Қазақстанның Сеулдегі Елшісі GGGI–GCF бірлескен конференциясы аясында БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті

Қазақстанның Сеулдегі Елшісі GGGI–GCF бірлескен конференциясы аясында БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті

22.05.2026 16:42:47 253

Сеул, 2026 жылғы 21 мамыр – Глобалды жасыл өсу институты мен Жасыл климат қорының «Амбициялық жаһандық климаттық іс-қимыл жолындағы әріптестік» тақырыбындағы бірлескен конференциясы (GGGI–GCF Joint Conference: Partnering for Ambitious Global Climate Action) аясында Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Асет Исенали БҰҰ-ның 8-ші Бас хатшысы, Глобалды жасыл өсу институты Ассамблеясының Президенті және Кеңесінің Төрағасы Пан Ги Мунмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар халықаралық климаттық күн тәртібінің өзекті мәселелерін, тұрақты даму қағидаттарын ілгерілету және орнықты әрі инклюзивті экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында көпжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстанның GGGI-мен өзара іс-қимылына және жасыл даму, климаттық тұрақтылық пен заманауи экологиялық шешімдерді енгізу салаларындағы бастамаларды ілгерілету бойынша бірлескен жұмысты кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды.

Тараптар GGGI қызметі аясында одан әрі тығыз өзара іс-қимыл жасауға және Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуде мемлекеттерге қолдау көрсетуге, климаттық қаржыландыруды жұмылдыруға және ұзақ мерзімді экономикалық өсу модельдерін ілгерілетуге бағытталған ұйым жұмысына белсенді қатысуына дайын екендерін растады.

Қазақстандық дипломат Қазақстанның тұрақты даму қағидаттарына және экономиканы экологиялық жаңғыртуға деген дәйекті бейілділігі атап өтті. Қазақстан жасыл трансформацияны тек экологиялық міндет ретінде ғана емес, сонымен қатар елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, инвестиция тартудың және азаматтардың өмір сапасын жақсартудың маңызды факторы ретінде қарастыратынын айтты.

Қазақстанның GGGI іс-шараларына қатысуы елдің қоршаған ортаны қорғау және келер ұрпақ үшін тұрақты болашақ қалыптастыру жолындағы халықаралық күш-жігерге практикалық үлес қосуға ұмтылысын көрсетеді.

Global Green Growth Institute штаб-пәтері Сеулде орналасқан және қазіргі климаттық сын-қатерлерге жауап ретінде практикалық шешімдер іздеу мақсатында мемлекеттерді, халықаралық қаржы институттарын және серіктес ұйымдарды біріктіретін маңызды халықаралық миссияны атқаруда. Ұйымның қызметі экономикалық өсім, технологиялық прогресс және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау арасындағы
тепе-теңдікке негізделген экономиканы дамытудың жаңа тәсілдерін қалыптастыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1226484?lang=ru