Елші Пәкістанның ірі өнеркәсіптік орталығында Гуджрат қаласында сапармен болды
18.05.2026 09:38:03 267
Гуджрат, 2026 жылғы 15 мамыр – ҚР ПИР-дағы Елшісі Ержан Қыстафин елдің ірі индустриялық орталықтарының бірі болып табылатын Гуджрат қаласына жұмыс сапарымен барып, Сауда-өнеркәсіп палатасының (СӨП) басшылығымен және мүшелерімен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ құрылыс материалдары мен жиһаз өндіретін бірқатар кәсіпорындардың қызметімен танысты.
Сауда-өнеркәсіп палатасындағы кездесу барысында Елші ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың биыл ақпанда Пәкістанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындылары туралы ақпарат берді. Ол Қазақстан мен Пәкістан арасындағы сауда-экономикалық байланыстар мен инвестициялық әріптестікті одан әрі кеңейту мақсатында қолайлы іскерлік ахуалды қалыптастыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде хабардар етті. Е.Қыстафин көлік-логистикалық дәліздерді дамыту және банк секторындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударды.
Өз кезегінде Сауда-өнеркәсіп палатасының басшылығы екіжақты қатынастардың даму қарқынына жоғары баға беріп, соңғы жылдары Гуджрат қаласы кәсіпкерлерінің қазақстандық бизнес өкілдерімен іскерлік байланыстарының айтарлықтай артқанын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша Сауда-өнеркәсіп палатасы Қазақстанға кезекті делегация жіберу ниетін білдірді. Бұл қадам өзара сауданы одан әрі кеңейтуге және инвестициялық мүмкіндіктерді зерделеуге бағытталмақ.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1221919?lang=kk