Францияда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етілді

Францияда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етілді

12.05.2026 15:09:36 254

Валлеруа, 2026 жылғы 6 мамыр – Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Мёрт-и-Мозель департаментінде Францияны азат ету жолында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым етілді. 

Қазақстанның Франциядағы Елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Страсбург қаласындағы Бас консул Анель Бақытбекқызы, Валлеруа коммунасының мэрі Кристиан Ламорлэт, мемориалдық кешен басшылығы мен жергілікті тұрғындар сарбаздар жерленген орындарға барып, гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты.

Сонымен қатар, қазақстандық делегация Мец-Шамбьер ұлттық әскери некрополі аумағында жерленген әскери тұтқындардың, соның ішінде департаменттік мұрағаттар арқылы есімдері анықталған Қазақстаннан шыққан азаматтардың қабірлеріне тағзым етті.

Сондай-ақ, Қазақстан Елшілігі жанындағы Әскери атташе аппаратының қызметкерлері Кеңес сарбаздарына арналған Нуайе Сэн Мартэн мемориалында өткен гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысты. Бұл жерде француз Қарсыласу қозғалысы қатарында шайқасқан 4643 Қызыл армия жауынгері жерленген.

Тағзым рәсімдері барысында қазақстандық дипломаттар француз жергілікті билігі мен тұрғындарына қаза тапқан сарбаздардың жерленген орындарын ұқыпты күтіп, олардың ерлігі мен жанқиярлығын ұмыттырмай сақтап келе жатқандары үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.

Өз кезегінде француз тарапы қазақстандықтардың Францияны азат ету жолындағы тарихи үлесін атап өтіп, олардың қайсарлығы мен құрбандығы туралы естелікті келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына назар аударды.

Валлеруа коммунасындағы Кеңес сарбаздарына арналған мемориал 1971 жылы тұрғызылған. Қазақстанның Франциядағы Елшілігінің қолдауымен 2018 жылы мұнда жерленген қазақстандық жауынгерлер — Зейнолла Әлімғазиев, Қоныспек Жақиянов, Мысахан (Нишан) Тұрғамбаев және Есен (Исин) Жұмағұловтың қабірлері анықталды. Кейінірек Шығыс Қазақстаннан шыққан Николай Михайлович Щеглов пен Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Александр Иванович Кособоковтың жерленген орындары да нақтыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-strasbourg/press/news/details/1217847?lang=kk