Қазақстан мен Жапония: ядролық қарудан азат әлем үшін әріптестік
28.04.2025 06:14:18 143
Нью-Йорк, 2025 жылғы 25 сәуір – 2026 жылғы Ядролық қаруды таратпау туралы шарттың (ЯҚТШ) шолу конференциясына дайындық жөніндегі үшінші комитет отырысының қарсаңында Қазақстан Республикасының БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Омаров пен Хиросима префектурасының губернаторы Хидэхико Юдзакидің кездесуі өтті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы Хиросима, Нагасаки және Семей ядролық қасіреттерінің ортақ мұрасына негізделген терең тарихи және моральдық байланыстардың маңыздылығы атап өтті. Жаһандық ядролық қаруды таратпау режимін нығайтудың және қарусыздану идеалдарын диалог, ынтымақтастық және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамыту арқылы ілгерілетудің маңыздылығы айталды.
Қазақстан әлемдегі төртінші ең ірі ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, қарусыздануды сыртқы саясатының негізгі қағидаты ретінде бекітті және бұл күн тәртібін белсенді түрде ілгерілетуде. Қазақстан БҰҰ-ның Қарусыздану комиссиясына (2023), ЯҚТШ дайындық комитетінің екінші сессиясына (2024) және Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің үшінші кездесуіне (2025) төрағалық етті.
Губернатор Юдзаки 2025 жылғы шілдеде Қазақстанға сапар шегу ниетін растады. Сапар аясында бұрынғы Семей ядролық сынақ полигонына бару жоспарланған. Бұл сапар ядролық сынақ тәжірибесін бейбітшілік пен орнықты дамуға деген берік ұстанымға айналдырған екі халықтың бірлігінің символына айналады.
Тараптар ядролық қаруды қолданудан және сынақтардан зардап шеккендерге көмек көрсету, сондай-ақ қоршаған ортаны қалпына келтіру бастамаларын талқылады және болашақта Халықаралық сенімгерлік қоры шеңберінде ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін растады. Сонымен қатар, радиациялық мониторинг пен қоғамдық денсаулық сақтау салаларындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері қарастырылып, қарусыздану нәтижесінде босатылған ресурстарды Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу жолында пайдаланудың маңыздылығы баса айтылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/984378?lang=kk