Қазақстан мен Сауд Арабиясы архив саласындағы ынтымақтастықты дамытуда
18.08.2026 14:16:30 358
Рияд, 2026 жылғы 17 тамыз – Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі Мадияр Меңілбеков Сауд Арабиясы Корольдігінің Король Әбделазиз атындағы ғылыми-зерттеу және архив қорының атқарушы директоры Турки бен Мухаммед Әлшуайермен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы архив, тарихи құжаттама және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму келешегін талқылады.
Атап айтқанда, сұхбаттастар ағымдағы жылдың қыркүйек айына жоспарланған Қазақстан Республикасы Ұлттық архиві басшылығының Сауд Арабиясына ресми қарымта сапарын және аталған сапар аясында қол қойылуы көзделген екіжақты ынтымақтастық құжаттарын қарастырды.
Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап тарихи-мәдени мұраны зерделеу және екі елдің ғылыми-архивтік мекемелері арасындағы әріптестікті кеңейту бағытындағы белсенді диалогты одан әрі жалғастыруға уағдаласты.
2025 жылдың 22 мамырында Астана қаласында Қазақстан Республикасының Ұлттық архиві мен Сауд Арабиясы Корольдігінің Король Әбделазиз атындағы ғылыми-зерттеу және архив қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-riyadh/press/news/details/1275839?lang=ru