Smart Data Finance АЖ-салықтық әкімшілендіруді цифрлық трансформациялаудың жаңа кезеңі

Smart Data Finance АЖ-салықтық әкімшілендіруді цифрлық трансформациялаудың жаңа кезеңі

13.07.2026 02:57:37 275

Smart Data Finance (SDF) ақпараттық жүйесі – салықтық және кедендік деректерді шоғырландыруға, өңдеуге және талдауға арналған мемлекеттік кірістер органдарының бірыңғай талдамалық платформасы.

Жоба шеңберінде 13 функционалдық кіші жүйе, ішкі және сыртқы ақпараттық жүйелермен 107 интеграциялық өзара іс-қимыл, сондай-ақ мәліметтерді беру бойынша 12 сервис іске асырылды. Аталған сервистерге 36 мемлекеттік орган, екінші деңгейдегі банктер және өзге де ұйымдар қосылған. Өңделетін деректердің жалпы көлемі 2,3 петабайттан асады.

Платформаның негізінде мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алынатын мәліметтерді шоғырландыруды, өңдеуді, сақтауды және талдауды қамтамасыз ететін Big Data технологиялары қолданылады. Осы деректер негізінде жеке және заңды тұлғалар үшін салық төлеушінің бірыңғай цифрлық бейіні қалыптастырылады. Бұл экономикалық қызмет туралы кешенді ақпарат алуға, салықтық тәуекелдерді басқаруды жетілдіруге және қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Big Data технологияларын пайдалану тәуекелге бағдарланған тәсілді дамытуға ықпал етеді. Бұл ретте бақылау тәуекелі жоғары операцияларға шоғырландырылады. Аталған тәсіл адал салық төлеушілерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және салық міндеттемелерін ерікті түрде орындау деңгейін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатқа сәйкес келеді.

Платформаны практикалық қолданудың негізгі бағыттарының бірі ретінде экспорттаушыларға қосылған құн салығын қайтару кезінде цифрлық теңгені пайдалана отырып жүзеге асырылатын «Цифрлық ҚҚС» пилоттық жобасы іске асырылды. Ақпараттық жүйеде пилоттық жобаға қатысушылардың өзара іс-қимылын автоматтандыруды, ҚҚС қайтару мерзімін 10 жұмыс күніне дейін қысқартуды (бұрын – 55 күн), сондай-ақ пилоттық жобаны 2026 жылдың соңына дейін ұзартуды көздейтін заңнамадағы өзгерістерді қолдауды қамтамасыз ететін функционал іске асырылған.

Салықтық, кедендік және өзге де мемлекеттік деректерді бірыңғай талдамалық платформада шоғырландыру салықтық тәуекелдерді айқындаудың жаңа тәсілдерін қолдануға мүмкіндік берді. Әртүрлі ақпараттық жүйелердің мәліметтерін салыстыру нәтижесінде бұрын қолжетімсіз болған салық төлеушілер қызметін бағалаудың қосымша талдамалық өлшемшарттары қалыптастырылды. Бұл түсімдерді төмендетіп көрсету және кассалық тәртіпті сақтамау фактілерін анықтауға, салықтық әкімшілендіру шараларын уақтылы қабылдауға және мемлекеттік бюджетке қосымша түсімдердің түсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Жобаны іске асыру барысында ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Smart Data Finance ақпараттық жүйесі ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі бойынша Мемлекеттік техникалық қызметтің сынақтарынан сәтті өтіп, ақпаратты қорғау жөніндегі белгіленген талаптарға сәйкестігін және пайдалануға дайын екенін растады.

Smart Data Finance мемлекеттік кірістер органдарының ведомствоаралық өзара іс-қимылын дамытуды, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруды және салықтық әкімшілендіруді одан әрі цифрлық трансформациялауды қамтамасыз ететін заманауи технологиялық негізді қалыптастырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1250757?lang=ru