Киберқауіптерден халықаралық іздеуге дейін: Қазақстан мен Грузияның ішкі істер министрліктері ынтымақтастықты нығайтуда

Киберқауіптерден халықаралық іздеуге дейін: Қазақстан мен Грузияның ішкі істер министрліктері ынтымақтастықты нығайтуда

22.05.2026 12:29:57 400

Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов бастаған ҚР ІІМ делегациясы жұмыс сапарымен Грузияға барды.

Тбилиси қаласында Қазақстан ІІМ басшысы Грузияның Ішкі істер министрі Сулхан Тамазашвилимен екіжақты кездесу өткізді.

Келіссөз барысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ұйымдасқан және трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл, қылмыскерлерді іздестіру, заңсыз көші-қон арналары мен есірткі қылмысының жолын кесу, сондай-ақ кибералаяқтықтың заманауи схемаларына қарсы күрес мәселелері талқыланды.

Ержан Саденов Қазақстанның Грузияны сенімді әрі стратегиялық серіктес ретінде қарастыратынын атап өтіп, екі ведомство арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықтың тұрақты дамып келе жатқанын жеткізді.

Кездесуде екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықтың практикалық нәтижелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ биыл ақпан айында Астанада өткен екі ведомство басшыларының кездесуінде қол жеткізілген уағдаластықтардың кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқаны айтылды.

Тараптар көші-қон саласын қоса алғанда, шарттық-құқықтық базаны жетілдіру мәселелерін де талқылады.

Кадр даярлау және кәсіби тәжірибе алмасу бағытындағы өзара іс-қимылға да айрықша мән берілді.

Өз кезегінде Қазақстан ІІМ арнайы полиция бөлімшелерін даярлау тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін растады.

Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға және Қазақстан мен Грузия ІІМ-нің салалық бөлімшелері арасындағы тікелей өзара іс-қимылды дамытуға өзара мүдделі екенін білдірді.

Сапар аясында Қазақстанның Ішкі істер министрін Грузияның Премьер-министрі Ираклий Кобахидзе де қабылдады.

Кездесу барысында қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы қазақ-грузин ынтымақтастығын одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tbilisi/press/news/details/1226193?lang=ru