Қазақстан мен Норвегия экономикалық байланыстарды құруда
25.05.2026 19:56:17 288
Қазақстанның Ослодағы Елшілігінің қолдауымен ағымдағы жылдың 19–21 мамыры аралығында Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы Директорлар кеңесінің төрағасы Ронни Солберг бастаған норвегиялық кәсіпкерлерден құралған іскерлік делегация Қазақстанға сапар жасады.
Сапар аясында Алматы қаласында норвегиялық бизнес өкілдерінің қала әкімінің орынбасары Олжас Смағұловпен келіссөздері, сондай-ақ норвегиялық «Йотун» және даниялық «Карлсберг» компанияларымен кездесулері өтті.
Астана қаласында болған кезеңде норвегиялық кәсіпкерлер көлік, денсаулық сақтау, жасанды интеллект және цифрлық даму, ауыл шаруашылығы, сыртқы істер министрліктерінде, сондай-ақ «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингінде кездесулер өткізді.
А.ж. 21 мамырда норвегиялық делегация Қазақстанның Сыртқы сауда палатасы мен Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы ұйымдастырған Қазақстан-Норвегия Іскерлік Кеңесінің екінші отырысына қатысты.
2024 жылғы желтоқсанда құрылған Іскерлік Кеңес алаңы екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастығының, даму институттарының және салалық компанияларының өкілдерін біріктіріп, екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың перспективаларын талқылауға мүмкіндік берді.
Ашылу рәсімінде Қазақстан тарапынан Іскерлік Кеңесінің төрағасы, Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы Мұрат Кәрімсақов, Норвегияның Шығыс сауда-өнеркәсіп палатасы Директорлар кеңесінің төрағасы Ронни Солберг, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Әділ Тұрсынов сөз сөйледі.
Елші Ә.Тұрсынов Қазақстан-Норвегия Іскерлік Кеңесінің екінші отырысының Астанада өтуінің айрықша маңызын атап өтіп, аталған форматтағы іс-шараның алғаш рет Қазақстанда ұйымдастырылып отырғанына назар аударды. Қазақстандық дипломат Қазақстан мен Норвегияның бизнес қауымдастықтарын біріктіретін алғашқы мамандандырылған алаң ретінде Қазақстан-Норвегия Іскерлік Кеңесінің маңызды институционалдық рөліне ерекше тоқталды. Сонымен қатар, ол 2025 жылы өзара тауар айналымының 40%-ға өсуін және норвегиялық компаниялардың Қазақстандағы қатысу ауқымының кеңеюін қоса алғанда, экономикалық өзара іс-қимылдың оң серпінін атап өтті. Елші сондай-ақ іскерлік миссиялар мен Кеңес отырыстарына қатысушылар санының артуымен расталатын Қазақстан мен Норвегияның іскер топтары арасындағы өзара қызығушылықтың күшейіп келе жатқанын айтты.
Отырыс аясында тараптардың энергетика және мұнай-газ саласы, ауыл шаруашылығы мен акваөсіру, сондай-ақ логистика және орнықты инфрақұрылым бағыттарындағы өзара іс-қимылының негізгі басымдықтары қарастырылды.
Қазақстандық және норвегиялық компаниялар арасындағы практикалық кооперация әлеуетіне ерекше назар аударылып, Іскерлік Кеңес шеңберінде екі ел кәсіпкерлерінің «B2B» форматындағы кездесулері өтті.
Іс-шара қорытындысы бойынша Каспий теңізіндегі акваөсіру және балық өнімдерін өңдеу саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған қазақстандық «Organic Fish» ЖШС мен норвегиялық «Optimar» компаниясы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-oslo/press/news/details/1227999?lang=ru