Самар ауданында Ұлы Отан соғысы батырларының рухына тағзым жасалды
05.05.2026 17:19:38 202
Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында Самар ауданының Подгорное ауылында Ұлы Отан соғысының үш батырына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Аталған ауылдың тумалары — Николай Яковлевич Фонов, Сергей Егорович Седнев және Иван Михайлович Яроцкий — майданда ерлік көрсетіп, есімдерін ел тарихына мәңгі қалдырды.
Николай Яковлевич Фонов — Воронеж майданы 47-армиясының 30-атқыштар дивизиясы 59-артиллериялық полкінің зеңбірек командирі. 1942 жылдан бастап Ұлы Отан соғысына қатысып, Брянск, Солтүстік Кавказ, Воронеж және 1-Украина майдандарында шайқасты. Жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны, көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін 1943 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табысталды.
Сергей Егорович Седнев — Воронеж майданы 47-армиясының 23-моторландырылған понтон-көпір батальонының моторисі. 1941 жылдан бастап Брянск, Воронеж және 1-Украина майдандарында соғысты. Днепр өзенінен өту кезіндегі ерлігі мен батырлығы үшін 1944 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табысталды.
Иван Михайлович Яроцкий — Тынық мұхиты флотының 13-бригадасына қарасты 390-теңіз жаяу әскері батальонының автоматшылар ротасының командирі. 1940 жылы кіші лейтенант ретінде Тынық мұхиты флотына келіп, Жапонияға қарсы соғысқа қатысты. Жауынгерлік тапсырмаларды үлгілі орындағаны, ерлігі мен батылдығы үшін 1945 жылы оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріліп, Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі табысталды.
«Бүгін біз батырларға тағзым етіп, бейбіт өмір үшін алғысымызды білдіреміз. Олардың ерлігі халық жадында мәңгі сақталады», – деді аудан әкімі Серік Жеңісов.
Салтанатты шараға сондай-ақ «AMANAT» партиясының облыстық және аудандық филиалдарының өкілдері, прокуратура және төтенше жағдайлар бөлімі, Подгорное ауылының тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты. Қатысушылар Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан жауынгерлер мен барлық ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1214678?lang=kk