Enbekshi QazaQ

Қуқық

Қазақстан мен Армения СІМ басшылары ынтымақтастықтың жаңа бағыттары мен жолдарын айқындады 09.04.2026
Ереван, 2026 жылғы 9 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Ереванға ресми сапары барысында Армения Республикасының Сыртқы істер министрі Арарат Мирзоянмен келіссөздер жүргізді.Тараптар көпжақты өзара тиімді ынтымақтастықтың ағымдағы жай-күйі мен одан әрі нығайту перспективаларын жан-жақты қарастырды. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастыққа, сондай-ақ транзиттік-көліктік әлеует мәселелеріне ерекше назар аударылды. Үкіметаралық комиссия мен Қазақ-армян іскерлік кеңесі қызметінің маңызды рөлі аталып өтті.«Біз үшін өзара тауар айналымының сапалық және сандық өсуіне жәрдемдесу маңызды міндет. Бұған сауданы әртараптандыру, өзара негізде тауарлардың жаңа түрлерін елдеріміздің нарығына ілгерілету мүмкіндіктерін жасау ықпал етуі мүмкін», – деді Е.Көшербаев.Тараптар Арменияда тіркелген қазақстандық капиталдың қатысуымен 100-ден астам кәсіпорын және Қазақстанда жұмыс істейтін 400-ден астам армян компаниясы қалыптастыратын сауда байланыстарын нығайту үшін жақсы негіздің бар екенін атап өтті.Е.Көшербаев әріптесіне Қазақстандағы инвесторларға берілетін түрлі преференциялар пакеті туралы хабарлады. Ол екі елдің әлеуетін біріктіру инвестициялық ынтымақтастықты айтарлықтай жандандыруға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.Жасанды интеллект және цифрландыру саласындағы ынтымақтастық перспективалы және өзара тиімді бағыттарға жатқызылды. Осыған байланысты Қазақстанда «TUMO Astana» армян білім беру орталығының филиалын құру бойынша табысты жоба аталып өтті. Қазақстан СІМ басшысы инновациялық экожүйені дамытуға және отандық технологиялық шешімдерді ілгерілетуге бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға қызығушылық білдірді.Серіктестік байланыстардың жаңа және перспективалы бағыттары ретінде атом энергетикасы, фармацевтика, жоғары білім және денсаулық сақтау салалары қарастырылды.Қазақстандық сыртқы саяси ведомствоның басшысы су ресурстарын тиімді басқару саласындағы жаһандық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған БҰҰ жүйесі аясындағы Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасына назар аударды.Тараптар өңірлік көлік коммуникацияларымен байланысты мәселелерді де талқылап, транзиттік-логистикалық байланыс Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ нарықтарының интеграциялануы үшін жаңа мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті. Қазақстан мен Армения қалалары арасындағы тікелей авиарейстерді қалпына келтіру мәселелерін шешу серпіні қанағаттанушылықпен айтылды.Сұхбаттасушылар Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту мәселелеріне ерекше назар аудара отырып, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарын салыстырды. Сондай-ақ, халықаралық ұйымдар аясындағы сындарлы өзара іс-қимыл аталып өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1197637?lang=kk
Қазақстан чемпионатында Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары күміс жүлде еншіледі 09.04.2026
  Түркістан қаласындағы Olympic Center спорт кешенінде балуандар арасында дзюдо, самбо және қазақ күресінен өткен Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.  Біріншілікте еліміздің барлық өңірінен 20 команда құрамында мыңға жуық спортшы бағын сынады. Жарыс жас ерекшеліктеріне қарай М1-ден М9 топтары бойынша өтті. Олардың әрқайсысы жеті салмақ дәрежесінде белдесті.  Турнирде Қарулы күштер өкілдерінің қатарында ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары полковник Еркебұлан Түсіпханов лайықты өнер көрсетті.Дзюдо сайысында ол абсолютті салмақта күміс медаль олжалады.  Турнир қорытындысы бойынша Еркебұлан Түсіпханов биыл күзде Босния мен Герцеговинада өтетін кіл мықтылардың әлем чемпионатына жолдама алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1197609?lang=kk
Қазақстан Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Бакуге сапармен барды 09.04.2026
  Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиевтің басшылығымен қазақстандық әскери делегация Әзербайжан Республикасының Қорғаныс министрлігінде болды.  Қазақстандықтар Әзербайжанның аумақтық тұтастығы мен егемендігі жолында қаза тапқан батырлардың қабірлеріне тағзым етіп, Шәһидтер аллеясына гүл шоқтарын қойды.  Сапар аясында Әзербайжан Қорғаныс министрінің орынбасары – бас директор Агиль Гурбановпен кездесу өтті. Тараптар әскери, әскери-техникалық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын бірқатар мәселелер бойынша пікір алмасты.  Делегация мүшелері Бас жедел басқарманың, Халықаралық әскери ынтымақтастық басқармасының, Байланыс және ақпараттық технологиялар бас басқармасының қызметімен танысты. Олар үшін бөлімшелердің құрылымы мен қызмет бағыттары бойынша брифингтер ұйымдастырылды.  Әзербайжан Қорғаныс министрлігінің Киберқауіпсіздік орталығы мен Н-ші әскери бөлімнің қызметіне ерекше назар аударылды. Бұл бөлімшелердің ерекшелігі – заманауи қару-жарақ жүйелерінің, ақпараттық технологиялар құралдарының киберқауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасанды интеллект негізінде киберқауіптерге қарсы іс-қимыл жасау.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1197451?lang=kk
Белсенді ұзақ өмір орталығына – 1 жыл: нақты нәтижелер мен жүйелі дамудың жаңа кезеңі 09.04.2026
Алматы облысында әлеуметтік саясаттың мазмұны біртіндеп нақты нәтижеге бағытталып келеді. Соның айқын дәлелдерінің бірі – аға буын өкілдеріне арналған «Белсенді ұзақ өмір орталықтарының» жүйелі жұмысы. Бұл бастама жай ғана әлеуметтік қолдау емес, егде жастағы азаматтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді саясаттың бір бөлігіне айналып отыр.Қарасай ауданындағы осындай орталық 2025 жылдың 16 сәуірінде Ұмтыл ауылдық мәдениет үйі базасында ашылған еді. Бір қарағанда қарапайым әлеуметтік нысан болып көрінгенімен, уақыт өте келе оның қоғам үшін маңызы айқындала түсті. Өйткені мұнда зейнет жасындағы азаматтар бос уақытын тиімді өткізіп қана қоймай, денсаулығын нығайтып, қоғамдық өмірге қайта араласуға мүмкіндік алды.Орталық жұмысының тиімділігі нақты көрсеткіштерден-ақ байқалады. Алғашқыда 65 адам тіркелсе, бүгінде бұл сан 121. Бұл – халық тарапынан сұраныстың артқанын және жобаның өміршеңдігін көрсететін маңызды көрсеткіш.Бір жылдық мерейтой аясында өткен шаралар да орталық қызметінің мазмұнын аша түсті. Ең бастысы – мұнда келушілер тек көрермен емес, белсенді қатысушыға айналған. Олар ұйымдастыру ісіне араласып, өз бастамаларын ұсынуда. Бұл – орталықтың негізгі мақсатының орындала бастағанының белгісі.Мерекелік күн еңбек терапиясы бағытындағы “Қолдан туған құндылық” көрмесімен басталды. Қатысушылардың қолынан шыққан бұйымдар олардың шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін көрсетті. Кейін концерттік бағдарламаға ұласқан шарада күй күмбірлеп, ән шырқалып, би биленді. Сонымен қатар, орталықтың бір жылдық жұмысын қорытындылаған бейнематериал ұсынылды.Бүгінде мекеме 11 бағыт бойынша тұрақты қызмет көрсетеді. Алғаш келген азаматтардың денсаулық жағдайы мен әлеуметтік белсенділігі төмен болғаны жасырын емес. Көпшілігі цифрлық технологияларды қолдануда қиналып, қоғамнан оқшауланып қалған еді. Алайда жүйелі жұмыстың нәтижесінде жағдай айтарлықтай өзгерген.АҚарасай аудандық “Белсенді ұзақ өмір орталығы” филиалының кеңесшісі Аңса Дүйсенбай- бір жылдың ішінде қызмет алушылар арасында жаңа әлеуметтік байланыстар қалыптасып, олардың қоғамдық өмірге қатысу деңгейі артты. Ең маңызды жетістіктердің бірі – цифрлық сауаттылықтың өсуі. Қатысушылар смартфон, мессенджерлер мен бейнеқоңырауларды еркін меңгеріп, заманауи ақпараттық кеңістікке бейімделе бастаған. Бұл біздің ұжым үшін үлкен жетістік.Бұл өзгерістер – тек статистика емес, нақты адамдардың өміріндегі оң бетбұрыс. Әрбір жаңа дағды, әрбір жаңа байланыс – олардың өмір сапасын арттыруға жасалған қадам.Қорыта айтқанда, Қарасай ауданындағы «Белсенді ұзақ өмір орталығы» бір жылдың ішінде әлеуметтік жобадан нақты нәтиже беретін тиімді алаңға айналды. Мұнда әр көрсеткіштің артында – адам тағдыры тұр. Ал сол тағдырлардың жақсаруы – атқарылған жұмыстың басты өлшемі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1197456?lang=kk
Орнықты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылы туралы 09.04.2026
Қазақстан Республикасының бастамасымен халықаралық деңгейде маңызды тарихи шешім қабылданып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы 2026 жылды Орнықты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылы деп жариялау туралы қарар қабылдады.Еріктілер қозғалысын дамыту және экологиялық бастамаларды қолдау мақсатында өңірде бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы негізгі жаңалықтардың бірі – еріктілер арасында «Үздік экологиялық стратегиялар» конкурсының ұйымдастырылуы. Аталған конкурс жеңімпазына 1 млн теңге көлемінде грант беріледі. Марапат жыл қорытындысы бойынша салтанатты іс-шарада табысталады. Байқауға қатысушылар өз бастамаларын алдын ала әзірлеп, іріктеу және жобаларды қорғау кезеңдерінен өтеді.Облыста қазіргі таңда 3 мыңға жуық ерікті бар, оның ішінде 2 456-сы – жастар. Волонтерлік қозғалысты қолдау және дамыту мақсатында 2026 жылы өңірде жалпы сомасы 19 245 мың теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылуда. Соның бірі – облыстық жастар ресурстық орталығы жүзеге асырып жатқан, құны 5 млн теңге болатын «Қостанай облысында волонтерлікті ілгерілету» жобасы.Жалпы республика көлемінде волонтерлік қызмет соңғы жылдары тұрақты өсім көрсетіп келеді. Жыл сайын Ұлттық еріктілер желісіне 60 мыңнан астам азамат тартылып, 200-ден астам адам «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығының лауреаты атанған.Өңірлік деңгейде де волонтерлік белсенділік артып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 2 211 іс-шара ұйымдастырылып, оған 22 мыңнан астам ерікті қатысты. Жалпы волонтерлік қызмет көлемі 4 800 сағаттан асты. Сонымен қатар, өңірлік фронт-офис жаңа бастамашыл жастар мен көшбасшылардың қалыптасуына мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1197131?lang=kk
Әскердің күші – патриоттық тәрбиеде: маңызды меморандумға қол қойылды 09.04.2026
 Астана қаласындағы №13 жалпы білім беретін мектеп пен Арнайы операциялар күштері өскелең ұрпақты Отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.Меморандумның негізгі мақсаты – әскери-патриоттық тәрбиені нығайту, тәжірибе мен білім алмасу, жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру, сондай-ақ түрлі спорттық және мәдени іс-шараларды бірлесе ұйымдастыру.Шараның салтанатты ашылу барысында Арнайы операциялар күштері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Саят Бурбасов оқушыларға:– Елдің болашағы – жастардың қолында. Сендер біздің ертеңгі ізбасарымызсыздар. Біз жүріп өткен жолды жалғай отырып, Отанға қызмет етуді бүгіннен бастау қажет, – деп атап өтті.Қолбасшының орынбасары мектеп директоры Гүлмира Закиринаға, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дана Күнтасоваға және «Жаубасар» клубының жетекшісі Әнуар Қасеновқа ерекше төсбелгілер табыстап, естелік сыйлықтар ұсынды.Өз кезегінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дана Күнтасова алдағы жоспарларға тоқталып:– Бүгін маңызды құжатқа қол қойылды. Алда бірлескен жобалар мен ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Біздің мектептен іріктелген «Жаубасар» командасы «Айбын» жастар жиынында Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің намысын лайықты қорғайды деп сенемін, – деді.Меморандумға №13 мектеп директоры Гүлмира Закирина мен 22750 әскери бөлімінің командирі подполковник Тимур Түстібаев қол қойды.Ресми бөлімнен кейін келушілер оқушылар дайындаған робототехника жобаларын, әскери киім үлгілері мен жарақтар көрмесін тамашалады. Сонымен қатар, жаттығу алаңы мен атыс тирін аралап көрді.Шара соңында Құрмет қарауыл ротасының, мектеп оқушыларының дефилесі және қоян-қолтық ұрыстың элементтері көрсетілді.Жазда өтетін «Айбын» халықаралық жастар жиынында осы мектептен іріктелген «Жаубасар» командасы Арнайы операциялар күштерінің атынан Астана қаласының намысын қорғайтын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1196950?lang=kk
Ұлытау облысында алғашқы көтерме-тарату орталығының құрылысы аяқталуға жақын: іске қосу 2026 жылдың күзіне жоспарланған 09.04.2026
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Ұлытау облысына барды. Сапар шеңберінде ол агроөнеркәсіп кешені нысандарының құрылысымен танысып, өңір шаруаларымен кездесті.Кездесуде ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы мен аграршылардың түйткілді мәселелері қаралды. Облыс құрылғалы бері, инвесторлардың қатысуымен құны 3 млрд теңге болатын 4 жоба жүзеге асырылды. Times Agro Holding қатысуымен агроөнеркәсіп кластерін құруды және Samga Agro-мен бірлесіп, Жезқазғанда 500 мал басына арналған тауарлы сүт фермасын салуды қосқанда, жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізілуде.Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин жиынға қатысушыларды 2026 жылы басталған Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары шеңберінде жеңілдетілген несие беру мүмкіндігі туралы хабардар етті. Вице-министр өңірдің табиғи жағдайларын ескере отырып, шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту үшін жайылымдық жерлерді ұтымды игеруге баса назар аударды. Осы мақсатта жайылымдарды сумен қамтамасыз ету, жылжымалы вагондар сатып алу және басқа да ілеспе шығындарды қаржыландыруды көздейтін «Жайлау» бірыңғай несие өнімі іске қосылады.Кездесу барысында шаруалар бірқатар мәселеле көтерді. «Кеңгір» ШҚ басшысы Ардақ Нұржанов өңірде сервистік орталықтардың болмауына байланысты «ҚазАгроҚаржы» арқылы лизингке алынған ауыл шаруашылығы техникасына кепілдікпен қызмет көрсетудің күрделілігін атап өтті. Вице-премьер ҚАҚ-қа компания өкілдерінің жұмысын жергілікті жерде ұйымдастыруды, ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қазақстандық автоөндірушілер қауымдастығымен бірлесіп, сервистік орталықтардың ашылуын пысықтауды және Жезқазғанда сұранысқа ие ауыл шаруашылығы техникасының болуын қамтамасыз етуді тапсырды.Сондай-ақ егінді киіктен қорғау мәселесі көтерілді. Биыл мамандар мен техника тарта отырып, ауыл шаруашылығы алқабын қорғау жалғастырылатыны атап өтілді. Сонымен қатар сақтандыру тетігі де қарастырылуда.«Самға» ЖШС директоры Абай Байділдә инфрақұрылымды дамыту – суару жобалары мен тауарлы сүт фермалары үшін су мен электр қатын жеткізу мәселесін көтерді. Ауыл шаруашылығы алқабын суару ісін дамыту үшін қажетті жерасты су қорының жеткіліксіз зерттелуі де атап өтілді. Осыған байланысты әкімдікке Су ресурстары және ирригация министрлігімен бірлесіп геологиялық зерттеу жүргізу және су ресурстарын бағалау мүмкіндігін пысықтау тапсырылды.Кездесуді қорытындылай келе, вице-премьер Ұлытау облысы жаңа өңір ретінде алда бірқатар жүйелі міндеттер тұрғанын атап өтті. Үкімет өңірдегі бизнесті және ауыл шаруашылығын дамытуға қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.Премьер-министрдің орынбасары шаруалармен кездесуден кейін өңірдің осы жылға және 2027-2029 жылдардың жоспарлы кезеңіне арналған бюджеттік қамтамасыз ету жөніндегі кеңес өткізді. Өңірлік стандарттар жүйесі (ӨСЖ) бойынша облыстың артта қалуын қысқарту шараларына ерекше назар аударылды. Ұлытау облысы, ӨСЖ-ге сәйкес, республика бойынша базалық инфрақұрылыммен мейлінше аз қамтылған.Жұмыс сапары шеңберінде вице-премьер мал шаруашылығы мен жемшөп дақылдарын өсіруге маманданған Кengir AGRO агроөнеркәсіп кешенінің құрылысымен танысты. Бүгінгі таңда нысанда әкімшілік-тұрмыстық кешен салынды. Биыл 500 гектар аумақта суару жүйесін іске қосу жоспарлануда. Оның 150 гектары картопқа, қалғаны жемшөп дақылдарына арналады. Компания жайылымдық жерлерді пайдаланып, мал шаруашылығының аустралиялық моделін енгізуге ниетті. Қазірдің өзінде 14 ауылдық округте ІҚМ өсіру шаруашылығы құрылды. Сондай-ақ асылтұқымды мал сатып алу үшін «Игілік» және «Береке» бағдарламаларына қатысу, 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасын салу жоспарланған.Серік Жұманғарин «Samadi A Group» ЖШС-ның жалпы сыйымдылығы 15 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы бар өңірдегі алғашқы көтерме-тарату орталығының құрылыс алаңында болды.  Нысан биыл күзде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ кәсіпорын «Бәйтерек» холдингі және Аграрлық несие корпорациямен бірлесіп, өңірде ет өңдеу және шұжық, консерві өнімін шығару жобасын әзірлемек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1196931?lang=kk
Қарағандының жоғары оқу орындары дрон операторларын дайындайды: әскери кафедрада жаңа бағыт ашылды 09.04.2026
Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің әскери кафедрасында запастағы офицерлерді даярлау ауқымы кеңейтілді. Мұнда «Ұшқышсыз басқарылатын авиациялық жүйелер» атты жаңа бағыт іске қосылып, қазір 35 студент білім алып жатыр.Бүгінгі таңда бұл әскери дайындықтағы ең сұранысқа ие бағыттардың бірі болып отыр. Технологиялық даму мен заманауи қақтығыстар сипатының өзгеруіне байланысты дрон операторлары ұрыс алаңында негізгі мамандарға айналуда.Оқыту барлау және топогеодезия мамандығы бойынша жүргізіледі. Болашақ офицерлер дрондарды басқаруды ғана емес, сонымен қатар деректерді талдау, жергілікті жерді бағдарлау, шешім қабылдау және есептоп құрамында үйлесімді әрекет етуді меңгереді. Оқып жатқан 35 студенттің 15-і оператор ретінде, ал қалған 20-сы есептоп командирі ретінде дайындалуда.Дайындықтың бастапқы кезеңі арнайы сыныпта өтеді. Мұнда кәсіби басқару пульттері бар автоматтандырылған жұмыс орындары қарастырылған. Жаттықтыру кешенінде курсанттар пилоттау дағдыларын жетілдіріп, нормативтерді тапсырғаннан кейін ғана нақты ұшуларға жіберіледі.Тәжірибе барысында олар ішкі полигонда және күрделі құрылыс жағдайында тапсырмаларды орындайды. Болашақ операторлар әуе барлауын жүргізуді, нысандарды анықтауды, деректерді нақты уақытында жеткізуді және интернетсіз автономды байланыс арналары арқылы жұмыс істеуді үйренеді.Дайындықтың соңғы кезеңінде студенттер атыс жүйесімен интеграцияны меңгереді. Олар нысандардың дәл координаттарын беру, оқ атуды реттеу және тапсырмаларды жоғары дәлдікпен әрі жылдам орындауды пысықтайды.– Мамандарды даярлау теориялық білімді, практикалық дағдыларды және студенттердің мотивациясын ескере отырып жүргізіледі. Командалық жұмыс пен жоғары технологиялық техниканы басқаруға деген кәсіби қызығушылыққа жіті көңіл бөлінеді. Болашақ офицерлер ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды басқару жарыстарында табысты өнер көрсетіп жүр. Соның ішінде AITU KazRoboDrone сайысындағы нәтижені айтуға болады. Өткен жылы университет командасы республикалық деңгейде бірінші орын, ал халықаралық аренада төртінші орын иеленді, – деді «Арнайы әскерлерді ұрыста қолдану» циклының басшысы запастағы подполковник Марат Истемесов.Дайындық практикаға негізделген және ұрысқа барынша жақын жағдайда ұйымдастырылды. Курсанттар виртуалды тренажерлерден бастап күрделі тактикалық тапсырмаларды орындауға дейінгі жолдан өтеді. Оқу барысында заманауи ұшқышсыз басқарылатын барлау жүйелерінен бастап маневрлік FPV-дрондарға дейін қолданылады. Студенттер техниканың құрылысын зерделеп, аппараттарды жинау мен бағдарлама жасақтауды меңгереді, сонымен қатар шектеулі байланыс және радиоэлектрондық кедергілер жағдайында әрекет етуді үйренеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1196857?lang=kk
Қазақстандағы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1577-ге артты 09.04.2026
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі, 2026 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, еліміздегі әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің (ӘКС) саны 1 577-ге жеткенін хабарлайды. Есептік кезеңде Тізілімге 146 жаңа қатысушының енгізілуі бұл сектордағы тұрақты өсуді айғақтайды.Салыстырсақ, 2025 жылғы қорытынды бойынша елде 1 431 әлеуметтік кәсіпорын жұмыс істеген. Тізілімге енгізілген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері қаржылық, инфрақұрылымдық және консультациялық көмекті қосқанда, мемлекеттік қолдау шараларын алуға құқылы. Қолдаудың негізгі құралдарының қатарында пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, кредитке кепілдік беру және мемлекеттік грант беру бар (ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 17 қыркүйектегі № 754 қаулысы).Әлеуметтік кәсіпкерлік заңнамада алғаш рет 2021 жылы бекітілді. Ол азаматтар мен қоғамның әлеуметтік мәселесін шешуге арналған кәсіпкерлік қызмет ретінде анықталады. Оған мүмкіндігі шектеулі адамдар құрған кәсіпорындар, сондай-ақ ерекше қажеттілігі бар адамдар мен халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдері үшін жұмыс орнын қамтамасыз ететін ұйымдар кіреді.Тізілімді қалыптастыру мен жүргізу орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы негізінде жүзеге асырылады. Облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары арнайы комиссиялар жұмысының нәтижесі бойынша мәлімет береді. Олар өтінімдерді қарап, жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғаларды (ірі бизнес субъектілерін қоспағанда) ресми тізімге енгізу жөнінде ұсынымдар әзірлейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1196840?lang=kk
Алматы облысында «Тайқазан – 2026» байқауы басталды 08.04.2026
Алматы облысында «Тайқазан – 2026» кәсіби шеберлік фестивалі басталды. Шараны облыстық Білім басқармасының қолдауымен «Қызмет көрсету және тамақтандыру саласындағы инновациялық технологиялар колледжі» ұйымдастырды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Фестивальге Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Павлодар, Маңғыстау, Қызылорда, Абай, Жетісу облыстары және өзге де өңірлерден 100-ден астам өтініш түскен. Қатысушылар аспаздық шеберлік, тігін және дизайн саласында түрлі номинация бойынша сынға түсуде. Заманауи стильді ұлттық ерекшелікпен байланыстыру – маңызды талаптардың бірі.Қатысушылардың жұмысын Франция, Түркия, Египет, Италия, Ресей, сондай-ақ ТМД елдерінен келген халықаралық сарапшылар бағалайды.Фестиваль студенттердің кәсіби құзыретін дамытуға және заманауи білім беру тәжірибелерін енгізуге оң ықпал етеді. Байқау жеңімпаздары 10 сәуір күні белгілі болады.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1196775?lang=kk
Аида Балаева Алматы облысындағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексерді 08.04.2026
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматы облысындағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексерді.Жұмыс сапарына орталық мемлекеттік органдардың, Үкімет аппаратының өкілдері, сондай-ақ Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.Тексеру барысында Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар мен «ASP Arena» көпфункционалды кешені қаралды. Облыс әкімдігі мен бейінді қызметтер санитариялық дайындық, қауіпсіздік шаралары, медициналық, құтқару және құқық қорғау қызметтерінің жұмысы, сондай-ақ демалушыларға қолайлы жағдай жасау жөнінде баяндады.Аида Балаева нысандардың толық дайындығын дәл қазірден бастап қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар халықпен уақытылы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің, судағы қауіпсіздікті, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.Сонымен бірге барлық жағажайлар мен демалыс аймақтары әкімдіктердің қарауында емес екені де арнайы айтылды. Осыған байланысты Аида Балаева жекеменшік нысандардың иелері де тазалыққа, қоғамдық тәртіпке, инфрақұрылымның жай-күйіне және ең алдымен адамдардың судағы қауіпсіздігіне толық жауапкершілікпен қарауға тиіс екенін айтты. Облыс әкімдігіне демалыс аймақтары иелерінің атына қауіпсіздікті қамтамасыз ету, санитариялық талаптарды сақтау және жазғы маусым кезеңінде жұмысты тиісті деңгейде ұйымдастыру жөніндегі ұсынымдар қамтылған тиісті хабарламалар әзірлеу тапсырылды.Бұдан бөлек, туризм және спорт министріне туристік нысандар иелері мен жеке компаниялардың қажетті инфрақұрылымды қамтамасыз етуіне, қауіпсіздік талаптарын сақтауына және белгіленген нормаларды орындауына қатысты жауапкершілігін реттейтін құқықтық тетіктерді пысықтау тапсырылды. Жекеменшік демалыс аймақтары азаматтар мен мемлекет алдындағы тиісті жауапкершіліксіз тек коммерциялық қызметпен ғана шектелмеуге тиіс екені баса айтылды.Премьер-министрдің орынбасары туристік аймақтарда жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орындары мен өзге де сервистік нысандар қызметінің заңдылығын бақылау қажеттігіне де айрықша назар аударды. Уәкілетті органдарға еңбек заңнамасының сақталуын, қызметкерлермен, оның ішінде жұмысқа тартылатын жастармен және студенттермен жасалған еңбек шарттарының болуын, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарының орындалуын тексеруді қамтамасыз ету тапсырылды. Азаматтардың құқықтары толық көлемде сақталуға тиіс екені атап өтілді. Бұл демалушылардың да, жергілікті тұрғындар мен қызметкерлердің де құқықтарына бірдей қатысты.Сонымен қатар көлік логистикасы, автотұрақтардың жеткіліктілігі, жол қозғалысын ұйымдастыру және жаппай демалыс орындарындағы көлік ағынын реттеу мәселесі де көтерілді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын бұзуға қатаң әрекет ету қажеттігі бөлек көрсетілді. Аида Балаева барлық белгіленген талаптар мүлтіксіз сақталуға тиіс екенін, ал құқық бұзушыларға қатысты шаралар уақтылы әрі заңнамаға сәйкес қабылдануы қажет екенін атап өтті.«“Таза Қазақстан” идеологиясы жай ұран болып қалмай, туристік нысандардың жай-күйінен көрініс табуы керек. Ол тазалықтан, тәртіптен, кеңістіктің түсінікті ұйымдастырылуынан және ортақ демалыс орнына деген құрметтен байқалуға тиіс. Ал “Заң мен тәртіп” қағидаты барлық қызметтің нақты әрі үйлесімді жұмысынан және қауіпсіздік талаптары мен қоғамдық тәртіп нормаларын бұзғандарға қатысты шаралардың бұлтартпай қолданылуынан көрінуі қажет», — деді Аида Балаева.Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары аумақтардың санитариялық жағдайын күшейтуді, инфрақұрылым мен қауіпсіздік қызметтерінің дайындығын қамтамасыз етуді, халықпен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ коммуналдық және жекеменшік демалыс нысандарына жүйелі бақылау орнатуды тапсырды. Сонымен бірге заңдылықтың сақталуына, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғалуына және меншік иелерінің қауіпсіздік, тәртіп пен көрсетілетін қызмет сапасы үшін жауапкершілігіне ерекше мән берілді.primeminister.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1196761?lang=kk
Жолаушы жолы жеңілдейді 08.04.2026
Алматы облысында көлік инфрақұрылымын дамыту және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарлама аясында қоғамдық көліктерді кезең-кезеңімен жаңарту, бағытын кеңейту бойынша да нақты жұмыстар атқарылуда, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Елді мекендердің қоғамдық көлікке қолжетімділігін арттыру және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсарту шаралары басты назарда. Мысалы, Алатау қаласы мен Ұйғыр ауданында екі жаңа автобус бағыты ашылды. Соның арқасында халықтың жүріп-тұруы жеңілдеп, өзге маршруттардың жүктемесі азайды. Сонымен қатар «Алматы облысы Автобус паркі» ЖШС екі жаңа маршрутты іске қосты.Қоғамдық көлікті жаңартуға да ерекше көңіл бөлінуде. Бұл тасымалдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, автопарктің техникалық жағдайын жақсартуға ықпал етеді. Жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді. Биыл 31 жаңа автобус сатып алынады деп жоспарланған. Қазіргі таңда оның 9-ы Талғар ауданында іске қосылған. 5 бірлік Yutong және 4 бірлік Isuzu жаңа автобустары халық игілігіне қызмет етуде.Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сай жалғасын табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1195450?lang=kk
Жаңа стандартқа сәйкес жертөлелер мен паркингтер паналау орындарына бейімделеді 08.04.2026
Қазақстанда халықты паналау орындарымен қамтамасыз ету қағидалары бекітілді. Жаңа стандарт жертөлелерді, жерасты паркингтерін және басқа да жер асты кеңістіктерін қамтиды, деп хабарлайды ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі.2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда төтенше жағдайлар кезінде пайдаланылатын паналау орындарына арналған жаңа стандарт күшіне енді. Атап айтқанда, СТ РК 4016-2025 құжаты жертөлелерді, паркингтерді және басқа да жер асты үй-жайларын халықты қорғау мақсатында бейімдеуге қойылатын талаптарды айқындайды. Аталған стандарт 2025 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспары шеңберінде Төтенше жағдайлар министрлігінің өтінімі негізінде ҚазСтандарт тарапынан әзірленді.ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінде құжаттың төтенше жағдайларға дайындық деңгейін арттыруға және халық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталғаны атап өтті.Әлемдік тәжірибеде халықты қорғау үшін жертөлелер, цокольдік қабаттар, жерасты өткелдері мен метрополитен сияқты жер асты кеңістіктері кеңінен қолданылады. Қазақстанда да мұндай нысандар азаматтық қорғанысқа арналған қорғаныс құрылыстары ретінде бейімделуі мүмкін.Жаңа стандарт қолданыстағы нормативтік олқылықтарды жойып, паналау орындарына қойылатын бірыңғай талаптарды енгізеді. Құжат табиғи, техногендік және әскери сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғау мақсатында ғимараттарды тексеру және оларды бейімдеу тәртібін айқындайды.Стандартта үй-жайлардың құрылымы мен жоспарлануына, сондай-ақ тіршілікті қамтамасыз ету жүйелеріне қойылатын талаптар белгіленген. Олардың қатарына желдету, сумен жабдықтау, электрмен қамту, санитариялық жағдайлар және байланыс жүйелері кіреді. Сонымен қатар ғимараттардың техникалық жай-күйін бағалау тәртібі, оның ішінде көтергіш конструкциялар мен инженерлік жүйелерді тексеру талаптары қамтылған.Қажет болған жағдайда конструкцияларды күшейту және үй-жайларды қайта бейімдеу шаралары көзделген. Стандартта типтік инженерлік шешімдердің үлгілері мен паналау орындарының жарамдылығын бағалау кестесі берілген.Жоба Төтенше жағдайлар министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, сондай-ақ басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдармен келісілген.Келісу барысында ұсынылған ескертулер техникалық шешімдерді әзірлеу кезінде географиялық, климаттық және сейсмикалық ерекшеліктерді ескеру, ұшқышсыз ұшу аппараттарынан қорғану тетіктерін енгізу, қайта бейімдеу сызбаларының үлгілерін қосу, паналау орындарының конструкцияларын күшейту және халықтың қолжетімділігін қамтамасыз ететін автоматтандырылған жүйелерді енгізу мәселелерін қамтыды. Барлық ұсыныстар ескерілді.Аталған стандартты қабылдау жер асты кеңістіктерін тиімді пайдаланудың бірыңғай тәсілін қалыптастыруға және төтенше жағдайлар кезінде халықты қорғау деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1195458?lang=kk
Шомылу маусымына дайындық күшейеді 08.04.2026
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде шомылу маусымына дайындық жұмыстарын күшейтуді тапсырды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Аймақ басшысы жағажайдағы қауіпсіздік пен тәртіп, демалыс орындарының талаптарға сай болуы басты назарда болуы тиіс екенін айтты.«Адам шығынының болмауын қатаң бақылауда ұстау керек. Көбіне адам өлімі рұқсат етілмеген аймақтарда болады. Сондықтан мұндай орындарды қадағалап, жер иелерімен де жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Шомылуға рұқсат етілген аймақтар тексеріліп, қауіпсіздік белгілері мен ескерту тақтайшалары орнатылуы тиіс», – деді Марат Сұлтанғазиев.Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, шомылу маусымына орай су түбін тазалау, санитарлық жағдайды бақылау және инфрақұрылымды ретке келтіру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бақылау камералары жұмыс істейді. Қазіргі таңда демалыс орындарының 80 пайызы шомылу маусымына дайын. Жергілікті атқарушы орган, облыстық прокуратура, Полиция департаментімен бірігіп кешенді тексеру жұмысы жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1195463?lang=kk
«Sauda in Digital Nauryz» жеңімпаздарына марапаттар табысталды 08.04.2026
2026 жылғы 13-23 наурыз аралығында елімізде сауда саласындағы цифрлық шешімдерді дамытуға бағытталған «Sauda in Digital Nauryz» республикалық байқауы өтті. Сауда орталықтары мен желілері арасында ұйымдастырылған бұл дода цифрлық технологияларды қолдану арқылы ұлттық мәдениетімізді дәріптеуді мақсат етті.Байқау шарты бойынша қатысушылар әлеуметтік желілерде арнайы бейнероликтер жариялады. Жеңімпаздарды анықтау кезінде ұлттық бірегейлік, креативтілік, жасанды интеллектті пайдалану деңгейі, аудиторияның қызығушылығы және жұмыстың сапасы сияқты маңызды критерийлер негізге алынды.Байқау қорытындысы бойынша келесі номинациялар бойынша үздіктер анықталды:«Үздік цифрлық безендіру» номинациясы — «Анвар» сауда желісі (Ақтөбе қ.);«Үздік цифрлық құттықтау» номинациясы — «ЦУМ» сауда орталығы (Қарағанды қ.);«Жасанды интеллектті үздік пайдалану» номинациясы — «Ұмай» сауда орталығы (Қарағанды қ.);«Ең креативті Digital-жоба» номинациясы — «Small» сауда желісі (Алматы қ.).Салтанатты шара барысында жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі басшылығының атынан арнайы дипломдар мен ұлттық киімдер табыс етілді.Байқау аясында «Тарбия» ұлттық киімдер дүкенімен бірлесіп, еліміздің ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында ұлттық киімдерді тегін киіп көру аймақтары ұйымдастырылды. Сондай-ақ тақырыптық фотоаймақтар құрылып, Instagram-жақтаулары орнатылды. Барлығы #saudadigitalnauryz бірыңғай хештегімен әлеуметтік желіде жарияланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1195554?lang=kk
Қазақстан мен Германия сыртқы саяси диалогты нығайтуда 08.04.2026
Астана, 2026 жылғы 6 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов Астанаға жұмыс сапармен келген Германия Сыртқы істер министрлігінің Еуропа істері жөніндегі статс-министрі Гюнтер Крихбауммен кездесті.Сұхбат барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Германия ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму әлеуетін талқылады.Көлік-логистика саласындағы өзара іс-қимылға, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға, сондай-ақ Германия компанияларының Қазақстандағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатысуына ерекше назар аударылды.Халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде көпжақты алаңдардағы күш-жігерді үйлестіру бойынша пікір алмасылды.Кездесу қорытындысы бойынша серіктестікті одан әрі нығайтуға және барлық негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделілік расталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1195839?lang=kk
ҚР СІМ-де БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілімен кездесу өтті 08.04.2026
Астана, 2026 жылғы 7 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілі Властимил Самекпен кездесті.Кездесу барысында қазақ дипломаты БҰҰ өкіліне Қазақстандағы БҰҰ Ақпараттық бюросының басшысы ретіндегі белсенді қызметі үшін, сондай-ақ ҚР Үкіметі мен Парламентімен БҰҰ-ның елдік командасының қызметін жариялау бағытындағы тиімді өзара іс-қимылды жолға қойғаны және БҰҰ қызметіне тартылған барлық ұлттық және халықаралық серіктестермен тығыз байланыс орнатқаны үшін алғысын білдірді.Өз кезегінде В.Самек Қазақстандағы қызметі жылдарында БҰҰ Ақпараттық бюросы Үкімет үшін БҰҰ-мен өзара іс-қимылды дамытуда сенімді серіктеске айналғанын, сондай-ақ Қазақстандағы БҰҰ қызметіне байланысты оң өзгерістер туралы ақпаратты белсенді таратқан қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді жұмыс жүргізілгенін атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша Е.Ашықбаев ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаевтың атынан В.Самекке Қазақстан Республикасы мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін құрмет грамотасын табыс етті.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1195864?lang=kk
2026 жылғы I тоқсанда өңдеу өнеркәсібі 6% деңгейінде өсуі ықтимал 08.04.2026
Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында 2026 жылғы қаңтар-наурыздағы әлеуметтік-экономикалық дамудың болжамды көрсеткіші қаралды.Алдын ала дерек бойынша, 2026 жылғы қаңтар-наурыз айларының қорытындысында өңдеу өнеркәсібінде 6% деңгейінде өсім орын алуы мүмкін. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша бірқатар салада тұрақты оң динамика сақталуда, мәселен: жеңіл өнеркәсіп – 156,4%, дайын металл бұйымы – 131,4%, жиһаз өндірісі – 127,6%, құрылыс материалы өндірісі – 127,4% және машина жасау – 115,5%.Көлік министрлігінің хабарлауынша, есептік кезеңде көлік саласының өсуі 109% деңгейінде деп бағаланған. Көрсетілген қызметтің жалпы көлемі 2,8 трлн теңгені құраған, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңнен 14,3%-ға жоғары.Оң динамика тасымалдау көлемінің ұлғаюы есебінен қамтамасыз етілген. Осылайша, жалпы жүк тасымалдау көлемі 7,9%-ға, яғни 290,9 млн тоннаға өскен. Жолаушыларды барлық көлік түрімен тасымалдау 11,0%-ға, яғни 491,2 млн жолаушыға дейін артты.Жүк айналымы 153,7 млрд тонна-шақырым болып, 11,8%-ға артса, жолаушылар айналымы 10,1%-ға өсіп, 22,8 млрд жолаушы-шақырымға жетті.Жедел деректер бойынша, 2026 жылғы үш айда жүкті теміржол көлігімен тасымалдау көлемі 78,3 млн тонна болған. Бұл 2025 жылғы сәйкес кезеңнен 3,6%-ға артық (+2,7 млн тонна). Тасымалдарды санаттарға бөліп қарастырсақ, ел ішіндегі тасымал 40,8 млн тоннаны, экспорт 22,8 млн тоннаны, импорт 5,6 млн тоннаны, транзит 9,1 млн тоннаны құрады.Экспорт құрылымында көмір, астық, тыңайтқыш, құрылысқа қатысты жүктер, қара металл, сондай-ақ басқа да жүк (оның ішінде құрама жем, өсімдік майы, асбест) тасымалының өскені байқалады.Республика ішіндегі қатынаста көмір, мұнай өнімі, астық, химикат тасымалы артқан.Отырысты қорытындылай келе, Серік Жұманғарин салалық мемлекеттік органдарға экономикалық өсімнің қосымша резервін анықтауды, оның ішінде мемлекеттік қолдау құралын пайдалану жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды.«Бізге қосымша өнім шығару немесе жаңа тұрғын үйді пайдалануға беру арқылы болса да өндіріс пен қызмет көлемін нақты ұлғайту қажет. Керек болған жағдайда мемлекет мұндай бастамаларды, оның ішінде, субсидиялау тетігі арқылы да қолдауға дайын», - деп атап өтті вице-премьер.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1195870?lang=kk
Қазақстан мен Молдова консулдық саладағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі 08.04.2026
Кишинёв, 2026 жылғы 7 сәуір – Консулдық мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы мен Молдова Республикасының сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар өтті.Қазақстан делегациясын Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры Азамат Аубеков, Молдова тарапын СІМ Консулдық істер жөніндегі бас басқармасының басшысы Лилиан Морару басқарды. Сонымен қатар кездесуге екі мемлекеттің құзыретті органдарының өкілдері қатысты.Дипломаттар өзара іс-қимыл деңгейін жоғары бағалап, сенім мен халықаралық құқық нормаларын сақтау қағидаттарына негізделген ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екендіктерін растады. Кездесу барысында көші-қон саясаты, шекараларды басқару, құжаттарды өзара тану, консулдық қызметтерді цифрландыру, сондай-ақ халықаралық конвенцияларға сәйкес азаматтарға құқықтық көмек көрсету мәселелері талқыланды. Қатысушылар бұл форматтардың маңыздылығына және олардың екіжақты қатынастардың дамыуына үлес қосатынын атап өтті.Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екі ел азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында ақпарат алмасуға дайын екендіктерін растады.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1195874?lang=kk
Мерзімді әскери қызмет: мұны әрбір әскерге шақырылушы білуі тиіс 08.04.2026
Қорғаныс министрлігі көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде  мерзімді әскери қызметтің негізгі аспектілерін түсіндіруді жөн көреді.Шақыру процесі цифрландырылғанШақыру процесі белсенді түрде цифрландырылып жатыр. Шақырту қағаздары SMS-хабарламалар мен eGov порталы арқылы ең кемі үш күн бұрын жіберіледі. Мұндай хабарлама ресми мәртебеге ие, яғни оны алған азамат жергілікті әскери басқару органына немесе шақыру пунктіне келуге міндетті.Азаматтық денсаулық сақтау мамандары жүргізетін медициналық тексеру әскерге жарамдылық санатын анықтайды. Заңды негіздер болған жағдайда кейінге қалдыру немесе босату беріледі. Әскери қызметке 18 бен 27 жас аралығындағы тиісті негіздері жоқ ер азаматтар шақырылатынын айта кеткен жөн.Әскер бізге не береді?Мерзімді әскери қызмет тәртіп пен жауапкершілікке тәрбиелеп, кез келген салада қажет командалық жұмыс дағдыларын қалыптастырады.Дене дайындығы мен денсаулықты нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Тұрақты спорттық жаттығулар, күн тәртібі және теңгерімді тамақтану төзімділікті арттыруға ықпал етеді.Қызмет барысында әскери қызметшілер заманауи технологияларды меңгеріп, байланыс, техника, логистика, медицина және басқа да салаларда қажетті тәжірибелік дағдыларға ие болып, еңбек нарығында қажетті мамандықтарға ие болады. Сондай-ақ қызмет көшбасшылық қасиеттерді, басқарушылық дағдыларды және шешім қабылдау қабілетін дамытуға көмектеседі.Қайда қызмет өтейді?Әскерге шақырылушыларды бөлу денсаулық жағдайына, білім деңгейіне, психологиялық тұрақтылығына және Қарулы күштердің қажеттілігіне байланысты жүзеге асырылады.Сарбаздар әскери қызметті Құрлық әскерлерінде, Әуе қорғанысы күштерінде, Әскери-теңіз күштерінде, Десанттық-шабуылдау әскерлерінде және басқа да әскери құралымдарда өтейді. Олардың қатарында ІІМ Ұлттық ұланы, ҰҚК Шекара қызметі, Мемлекеттік күзет қызметі және Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері де бар.Десанттық-шабуылдау әскерлері, теңіз жаяу әскерлері, Мемлекеттік күзет қызметі және ҰҚК Шекара қызметі сияқты әскери құралымдарға қабылдауға жоғары талаптар қойылады. Үміткерлер тереңдетілген медициналық және психологиялық іріктеуден, сондай-ақ дене дайындығы тексерісінен өтеді.Әскер сарбаздарға әлеуметтік кепілдіктер береді ме?Әскери қызмет кәсіби өсуге мүмкіндік береді. Әскери қызметшілер сұранысқа ие мамандықтарды меңгеріп шығады. Ал қызметтен кейін білім гранттарын және жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктерді пайдалана алады, сондай-ақ оларға несие демалыстары беріледі.Қосымша білім беру жеңілдіктері қарастырылған, оның ішінде ҰБТ тапсырмай-ақ грант алу мүмкіндігі және жатақханадан орын алуға басымдық беріледі. Қазіргі таңда 9 мыңнан астам азаматтиісті білім алу сертификаттарына ие болды.Қызметке қалай дайындалу керек?Дайындық дене және психологиялық тұрғыдан жүргізілуі тиіс. Төзімділікті дамыту, дене формасын сақтау және тәртіпке, ұжымда қызмет етуге дайын болу керек.Көктемгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. Мыңдаған қазақстандық жастар үшін әскери қызмет – тұлғалық қалыптасудың және кәсіби бағыт-бағдар алудың маңызды кезеңі екенін есте сақтаған жөн.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1195977?lang=kk