеттер, жас сарбаздықтар қатысты.Бұл бастама әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, әскери ортада заң талаптары мен тәртіпті сақтауды нығайтуға бағытталған.Іс-шара армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Одан бөлек қонақтар колледж музейін аралап, оқу орнының тарихымен және көрнекті қолбасшының өмір жолымен танысты. Делегация спорт кешенін, оқу павильондарын, кітапхананы, психологиялық қызметті, жатақхананы және асхананы көріп, курсанттардың тұрмыс жағдайы мен оқу үдерісіне жасалған мүмкіндіктерге баға берді.Бағдарлама аясында кадеттермен және «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілерімен ашық форматта кездесу өтті. Сұхбат барысында әскери қызметтің маңызы, құқықтық сауаттылықты арттыру, әскери ортада заң талаптары мен тәртіпті сақтау мәселелері кеңінен талқыланды.Кездесу барысында әскери прокуратура органдарының ардагері әділет полковнигі Болат Тазабеков өз ойын ортаға салды.– Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – жас сарбаздарға заң талаптарын түсіндіру ғана емес, олардың бойында жауапкершілік пен тәртіпке деген берік көзқарас қалыптастыру. Әскери қызметте заңды сақтау – әрбір жауынгердің абыройлы міндеті, – деді өз сөзінде.Қонақтар сарбаздарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп, құқық бұзушылықтардың алдын алу және әскери тәртіпті нығайту жөнінде нақты ұсыныстарын жеткізді.– Осындай кездесулер біз үшін өте маңызды. Біз әскери дайындықты ғана емес, сонымен қатар өз құқықтарымыз бен міндеттерімізді тереңірек түсінеміз. Бұл болашақта саналы әрі жауапты әскери қызметші болуға ықпал етеді, – деді 3-ші оқу ротасының кадеті Әмзехан Сәтжан.Іс-шара соңында «Ұлан сазы» ансамблі мен Ұлттық әскери-патриоттық орталығы балалар студиясының бишілері өнер көрсетіп, қатысушыларға патриоттық рух сыйлады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1216803?lang=kk
Ардагерге құрмет, ерлікке тағзым 09.05.2026
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Жеңіс мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құттықтады. Майдангерлердің ұрпақ алдындағы ерлігі мен еңбегі қандай құрметке де лайықты.Бүгінде аймағымыздағы ардагерлердің барлығы ғасыр жасағандар.Жерлес жауынгерлер қатарында ақын, ұстаз, журналист Қасымхан Алдабергенов бар. Ол Украина майдандарында шайқасып, Венгрия, Австрия және Чехословакияны азат етуге қатысқан. Бейбіт күнде білім, мәдениет, руханият салаларының дамуына зор үлес қосты.Украина майданы құрамында жауынгерлік жолдан өткен Ділдәбек Нұрышев те – ортамыздағы мақтанышымыз. Ол Одер өзеніндегі ауыр шайқастарға қатысып, Польша жерін азат етуге атсалысқан. Соғыстан кейін аймақтың дамуына еңбек сіңіріп, өнегелі әулет қалыптастырды.Майдан даласында танк командирі болған Михаил Подоляков Курск шайқасы мен Украина жерін азат ету операцияларына қатысты. Елге оралып, ұзақ жылдар мемлекеттік қызметте еңбек етті, ардагерлер ұйымының жетекшілерінің бірі болды.Аймақ басшысы майдангерлерге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасыларына амандық тілеп, олардың табандылығы мен Отанға деген адалдығы кейінгі ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала беретінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1216932?lang=kk
Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы Астанадағы жалғыз соғыс ардагерін мерекемен құттықтады 09.05.2026
«Ардагерлерге тағзым» республикалық акциясы аясында Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының әскери қызметшілері Астанадағы жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевті Жеңіс күнімен құттықтады.Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев майдангерге Қорғаныс министрінің атынан алғыс хат, естелік сыйлық және соғыс жылдарындағы ауыр күндер мен майдандас достарын еске түсіретін далалық ас үлесін табыс етті.– Сіздің өмір жолыңыз бен теңдессіз ерлігіңіз біз үшін үлгі-өнеге. Сіз қазіргі Қазақстан армиясындағы әрбір сарбаз бен офицер үшін шынайы отансүйгіштіктің жарқын үлгісісіз, – деп атап өтті генерал-майор М. Көшекбаев.Соғыс ардагеріне Қорғаныс министрлігі арнайы парад ұйымдастырды. Орталық әскери оркестрдің салтанатты маршының сүйемелдеуімен құрмет қарауыл ротасының әскери қызметшілері мен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің кадеттері сап түзеп өтті. Ал Ұлттық әскери-патриоттық орталық Орталық ансамблінің әншілері майдангерге соғыс жылдарындағы танымал әндерді орындап берді.Құттықтауларды жылы қабылдаған ардагер көрсетілген құрмет пен ықылас үшін шынайы ризашылығын білдірді. Кездесу соңында Рзағұл Байкешев халық дәстүрімен әскери қызметшілерге батасын беріп, қызметтеріне табыс және тәуелсіз Қазақстанның өркендеуін тіледі.Рзағұл Байкешев 1923 жылғы 18 қазанда Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Соғысқа дейін совхозда қарапайым жұмысшы болып еңбек етті.1943 жылы әскер қатарына шақырылып, Кеңес армиясы құрамында Ржев түбіндегі шайқастарға және Великие Луки қаласы маңындағы шабуылдау операциясына қатысты. Майдан жолы оны Польша, Румыния және Венгрия арқылы алып өткен. Соғысты ефрейтор шенімен аяқтап, елге оралған.Рзағұл Байкешев I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Жуков медалімен және көптеген мерейтойлық наградалармен марапатталған.Соғыстан кейін Ақмола облысының Рождественка ауылында экспедитор болып еңбек етті. 1983 жылы зейнетке шықты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1216933?lang=kk
Мыңнан астам теңіз жаяу әскері Отан қорғаушы күніне орай 10 шақырымға жүгірді 09.05.2026
Теңіз жаяу әскерлері бригадасының әскери қызметшілері төл мерекелеріне орай  ұйымшылдық пен төзімділікті паш еткен патриоттық акция ұйымдастырды. Жүгіру басталар алдында  бригада командирі гвардия подполковнигі Азамат Сүлейменов жеке құрамға бастамалары үшін алғыс айтып, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Бөлімшелер жүгіріске әскер тектерінің туларын көтеріп шықты. Теңіз жаяу әскерлерінің легі 10 шақырымдық қашықтықты сенімді еңсеріп, жоғары дене дайындығы мен ұйымшылдық көрсете алды. Бәрінен бұрын 4 жастағы Бек Әлиұлы көрермен назарын өзіне аударды. Жуырда ғана теңіз жаяу әскері қатарына символикалық қабылдау рәсімінен өткен ол әскери қызметшілермен бірге жүгіруге қатысты. Жас патриот қашықтықтың едәуір бөлігін өздігінен жүгіріп өтті. Офицерлер мен сержанттар оған қолдау көрсетіп, жігерлендіріп отырды. Ал ең қиын тұстарда оны көтеріп алып жүрді. Бектің төзімділігі, табандылығы және теңіз жаяу әскерлерімен бірге қашықтықты толық өтуге деген шынайы талпынысы ұрпақтар сабақтастығының, бірлік пен жауынгерлік бауырластық дәстүрлеріне адалдықтың жарқын символына айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1216972?lang=kk
Құрметті соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері! Қадірлі отандастар! 09.05.2026
Сіздерді Жеңіс күнімен құттықтаймын!Баршамыз бұл мерекені 1941–1945 жылдардағы соғыс кезінде Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігін қорғап қалған халықтың ерлігі, қайсар рухы мен асқақ жігерінің символы ретінде қабылдаймыз. Ол миллиондаған адамдардың теңдессіз қаһармандығы, төзімділігі мен жанқиярлығының үлгісі ретінде тарих беттеріне өшпестей жазылып қалды.Біз бұл күні майданда шайқасқан және тылда еңбек етіп, Жеңісті жақындатқан жандарды ерекше құрметпен еске аламыз.Қазақстан осынау ортақ іске зор үлес қосты. Жүздеген мың отандасымыз ұрыс даласында ерлік көрсетсе, тыл еңбеккерлері майданды қажетті заттармен қамтамасыз етіп, жанқиярлық пен отансүйгіштіктің үлгісін көрсетті.Жеңімпаз ұрпақтың ерлігі – бүгінгі жас буынды кез келген қиындыққа төтеп беруге, Отан тағдырына жауапкершілікпен қарауға және жоғары мұраттарға адал болуға тәрбиелейтін өнеге.Бүгінде Отан қорғаушылар ата-баба дәстүрін лайықты жалғастыруда. Қарулы күштердің әскери қызметшілері жоғары кәсібилігімен және тәртібімен ұлттық мүдделерді қорғауға дайын екендігін ұдайы дәлелдеп, мемлекеттің қауіпсіздігі мен азаматтардың бейбіт өмірін сенімді қамтамасыз етіп келеді.Соғыс ардагерлеріне ерекше алғысымды білдіремін. Сіздердің өмір жолдарыңыз, ерліктеріңіз бен Отанға деген адалдықтарыңыз – жастарды патриоттық тәрбиелеудің берік негізі және Отанға қызмет етудің үлгісі.Бұл мереке ұрпақтарды біріктіріп, бейбітшілік пен тәуелсіздіктің баға жетпес құнын есімізге салады. Біздің ортақ міндетіміз – тарихи жадымызды сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту.Осы мереке күні барлық соғыс ардагерлеріне зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, ал барша қазақстандықтарға амандық, бақ-береке, бірлік және ашық аспан тілеймін. Құрметпен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Д. ҚосановАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217023?lang=kk
Франция елшілігі қазақ жауынгерлерінің рухына құрмет көрсетті 09.05.2026
Астанадағы Шарль де Голль ескерткіші алдында Екінші дүниежүзілік соғысы жылдары Францияда партизан отрядтарының құрамында шайқасқан жауынгерлердің рухына құрмет көрсетілді.   Құрмет қарауыл ротасының сүйемелдеуімен екі елдің тарихи мұрасына құрмет белгісі ретінде Бас штаб бастығы - ҚР ҚК Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары генерал-майор Қуанышбек Үштаев пен Францияның Қазақстандағы елшісі Сильвиан Гиоге Франция халқының тәуелсіздігі мен ұлттық бірлігінің символына айналған Шарль де Голль ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.– Соғыс жылдары миллиондаған адам тағдыры сынға түсті. Отқа оранған майдан даласында француздармен бірге жауға қарсы жан алып, жан беріскен шайқаста жеңіске жетуге партизандардың қосқан үлесі зор болды. Бүгінгі марапаттау рәсімі тек өткенге тағзым ғана емес, батырларымыздың ерлігін ұлықтау. Жауынгерлеріміздің есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады, – деді генерал-майор Қуанышбек Үштаев.Қанды қырғында 300-ден астам отандасымыз Францияның Тулуза қаласы мен оның маңын азат етуге белсене қатысқан.Бүгін сол жауынгерлердің бесеуі, яғни Ахмет Бектаев, Бектемір Байжанов, Нұранбай Баймұратов, Өтеуәли Бейсенғалиев, Ахмет Субаловтың балалары мен немерелерін Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильвиан Гиоге Француз Республикасының Қарулы күштер және ардагерлер министрі Катрин Вотреннің атынан 1939-1945 жылғы Екінші дүниежүзілік соғыста Францияны азат етуге шайқасқаны үшін «Азат ету» медалімен марапаттады. – Үш жүзден астам қазақстандық Франция жерінде француздармен бірге, қатарласа, елімізді азат ету жолында шайқасты. Осылайша, олар өз Отанына мыңдаған шақырым жерде, ортақ жауға қарсы бірігіп, қиындықтарды бастан кешіріп, қан төгіп, тіпті жандарын пида етті. Кезінде генерал де Голль оларға  құрмет көрсетті, ал бүгінгі Франция мұны ұмытпайды, – делінген Франция Қарулы күштері және ардагерлер министрі Катрин Вотреннің сөзінде.Партизан жауынгерлердің балалары мен немерелері ерекше толқып, алғыстарын білдірді. Ұрпақтары бұл Жеңістің 81 жылдығында ерекше сый болғанын айтады.– Бүгінгі толқынысымыз ерекше. Әкеміздің ерлігі ұлықталып жатыр. Өте ризамыз, көзімізге жас келіп тұр. Батырлар рухына құрмет көрсетіп жатқан Францияға, еліміздің Қорғаныс министрлігіне алғысымыз шексіз, – деді партизан жауынгер Бектемір Байжановтың ұлы Сырлыбай Бектеміров.Іс-шара соңында марапаттау рәсіміне қатысқан ардагерлер мен қонақтар естелік суретке түсті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217031?lang=kk
Мәскеуде Қазақстанның Отан қорғаушы күні аталып өтті 09.05.2026
Мәскеудегі ВДНХ аумағындағы Қазақстан павильонында Ресейдегі Қазақстан елшілігі Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің құрылған күніне арналған салтанатты іс-шара ұйымдастырды. Оған Ресей Қорғаныс министрлігінің, ТМД Қорғаныс министрлері кеңесі хатшылығының, ҰҚШҰ, «Рособоронэкспорт» ұйымының өкілдері және Мәскеуде аккредиттелген шетелдік әскери-дипломатиялық корпус қатысты.Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев  тәуелсіздік жылдарында Қазақстан Қарулы күштері қалыптасу, нығаю және жаңғыру жолынан өтіп, ынтымақтастық пен  бейбіт өмір сүру идеяларын ілгерілетуші күш ретінде танылғанын атап өтті.Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесі генерал-лейтенант Талғат Қойбақов ҚР Қарулы күштерінің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы айтып, қонақтарға сындарлы ынтымақтастық пен қолдаулары үшін алғыс білдірді.Өз кезегінде Ресей Қорғаныс министрлігі Халықаралық әскери ынтымақтастық жөніндегі бас басқармасы бастығының орынбасары генерал-майор Виктор Шевцов қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, Қазақстанның әрдайым тату көрші, сенімді одақтас әрі берік серіктес болып қала беретінін тілге тиек етті.Іс-шараға ҚР Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері орындаған әскери-патриоттық әндер мен Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясы камералық хорының өнері ерекше сән берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217066?lang=kk
Алматыда армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің рухына тағзым ету рәсімі өтті 09.05.2026
Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, көрнекті мемлекет және әскери қайраткер армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов тұрған үйдің жанындағы мемориалдық тақтаға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.Іс-шараға Алматы гарнизонының әскери қызметшілері, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери жоғары оқу орындарының курсанттары, интернационалист-жауынгерлер, сондай-ақ батырдың туыстары қатысты.Рәсімге қатысушылар аты аңызға айналған қолбасшыны бір минут үнсіздікпен еске алып, мемориалға гүл шоқтарын қойды.Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ Алматы филиалының өкілі отставкадағы полковник Төлеген Мұстафин Сағадат Нұрмағамбетовтің есімі әрдайым ерлік, отансүйгіштік және Отанға адал қызмет етудің символы болып қала беретінін атап өтті.– Ол кісі Қазақстан армиясының құрылуының бастауында тұрды. Бүкіл өмірін Отанға қызмет етуге арнады. Оның өмір жолы жас ұрпақ үшін шынайы патриотизмнің, әскери ар-намыстың және борышқа адалдықтың үлгісі болып табылады, – деп атап өтті ол.Осындай іс-шаралар тарихи жадты сақтауға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға және жастардың елдің ерлікке толы өткеніне деген құрметін тәрбиелеуге ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217070?lang=kk
Қорғаныс министрі соғыс құрбандарын еске алды 09.05.2026
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов "Отан Ана" монументіне гүл шоқтарын қойып, соғыс құрбандарының рухына тағзым етті.Іс-шараға Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров, Халық қаһармандары генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, авиация генерал-майоры Айдын Айымбетов, Қорғаныс министрінің орынбасарлары, Қарулы күштердің ардагерлері мен әскери қызметшілер қатысты.Шараға қатысушылар соғыс жылдарында қаза тапқан қазақстандық майдангерлерді, тыл еңбеккерлерін және соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды.Жеңіс күні қазақстандықтар үшін бейбіт өмірдің бағасын терең сезіндіретін, ұрпақтар арасындағы сабақтастықты, татулық пен ел тыныштығын сақтаудың маңызын еске салатын тарихтағы ең қастерлі күндердің бірі болып қала береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217075?lang=kk
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Иван Панфилов ескерткішіне гүл шоқтарын қойды 09.05.2026
Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштердің Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Жеңіс күніне орай Жерұйық саябағындағы генерал-майор Иван Панфиловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары сұрапыл соғыста қаза тапқан майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс-шараға Қарулы күштердің ардагерлері мен әскери қызметшілері, “Жас сарбаз” әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.Салтанатты рәсімге қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтаған генерал-лейтенант Қаныш Әбубәкіров Жеңіс күні ел тарихында және әрбір қазақстандықтың өмірінде ерекше орын алатын дата екенін атап өтті. Осыған байланысты барлық гарнизондарда Ұлы Жеңіс күнін мерекелуге арналған іс-шаралар өткізіліп жатқаны айтылды.– Жеңіс күні – халқымыз үшін ерекше маңызы бар мереке. Бұл күн – Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі жолында ерлік көрсеткен батырлардың рухына тағзым ететін күн. Майдангерлердің қайсарлығы мен жанқиярлығы ешқашан ұмытылмайды. Жеңіс мерекесі ұрпақтарды бірлікке үндеп, бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің қадірін ұғындырады. Сондықтан тарихи жадымызды сақтап, оны кейінгі буынға жеткізу – ортақ міндетіміз. Соғыс ардагерлерін құрметтеу және олардың ерлігін ұлықтау – азаматтық парызымыз, – деді Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары.Соғыс жылдары Қазақстаннан 1,2 миллионнан астам адам майданға аттанды, олардың жартысы елге оралған жоқ. Көптеген қазақстандық соғыста көрсеткен ерлігі үшін ең жоғары жауынгерлік наградалармен марапатталды.1941 жылғы шілде айында Алматыда жасақталған, генерал Иван Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы Мәскеу түбіндегі шайқаста фашистік Германия әскерінің шабуылын тойтарып, қайсарлық көрсетті. Оның ішінде 28 батыр Дубосеково торабында ондаған танкіге қарсы тұрып, жаудың жойқын күшін тоқтатты.Сол жылы 23 қарашада дивизияға соғыста ерлікпен қаза тапқан оның тұңғыш командирі Кеңес Одағының Батыры генерал Иван Панфиловтың есімі берілдіИван Панфиловқа арналған ескерткіш 2015 жылы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Жерұйық» саябағында ашылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217092?lang=kk
Әскери дипломаттар Қытайда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етті 09.05.2026
Қытай Халық Республикасының Хэбэй өлкесіндегі Чжанцзякоу қаласына қарасты Чжанбэй уезінде Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 81 жылдығына орай кеңес және моңғол жауынгерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.Қазақстан атынан бұл іс-шараға Қытай Халық Республикасындағы Қазақстан Республикасы Елшілігінің қорғаныс мәселелері жөніндегі атташесі генерал-лейтенант Марат Құсайынов бастаған делегация қатысты.Салтанатты рәсімге Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстан елдерінің дипломатиялық миссия басшылары, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығының, Чжанцзякоу қаласы мен Чжанбэй уезінің халық үкіметтерінің басшылығы қатысты.Еске алу шарасына қатысушылар бір минут үнсіздікпен қаза тапқандардың рухына тағзым етіп, мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойды.Жауынгерлер қаза тапқан жерге ескерткіш алғаш рет 1945 жылы орнатылып, 1957 жылы мемориал ашылды. Обелискке 53 кеңестік және 13 моңғол әскери қызметшінің есімі жазылған.Оның ішінде ресми мәліметтерге сәйкес, бұл мемориалдық кешенде Қазақ КСР аумағынан шақырылған немесе сол жердің тумасы болып табылатын 21 жауынгердің есімі анықталған.Дипломатиялық миссия өкілдері мемориалдық музейдің тарихи жәдігерлерімен танысқан соң құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217103?lang=kk
Алматы өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері Бибігүл Төлегенованы Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтады 09.05.2026
9 мамыр күні гарнизонның әскери қызметшілері, Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының өкілдері және балалар шығармашылық студиясының тәрбиеленушілері әйгілі әншінің үйіне арнайы барып қайтты.Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник  Раджан Жанысов Бибігүл Төлегеноваға Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыстап, мәдениетті дамыту мен жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.– Қазақтың аты аңызға айналған бұлбұл әншісін Жеңіс күнімен құттықтау – біз үшін үлкен мәртебе. Оның өмір жолы мен соғыс жылдарындағы еңбегі ел мен халыққа адал қызмет етудің жарқын үлгісі, – деді ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы бастығының орынбасары – Жауынгерлік даңқ музейінің басшысы, генерал-майор Панфиловтың немересі Алуа Байқадамова.Бибігүл Төлегенова жасы ұлғайғанына қарамастан, қонақтарды әрдайым жылы қарсы алып, жас ұрпақты қолдауды жалғастырып келеді.Ұлы Отан соғысы жылдарында ол тылда еңбек етті. Соғыс басталған кезде небәрі 12 жаста болған. 1944 жылы Семей ет комбинатында жұмыс істеп, майданға жіберілетін өнімдерді дайындауға атсалысты. Сонымен қатар көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, госпитальдардағы жаралы жауынгерлерге ән айтып, олардың туған-туыстарына хат жазуға көмектесті.Бибігүл Төлегеноваға әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындап, әскери қызметшілердің балалары оған раушан гүлдерін сыйлап, «Жеңіс күні» әнін бірге шырқады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217108?lang=kk
Өнердің шабыттандырар күші: Астанада Отан қорғаушы күніне арналған концерт өтті 07.05.2026
Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы салтанатты жиынға қатысушыларға мерекелік концерт тарту етті.Әншілер мен вокалдық топтар, би және фольклорлық-этнографиялық ансамбльдер, әскери және эстрадалық-симфониялық оркестр музыканттары көрермендерге әскери-патриоттық бағдарлама ұсынды. Өнер кешінің «Жеті ата» бейнесіне негізделген тұжырмдамасы қазіргі армия мен ел тәуелсіздігінің тарихи тіректерін бейнеледі.Абылай хан, Жәңгір хан, Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр және Сартай батыр сияқты көрнекті тарихи тұлғалар ұлттық рух пен ел қорғаушылардың жауынгерлік қасиеттерін нығайтуға зор үлес қосты.Ұлы Отан соғысы жылдарында халық басынан өткерген ауыр сынақ кезінде қазақ халқының ең таңдаулы ұлдарының ерлігі мен қайсарлығы айқын көрінді. Олардың қатарында Мәскеу түбіндегі шайқасқа қатысқан аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлы, сондай-ақ тәуелсіз Қазақстан Қарулы күштерінің негізін қалаған армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов бар.Концерт барысында эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен «Елім-ай» және «Самалтау» күйлері орындалды. Көрермендер композитор А. Дүйсеновтің Нұртуған жыраудың сөзіне жазылған «Өсиет» толғауын, сондай-ақ Ж. Бекетановтың музыкасына қойылған Г. Ордабаевтың «Сағым» би композициясын ерекше ықыласпен қабылдады.Орталық ансамбльдің солистері мен вокалдық топтары әскери тақырыптағы шығармаларды орындады. Атап айтқанда, С. Бәйтерековтің Б. Тәжібаев сөзіне жазылған «Әлия» әні және Я. Френкельдің Р. Ғамзатовтың өлеңіне жазылған «Журавли» шығармасы шырқалды. Сонымен қатар вокалдық топтың орындауындағы «Попурри» көрермендердің есінде қалды. Композиция авторы Н. Нұртазин танкистердің, ұшқыштардың және теңізшілердің қызмет ерекшеліктерін әсерлі жеткізді. Ж. Әділов пен Р. Арсыланның  «Ел қорғаны»,  Н. Нұртазин мен Е. Тілепбердиевтің «Сержант»,  Н. Алмас пен О. Әкімованың «Батырлар»,  И. Сархадтың «Қазақстан», Н. Зәкеновтің  «Атамекенім», С. Үмбетовтің  "Елім менің" және  Қ. Жүнісовтің «Егемен Қазақстан» әндері де шабыт пен оптимизмге толы болды.Көрермендер «Ұрпақтар сабақтастығы», «Қазақ халық әндері тақырыбындағы фантазия» сияқты аспаптық шығармаларды, сондай-ақ «Сарбаздар», «Қыран» және басқа да би қойылымдарын жоғары бағалады.Шығармашылық ұжымның кәсібилігі мен концерттің мазмұнды тұжырымдамасы залда патриотизм, ұрпақтар сабақтастығы, әскери мамандыққа құрмет және халқымыздың ерлікке толы өткеніне тағзым атмосферасын қалыптастырды.Бұл концерт тек мерекелік шара ғана емес, сонымен қатар Отанға қызмет етудің маңыздылығын еске салған маңызды рухани оқиға болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1215931?lang=kk
Марат Сұлтанғазиев жас жауынгерлермен жүздесті 07.05.2026
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Отан қорғаушылар күні қарсаңында Талғар ауданындағы «Арыстан» мамандандырылған лицейіне барды. Онда орта білім алумен қатар, әскери мамандықтың қыр-сырын меңгеріп жатқан жасөспірімдердің бірнеше ротасы сап түзеп, рет-ретімен қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде рухты жауынгерлік әндерді шырқаған күйі шерулетіп өтті. Сондай-ақ қоян-қолтық ұрыс әдістері мен жаттығу түрлерін көрсетті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Облыс әкімі лицей ұстаздары мен шәкірттерін мерекемен құттықтады– «Арыстан» мамандандырылған лицейі – мыңнан астам түлек тәрбиелеп шығарған білім ордасы. Бүгінде лицейді тәмамдаған түлектердің 356-сы Қазақстан Республикасының күштік құрылымдарында қызмет атқарып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуда.  Білім беру процесі заманауи технологияларға негізделген лицейде ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық сауаттылық, робототехника және инженерлік ойлау бағыттарына ерекше көңіл бөлінген. Бұл – оқу ордасының сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі жоғары әлеуетін айқындайтын нақты көрсеткіш, – деген аймақ басшысы Алматы облысында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісі жүйелі жолға қойылғанын жеткізді. Айтуынша, аймақтағы білім ордаларының базасында «Жас сарбаз» қозғалысы аясында  87 сынып пен 40 арнайы клуб жұмыс істейді. Онда 3 мыңнан астам өрен «Жас шекарашы», «Жас авиатор», «Жас десантшы» секілді бағыттар бойынша әскери іс негіздерін меңгеріп, саптық дайындықтың практикалық дағдыларын шыңдауда.– Мемлекет басшысының еліміздің әр өңірінде «Бауыржан мектептері» үлгісімен әскери оқу орындарын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облысымызда ауқымды жоба қолға алынды. Еңбекшіқазақ ауданының Ащысай ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп негізінде  300 орынды жаңа әскери мектеп-интернат ашуды жоспарлап отырмыз. Болашақта бұл мекеме «Арыстан» мамандандырылған лицейімен тығыз байланыс орнатып, озық тәжірибесіне сүйенетін болады.  Алматы облысы Қарулы Күштеріміздің беделін арттыруға бағытталған әрбір бастаманы қолдап, өскелең ұрпаққа отаншыл тәрбие беруді әрдайым назарда ұстайды», – деді Марат Елеусізұлы. Сондай-ақ Отанды қорғау – адалдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі екенін айтып, сарбаздарға үлкен сенім білдірді.Шара барысында облыс әкімі бір топ ұстаз бен лицей шәкірттерін Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар оқу орнын аралап, оның жұмысымен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1215881?lang=kk
Қарулы күштердің әскери қызметшілері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды 07.05.2026
Астанада Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиын өтті.Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың, Қарулы күштердің басшылығы, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, ардагерлер, мерзімді қызмет сарбаздары және «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер қозғалысының тәрбиеленушілері қатысты.Жеке құрамды мемлекеттік мерекемен Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов құттықтады.– Жаңа Конституцияның қабылдануы аясында бұл күн ерекше маңызды болмақ. Оның кіріспесінде мемлекет дамуының негізгі қағидаттары – егемендік, халық бірлігі, қауіпсіздік пен тұрақтылық бекітілген. Осыған байланысты Отан қорғаушы күні әскери қызметшілердің кәсіби мерекесі ғана емес, ел тарихы мен қазіргі конституциялық құндылықтарды біріктіретін мемлекеттіліктің маңызды символы, – деп атап өтті ол.Авиация генерал-лейтенанты Д. Қосанов ведомствоның заңды жетілдіру, әскери басқару, әскерлердің жауынгерлік әзірлігін арттыру, қару-жарақты жаңғырту, қорғаныс саласына цифрлық технологияларды енгізу, әскерге шақыру және әскери қызмет өткеру жүйесі жөніндегі ауқымды жұмысын атап өтті.Ел басшылығы ведомствоның елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету, әскерлерді басқару және жоғары жауынгерлік дайындықты қолдау ісіндегі жетістіктерін жоғары бағалады.Мемлекет басшысының Жарлығымен жоғары офицерлік құрамның «генерал-майор» атағы Айдос Мырзахметовке, «авиация генерал-майоры» атағы Тимур Еспағанбетовке берілді.Б. Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденін Қорғаныс министрлігі департаментінің бастығы Ренат Дәрменов, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысы басқармасы қару-жарақ бас басқармасының штабы бастығы Дмитрий Федорченко, Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушев алды. Рақымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденіне 10810 әскери бөлімінің сержанты Медет Мұхтархан мен Әуе қорғанысы күштерінің сержанты Ғалымжан Тәукебаев ие болды.Жалпы мемлекеттік наградалар Қорғаныс министрлігінің 34 әскери қызметшісіне табысталды. ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 5, ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен – 2, «Құрмет» орденімен – 2 әскери қызметші марапатталды. «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалін – 22, «Ерен еңбегі үшін» медалін – Қарулы күштердің 3 өкілі алды.Қорғаныс министрлігінің ведомстволық наградаларымен: «Ел қорғаны» медалімен 41 әскери қызметші, «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» төсбелгісімен – 11 мерзімді қызметші марапатталды. Мерзімінен бұрын әскери атақтар 48 әскери қызметшіге берілді.Наградалар тапсырылғаннан кейін Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған мерекелік концерт өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1215875?lang=kk
Қостанайда заманауи IT-мектеп ашылды 07.05.2026
Қостанай облысында цифрлық білім беруді дамыту бағытында маңызды жоба іске қосылды. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті базасында Tomorrow School инновациялық IT-мектебі Мемлекет басшысының қатысуымен телемост форматында ресми түрде ашылды.Tomorrow School — Peer-to-Peer қағидатына негізделген жаңа буындағы білім беру жобасы. Оның басты ерекшелігі — дәстүрлі оқыту моделінен бас тартып, оқытушылар мен классикалық дәрістерсіз білім алу форматын ұсынуы. Қатысушылар оқу материалдарын өз бетінше меңгеріп, бір-бірімен тәжірибе алмасып, практикалық тапсырмаларды бірлесіп орындайды.Жоба Astana Hub халықаралық технопаркі экожүйесінде Alem.ai Foundation корпоративтік қорының қолдауымен, әлемдік деңгейдегі 01 Edu білім беру платформасы негізінде жүзеге асырылуда.Оқу толықтай тегін және 18 жастан асқан барлық азаматтарға қолжетімді. Бағдарламаға қатысу үшін бағдарламалау саласында алдын ала тәжірибенің болуы міндетті емес.Оқу үдерісі толықтай практикалық бағытқа негізделген. Қатысушылар нақты жобалармен жұмыс істеп, командалық өзара іс-қимыл арқылы дағдыларын жетілдіреді және тапсырмаларды өзара тексеру арқылы білімдерін нығайтады. Бұл тәсіл IT-салада сұранысқа ие қолданбалы құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.Білім беру бағдарламасы бағдарламалау негіздерінен бастап, күрделі техникалық бағыттарға дейінгі толық циклді қамтиды. Барлық тапсырмалар саланың нақты талаптарына барынша жақындатылған.Айта кету керек, кампус тәулік бойы, яғни 24/7 режимінде жұмыс істейді. Бұл қатысушыларға оқу процесін өз уақыттарына қарай икемдеп, жеке оқу траекториясын қалыптастыруға жағдай жасайды.Аталған жобаны іске асыру өңірде IT-экожүйені дамытуға, заманауи білімге қолжетімділікті арттыруға және цифрлық экономика үшін жаңа буын білікті мамандар даярлауға серпін береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1215877?lang=kk
Құрметті сарбаздар мен сержанттар, офицерлер мен генералдар! Қымбатты отандастар! 07.05.2026
Сіздерді Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміз үшін бұл мереке ерлік пен намыстың, жанқиярлық пен Отанға шексіз адалдықтың символы. Бұл мейрам халқымыздың қаһармандыққа толы өткені мен тәуелсіз Қазақстанның қазіргі тарихының ажырамас байланысын және ұрпақтар сабақтастығын білдіреді. Бұл күні біз Отанға қызмет етуді өмірінің мәніне айналдырған, еліміздің тыныштығы мен егемендігін қорғап тұрған азаматтарға ерекше құрмет көрсетеміз. Отанды қорғау қай заманда да қасиетті борыш, әрі үлкен жауапкершілік саналған. Әскери антқа адал, шынайы патриоттар қай заманда да қоғамның зор құрметіне ие болған. Аға буынның даңқты дәстүрлерін лайықты жалғастырып жүрген Қарулы күштердің әскери қызметшілері өздерінің жоғары кәсібилігі және тәртібімен кез келген күрделі тапсырмларды орындауға дайын екенін дәлелдеп жүр. Ел Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәйекті саясатының арқасында мемлекеттің қорғаныс қабілеті нығайып, әскерлерге заманауи қару-жарақ пен әскери техника жеткізілуде, жауынгерлік дайындық деңгейі тұрақты түрде артып келеді. Әскери қызметшілер оқу-жаттығуларға, оның ішінде халықаралық деңгейдегі жаттығуларға белсенді қатысып, жоғары үйлесімділік пен кәсіби шеберліктерін дәлелдеп жүр. Қарулы күштердің халықаралық тұрақтылықты нығайтуға қосқан үлесін де ерекше атап өткен жөн. Қазақстандық әскери қызметшілер халықаралық ұйымдар аясындағы бітімгерлік миссияларды абыроймен атқарып, бейбітшілік қағидаттарына адал екенін көрсетіп келеді. Мемлекет әскери қызметшілердің әлеуметтік жағынан қорғалуын арттырып, олардың қызмет етуі мен тұрмыс жағдайларын жақсартуға арналған жүйелі шараларды жүзеге асырып жатыр. Бұл – әскердің рухын нығайтудағы маңызды фактор. Сарбаздар мен сержанттарға, офицерлер мен ардагерлерге жанқиярлық қызметі, Отан алдындағы әскери антқа адалдығы үшін шынайы алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да жүктелген міндеттерді абыроймен атқарып, Қазақстан халқының үмітін ақтайды деген сенімдемін. Сіздерге зор денсаулық, амандық және Отанымыздың игілігі жолындағы қызметтеріңізге жаңа жетістіктер тілеймін!  Құрметпен, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Д. ҚосановАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1215862?lang=kk