Қазақстан мен Словения туризм саласындағы серіктестікті жандандыруда
12.05.2026 16:43:06 288
Любляна, 2026 жылғы 12 мамыр – Қазақстан Республикасының Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Slovenian Tourist Board Бас директоры Майя Пак Олаймен туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қатысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізді. Қазақстанның туристік әлеуетін еуропалық бағытта насихаттауға, екі елдің туристік компаниялары арасындағы байланыстарды кеңейтуге, сондай-ақ іскерлік және іс-шара туризмін дамытуға ерекше назар аударылды.
Әңгіме барысында қазақстандық дипломат Қазақстанның туризм индустриясын қолдау шараларын, соның ішінде инфрақұрылымды дамытуды, экологиялық, мәдени және этнотуризмді насихаттауды, сондай-ақ Орталық Азияның ең ірі туристік көрмесі - Алматыда өтетін Қазақстан халықаралық туристік жәрмеңкесін (KITF) қоса алғанда, халықаралық бейіндік көрмелерді өткізуді таныстырды. KITF жыл сайын әлемнің ондаған елінен жүздеген компаниялар мен туризм индустриясының өкілдерін біріктіретіні және халықаралық диалог пен жаңа туристік бағыттарды насихаттау үшін маңызды алаң ретінде қызмет ететіні атап өтілді.
Қазақстанның Елшісі тәжірибе алмасуды жандандыру, туристік өнімдерді бірлесіп насихаттау және сала өкілдері арасындағы серіктестік қарым-қатынастарды кеңейту мақсатында Kazakh Tourism мен Slovenian Tourist Board арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, ынтымақтастық перспективаларын талқылау және Қазақстандағы туристік мүмкіндіктерді таныстыру үшін Рогашка-Слатинада словениялық туристік компаниялардың қатысуымен іскерлік таңғы ас өткізу бастамасы көтерілді.
Өз кезегінде Майя Пак Олай қазақстандық тараптың бастамаларын қолдап, екі елдің туристік ұйымдары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға қызығушылық танытты. Slovenian Tourist Board Словенияны тұрақты, экологиялық және жоғары сапалы туристік бағыт ретінде насихаттаумен айналысатыны, «жасыл» және бутик туризмін дамытуға ерекше назар аударатыны атап өтілді.
Тараптар Қазақстан мен Словения арасындағы туристік алмасуды кеңейтудің айтарлықтай әлеуетін атап өтті. Словениядағы шетелдік туристердің көпшілігі Еуропалық Одақ елдерінен келген қонақтар екені және елдің өзі табиғи, сауықтыру және мәдени туризмді белсенді насихаттаудың арқасында жыл сайын шамамен 6 миллион турист қабылдайтыны атап өтілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1218005?lang=kk