Алматы әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды

Алматы әкімдігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды

05.04.2025 21:09:07 1456

Алматы қаласында қала әкімі Ерболат Досаевтың, қаланың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Арман Рахимовтың, сондай-ақ, құқық қорғау және мемлекеттік органдар жетекшілерінің қатысуымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қалалық комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыс барысында жол құрылысы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындылары бойынша ұсыныстардың орындалуы және квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің жұмысы қаралды. Сонымен қатар, Алматы қаласы Әдеп кеңесінің қызметі туралы есеп тыңдалды.

Барлық көтерілген мәселелер бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды күшейтуге бағытталған нақты ұсыныстар берілді.

Жолдарды салу және жөндеу саласында авторлық және техникалық қадағалау қызметтерінің жауапкершілігін арттыруға ерекше назар аударылды. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрлігіне заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша тиісті ұсыныстар жолданды.

Сонымен қатар, әкімнің тапсырмасымен квазимемлекеттік сектордағы комплаенс-қызметтер үшін кадр даярлау мәселесі қаралатын болады. Осыған байланысты ағымдағы жылға арналған арнайы жұмыс жоспары әзірленеді.

Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту жұмыстары да жалғасады.

Өз сөзінде Арман Рахимов сыбайлас жемқорлыққа тиімді қарсы тұру үшін тек құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесу жеткіліксіз екенін, алдын алу шараларына да ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Негізгі міндеттер – квазимемлекеттік секторда комплаенс жүйесін дамыту, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұсыныстарды орындау және ашықтықты қамтамасыз ету.

Қала әкімі Ерболат Досаев жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл мәселелері қала басшылығының ерекше бақылауында екенін және бұл жұмыс жалғасатынын айқындап өтті.

Іс-шара соңында аудан әкімдері мен басқарма басшыларына осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, қойылған міндеттерді жүйелі түрде шешу тапсырылды.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/anticorruption-almaty/press/news/details/963966?lang=kk