Мемлекеттік кірістер комитеті BYD гибридті автомобильдерін импорттаушыларға қатысты хабарламалар бойынша жағдайға түсініктеме берді

Мемлекеттік кірістер комитеті BYD гибридті автомобильдерін импорттаушыларға қатысты хабарламалар бойынша жағдайға түсініктеме берді

18.05.2026 18:09:08 248

       Ақпараттық кеңістікте Қытай Халық Республикасынан гибридті көлік құралдарын импорттаған сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың банктік шоттары жаппай бұғатталып жатқаны туралы шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттың таралуына байланысты, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті келесіні хабарлайды.

     BYD маркалы гибридті көлік құралдарын кедендік декларациялау кезінде жалған мәліметтер ұсынуға жол берген сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға анықталған бұзушылықтар туралы хабарламалар салық төлеушілердің жеке кабинеттеріне жолданды.

      Бұл ретте аталған хабарламалар тек 450 сыртқы экономикалық қызметке қатысушы рәсімдеген 623 көлік құралына ғана қатысты, бұл қабылданып жатқан шаралардың жаппай сипатқа ие екендігі туралы таратылып жатқан ақпаратқа сәйкес келмейді.

      Қолданыстағы заңнама аясында банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын шектеу шаралары тек 45 заңды тұлға мен жеке кәсіпкерге қатысты қолданылды.

     Бақылау іс-шараларын жүргізуге гибридті көлік құралдарының электр қозғалтқышының 30 минуттық қуатына қатысты жалған мәліметтерді көрсету жағдайларының жиілеуі негіз болды. Бұл өз кезегінде кедендік баждарды төлеуден заңсыз босатуға ықпал еткен.

     Объективті бақылауды қамтамасыз ету мақсатында Мемлекеттік кірістер органдарының аумақтық бөлімшелеріне BYD маркасының ресми өкілі ұсынған көлік құралдарының зауыттық техникалық сипаттамалары туралы мәліметтер берілді. Аталған мәліметтер мәлімделген деректердің дұрыстығын тексеру үшін пайдаланылатын болады.

   Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтар мен сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратудан бас тартуға шақырады.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1222774?lang=kk