Сарбаз қызмет барысында кемінде 5 кітап оқуы тиіс: Қазақстан Қарулы Күштерінде Кітап күні атап өтілуде

Сарбаз қызмет барысында кемінде 5 кітап оқуы тиіс: Қазақстан Қарулы Күштерінде Кітап күні атап өтілуде

23.04.2026 09:42:17 322

Қазақстан Қарулы Күштерінде жаңа талап енгізілді: мерзімді қызмет кезеңінде әрбір әскери қызметші кемінде бес кітап оқуға міндетті. Бұл бастама жеке құрамның дамуына және 23 сәуірде елімізде атап өтілетін Кітап күні қарсаңында оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Мереке халықаралық дәстүрге негізделген. Ол ЮНЕСКО-ның бастамасымен бекітіліп, бүкіл әлемде Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні ретінде аталып өтеді. Қазақстанда бұл күн ел Президентінің тапсырмасымен енгізіліп, алғаш рет 2025 жылы оқу мәдениетін насихаттауға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық дата ретінде атап өтілді.

Қазақстан Қарулы Күштерінде оқу мәдениетін қалыптастыру жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Бүгінде әскери бөлімдер мен мекемелерде 322 кітапхана жұмыс істейді. Олардың қорында 52 434 дана көркем әдебиет және 198 293 оқу басылымы бар.

– Біздің кітапханамызда отандық авторлардың, әскери

жазушылар мен әскери ғалымдардың көптеген еңбектері бар. Олар әскердің қалыптасуы мен дамуы туралы жазылған бірегей құнды еңбектер. Кітапхананың өзі 2020 жылдың желтоқсан айында ашылды. Кітапхана қорында 7000-нан астам кітап бар. Қор қайырымдылық акциялардан келіп түскен кітаптар негізінде жасақталды. Бізге Астана мен Алматы қалаларының кітапханалары кітаптар табыстады. Сондай-ақ Ұлттық қорғаныс университетінің кітапханасы да үлкен көмек көрсетті. Бізде сирек кездесетін кітап басылымдары өте көп, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы әскери-ғылыми кітапханасының меңгерушісі Оксана Әлжанова.

Тек биылғы жылдың басынан бері әскери қызметшілер қолына 48 837 кітап берілді. Бұл жеке құрам арасында кітап оқуға деген тұрақты қызығушылықтың бар екенін және кітапхана қорына сұраныстың жоғары екенін көрсетеді.

Кітапхана қоры үнемі толықтырылып отырады. Кітаптар демеушілік көмек, баспалармен ынтымақтастық, сондай-ақ қайырымдылық акциялары аясында келіп түседі. Бұл шараларға әскери қызметшілердің өздері де белсенді қатысады – олардың көпшілігі жеке жинақтарындағы кітаптарды әкеліп, бөлім кітапханаларының қорына тапсырады.

Міндетті оқу нормасын енгізу - жай сөз емес, тәрбиелік әрі білім беру жұмысының бір бөлігі. Кітап оқу көкжиекті кеңейтеді, сыни ойлауды дамытады және берік құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.

 – Ұлттық-әскери патриоттық орталығында мерзімді әскери қызметті өткеріп жатқан музыкантпын. Мұндағы кітапханада қызықты тақырыптағы кітаптар көп. Қазіргі сәтте Мұхтар Шахановтың кітабын оқып жатырмын. Жалпы маған детектив жанры мен әскери тақырыптағы кітаптар ұнайды, – деді Ұлттық әскери-патриоттық орталығы шығармашылық взводының сарбазы Нұрдос Айтмұхаметов.

Қазіргі қызмет жағдайында кітап өзін-өзі дамытуға сенімді құрал болып қала береді, ал оған деген қызығушылық әскери қызметшінің кәсіби және тұлғалық өсуінің маңызды құрамдас бөлігіне айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1206659?lang=kk