Наурызнама: әскерилер ұлттық киімді ұлықтады

Наурызнама: әскерилер ұлттық киімді ұлықтады

18.03.2026 19:02:55 125

Ұлттық киім күні Қарулы күштердің әскери бөлімдерінде рухани, мәдени және отбасылық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған тақырыптық іс-шаралар, челлендждер мен ағартушылық акциялар өтті.

Көптеген әскери қызметшілер қызметке қазақтың дәстүрлі ұлттық киімдерімен – бешпент, шапан және қамзолдармен келді.

Шараға қатысушылар ғасырлар бойы көшпенділердің өмір салтымен қалыптасқан дәстүрлі киімнің тарихымен танысты. Әр өңір шеберлерінің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киімдер өзіндік ерекшелігімен және әр түрлі сәнімен бөлек.

Әскери қызметшілердің погондары, Құрмет қарауыл ротасы жеке құрамының бас киімдері және Ұлттық әскери-патриоттық орталығы орталық әскери оркестрі музыканттарының концерттік костюмдері де ұлттық ою-өрнекпен безендірілген.

Мұндай көркем нақыш мәдени кодымыз бен ұлттық бірегейлікті білдіреді. Ондағы қолданылатын «қошқар мүйіз» элементі қазақ халқының салт-дәстүрді қастерлейтінін және қазіргі әскери форманың бай тарихи мұрамен байланысын көрсетті.

Наурызға арналған театрландырылған қойылымдар, шеберлік сыныптары, дефиле және шығармашылық қойылымдар әскери қызметшілердің ұлттық дәстүрлерге деген құрметін айшықтады. Олардың түсінігінде қызмет пен Отанға деген адалдық ата-бабалардың мәдениетін, дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын сақтауға деген ұмтылыспен астасып жатыр.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1184406?lang=kk