ИКАО-да Чикаго конвенциясына қатысты ратификациялау грамоталарын тапсыру рәсімі өтті
11.05.2026 16:53:20 275
2026 жылғы 8 мамыр, Монреаль қ., ИКАО штаб-пәтері. Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) штаб-пәтерінде Қазақстан Республикасының Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а) бабына өзгерістер енгізу туралы хаттамаға және Конвенцияның 56-бабына өзгерістер енгізу туралы хаттамаға қатысты ратификациялау грамоталарын ресми түрде тапсыру рәсімі өтті.
Рәсімге ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза, ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мырза, ИКАО Заң және сыртқы байланыстар бюросының директоры Майкл Гилл мырза, сондай-ақ ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілдігі мен Ұйым Хатшылығының қызметкерлері қатысты.
Іс-шара барысында ИКАО Бас хатшысы ратификациялау грамоталарын қабылдап, депозитарий тарапынан олардың алынғанын растайтын ресми хатты табыс етті.
Өзінің құттықтау сөзінде ИКАО Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мырза Қазақстандық Тарапты жоғарыда аталған хаттамаларды ратификациялауымен құттықтап, елімізге ИКАО-ның стратегиялық мақсаттарын ілгерілетуге белсенді қатысқаны үшін алғысын білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұйымның белсенді әрі сындарлы мүшесі екені атап өтілді.
Өз кезегінде ИКАО жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза ИКАО басшылығына өзара іс-қимылды дамытуға тұрақты қолдау көрсетіп, көңіл бөліп отырғаны үшін алғысын білдірді.
Ратификациялау грамоталарын тапсыру арқылы Қазақстан аталған түзетулер бойынша тиісті ішкі мемлекеттік рәсімдерді аяқтаған 124-ші мемлекет болды. Түзетулердің күшіне енуі және ИКАО Ассамблеясының Төтенше сессиясын өткізуі, сондай-ақ ИКАО Кеңесінің құрамын 36-дан 40 елге дейін және ИКАО-ның Аэронавигациялық комиссиясының құрамын 19-дан 21 мүшеге дейін кеңейту үшін жоғарыда аталған хаттамалардың әрқайсысын тағы төрт мемлекеттің ратификациялауы қажет.
Рәсім сенім, өзара түсіністік және сындарлы диалог ахуалында өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazakhstanicao/press/news/details/1217299?lang=kk