Ұзақ мерзімді кезеңде жинақталған инвестициялық кірістілік инфляциядан айтарлықтай асып түсіп, одан әрі еселене түсуде
04.03.2025 13:08:02 209
1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап 2025 жылғы 1 ақпанға дейін жинақталған инвестициялық кірістілік өспелі қорытындымен 966,41% көрсетті. Ал осы бүкіл кезеңдегі инфляция 837,99 % тең.
Атап өткен жөн, зейнетақы жинақтары - ұзақ мерзімді инвестиция, инвестициялық кірістің мөлшерін кем дегенде бір жыл ішінде талдаған абзал. Қысқа мерзімді (апталық, айлық және т.б.) деректер көрсеткіш бола алмайды. Өйткені олар нарықтық жағдайдың үнемі ұшырайтын өзгерісіне тәуелді. 12 айдағы инвестициялық қызметке жасалған талдау бұл деректің растамасы: 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ) басқаратын, міндетті, міндетті кәсіптік және ерікті зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған және соңғы 12 айда салымшылардың (алушылардың) шоттарына бөлінген зейнетақы активтерінің кірістілігі 15,66%, бұл кезеңдегі инфляция деңгейі 8,90% болды.
Бәрімізге белгілі, ҚРҰБ және инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтері Қазақстанда және шетелде нарықтық шарттарда әртүрлі валюталарда инвестицияланады. Белгілі бір құралдарға қаражат салу кезінде жаһандық және ішкі факторлар ескеріледі. Зейнетақы активтерін сақтау және кірістілік алу үшін ҚРҰБ пен ИПБ-лар инвестициялық портфельді әртараптандырады: зейнетақы активтері нарықтық жағдайды ескере отырып, белгілі бір көлемде әртүрлі қаржы құралдарына инвестицияланады. Бұл кең таралған әлемдік тәжірибе. Дүние жүзіндегі зейнетақы қорлары зейнетақы капиталын инвестициялау және көбейту үшін тартымды да тиімді мүмкіндіктерді іздестіруін тоқтатқан емес.
Зейнетақы жинағындағы елеулі үлес, әдетте, инвестициялық кіріске тиесілі. Жылдан жылға зейнетақы жинақтарының көлемі ғана емес, ондағы инвестициялық кірістің үлесі де артып келеді. Мысалы, 2014 жылдан бері жинақталған (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша таза инвестициялық кіріс 11,54 трлн теңгеге жетті (салыстыру үшін - 01.02.2024ж. ол 8,6 трлн теңгеден астам сома болған). Жүзеге асырылған төлемдерді ескере отырып, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі жинақталған таза инвестициялық кірістің үлесі 40,9%-дан асты. Бұл азаматтардың жинақтары құрылымындағы инвестициялық қызметтің маңызды рөлін көрсетеді (01.02.2024ж. бұл көрсеткіш 37,1% болған еді).
Алайда, инвестициялық кіріс - құбылмалы мән, ол көптеген факторларға, соның ішінде қаржы нарықтарындағы жағдайға, бағалы қағаздардың нарықтық құнына, валюта бағамдарының өзгеруіне байланысты. Сондықтан шетел валюталары бағамдарының және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруіне байланысты инвестициялық кірістің мөлшері жекелеген кезеңде оң да, теріс те болуы мүмкін. Мысалы, өткен жылдың соңынан бастап доллар бағамы 499 теңгеден 530 теңгеге дейін кең ауқымда өзгерді, содан кейін қайтадан 500 теңгеге дейін төмендеді. Соның салдарынан зейнетақы активтерін валюталық қайта бағалау апта сайын оң немесе теріс нәтиже беріп отырды. Ал салымшылар зейнетақы жинақтарының инвестициялық бөлігінің уақытша төмендеуін байқады. Мысалы, 2025 жылғы қаңтар-ақпан айларында осындай жағдай орын алды.
Сондай-ақ, Қазақстанда инфляция деңгейін ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына бірегей кепілдік берілетінін еске саламыз. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне кері әсерін тигізген жекелеген кезеңдердегі кірістіліктің төмендеуі жағдайында айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді.
Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшының enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар.
БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланады.
Тақырып бойынша бейнетүсініктеме БЖЗҚ ЕНПФ YouTube-арнасынан көруге болады.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/950047