Қазақстан БҰҰ Статистикалық комиссиясының мүшесі болып сайланды
09.04.2026 08:27:15 298
Нью-Йорк, 2026 жылғы 8 сәуір – Қазақстан алғаш рет 2027-2030 жылдар кезеңіне БҰҰ Статистикалық комиссиясы құрамына сайланды.
БҰҰ Статистикалық комиссиясы жаһандық статистикалық жүйенің негізгі үкіметаралық органы болып табылады. Ол статистика саласындағы халықаралық стандарттарды айқындайды, ұлттық статистикалық қызметтердің қызметін үйлестіреді және деректердің жаһандық деңгейде салыстырмалылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Комиссия Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді мониторингтеу және деректер мен статистика саласындағы халықаралық күн тәртібін қалыптастыруда орталық рөл атқарады.
Қазақстанның сайлануы ұлттық статистикалық жүйені дамыту және озық халықаралық стандарттарды енгізу бағытындағы елдің дәйекті жұмысының мойындалуын білдіреді. Қазақстан статистиканы цифрландыруды ілгерілетуге, деректерді жинау мен талдау әдіснамаларын жетілдіруге, сондай-ақ олардың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыруға белсенді түрде үлес қосып келеді.
Еліміз институционалдық әлеуетті нығайтуға, халықаралық және өңірлік серіктестермен өзара іс-қимылды кеңейтуге, сондай-ақ статистикалық қызметке инновациялық тәсілдерді енгізуге ерекше назар аударады.
Комиссия аясындағы жұмысы шеңберінде Қазақстан жаһандық статистикалық жүйені одан әрі жетілдіруге, сенімді және салыстырмалы деректерді ілгерілетуге, сондай-ақ тұрақты даму мүддесінде халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға өз үлесін қосуды көздейді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kazakhstanun/press/news/details/1196833?lang=kk