«MVM Group» Қазақстанмен энергетика саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруда
18.05.2026 19:44:14 215
Будапешт, 2026 жылғы 29 сәуір – Қазақстанның Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы «MVM Group» компаниясының Бас атқарушы директоры Карой Матраиімен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесу барысында тараптар энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Келіссөздер аясында газ саласына инвестициялар тарту, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және жаңа бірлескен жобаларды іске асырудың негізгі бағыттары қарастырылды. Сонымен қатар, «MVM Group» бөлімшелерінің Қазақстан аумағында табиғи газды барлау, өндіру және өңдеу жобаларына қатысу мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде Елші елдегі қолайлы инвестициялық ахуалды атап өтіп, Қазақстан Үкіметінің шетелдік капиталды тартуға және қолайлы іскерлік орта қалыптастыруға бағытталған реформалары туралы айтты. Ол «MVM Group» компаниясының Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуы екіжақты экономикалық байланыстарға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Тараптар сондай-ақ жұмыс істеп тұрған жылу электр станцияларын қайта жаңғырту және модернизациялау мүмкіндіктерін, оның ішінде заманауи салқындату технологияларын енгізу мен экологиялық қауіпсіз шешімдерді талқылады. Келіссөздердің маңызды бағыттарының бірі ретінде «MVM Group» компаниясының жаңа біріктірілген циклдегі газ электр станцияларын салу саласындағы тәжірибесі қарастырылды. Бұл генерация тиімділігін арттыруға және көмір станцияларын алмастыру арқылы көміртегі шығарындыларын азайтуға мүмкіндік береді.
Карой Матраи энергетикалық нарықтарды дамыту, саланы цифрландыру және заманауи технологияларды енгізу бағыттарындағы озық еуропалық тәжірибемен бөлісуге дайын екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласындағы диалогты одан әрі дамытуға және өзара тиімді инвестициялық жобаларды қарастыруға мүдделілік білдірді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1222884?lang=kk