«Sauda in Digital Nauryz» жеңімпаздарына марапаттар табысталды
08.04.2026 18:51:27 88
2026 жылғы 13-23 наурыз аралығында елімізде сауда саласындағы цифрлық шешімдерді дамытуға бағытталған «Sauda in Digital Nauryz» республикалық байқауы өтті. Сауда орталықтары мен желілері арасында ұйымдастырылған бұл дода цифрлық технологияларды қолдану арқылы ұлттық мәдениетімізді дәріптеуді мақсат етті.
Байқау шарты бойынша қатысушылар әлеуметтік желілерде арнайы бейнероликтер жариялады. Жеңімпаздарды анықтау кезінде ұлттық бірегейлік, креативтілік, жасанды интеллектті пайдалану деңгейі, аудиторияның қызығушылығы және жұмыстың сапасы сияқты маңызды критерийлер негізге алынды.
Байқау қорытындысы бойынша келесі номинациялар бойынша үздіктер анықталды:
«Үздік цифрлық безендіру» номинациясы — «Анвар» сауда желісі (Ақтөбе қ.);
«Үздік цифрлық құттықтау» номинациясы — «ЦУМ» сауда орталығы (Қарағанды қ.);
«Жасанды интеллектті үздік пайдалану» номинациясы — «Ұмай» сауда орталығы (Қарағанды қ.);
«Ең креативті Digital-жоба» номинациясы — «Small» сауда желісі (Алматы қ.).
Салтанатты шара барысында жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі басшылығының атынан арнайы дипломдар мен ұлттық киімдер табыс етілді.
Байқау аясында «Тарбия» ұлттық киімдер дүкенімен бірлесіп, еліміздің ірі сауда-ойын-сауық орталықтарында ұлттық киімдерді тегін киіп көру аймақтары ұйымдастырылды. Сондай-ақ тақырыптық фотоаймақтар құрылып, Instagram-жақтаулары орнатылды. Барлығы #saudadigitalnauryz бірыңғай хештегімен әлеуметтік желіде жарияланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1195554?lang=kk