«Конституция: адами капитал. Адал азамат» тақырыбында республикалық онлайн семинар-тренинг

«Конституция: адами капитал. Адал азамат» тақырыбында республикалық онлайн семинар-тренинг

26.05.2026 15:06:19 283

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және өскелең ұрпақты жалпыұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу мәселелері бүгінгі күні педагогикалық қауымдастық назарындағы маңызды бағыттардың бірі болып отыр.

Осы бағыттағы ауқымды іс-шаралардың бірі ретінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Өрлеу» ұлттық орталығы «Конституция: адами капитал. Адал азамат» тақырыбында республикалық онлайн семинар-тренинг өткізді.

Ауқымды іс-шараға еліміздің барлық өңірлерінен 6 мыңнан астам педагог қатысты. Пленарлық бөлімде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Карамбаев сөз сөйлеп, білім беру үдерісіне конституциялық қағидаттарды кіріктірудің өзекті міндеттерін атап өтті.

Бағдарламаның мазмұнды бөлігі Шымкент қаласындағы «Өрлеу» филиалының директоры Меруерт Медетбекованың баяндамасымен ұсынылды. Ол өз сөзінде еліміздің негізгі заңы — Қазақстан Республикасының Конституциясы құндылықтарының «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының мазмұнымен өзара байланысын жан-жақты ашып көрсетті.

Қазіргі кезеңде білім беру жүйесі құқықтық мәдениеті жоғары, отансүйгіштік рухы қалыптасқан және сыни ойлау қабілеті дамыған жаңа үлгідегі азаматты тәрбиелеудің негізгі құралына айналуда.

Семинардың практикалық бөлімі еліміздің барлық өңірлеріндегі «Өрлеу» филиалдары базасында воркшоп форматында ұйымдастырылды. Оған білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер мен әдіскерлер қатысты. Жұмыс барысында конституциялық құндылықтарды оқу сабақтары мен тәрбие жұмыстарының мазмұнына тиімді енгізу тетіктері ұсынылды.

Педагогикалық қауымдастық алдында білім алушылардың бойында адалдық, жауапкершілік, отансүйгіштік және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді қалыптастыру міндеті тұр. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-bilim/press/news/details/1228477?lang=ru