Қазақстан мен Түркия кедендік статистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
15.05.2026 14:49:18 273
2026 жылғы 12-15 мамыр аралығында Астана қаласында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мен Түркия Республикасы Сауда министрлігі сарапшыларының 2025 жылдың қорытындысы бойынша сыртқы сауданың кедендік статистикасы деректерін салыстыру және әдіснамалық тәсілдерді келісу мәселелеріне арналған екінші отырысы өтті.
Отырыс барысында тараптар соңғы жылдардағы өзара сауданың статистикалық деректеріндегі алшақтықтардың динамикасын талқылады, сондай-ақ сыртқы сауданың кедендік статистикасын қалыптастырудың негізгі әдіснамалық аспектілерін қарастырды.
«Қазақстан Республикасының экспорты - Түркия Республикасының импорты» және «Қазақстан Республикасының импорты - Түркия Республикасының экспорты» бағыттары бойынша деректерді салыстыруға ерекше назар аударылды.
Сарапшылар 2025 жылғы статистикалық деректердегі бар алшақтықтардың себептеріне егжей-тегжейлі талдау жүргізді, кедендік статистикалық ақпаратты қалыптастыру, өңдеу және талдау саласындағы тәжірибелерімен және үздік тәсілдерімен алмасты.
Қатысушылар жеке блок ретінде екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, соның ішінде алмасатын мәліметтер тізбесін кеңейтуді, ақпараттық өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдіруді және өзара сауда деректерін салыстыру бойынша талдау жұмыстарын тереңдетуді қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар 2025 жылғы сыртқы сауданың кедендік статистикасы деректерін салыстыру жөніндегі сарапшылардың екінші отырысының Хаттамасына қол қойды, онда қол жеткізілген уағдаластықтар бекітіліп, өзара іс-қимылдың алдағы бағыттары айқындалды.
Бұл іс-шараны өткізу Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы серіктестікті нығайтудағы кезекті маңызды қадам болды, сондай-ақ екі елдің сыртқы саудадағы кедендік статистикасы деректерінің ашықтығын, сапасын және салыстырмалылығын арттыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1220997?lang=kk