Қармақшыда «Таза Қазақстан» акциясы қарқынды жүргізілуде
18.05.2026 10:46:46 251
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бүгін Қармақшы ауданында ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Тазалық шарасына аудан көлеміндегі барлық бөлім, мекеме қызметкерлері, еріктілер, жастар және тұрғындар белсенді қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты.
Сондай-ақ бүгінгі сенбілік жұмысына аудан әкімі Жандос Еркінбек арнайы қатысып, тазалық акциясына белсене атсалысты. Аудан басшысы елді мекендерде жүргізіліп жатқан жұмыстарды аралап көріп, санитарлық тазалық пен абаттандыру бағытындағы жұмыстардың сапасын бақылады. Сонымен қатар жауапты сала басшыларына бұл бағытта тапсырмалар беріп, тазалық жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Ауқымды шараға ауданға қарасты 2 кент және 12 ауылдық округ тұрғындары жұмыла қатысып, көше бойларын, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандардың аумақтарын тазартты. Сенбілік барысында шөп шабу, ағаштарды әктеу, сырлау және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жиналған қоқыстар арнайы белгіленген орындарға шығарылды.
Таза әрі көрікті аудан қалыптастыру – баршамыздың ортақ міндетіміз. Сондықтан әрбір азаматты тазалық шараларына белсене қатысып, туған өлкенің көркеюіне бірге үлес қосуға шақырамыз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1222031?lang=kk