Астанада «Бірлігі бекем ел озар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Астанада «Бірлігі бекем ел озар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

04.03.2025 01:19:36 506

Елордадағы Достық үйінде «Мәміле» пікірталас қазақ тілі клубы «Бірлігі бекем ел озар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Алғыс айту күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай өткен дөңгелек үстел отырысында қазақ тілін үйреніп жүрген этнос өкілдері алдымен қазақ халқына алғыс айтып, қазақ тілінің Қазақстан халқын біріктірудегі рөлі мен маңызына тоқталды.
Модератор Сағым Естемесова қазақ ұлтының тілі мен мәдениетіне қатысты қызықты және маңызды мазмұндарды бөлісе отырып, тақырып аясында қатысушылармен пікір алмасты. Сонымен қатар оларға қазақтың береке-бірлігіне қатысты мақал-мәтелдерді үйретті.
«Біз бұл жерде қазақ тілін үйретіп қана қоймай, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын да таныстырамыз. Сондай-ақ әр этнос өкілдері өз мәдениетін насихаттап, өзара үйренеді. Кейде әр ұлт өкілдері өздерінің ұлттық тағамдарын дайындап әкелетін кездері болады. Осы клубта сабақ беріп жүргеніме 5-6 жылдан асты. Астана қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Руханият» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен өтетін үйрену курсына қазақ тілін үйренгісі келетін жас балалардан бастап 80 жастағы әжелерге дейін қатысады. Бір ауыз сөзбен айтқанда, бұл клубтың қазақ тілі мен мәдениетін насихаттаудағы рөлі ерекше», – деді Сағым Барлықбайқызы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/948767