Қазақстан мен Канада жоғары білім және кадр даярлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
23.05.2026 09:54:21 146Торонто, 2026 жылғы 22 мамыр – University of Toronto алаңында Қазақстан Республикасының Канададағы Елшілігі ұйымдастырған «Қазақстан–Канада жоғары білім және кадр даярлау мәселелері жөніндегі диалог» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға University of Toronto, Ontario Tech University, Toronto Metropolitan University, York University, Queen's University, Humber Polytechnic, George Brown College, Cambrian College, MITACS және өзге де жетекші академиялық әрі зерттеу ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Онтарио провинциясы Үкіметінің және сарапшылық қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Іс-шараны ашқан Қазақстанның Канададағы Елшісі Д.Құсайынов Қазақстанның Еуразиядағы өңірлік академиялық және зерттеу хабы ретіндегі ұстанымын дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, еліміз халықаралық әріптестікті, бірлескен білім беру бағдарламаларын және ғылыми ынтымақтастықты белсенді дамытуда. Елші стратегиялық маңызы бар салаларға, соның ішінде тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы және жасанды интеллект бағыттарына кадр даярлау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Негізгі баяндамамен Maqsut Narikbayev University қауымдастырылған профессоры, Harvard University шақырылған зерттеушісі Муслим Хасенов сөз сөйледі. Ол Қазақстандағы жоғары білім мен ғылым саласындағы реформаларға шолу жасап, халықаралық академиялық әріптестіктің дамуы мен жоғары білімді интернационалдандырудың жаңа тәсілдері туралы баяндады.
Пікірталас барысында University of Toronto халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Мишель Битон Қазақстан мен Канада арасындағы академиялық байланыстардың кезең-кезеңімен дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл үрдіс бірлескен білім беру бастамаларын іске асыруды, ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын және қазақстандық жоғары оқу орындарының бағдарламаларына канадалық оқытушылардың қатысуын қамтиды.
Ал Ontario Tech University халықаралық білім беру жөніндегі директоры Шоуна Гаррет жоғары технологиялық экономика салалары үшін мамандар даярлау бағытындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне тоқталды. Әсіресе, Қазақстанның атом электр станциясын салу жоспарларын ескере отырып, инженерия, цифрлық технологиялар және ядролық энергетика салаларындағы әріптестіктің маңызын ерекше атап өтті.
Жалпы, іс-шара Қазақстан мен Канаданың жоғары білім беру және болашақ экономикасы үшін кадр даярлау салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделі екенін көрсетті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ottawa/press/news/details/1226998?lang=ru