Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азиядағы экспорттық қатысуын кеңейтуде: қазақстандық делегация THAIFEX – Anuga Asia 2026 көрмесіне қатысуда
27.05.2026 10:14:55 250
Бангкок, 2026 жылғы 26 мамыр – Қазақстан Республикасының Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы бастаған қазақстандық делегация Бангкок қаласында өтіп жатқан және Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ең ірі азық-түлік және сауда алаңдарының бірі саналатын THAIFEX – Anuga Asia 2026 халықаралық көрмесіне қатысуда.
Қазақстандық делегация құрамына сондай-ақ Қазақстанның Таиландтағы Елшісі Марғұлан Баймұхан, мемлекеттік органдардың, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның, ұлттық даму институттарының, экспортқа бағытталған компаниялар мен бизнес қауымдастықтарының өкілдері кірді.
Көрме аясында қазақстандық делегация Таиланд Сауда палатасының Вице-президенті доктор Китсана Вачекриласпен кездесу өткізіп, оның барысында іс-шараның таныстырылымы өтіп, Қазақстан мен Таиланд арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективалары талқыланды.
Тараптар іскер топтар арасындағы тікелей байланыстарды нығайтудың, экспорттық өнімдерді ілгерілетудің, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігі мен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы өзара іс-қимылды дамытудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, делегация THAIFEX – Anuga Asia 2026 көрмесінің павильондарын, соның ішінде тайлық және халықаралық өндірушілердің стендтерін аралап, ірі компаниялар мен әлеуетті серіктестердің өкілдерімен кездесулер мен келіссөздер өткізді.
Алматы облысынан қатысқан «ҚазТайАльянс» пен «Аспан Азия» ЖШС бірлескен павильонына ерекше назар аударылып, онда қазақстандық өнімдер таныстырылды. Қазақстан тарапы THAIFEX – Anuga Asia 2026 көрмесіне қатысуды отандық экспортты Таиланд және АСЕАН нарықтарына ілгерілету, қазақстандық өндірушілердің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қатысуын кеңейту және екі ел арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты нығайту стратегиясының маңызды элементі ретінде қарастыратынын атап өтті.
Анықтама үшін: THAIFEX – Anuga Asia (2026 жылғы 26-30 мамыр) – жыл сайын Бангкок қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі азық-түлік өнімдері мен тамақ индустриясына арналған ең ірі халықаралық көрмелердің бірі. 2026 жылы көрмеге 56-дан астам елден 3 мың компания қатысып, 130 елдің өкілдері келуде. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, көрмеге 300 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарлануда. Экспозиция азық-түлік пен сусындарды, халал және органикалық өнімдерді, тағам технологияларын, қаптаманы, логистиканы және цифрлық шешімдерді қамтиды. Көрме экспортты ілгерілету және АСЕАН нарығына шығу үшін негізгі алаңдардың бірі ретінде қарастырылады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Таиланд арасындағы екіжақты тауар айналымы 255,1 млн АҚШ долларын құрап, алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 8 %-ға өсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-thailand/press/news/details/1229088?lang=ru