Жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің экожүйесі талқыланды
11.08.2026 17:20:50 155
Бүгін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, күн тәртібінде Жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің экожүйесі туралы мәселелер қаралды.
2026 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында аудан әкімдігіне қарасты мекемелер тарапынан 3193 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 99 пайызы электронды түрде ұсынылған. Есепті кезеңде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша заң бұзушылықтар тіркелмеген және сапасына қатысты арыз-шағымдар түспеген. Аудан басшысы бұл бағыт аясында кемшілік болмас үшін, жұмысты күшейтуді тапсырды.
Білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы аудан басшысының ерекше назарында. Қазір аудан бойынша бірқатар мектептерде жәй және ағымдағы жөндеу жұмысына облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты аудандық білім бөліміне оқу жылы басталғанға дейін толық әрі сапалы аяқталуды және нысандардың жылу беру маусымына дайындығын қамтамасыз ету тапсырылды.
Азаматтармен ашық диалог орнату – басты міндет. Сондықтан мәжілісте аудан басшысының тұрғындармен кездесуінде азаматтар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысы да талқыланды. Осыған байланысты аудан бойынша атқарылуы қажет жұмыстар мен халықтың тұрмыс сапасына әсер ететін мәселелер және оларды шешу жолдары бойынша жауапты сала басшыларға бірқатар тапсырмалар жүктелді.
— Тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмауы керек. Берілген тапсырмалардың орындалуы мен сапасына жауапты басшылар тікелей бақылау жүргізіп, атқарылған жұмыстар бойынша уақытылы ақпарат беруді қамтамасыз етсін. Салаға жауапты аудан әкімінің орынбасарлары тапсырмалардың орындалуын бақылауда ұстасын, — деп Жандос Еркінбек мәжілісті қорытындылады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1272426?lang=ru