Шаруа және фермер қожалықтары үшін салықтарды есептеу тәртібі

Шаруа және фермер қожалықтары үшін салықтарды есептеу тәртібі

26.05.2026 09:13:19 206

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Ол шаруа және фермер қожалықтары (ШФҚ) үшін жаңартылған арнайы салық режимін (АСР) енгізді. Негізгі өзгеріс — бірыңғай жер салығының күшін жою және салық салудың жаңа тәртібіне көшу болды.

Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығында немесе жер пайдалану құқығында жер учаскелері бар ШФҚ арнайы салық режимін қолдануға құқылы. Бұл режим кемінде бір күнтізбелік жыл бойы қолданылады. Шарттар бұзылған жағдайда қожалық жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне көшеді.

АСР тек келесі қызмет түрлерінен түсетін табыстарға қолданылады:

  • өз өндірісіндегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізу;

  • өз ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және қайта өңделген өнімдерді өткізу.

Акцизделетін тауарларды өндіру және өткізуге байланысты қызмет арнайы режимге жатпайды.

Салық кезеңі — күнтізбелік жыл. Жеке табыс салығы (ЖТС) салық төлеушімен дербес есептеледі және салық салу объектісінің 0,5% мөлшерлемесі бойынша төленеді. Бұрын қолданылған ЖТС-ты 70%-ға азайту жеңілдігі жойылып, оның орнына бірыңғай төмендетілген мөлшерлеме енгізілді.

АСР қолданатын ШФҚ келесі салықтар мен төлемдерден босатылады:

  • жер салығынан және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемнен;

  • көлік құралдары салығынан;

  • мүлік салығынан;

  • ШФҚ қызметі бойынша әлеуметтік салықтан;

  • қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемнен;

  • импортқа салынатын ҚҚС пен бейрезидент үшін төленетін ҚҚС-тан басқа қосылған құн салығынан (ҚҚС).

Осылайша, қожалықтардың көпшілігі үшін іс жүзінде негізгі бір ғана салық қалады — 0,5% мөлшерлемемен ЖТС.

ШФҚ үшін арнайы салық режимі бойынша салық декларациясы есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей жер учаскесінің орналасқан жері бойынша ұсынылады.

Егер қожалық ауыл шаруашылығына жатпайтын қызметтен табыс тапса, мұндай табыстар жалпыға бірдей белгіленген режим бойынша немесе қажетті шарттар сақталған жағдайда оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі бойынша бөлек салық салынады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1228057?lang=ru