«Шымкент марафоны – 2025» бұқаралық жарысының жеңімпаздары анықталды

«Шымкент марафоны – 2025» бұқаралық жарысының жеңімпаздары анықталды

16.09.2025 10:17:24 132

Шымкент қаласында ірі спорттық шаралардың бірі «Шымкент марафоны – 2025» дәстүрлі бұқаралық жарысы аяқталды. Биылғы жылы спорт мерекесі жоғары деңгейде өтіп, 7 мыңға жуық қатысушының басын қосты. Марафонға кәсіби спортшылар да, салауатты өмір салтын ұстанатын қала тұрғындары мен қонақтары да қатысты.

Марафон барысында қатысушылар әртүрлі қашықтықта жарысты. 5, 10, 21 және 42 шақырымға жүгіру, скандинавиялық жаяу жүру және Экиден (42 шақырым) командалық эстафеталық жарыс өтті. Әр номинация бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Барлық қатысушыларға қажетті қауіпсіздік шаралары мен жоғары сапалы ұйымдастыру қамтамасыз етілді. Маршрут дәстүрлі түрде Әл-Фараби алаңында басталып, аяқталды.

Шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Ұйымдастыруға волонтерлар, медициналық қызметтер, полиция қызметкерлері мен жол қауіпсіздігі мамандары тартылды - ыңғайлы қатысу және көрермендердің қызығушылығын арттыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды.

Марафон қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастырушылар мен демеушілер тарапынан ақшалай сыйлықтармен, кубоктармен және бағалы естелік сыйлықтармен марапатталды. Екіден командалық эстафета және алыс қашықтыққа жүгірулер көрермендердің ерекше қызығушылығын тудырды.

Бүгінгі таңда «Шымкент марафоны» Шымкент қаласының визит картасы ғана емес, еліміздегі ең ірі бұқаралық спорттық шаралардың бірі болып табылады. Жыл сайын марафонның ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны артып келеді. Бұл марафон тек кәсіпқойлардың ғана емес, жасына қарамастан денсаулықты, белсенділікті және спортты таңдайтын әрбір адамның мерекесіне айналғанын растайды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, келесі жылы марафонды жаңа форматта және одан да жоғары деңгейде өткізу жоспарлануда. Шымкент марафоны – салауатты өмір салтының, бірлік пен достықтың жарқын үлгісі.