ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша Ашық есік күні өтті
18.05.2026 12:39:50 300
2026 жылғы 15 мамырда Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде «Сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік» тақырыбында Ашық есік күні өтті. Іс-шараға Өскемен қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушылары, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің 4-курс студенттері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Іс-шараны ашқан Департамент басшысының орынбасары Қазыбек Қойшинов мемлекеттік кірістер органдарының елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мен халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды рөлін атап өтті. Салық түсімдерінің есебінен мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар салынатыны, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылып, инфрақұрылым дамып жатқаны айтылды. Сонымен қатар спикер жастарды мемлекеттік қызметке қызығушылық танытуға шақырып, болашақ мамандарды мемлекеттік кірістер органдарында қызмет етуге үндеді.
Кездесу барысында қатысушыларға мемлекеттік кірістер органдарының қызметі туралы ақпарат беріліп, салықтық және кедендік әкімшілендірудің өзекті мәселелері, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және профилактикалық шаралар түсіндірілді.
Спикерлер ретінде Камералдық мониторинг басқармасының басшысы Гүлжанат Беркутова, Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік бақылау басқармасының басшысы Болатбек Жаманбаев және Адам ресурстары басқармасының бас маманы Мейір Күнтуғанов сөз сөйледі.
«Адал Азамат» бағдарламасы аясында қатысушыларға салықтық сауаттылықты арттыруға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тақырыптық бейнероликтер көрсетілді.
Сондай-ақ қонақтар Департамент мұражайын аралап, өңірдегі мемлекеттік кірістер органдарының қалыптасу тарихымен танысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1222264?lang=kk