Қазақстан мен БАӘ арасындағы сарапшылық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

Қазақстан мен БАӘ арасындағы сарапшылық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды

13.07.2026 04:06:12 233

Абу Даби, 2026 жылғы 30 маусым – Қазақстан Республикасының Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Елшісі Рауан Жұмабек Әмірліктердің Саяси орталығының негізін қалаушы әрі президенті Ибтисам Әл-Кетбимен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен БАӘ арасындағы сараптамалық-талдамалық саладағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Екі елдің талдау орталықтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтудың халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша білім алмасу, ортақ ұстанымдарды қалыптастыру және гуманитарлық байланыстарды дамыту үшін маңызды тетік екені атап өтілді.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты мен Әмірліктердің Саяси орталығы арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандумды іске асыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Тараптар аталған құжат аясындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде бірлескен зерттеулер жүргізуге, сарапшылық консультациялар ұйымдастыруға, конференциялар өткізуге және мамандар алмасуға қызығушылық білдірді.

Кездесу аясында халықаралық және өңірлік күн тәртіптегі өзекті мәселелер, оның ішінде Таяу Шығыстағы геосаяси ахуалдың дамуы жөнінде жан-жақты пікір алмасылды.

Р.Жұмабек 2026 жылғы 6 қазанда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы аясында өтетін «Жаһандық тұрақсыздық дәуіріндегі діни құндылықтарға негізделген дипломатия» атты халықаралық дөңгелек үстелге қатысу жөнінде И.Әл-Кетбиге ресми шақыру хатты табыстады.

Шақыру үшін алғыс білдірген И.Әл-Кетби алдағы іс-шараға қатысатынын растады және қазақстандық сарапшылық әрі ғылыми-талдамалық институттармен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-abudhabi/press/news/details/1250877?lang=ru