2026 жылғы 21 мамырда Шымкент қаласында ҚР Энергетика министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен «Жылу желілерін цифрландыру: диагностика және жасанды интеллект» тақырыбында семинар-кеңес өтті. Іс-шара барысында жылумен жабдықтау саласына цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу, жылу желілерін құбырішілік диагностикалау, цифрлық мониторинг және инфрақұрылымды предиктивті басқару мәселелері талқыланды. Семинарды ҚР Энергетика вице-министрі Ілияс Бақытжан ашып, энергетика саласындағы цифрлық трансформация жұмыстары мен жасанды интеллект технологияларын енгізудің маңызын атап өтті. Семинар аясында жылу желілерін жер қазу жұмыстарынсыз тексеруге мүмкіндік беретін заманауи роботтандырылған диагностика технологиялары таныстырылды. Сонымен қатар, цифрлық егіздер, онлайн бақылау жүйелері және киберқауіпсіздік бағытындағы жаңа шешімдер бойынша тәжірибе алмасу өтті. Шымкент қаласында жүзеге асырылған пилоттық жоба нәтижесінде жылу желілерін диагностикалауда жасанды интеллект технологияларын қолданудың тиімділігі дәлелденіп, экономикалық әсері 76,2%-ды құрады. Семинарға мемлекеттік органдардың, табиғи монополия субъектілерінің, халықаралық және ғылыми ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ Қазақстан, Ресей және Өзбекстан елдерінің сарапшылары қатысты.