Жас түлектермен еркін форматтағы кездесу өтті
26.05.2026 09:03:15 207
Бүгінгі жас буын – ел ертеңінің сенімді тірегі. Сондықтан жастардың сапалы білім алып, болашаққа нық қадам басуына қолдау көрсету - аудан басшысының басты назарында. Осы орайда бүгін аудан әкімдігі ғимаратында аудан әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентінде орналасқан мектептерінде «Алтын белгіге» үміткер жас түлектермен еркін форматта кездесті.
Тағылымды кездесу барысында 20-ға жуық оқушы өздерінің сауалдарын қойып, мемлекеттік қызмет, жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер туралы пікір алмасты. Сонымен қатар сапалы білім алып, уайымсыз оқуына жасалған қолдаулар мен атқарылған жұмыстар үшін өз алғыстарын білдірді.
Жандос Еркінбек жастарға ақжарма тілегін жеткізіп:
«Сіздер – елдің ертеңі, тәуелсіз еліміздің жарқын болашағысыздар. Қай жерде жүрсеңіздер де туған жердің дамуына үлес қосатын, білімді де білікті азамат болып қалыптасуларыңызға тілекшімін. Ең бастысы – үлкен армандардан қорықпай, үнемі ізденіп, алға ұмтылыңыздар. Сіздерге тек сәттілік тілеймін», – деді.
Кездесу аясында түлектер аудан әкімінің жұмыс кабинетін аралап, аудан тарихы мен ел дамуына қатысты естеліктерімен танысты. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасарлары және аудан әкімі аппаратының басшыларымен кездесіп, мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік пен қызметтің маңыздылығы жөнінде мәлімет алды.
Жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шарада оқушылар қоғамдық-саяси маңызды мәселелер талқыланатын мәжіліс залында да болып, өзара пікір алмасып, ел болашағына қатысты ойларын ортаға салды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1228051?lang=ru