Банкроттықтың соттан тыс рәсімі бойынша банкроттың қаржылық жай-күйінің мониторингі
26.05.2026 10:06:04 187
«Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 48-бабының 2-тармағына сәйкес борышкер банкрот деп танылғаннан кейін үш жыл бойы уәкілетті орган банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізеді.
Банкроттың қаржылық жағдайына мониторингті кредиторлар да жүргізуге құқылы.
Банкроттың мемлекеттік тіркелуге жататын мүлікті, оның ішінде ортақ бірлескен мүлікті сатып алу фактісі анықталған жағдайда, уәкілетті орган кредиторларға банкроттың қаржылық жағдайына мониторингтің нәтижелерін жібереді.
Кредиторлар уәкілетті органнан ақпаратты алған кезде сотқа борышкерді банкрот деп танудың күшін жою және Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне сәйкес банкроттық рәсімін қайта бастау туралы жүгінуге құқылы.
Банкроттың қаржылық жағдайын бақылау тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 10 наурыздағы №254 «Борышкердің және банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» бұйрығымен (бұдан әрі - Бұйрық) бекітілген.
Қаржылық мониторинг нәтижелері бойынша уәкілетті орган соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін банкроттың мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікті, оның ішінде ортақ бірлескен мүлікті сатып алуы туралы қорытынды (бұдан әрі - Қорытынды) немесе соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін банкроттың мемлекеттік тіркеуге жататын мүлікті, оның ішінде ортақ бірлескен мүлікті сатып алу фактісінің болмауы туралы анықтама (бұдан әрі - Анықтама) жасайды.
Бұйрықтың 16-тармағына сәйкес, Қорытынды 3 (үш) данада жасалады, бір данасы уәкілетті органның номенклатуралық істерінде сақталады, екіншісі банкротқа, ал үшіншісі кредиторларға жасалған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жолданады.
Анықтама 1 (бір) данада жасалады және уәкілетті органның номенклатуралық істерінде сақталады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-sko/press/news/details/1228098?lang=ru