Қуқық
Маңғыстау облысында әскерге шақыруды қолдауға арналған патриоттық акция ұйымдастырылды 21.12.2025
Ақтау қаласындағы ірі сауда орталықтарының бірінде облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің ұйымдастыруымен әскери-патриоттық шара өтті.Қала тұрғындары мен қонақтарына Әскери-теңіз күштері мен Ұлттық ұланның әскери оркестрлері концерттік бағдарлама қойды. Музыкалық ұжымдар патриоттық шығармаларды орындап, көрермендердің зор ықыласына бөленді.Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері азаматтарға әскери бөлімдердегі бос лауазым орындары жайында, одан өзге Қазақстан Республикасы Қарулы күштері қатарында мерзімді және келісімшарт бойынша қызмет атқару шарттары туралы ақпаратпен бөлісті. Кадр бөлімдерінің өкілдері қойылған сұрақтарға жауап беріп, әскери қызметке қызығушылық танытқан азаматтарға кеңес берді.– Мұндай іс-шаралар әскери қызметтің беделін арттыруға және азаматтарды Қарулы күштер қатарында қызмет ету мүмкіндіктері туралы хабардар етуге бағытталған. Бүгін біз, жастар тарапынан үлкен қызығушылықты байқап отырмыз. Әскер әрдайым қоғамға ашық, ал әскери қызметті насихаттау жұмысы жүйелі түрде жалғасын табады, – деп пікірін білдірді Маңғыстау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Балтеміров.Шара барысында жастармен жұмысқа ерекше көңіл бөлінді. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері мектеп оқушыларымен әңгімелесіп, әскери қызметті өткеру тәртібін түсіндірді. Бұдан басқа оларға әлеуметтік пакеттер, жеңілдіктер мен әскери қызметшілерге берілетін кепілдіктер туралы мәліметтерді айтты.Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласы бойынша «Сарбаз аналары» комитетінің төрайымы Гүлмира Жанысбаеваның бастамасымен Әскери-теңіз күштерінің теңіз жаяу әскерлері бригадасы мен Шекара қызметінің мерзімді әскери қызметшілерін туған күндерімен құттықтау рәсімі өтті. Әскери бөлім командирлері қоғам өкілдерімен бірлесіп сарбаздарды әскери оркестрдің музыкалық сүйемелдеуімен құттықтады. Содан кейін әскери қызметшілер мерекелік торттан дәм татты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1129462?lang=kk
Отбасы институты мен рухани құндылықтар: Алматы облысында республикалық конференция өтті 20.12.2025
Алматы облысында қоғамның рухани дамуы, отбасы институтын нығайту және ұлттық бірегейлікті сақтау мәселелеріне арналған «Ислам және отбасы құндылықтары» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Конференция жыл басынан бері еліміздің түрлі аймақтарында дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған жүйелі жұмыстар аясында өткен мазмұнды шаралардың қорытындысы болды.Жұмыс сапары аясында облыс әкімі мен Бас мүфтидің кездесуі өтті. Өңір басшысы тұрақты діни ахуалды сақтау, қоғамдық келісімді нығайту және дәстүрлі құндылықтарды дәріптеудің маңызын атап өтті. Тараптар діни қызметкерлердің біліктілігін арттыру және жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін күшейтуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Марат Сұлтанғазиев қазіргі сын-қатерлер жағдайында отбасы институтын нығайту тек әлеуметтік міндет қана емес, ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі екенін атап өтті. “Мемлекет жағдай жасап, материалдық қолдау көрсете алады, алайда отбасының шынайы әл-ауқаты рухани құндылықтар — құрмет, жауапкершілік, өзара сенім және дәстүр сабақтастығы арқылы қалыптасады”-деді ол.Конференция барысында отбасының адамгершілік бағдарларды қалыптастырудағы, мәдени сабақтастықты сақтаудағы және өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі негізгі институт ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды. Осы тұрғыда дәстүрлі ислам құндылықтарының маңызы атап өтілді. Онда отбасы адалдыққа, құрметке, жауапкершілікке, сабырлылық пен өзара сыйластыққа негізделген аманат ретінде қарастырылады. Бұл қағидаттар қазақ халқының салт-дәстүрімен тарихи тұрғыда үйлеседі.Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері өңірде 7 302 неке тіркелген. Алғашқы некеге тұру жасының ұлғаю үрдісі байқалады: ерлердің орташа жасы — 27,9, әйелдердікі — 25,2 жас. Алматы облысында 75 678 көпбалалы отбасы тұрады, 11 975 ана «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегері атанған.Сонымен қатар өңірде отбасы институтын және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды қолдауға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері 3 522 отбасына 2,3 млрд теңгеден астам сомаға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Тұрғын үй бағдарламалары аясында әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 427 пәтер берілді.Өңірде 312 мешіт жұмыс істейді, онда 517 діни қызметкер еңбек етеді. 2024–2025 жылдары 200-ден астам имам теологтар, заңгерлер мен психологтардың қатысуымен арнайы курстар мен семинарлардан өтті. Оқыту діни экстремизмнің алдын алуға, отбасылық жанжалдарды шешуге, жастармен жұмыс істеуге және деструктивті идеологияларға қарсы тұруға бағытталған.Қатысушылар 2025 жылды «Ислам және отбасылық құндылықтар» жылы деп жариялау бастамасын уақтылы әрі маңызды шешім ретінде атап өтті. Бұл қадам отбасы институтын қолдауға, жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға және қоғамды топтастыруға бағытталған.Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар айтылған ұсыныстар мен бастамалар Алматы облысы мен жалпы ел көлемінде отбасы институтын нығайтуға, рухани құндылықтарды дамытуға және әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға өз үлесін қосатынына сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1129440?lang=kk
Алматы облысының делегациясы Түркиядағы ірі мыс өңдеу кәсіпорнының жұмысымен танысты 20.12.2025
Алматы облысының делегациясы Түркия Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Конья қаласында орналасқан Eti Bakır A.Ş. компаниясының мыс өңдеу зауытын аралады. Мақсат – кәсіпорынның өндірістік әлеуетін бағалап, тау-кен металлургиясы саласындағы озық тәжірибемен танысу.Eti Bakır A.Ş. – Cengiz Holding құрамындағы Түркияның жетекші металлургиялық компанияларының бірі. Компания қызметі мыс шикізатын барлау мен өндіруден бастап, оны байытып, металл күйінде шығаруға дейінгі барлық кезеңдерді қамтиды. Өндіріс орындары елдің бірнеше өңірінде орналасқан, өнімдері ішкі нарыққа да, шетелге де жеткізіледі.Зауытты аралау кезінде өндірісті өзара сабақтастыра ұйымдастыру және энергиямен қамтамасыз ету мәселелеріне баса мән берілді. Кәсіпорынның жеке энергетикалық қуаттарға сүйенуі шығынды азайтып, өндіріс қарқыны артқан жағдайда да жұмыс тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.Компанияның тәжірибесі Алматы облысының өнеркәсібін дамытуда, заманауи технологияларды енгізу, шикізатты терең өңдеу және экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту бағыттарында маңызды бағдар ретінде қарастырылуда. Делегация өкілдерінің айтуынша, мұндай сапарлар іскерлік байланыстарды бекітіп, өңірдің халықаралық әріптестігін нығайтуға жол ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1129441?lang=kk
Әскери-теңіз күштерінде К-1 курстық тапсырмасын орындау басталды 20.12.2025
К-1 – бұл әскери кеменің экипажы алғашқы кезеңде орындайтын негізгі оқу-тәжірибелік тапсырма.Бұған дейін матростар әскери-теңіз базасындағы оқу орталығында теориялық және практикалық дайындықтан өтті. Оқудың алғашқы күндерінен бастап оқу-жаттығу кешенінің нұсқаушылары олардың кәсіби дамуын мұқият қадағалады. Тапсырмалар заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған және нақты апаттық жағдайларды имитациялайтын «өрт полигоны» мен «су бассейні» кешендерінде орындалды.Нұсқаушылардың бақылауынша, әр жаңа шақырылымның өз ерекшеліктері бар. Яғни, олардың бойында күш-қуат дайындық деңгейі, төзімділік, шеберлік пен реакция жылдамдығында айырмашылықтар кездеседі. Сондықтан нұсқаушылар жеке құрамның сауатты, үйлесімді, әрі сенімді жұмыс істеуіне барынша күш салды. Сонымен қатар, кіші командирлердің де рөліне ерекше назар аударылды.– Оқу орталығында олар апаттық-құтқару құрал-жабдықтарымен танысып, төтенше жағдайларды болдырмау және олардың салдарын жою бойынша әрекет ету алгоритмдерін үйренді. Сондықтан олар жауынгерлік кемелерге қалыптасқан және дайындалған мамандар ретінде келіп, күрделі әрі экстремалды жағдайларда сенімді әрекет ете алатындарын көрсетті, – деді кемелердің тіршілігін қамтамасыз ету жөніндегі оқу-жаттығу станциясының бастығы капитан-лейтенант Самат Мамушев.К-1 курстық тапсырмасының негізгі элементтерінің бірі – кеменің тіршілігі үшін күрес. Оны орындау үшін корпусқа зақым келтірілгендей жағдай жасалады. Тар бөлмеде, су жылдам кіріп жатқан жағдайда апаттық топ мүмкіндігінше қысқа мерзімде тесіктерді бітейді.К-1 курстық тапсырмасының негізгі мақсаты – жеке құрамның кәсіби дайындығын жетілдіру, экипаждың үйлесімді әрекетін дамыту, кез келген экстремалды жағдайларда жылдам, әрі сауатты әрекет етуге дайындығын қалыптастыру.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1129386?lang=kk
Қостанай облысының денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту 20.12.2025
Қостанай облысында халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған денсаулық сақтау жүйесін дамыту және жаңғырту жөніндегі мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.Соңғы екі жылда облыстың ауылдық елді мекендерінде 26 алғашқы медициналық-санитариялық көмек нысаны – дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер салынды. Жаңа нысандар заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оның ішінде ультрадыбыстық аппараттар, зертханалық кешендер, оңалту және физиотерапия жабдықтары бар. Бұрын мұндай құрылғылар ауыл деңгейінде қолжетімсіз еді.Саланы материалдық-техникалық тұрғыдан нығайтуға ерекше басымдық берілуде. Биыл бұл мақсатқа 9,8 млрд теңге бөлінді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда (3,3 млрд теңге) үш есе көп.Бүгінде облыстағы медициналық ұйымдарда 4 ангиограф, 11 компьютерлік томограф және 2 магниттік-резонанстық томограф жұмыс істеп тұр.Қосымша жаңа КТ мен МРТ аппараттары, екі ангиограф, сондай-ақ онкологиялық ауруханасына арналған сызықтық үдеткіш сатып алынды. Облыста алғаш рет орнатылған сызықтық үдеткіш науқастарға сәулелік терапияны өз өңірінде алуға мүмкіндік беріп, басқа аймақтарға бару қажеттігін жойды.2026 жылы Арқалық және Жітіқара өңірлік ауруханаларына екі МРТ және екі ангиограф сатып алу жоспарлануда. Жоғары технологиялық жабдықтарды енгізу қан айналымы жүйесі аурулары, нейрохирургиялық және травматологиялық патологиялар кезінде шұғыл әрі жоспарлы хирургиялық көмектің сапасын айтарлықтай арттырады. Заманауи КТ мен МРТ ауруларды ерте анықтаудың деңгейін көтеруге ықпал етеді.Сонымен қатар, осы айдың басында облыстың жедел жәрдем қызметіне 50 жаңа арнайы автокөлік табысталды. Заманауи жабдықтармен қамтылған бұл машиналар шұғыл көмек көрсетуді тиімді етуге, тозығы жеткен автопаркке түсетін жүктемені азайтуға және бригадалардың кешігу тәуекелдерін барынша төмендетуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1129385?lang=kk
Алматыдағы әскери білім ордасында сарбаз ата-аналарна арналған ашық есік күні өтті 20.12.2025
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында ата-аналар балаларының қызмет ету жағдайымен танысып, олардың күнделікті тыныс-тіршілігін өз көздерімен көрді.Қонақтар казармаға, асханаға, медициналық және тұрмыстық бөлмелерге барды. Бөлімше командирлерімен әңгіме барысында жеке құрамның тұрмысын, тамақтануын, күн тәртібін және моральдық-психологиялық жай-күйін ұйымдастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.Әскери бөлімде психологтар сарбаздарға ұдайы сабақтар ұйымдастырады. Олар тұрақты тұлғалық қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған тәрбиелік және спорттық іс-шараларға қатысады.Ата-аналар қызмет барысында ұлдарының оң өзгерістерін атап өтті. Олардың бойындағы жауапкершілігі артып, тәртіпті және дербес бола бастағанын байқадық дейді.– Біз Жамбыл облысынан келдік. Бізді қызмет шарттарымен таныстырды. Бұл бөлімде тәртіпке ғана емес, сонымен қатар тәрбие жұмысына да көп көңіл бөлінеді екен. Бейімделу кезеңінде ұлдарымызға көрсеткен зейіні мен қолдауы үшін басшылыққа шын жүректен алғыс айтамыз, – деді сарбаздың анасы Гүлмира Рахымова.Айта кетейік, РЭжәнеБӘИИ оқу процесін қорғау және қамтамасыз ету ротасы 2023 жылы құрылған болатын. Осы уақыт ішінде он төрт мерзімді қызмет сарбазы азаматтық жоғары оқу орындарының білім беру гранттарын иеленді. Он бес әскери қызметші әскери жоғары оқу орындарында оқуға сертификаттар алды, тағы бесеуі әскерде қаламыз деген шешім қабылдап, келісімшарт бойынша қызметін жалғастырмақшы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1129374?lang=kk
Алматы әкімі Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісімен кездесті 19.12.2025
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Бахтиёр Ибрагимовпен кездесті.Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту, сондай-ақ туризм саласындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.Мегаполис басшысы Алматы мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымының оң динамикасын атады. Биыл 9 айда көрсеткіш 20%-ға артып, 850 млн АҚШ долларына жетті. Алматы қаласы екі ел арасындағы жалпы тауар айналымының бестен бір бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Қалада өзбек капиталы бар 4 174 кәсіпорын тіркелген.Өз кезегінде көршілес елдің Елшісі бұл көрсеткіштер екіжақты сенім мен әріптестіктің жоғары деңгейін көрсететінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1129250?lang=kk
«Әскер тарланы» байқауы: Қарулы күштердің 2025 жылғы жауынгерлік сайыс жеңімпаздары анықталды 19.12.2025
Астанада Қорғаныс министрі, авиация генералы-лейтенанты Дәурен Қосанов жыл сайынғы «Әскер тарланы» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.Ведомство басшысы құттықтау сөзінде армияны дамытудың негізгі басымдықтары ретінде ұтқырлықты, технологиялық жаңашылдықты және жеке құрамның қажеттіліктеріне бағдарлануды тілге тиек етті.Министр қорғаныс саласына ақпараттық технологияларды кеңінен енгізудің маңызын айрықша атап, бұл үдеріс әскери басқару жүйелерін жетілдіруді, құқық тәртібін қамтамасыз етуді, медициналық мониторинг жүргізуді және азаматтарға көрсетілетін сервистік қызметтерді қамтитынын жеткізді.– Бүгін біз күнделікті қызметімен кәсібиліктің сөзбен емес, нақты іспен өлшенетінін дәлелдеген азаматтарға құрмет көрсетіп отырмыз. «Әскер тарланы» – бұл командирлер сенімінің, қарулас серіктер сыйластығының және отбасылар мақтанышының айқын белгісі.Сіздердің білімдеріңіз бен сабырларыңыз, тәртіпке деген беріктіктеріңіз және жолдастық рухтарыңыз – армияның ең асыл құндылығы. Біздің басты міндетіміз – адал қызмет пен кәсіби дамуға қолайлы жағдай жасау. Әрбір әскери қызметші өзіне жүктелген жауапты міндетті жанқиярлықпен, абыроймен атқарған еңбегі әрдайым еленіп, лайықты бағасын алатынына сенімді болуы керек, – деді қорғаныс министрі.Кәсіби сайыс қорытындысы бойынша үздік ұшқыш аталымын майор Асхат Тезекбаев (53975 әскери бөлімі) жеңіп алды. Ал «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кемесінің командирі 3-дәрежелі капитан Ермекбай Оспанов (29011 әскери бөлім) үздік теңізші атанды.Арнайы операциялар күштерінің 20030 әскери бөлімінде қызмет ететін аға лейтенант Бақытжан Жайлаубаевтың ерлігі мен батылдығы «Жаужүрек» номинациясымен бағаланды. Ал сержант Андрей Фукске (Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне қарасты 97638 әскери бөлім) «Әуе қорғаушысы» номинациясы бұйырды.Жауынгерлік сайыста үздік сержант аталымы 3-сыныпты сержант Жандос Рақымғазыға (18404 әскери бөлімі) берілді. Ал спорттағы жоғары жетістіктері үшін 35950 әскери бөлімінің өкілі капитан Жолдас Сапар «Үздік спортшы» номинациясымен марапатталды.Құрлық әскерлерінің төрт бірдей маманы кәсіби шеберлігімен жоғары құрметке болды. Үздік артиллерист аталымы аға сержант Данияр Бекжанға (12740 әскери бөлімі) бұйырса, кіші сержант Асхат Тыныштық (25744 әскери бөлімі) жауынгерлік машинаның үздік командирі деп танылды. Ал мергендер арасында ефрейтор Елнұр Көзжан (99116 әскери бөлімі) үздік атанса, сержант Қуандық Ахметқалиев (10810 әскери бөлімі) жауынгерлік машинаның үздік жүргізушісі аталымын иеленді. Сонымен бірге Өскемен қаласындағы әскери лазаретте қызмет атқаратын сержант Анна Голованованың мейірімділігі мен адалдығы «Абзал жан» номинациясымен бағаланды.Бітімгерлік миссиясындағы үлгілі қызметі үшін Бітімгерлік операциялар орталығының өкілі майор Бахтияр Батталов үздік бітімгер атанды. Ал үздік байланысшы аталымы аға сержант Рүстем Ерденбековке (54380 әскери бөлімі) берілсе, саперлер арасында сержант Сағит Мыңбай (44859 әскери бөлімі) «Қайсар жүрек» аталымымен дараланды.Бұдан бөлек капитан (54179 әскери бөлімі) Медет Күзембаев Радиоэлектрондық күрес саласындағы үздік маман ретінде танылды. Жедел кезекші аталымын подполковник Артур Мисалим (78639 әскери бөлімі) иеленсе, тылдық қамтамасыз ету саласының үздік маманы номинациясымен кіші сержант Айбек Есенжолов (44293 әскери бөлімі) марапатталды. Ал радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерлерінің үздік маманы аталымы сержант Ернұр Тәңірбергенге (22534 әскери бөлімі) табысталды.Кәсіби сайыс жеңімпаздары қатарында майор Азамат Ашықов (44803 әскери бөлімі) кадр қызметінің үздігі, 12740 әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Ренат Қалидолдин тәрбие жұмысы жөніндегі үздік офицер атанды. Ақтау өңірлік гарнизонынан кіші сержант Қыдырғали Әділхан әскери полиция қызметі бойынша үздік деп танылды.Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің өкілі әділет полковнигі Бекзат Асқаров құқық саласындағы үздік маман аталымымен марапатталды. Қаржы қызметі бойынша үздік аталымы подполковник Нұргүл Досымбаеваға (32039 әскери бөлімі) бұйырса, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының өкілі полковник Өркен Дүйсембеков оқытушы мамандығы бойынша үздік деп танылды.«Мерейлі отбасы» байқауында Әуе қорғанысы күштерінің 54835 әскери бөлімінде қызмет ететін майор Ерлан Шыналиевтің отбасы жеңімпаз атанды.Ал «Жыл серпілісі» аталымы елордадағы 68665 әскери бөлімінің «Жұлдызды жігіттер» командасына берілді. Бұл өнерлі ұжым 64 команда қатысқан «Қазақстан CUP» лигасында үшінші орын иеленіп, 2026 жылы өтетін жастарға арналған «Жайдарман» ұлттық лигасына жолдама алды.Сондай-ақ «Жас сарбаз дауысы» номинациясы Мәскеуде өткен «Голос. Дети» шоуының он екінші маусымында үшінші орын иеленген «Жас сарбаз» шығармашылық студиясының тәрбиеленушісі Жасмина Түзеловаға табысталды.Іріктеу жұмыстары 27 номинация бойынша жүргізілді. Кәсіби байқау жеңімпаздары дипломдармен, атаулы мүсіншелермен және ақшалай сыйлықақылармен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1129052?lang=kk
«Қызметтік әдеп, кәсіби жауапкершілік және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында семинар-оқыту өткізілді 19.12.2025
2025 жылғы 18 желтоқсанда Министрліктің әдеп жөніндегі уәкілі мен заң департаментінің бірлесуімен «Қызметтік әдеп, кәсіби жауапкершілік және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында семинар-оқыту өткізілді.Іс-шара барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп талаптары, заңдылық қағидаттары, лауазымдық міндеттерді адал орындау және жеке жауапкершілік мәселелері түсіндірілді.Семинар аясында мерекелік және демалыс күндері мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқына қойылатын талаптарға жеке назар аударылып, ұстамдылық таныту және қызметтік әдеп нормаларын сақтау қажеттігі атап өтілді.Сондай-ақ қоғамдық орындарда мас күйде болуға, көлік құралын алкогольдік, есірткілік немесе өзге де психоактивті заттардың әсеріндегі күйде басқаруға, сондай-ақ мұндай заттарды тұтынуға жол берілмейтіні ерекше атап өтілді, бұл әрекеттер қызметтік бедел мен кәсіби әдеп талаптарына сәйкес келмейді.Сонымен қатар тексерулер жүргізу және қызметтік іссапарлар кезінде, оның ішінде шетелдік іссапарларда, қызметтік шеңберді сақтау, мүдделер қақтығысына жол бермеу, сыйлықтар мен өзге де заңсыз артықшылықтарды қабылдамау бойынша практикалық ұсынымдар берілді.Семинар қорытындысында қызметтік әдеп пен кәсіби тәртіпті сақтау мемлекеттік қызметке деген қоғамдық сенімді нығайтудың маңызды факторы екені атап өтілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1129002?lang=kk
Алматы облысында әлеуметтік орталыққа бизнес пен биліктің бірлескен қолдауымен 20 млн тг бөлінді 19.12.2025
KT&G корпорациясы Алматы облысындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығына 20 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсеттіАлматы облысында бизнес пен мемлекеттік орган өкілдері бірнеше жылдан бері әлеуметтік және қоғамдық ұйымдарды қолдауға бағытталған бірлескен жобаларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мұндай серіктестік өңірде әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашып, қоғам үшін нақты нәтиже беріп отыр.Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев бастаманың әлеуметтік маңыздылығына тоқталып, компанияға алғыс білдірді.«Отбасындағы зорлық-зомбылық – қоғам үшін ең күрделі әрі сезімтал мәселелердің бірі. Әлеуметтік осал топтарды қолдау, әсіресе зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету және үміт сыйлау – мемлекет пен қоғамның ортақ міндеті. KT&G корпорациясының бұл қолдауы орталық жұмысының тиімділігін арттырып, көмек алушылардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Біз жергілікті атқарушы орган ретінде әлеуметтік серіктестікке әрдайым ашықпыз және осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз», – деді өңір басшысы.Сонымен қатар, KT&G компаниясының Қазақстандағы қызметі 2023 жылы сату компаниясы ретінде басталып, 2025 жылы өндірістік зауыттың іске қосылуымен жаңа кезеңге өтті. Аталған жоба нәтижесінде ел экономикасына оң әсер етіліп, шамамен 300 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар, компания Қазақстандағы әлеуметтік мәселелерді шешуге өз үлесін қосып келеді. Атап айтқанда, білім беру мен шәкіртақы бағдарламаларын қолдау, ағаш егу бастамалары, сондай-ақ қызметкерлердің еріктілік қызметі арқылы қоғам алдындағы корпоративтік азаматтық жауапкершілікті жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.Іс-шара соңында «KT&G Global Kazakhstan» ЖШС Бас директоры – Сеу Джи Чуль Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарына алғысын білдіріп, компания өңірлік билік жүзеге асырып жатқан әлеуметтік жобаларды алдағы уақытта да қолдай беретінін атап өтті.«Бүгінгі шара бұл жай ғана қайырымдылық көмегін табыстау рәсімі емес, қоғамның бірлігі мен жауапкершілігін көрсететін маңызды қадам. KT&G үшін жергілікті қауымдастықтармен бірге дамып, бірге өсу – басты құндылықтардың бірі. Қазақстан біз үшін тек бизнес жүргізу алаңы ғана емес, сенімді әрі стратегиялық серіктес», – деді ол.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1128607?lang=kk
Өнеркәсіп министрлігі өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынын қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын әзірлемек 19.12.2025
Вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың кезекті отырысында 2025 жылдың қорытындысы бойынша болжам және 2026 жылы экономикалық өсуді қолдаудың тәсілдері қаралды.Өңдеу өнеркәсібінде 11 айғы қорытынды бойынша НКИ 105,9%. Өсу жыл қорытындысы бойынша 6% деңгейінде болуы мүмкін. 2025 жылғы қорытынды бойынша негізгі өңдеу салалары динамикасы болжамы:металлургия (өңдеу құрылымында 40%) – өсу 1,1%,машина жасау (17,5%) – өсу 12%,тамақ өнеркәсібі (13,1%) – өсу 9%,құрылыс материалын өндіру (5,6%) – өсу 6%,химия өнеркәсібі (5,4%) – өсу 6%,жеңіл өнеркәсіп (0,7%) – өсу 5%.Штаб отырысында негізгі экономикалық өсу драйверінің бірі ретінде өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту болжамына ерекше назар аударылды. Түсті және қара металлургияны дамыту перспективасы, «Бәйтерек» холдингі желісі бойынша қаржыландырылатын жобаларды іске асыру, өңірлердегі инфрақұрылымның жай-күйі және сала өсімінің тұрақтылығына әсер ететін басқа да факторлар қаралды.Өңірлердің ресурстық және инфрақұрылымдық әлеуетін неғұрлым тиімді пайдалану қажеттілігін ескере отырып, вице-премьер экономикалық өсу үшін аса маңызды, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп пен құрылыс материалын өндіруді қолдау шараларына назар аудара отырып, өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқынын қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын дайындауды тапсырды.Сауда-саттықта НКИ 11 айда 8,8% өскен кезде жыл қорытындысы бойынша 8,9% болуы мүмкін. Сауданың өсуіне жинақталған үлестің шамамен 72%-ын бес аймақ қамтамасыз етеді:Алматы – 24,6 трлн теңге (автомобильдер, машиналар мен жабдықтар саудасы, фармацевтикалық өнімдер, шоколад);Астана – 10,9 трлн теңге (табиғи газ, дизель отыны, авиациялық бензин мен керосин, ет және сүт өнімдерін сату);Атырау облысы – 6,7 трлн теңге (мұнай өнімдері, машиналар мен жабдықтар);Қарағанды облысы – 4,5 трлн теңге (фармацевтикалық тауарлар, машиналар мен жабдықтар, косметикалық өнімдер);Шымкент – 3,6 трлн теңге (фармацевтикалық өнім, ЖЖМ, АӨК өнімі).760 мыңға жуық бизнес субъектісі бар бөлшек сауда құрылымында жеке кәсіпкерлердің тауар айналымы 10%-ға өсіп, 8,2 трлн теңгеге жетті. Жедел деректер бойынша, 11 айдағы онлайн сату көлемі 3,3 трлн теңге. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 14,4%-ға артық.Ауыл шаруашылығы барлық бағыт бойынша тұрақты өсуді көрсетеді. 11 айғы қорытынды бойынша НКИ 106,1%. Өсу жыл қорытындысы бойынша 5% деңгейінде. Бұл жоспарлы көрсеткіштен 3%-ға артық.Орташа республикалық деңгейден жоғары өсу Ақмола (115,7%), Қостанай (115,4%), Солтүстік Қазақстан (110,5%), Павлодар (108,2%), Атырау облыстарында (107,4%) тіркелді.Дәстүрлі дақылдардың тұрақты жоғары өнімділігі аясында биыл жоғары маржиналды майлы және бұршақ дақылы айтарлықтай өсуге әсер етті. Бұршақ дақылынан 1,1 млн-нан асатын рекордтық өнім алынды. Алғаш рет майлы дақыл өндірісі көлемі 4,7 млн тоннаға жетті. Мақта жинау – 428 мың тонна. Оның өнімділігі 29,6 ц/га. Бұл – соңғы 18 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1128561?lang=kk
Жылысай ауылында жаңа Мәдениет үйінің салтанатты ашылуы өтті 19.12.2025
Кеген ауданына қарасты Жылысай ауылында ауыл тұрғындарының рухани өмірін дамытуға және шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған жаңа Мәдениет үйінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.Іс-шараға Алматы облыстық мәслихатының төрағасы Қуат Байғожаев, Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев, Кеген аудандық мәслихатының төрағасы Алмасбек Нұғман, қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының Құрметті құрылысшысы Бексырға Данышпанов, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты.Салтанатты жиынға қоғамдық ұйымдардың төрағалары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, еңбек ардагерлері мен мәдениет саласының майталмандары да арнайы шақырылды.Жаңа Мәдениет үйі ауылдың рухани-мәдени өмірінің заманауи орталығына айналып, мәдени іс-шараларды өткізуге, өнер мен шығармашылықты дамытуға, мәдениет саласындағы бастамаларды қолдауға және жас ұрпақтың талантын ашуға кең мүмкіндік береді. Бұл жобаның жүзеге асырылуы әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға, ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға және ұлттық мәдени құндылықтарды сақтауға бағытталған.Ашылу салтанаты тұрғындардың бірлігі мен ынтымағын, ортақ мақсаттарға ұмтылысын және аумақтың орнықты дамуына деген сенімін айқын көрсетті. Жылысай ауылы үшін бұл күн елді мекен тарихында маңызды белес болып, мәдени дамудың жаңа кезеңін бастады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1128454?lang=kk
Алматыда әскерге шақырылатын азаматтар үшін жаңа қалалық жинау пункті ашылды 19.12.2025
Салтанатты ашылу рәсіміне Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов, әкімдік пен қоғам өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері, сондай-ақ жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлері қатысты.Жаңа командаларды қалыптастыру пункті азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру іс-шараларын ұйымдастыру және өткізуге арналған. Бұл маңызды оқиға алдағы бір жыл Ұлттық ұлан құрамында қызмет ететін 45 жас сарбаздың Ақтау қаласына аттануымен тұспа-тұс келді.Бас штаб бастығы генерал-лейтенант С. Қамалетдинов қатысушыларды маңызды оқиғамен құттықтап, жастардың Отанына қызмет ету жолының дәл осы жинау пунктінен басталатынын атап өтті.– Жаңа инфрақұрылымдық жобаны іске қосу барлық шақыру рәсімдерін ашық, түсінікті және ең бастысы – азаматтарға ыңғайлы етуге бағытталған. Мұнда шақырылатын азаматтарға толық ақпарат алу, тиісті рәсімдерден өту үшін барлық жағдай жасалған. Бұл жаңа нысан қоғам мен армия, мемлекет пен жастар, бүгін мен болашақ арасындағы маңызды байланыс буынына айналады деп сенемін, – деді Бас штаб бастығы.Жинау пункті сапалы, әрі ашық жұмыс істеу үшін барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда медициналық тексеру кабинеттері, психологиялық іріктеу бөлмелері, күту және ақпараттандыру аймақтары, акт залы, спорт залы мен асхана бар. Барлығы шақырылатын азаматтар мен қызметкерлер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.Жаңа жинау пунктінің ашылуы мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды арттырып, азаматтардың құқықтарын сақтауды қамтамасыз етуге, сондай-ақ оларды әскери бөлімдерге жіберу процесін бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.Ұйымдастыру және қызмет көрсету деңгейі бойынша үлгі болатын бұл пункт армияны толықтыру жүйесінің маңызды элементіне айналмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1128456?lang=kk
Қорғаныс министрлігі Бас редакторлар клубымен меморандумға қол қойды 18.12.2025
Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрлігі мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.Іс-шараға бұқаралық ақпараттық құралдарының жетекшілері, Қорғаныс министрлігі департаменттерінің бастықтары қатысып, өңірлік ақпарат құралдарының бас редакторлары Zoom платформасы арқылы байланысқа шықты.Құжатқа Қорғаныс министрінің орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев және "Бас редакторлар клубы" қоғамдық бірлестігінің президенті, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай қол қойды.Кездесу барысында Қорғаныс министрінің орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев Қарулы күштер туралы теріс стереотиптердің сақталып отырғанын атап өтті. Алайда, елде әскери тақырыпта позитивті, мазмұнды және сұранысқа ие контент жасау үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Осы орайда министрдің орынбасары әскери қызмет, погон таққан адамдар және армияның міндеттері туралы объективті, жауапты әрі құнды ақпараттық күн тәртібін қалыптастыру қажеттілігін атап өтті.– Қазіргі уақытта ар-ұждан, міндет, патриотизм сияқты негізгі ұғымдарды елемеу байқалады. Бұл – үлкен қауіп төндіретін мәселе. Біз осыған қарсы бірігіп әрекет етуіміз қажет. Әңгіме нақты жағдайларды әдемілеп көрсету туралы емес, Қарулы күштер қызметінің, негізгі құндылықтардың және Отан қорғаушының асыл миссиясын әділ, ұқыпты және кәсіби түрде көрсету туралы, – деп атап өтті вице-адмирал С. Борамбаев.Өз кезегінде сенатор Бибігүл Жексенбай меморандумның мақсаты бақылау немесе қысым көрсету емес, өзара сенім, кәсіби диалог және азаматтарға мемлекеттік шешімдер мен реформалар туралы сапалы ақпарат беру екенін айтты.– Мемлекет үшін бұл ашық, дәлелді әрі уақтылы диалог жүргізуге дайындықты білдіреді, ал медиа қауымдастық үшін – қоғамдық маңызы бар бастамаларды талқылауға қатысуға, қоғамның ұстанымын жеткізуге және сараптаманың сапасын арттыруға мүмкіндік, – деп ынтымақтастықтың негізгі қырларын атап өтті Б. Жексенбай.Бас редакторлар клубының президенті атап өткендей, меморандумға қол қойылуы бытыраңқы коммуникациялардан жүйелі жұмысқа көшуді, оқиға болғаннан кейін ғана әрекет етуден – алдын ала, озық диалогқа өтуді білдіреді.– Біздің ынтымақтастығымыз қоғамдық сенімді нығайтуға, мемлекеттік саясаттың ашықтығын арттыруға және кемел, жауапты ақпараттық кеңістік қалыптастыруға ықпал етеді деп сенемін, – деп түйіндеді ол.Меморандум Қорғаныс министрлігі қызметкерлері мен «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі өкілдері үшін оқу бағдарламаларын жүзеге асыруды, семинарлар, мастер-класстар, тағылымдамалар мен баспасөз-турларын ұйымдастыруды қарастырады. Сонымен қатар, әскери тақырыптарды БАҚ-та көрсету деңгейін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу, Бас редакторлар клубының осы бағыттағы сараптамалық кеңесін құру және «Әскер медиа» байқауына қатысу көзделген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1127751?lang=kk
Қостанай облысындағы тұрғын үй құрылысы: орнықты өсім және аумақтардың дамуы 18.12.2025
Қостанай облысында халықты қолжетімді әрі сапалы тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясат жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Соңғы үш жылда өңірде 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл тұрғын үй құрылысының тұрақты қарқынын және халық тарапынан жоғары сұранысты көрсетеді. Ағымдағы жылдың басынан бері облыста 435,6 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 4 502 пәтер пайдалануға берілді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 2,3 пайызды құрады. Жыл соңына дейін облыс бойынша 500,0 мың шаршы метр тұрғын үйді немесе 6 500 пәтерді салу және пайдалануға беру жоспарланып отыр. Тұрғын үй құрылысы қалалармен қатар ауылдық елді мекендерде де дамуда. Соңғы үш жылда ауылдық мекендерде 194 мың шаршы метрден астам тұрғын үй немесе 905 жеке тұрғын үйі салынды. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға және елді мекендердің кешенді дамуына ықпал етеді. Тұрғын үй құрылысы саласындағы ірі жобалардың бірі — Қостанай қаласының агломерациясында заманауи «Астана» шағын ауданын салу. Жоба аясында барлық қажетті әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген 150-ден астам көпқабатты тұрғын үй салу көзделген. Бүгінгі таңда 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, өткен айда 450 заманауи пәтер пайдалануға берілді. Аталған пәтерлер жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарына ұсынылатын болады. Қазіргі уақытта қосымша 13 бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы басталды. Алдағы кезеңде 9 және 17 қабатты 16 тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Бұл тұрғын үй қорын едәуір ұлғайтуға және жайлы қалалық ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді. Аталған жобалардың жүзеге асырылуы халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға, қала мен ауыл инфрақұрылымын дамытуға, сондай-ақ Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1127760?lang=kk
Құрлық әскерлерінің әскери институтында Бауыржан Момышұлы атындағы оқу сыныбы ашылды 18.12.2025
Қазақ халқының көрнекті перзенті, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы қарсаңында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институтында ғылыми-практикалық конференция өтті.Іс-шараға ҚР Қарулы күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев қатысты. Ол болашақ офицерлерді тәрбиелеуде даңқты қолбасшы тұлғасының маңызын атап өтті.Конференция барысында әскери институттың оқытушылары мен курсанттары Бауыржан Момышұлының әскери өнері, көшбасшылық қасиеттері және тарихи мұрасы тақырыптарында баяндамалар жасады.– Мұндай конференцияға қатысу біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Бауыржан Момышұлының жауынгерлік жолын зерделей отырып, нағыз офицер қандай болуы керектігін тереңірек түсінеміз, – деді курсант Дидар Сәдуақасов.Атаулы датаға арналған іс-шаралар аясында институтта Бауыржан Момышұлы атындағы оқу сыныбының ашылуы да өтті.– Бұл сыныпта оқу курсанттарға Бауыржан Момышұлының тактикалық әскери өнерді дамытуға қосқан үлесін тереңірек танып-білуге, оның стратегиялық дарыны, ерлігі мен турашылдығы туралы мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Ұрыс алаңында ұтымды шешімдер қабылдаған атақты қолбасшының бірегей тәжірибесі бүгінгі күні де өзекті. Осы аудиториядағы білім беру болашақ офицерлердің көшбасшылық қасиеттерін қалыптастыратынына сенімдімін, – деді генерал-майор Мереке Көшекбаев.Жаңа сыныпта Б. Момышұлы қатысқан негізгі шайқастардың сызбалары, тактикалық материалдар мен тарихи құжаттар ұсынылған. Олардың ішінде «Момышұлы спиралі» деп аталатын қоршаудан шығудың авторлық стратегиясының көрсетілімі ерекше орын алады. Бұл тактикалық тәсіл бүгінгі таңда да өзекті болып, әлемнің түрлі елдеріндегі әскери академияларда оқытылады.Мұндай іс-шараларды өткізу жеке құрамды әскери-патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1127542?lang=kk
Машина жасау – өсу көрсеткіштерін бастап тұр: өңдеу өнеркәсібі 5,9%-ға өсті 17.12.2025
Президенттің экономиканы әртараптандыру және отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру айтарлықтай нәтиже беруде. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.11 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі 5,9% жалпы өсім көрсетті. Кіші салаларға бөлгенде машина жасау секторы сөзсіз көшбасшы болып отыр, онда өндіріс көлемі 11,6%-ға өсті. Басқа да негізгі секторларда оң динамика бар: азық – түлік өндірісі 8,7%-ға, химия өнеркәсібі 8,1%-ға, ал мұнай өңдеу 6,5%-ға өсті.«Бұл салалардағы инвестициялар мен өндірістің өсуі ауқымды мемлекеттік қолдаумен тікелей байланысты. Тек "Бәйтерек" холдингі тарапының өзінен осы кезеңде басым бағыттарды қаржыландыру көлемі 8 трлн теңгеден асты», — деп атап өтті Серік Жұманғарин. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1127174?lang=kk
Қазақстанның агросекторы 6,1%-ға өсті 17.12.2025
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет ішкі нарықты сапалы өнімдермен толтыру бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыруда. Жылдың басты жетістігі екінші жыл қатарынан рекордтық астық жиналғаны – ол шамамен 27 млн тонна. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мәлімдеді.Жалпы 11 айда агроөнеркәсіп кешені 6,1% өсім көрсетті. Негізгі үлес егін шаруашылығында (+7,6%), ал мал шаруашылығы 3,5%-ға өсті. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызы бар сүт (+5%), ет (+3%) және жұмыртқа (+1,5%) сынды өнімдердің де өндірісі артты.Өсу көшін Ақмола (15,7%), Қостанай (15,4%) және Солтүстік Қазақстан (10,5%) облыстары бастап тұр.«Ауыл шаруашылығы маусымдық қарқынды өсу кезеңіне аяқ басты. Қолайлы ауа-райы жағдайлары мен уақтылы мемлекеттік қолдау біздің фермерлерге екінші жыл қатарынан рекордтық егін жинауға мүмкіндік беріп отыр. Бұл еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру және қайта өңдеуді дамыту үшін берік негіз қалайды», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1127191?lang=kk
Әскери-теңіз күштерінің матростары алғаш рет АК-74 автоматыннан оқ атты 17.12.2025
Маңғыстау облысындағы «Оймаша» полигонында ҚР Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері 29011 әскери бөлімінің жас матростары үшін жауынгерлік дайындықтың маңызды кезеңі өтті.Жауынгерлерді даярлау базалық әскери пәндердің толық кешенін қамтиды. Бір айдың ішінде матростар тактикалық және атыс даярлығын меңгереді, саптық және дене дайындығы бойынша сабақтардан өтеді, сондай-ақ жалпыәскери жарғылардың талаптарын оқып-үйренеді. Штаттық қару-жарақтың тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеуге, сондай-ақ қару мен оқ-дәрілерді қолдану кезіндегі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға ерекше көңіл бөлінеді.Алғашқы атыс жаттығулары жас матростар үшін әскери шеберлікті қалыптастыру мен қаруды меңгеру жолындағы маңызды қадам болды.– Практикалық атыстар – теорияның нақты іс-әрекетке айналар сәті. Әрбір оқ ату жинақылықты, тәртіпті және жауапкершілікті талап етеді. Атыс кезінде бұл істе ұсақ-түйек болмайтынын, ал жақсы нәтиже үйлесімділік пен дәлдікке байланысты екенін сезіндік. Алғашқы тәжірибеміз бізге сенім беріп, дағдыларымызды одан әрі жетілдіруге ынталандырады, – деді Ақтөбе қаласынан шақырылған матрос Есмұхан Қарағұлов.Жас матростардың бір айлық қарқынды даярлық курсы Әскери ант қабылдаумен аяқталады. Салтанатты рәсім 20 желтоқсанда өтеді. Бұл күні әскери қызметшілер ресми түрде Отан қорғаушылар қатарына қосылып, елдің қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындауға кіріседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1127143?lang=kk
Үкімет: 2025 жылғы қаңтар-қарашада Қазақстан экономикасының өсуі 6,4% құрады 17.12.2025
Үкімет отырысында 2025 жылдың 11 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды.ҚР ҰЭМ деректері бойынша, басты көрсеткіш – ЖІӨ-нің өсімі, ол 6,4%-ға жеткен.Президенттің сапалы дамуды қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде ел экономикасы сенімді өсу қарқынын көрсетуде.Негізгі драйверлер өсімі 7,3%-дан 7,4%-ға дейін жеделдеген өнеркәсіп пен 6,1%-ға ілгерілеген ауыл шаруашылығы болды. Тұрақты дамуды нақты экономиканың басқа секторлары да көрсетіп отыр. Атап айтқанда, көлік саласы 20,3%-ға, құрылыс 14,7%-ға өсті, ал сауда 8,8%-ға артты.«Экономика сыртқы жағдайларға бейімделіп, тұрақты даму жолына түсті. Біз базалық салаларда жеделдеу барын көріп отырмыз, бұл әлеуметтік міндеттемелерді орындау және ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру үшін берік негіз қалайды», — деді Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1127149?lang=kk