«Jetisu Digital» IT-Hub технопаркінде жаңа жобалар ұсынылды
22.11.2024 19:09:39 3038Бүгін Талдықорғанда «Jetisu Digital» IT-Hub технопаркінде Жастарға қызмет көрсету орталығының қолдауымен ұйымдастырылған стартаптардың питч-сессиясы өтті. Бұл іс-шара 60-тан астам жас инноваторлардың басын қосып, жиында 25 команда инвесторлардың, менторлар мен ІТ қауымдастықтың алдында өз жобаларын ұсынды. Ұсынылған жобалардың ішінде білім беру, экология, денсаулық сақтау саласындағы идеялар, сондай-ақ жаңа бизнес-модельдер мен цифрлық платформалар бар, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
25 команданың әрқайсысы өзекті мәселелерді шешуге өзіндік көзқарасын таныта отырып, өздерінің стартаптарын таныстырды, нарықтағы мүмкіндіктері жайлы айтты.
- Мұндай бастамалар өңірдің стартап-экожүйесін дамытуға ғана емес, жас кәсіпкерлердің сенімін қалыптастыруға да ықпал етеді. Әрбір стартапты тек идея емес, одан да жоғары деп санаймыз. Бұл технологиялар жаңа көкжиектерге жол ашып, жастарды кәсіпкерлікке шабыттандыратын, жаңаша ойлауды қалыптастыратын инновациялар арқылы әлемді өзгертуге әрекет жасайды, - дейді «Jetisu Digital» IT-Hub директоры Талғат Абылаев.
IT-Hub «Jetisu Digital» Питч-сессиясы жастар үшін өз қабілеттерін көрсетуге, пікірлес адамдармен ой бөлісуге, кәсіпқой мамандармен байланыс орнатуға бірегей мүмкіндік туғызды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/888990