Маңғыстау намысын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында үш команда қорғайды

Маңғыстау намысын «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынында үш команда қорғайды

23.04.2026 18:11:01 194

Маңғыстау облысында Әскери-теңіз күштерінің теңіз жаяу әскері десанттық-шабуыл батальонында «Айбын – 2026» әскери-патриоттық жастар жиынының облыстық кезеңі өтті.

Оған өңірдің бес ауданы мен екі қаласынан келген командалар қатысып, өзара үздіктерді анықтады.

Жарыс келесі кезеңдерден тұрды: кермеге тартылу, жатып денені көтеру, әскери кросс, АК-74 автоматын бөлшектеп-жинау, арқан тарту, пневматикалық мылтықтан ату, сондай-ақ эстафета. Бұл сайыстар қатысушылардан жоғары дене дайындығы, төзімділікті, ептілікті, жылдамдықты және командалық үйлесімділікті талап етті.

– Бұл жарыстар біздің күш-қуатымыз бен командалық рухымызды сынады. Әр кезеңде бір-бірімізді қолдап, соңына дейін бірге бардық. Осында біз құнды тәжірибе жинадық, ұйымдастырушыларға алғысымызды білдіремін, – деп бөлісті Ақтау қаласындағы №22 мектеп-гимназиясының оқушысы Камила Костромина.

Жарыс қорытындысы бойынша I орынды Ақтау қаласының «Каспий» командасы, II орынды Мұнайлы ауданынан «Жас жауынгер» әскери-патриоттық клубы, ал III орынды Жаңаөзен қаласының «Қайсар» командасы иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубоктармен және грамоталармен марапатталды. Олар биылғы жылдың маусым айында Ақмола облысының Щучинск қаласында өтетін «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынында өңір намысын қорғайды.

Бұл шара жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, патриоттық рухты нығайтқан маңызды оқиға болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1207324?lang=kk