2000 сағаттық ұшу тәжірибесі: Ұлттық ұланның авиациясына 34 жыл

2000 сағаттық ұшу тәжірибесі: Ұлттық ұланның авиациясына 34 жыл

14.05.2026 19:13:06 291

14 мамыр күні ҚР ІІМ Ұлттық ұланының авиациялық базасы құрылғанына 34 жыл толды. Осы уақыт аралығында 3656 әскери бөлімі құқықтық тәртіп әскерлерінің сенімді әуе тірегіне айналып, жеке құрамды жедел жеткізу, арнайы тапсырмаларды орындау және гуманитарлық миссияларға қатысу бағытында маңызды қызмет атқарып келеді.

2025 жылдан бері авиациялық эскадрилья экипаждары әуеде 1924 сағат ұшты. Бұл үздіксіз ұшудың шамамен 80 тәулікке тең көрсеткіші.  Жалпы ұшу жүктемесінің үштен бірінен астамы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті сақтау міндеттеріне тиесілі. Осы кезеңде Ұлттық ұлан авиациясы 7 мыңнан астам жолаушы және 607 тонна жүк тасымалдады.

2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордада Ұлттық ұланның  авиабазасын ашып, құқықтық тәртіп авиациясының дамуына жаңа серпін берді. Заманауи инфрақұрылымның іске қосылуы бөлімшенің мүмкіндігін кеңейтіп, авиацияны жедел қолдану әлеуетін айтарлықтай арттырды.

Бүгінде Ұлттық ұланның ұшақтары мен тікұшақтары Қазақстанның мемлекеттік авиациясының маңызды құрамдас бөлігі ретінде ел аумағында күштер мен құралдарды жедел жеткізу міндеттерін тиімді атқарып келеді.

Әскери бөлім экипаждары жыл сайын «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасына қатысып, құрамында есірткісі бар өсімдіктердің заңсыз егістіктерін анықтау мақсатында барлау ұшуларын орындайды. Сондай-ақ ұшқыштар «Өрт-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына да жұмылдырылды.

Бөлім тарихында халықаралық гуманитарлық миссиялардың орны ерекше. Әскери ұшқыштар Түркияға, Сирияға және Ауғанстанға жүк көлемі 100 тоннадан асатын гуманитарлық көмек жеткізді.

Су тасқыны кезеңінде 3656 әскери бөлімінің ұшқыштары құтқару операцияларына белсене қатысты. Олар шалғай және жол қатынасы шектеулі өңірлерден тұрғындарды эвакуациялап, азық-түлік, дәрі-дәрмек және бірінші қажеттілік заттарын жеткізді.

Кәсіби ұшқыштар мен техникалық құрамның жоғары біліктілігінің арқасында Ұлттық ұлан авиациясы еліміздің қауіпсіздік жүйесінде маңызды буын ретінде қалыптасып, құқықтық тәртіптің сенімді қалқаны болып қала береді.

 

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1220420?lang=kk