Айнұр Арғынбекова Венада ЕҚЫҰ ПА қысқы отырысына қатысып Қазақстанның бастамаларын жария етті
25.02.2026 08:14:08 134
ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының климаттың өзгеруі жөніндегі Арнайы өкілі және ҚР Парламенті делегациясы басшысының орынбасары сенатор Айнұр Арғынбекова Венада өткен Ассамблеяның 25-ші қысқы отырысына қатысты.
Сенатор сессия аясында ЕҚЫҰ ПА үш жалпы комитетінің бірлескен отырысында сөз сөйледі. Онда қатысушыларды бір палаталы Парламентке көшу, вице-президент лауазымын енгізу және жоғары консультативтік-кеңесші орган ретінде Қазақстан Халық кеңесін құруды көздейтін Қазақстандағы ауқымды конституциялық реформа туралы хабардар етті.
«Жаңа Конституцияның жобасы адамның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы деп жариялай отырып, құқықтық мемлекеттің, экологиялық жауапкершілік пен цифрлық құқықтардың қағидаттарын бекітеді», - деп атап өтті Айнұр Арғынбекова.
Ол Арнайы өкіл ретінде экономика, ғылым, технология және қоршаған орта мәселелері жөніндегі екінші комитеттің отырысында сөз сөйледі және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке баса назар аударды.
Отырыс барысында ЕҚЫҰ ПА Президенті Пере Понспен, Орталық Азия бойынша Ассамблеяның арнайы өкілі Ангелос Сиригоспен, ЕҚЫҰ ПА екінші комитетінің төрағасы Азай Гулиевпен және ЕҚЫҰ үйлестірушісі Бақыт Жүсіповпен кездесті және оларға өңірлік экологиялық саммитке ресми шақырулар табыс етілді.
Сонымен қатар, Аустрия ұлттық кеңесінің төрағасы Вальтер Розенкранцпен, Финляндия Парламентінің депутаты Вилле Скиннаримен, Словакия Парламентінің депутаты Михал Бартекпен, Хорватия Саборының депутаты Звонимир Троскотпен, сондай-ақ Түркия Парламентінің ЕҚЫҰ ПА-дағы делегациясының басшысы Алтынок Селамимен және ТүркПА Бас хатшысы Рамиль Гасановпен екіжақты келіссөздер өтті.
Сенатор сонымен қатар халықаралық көлік дәліздерін дамыту және өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған Жібек жолы тобының отырысымен қоса бірқатар тақырыптық шараларға қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vienna/press/news/details/1168599?lang=kk