Қазақстан Елшісі Черногория Премьер-министрімен екіжақты күн тәртібін талқылады

Қазақстан Елшісі Черногория Премьер-министрімен екіжақты күн тәртібін талқылады

11.09.2026 23:17:42 148

Подгорица, 2026 жылғы 10-11 қыркүйек – Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Батырашев Черногория Премьер-министрі Милойко Спаичпен кездесті. Тараптар Қазақстан мен Черногория арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын жан-жақты талқылады.

Аталған кездесуде Қазақстан мен Черногория Президенттерінің кездесуі барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, цифрландыру және туризм салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.

Премьер-министр М.Спаич Қазақстанмен практикалық ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін растады. Атап айтқанда, ол сауданы дамытуға, қазақстандық инвестициялар мен технологияларды тартуға, Қазақстаннан азық-түлік өнімдерін тұрақты жеткізуді жолға қоюға, сондай-ақ перспективалы инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларға қазақстандық компаниялар мен қаржы институттарының қатысуына қызығушылық білдірді.

Кездесудің негізгі нәтижесі жоғары деңгейдегі диалогты жалғастыру туралы уағдаластық болды. Осыған орай М.Спаич Қазақстанға ресми сапармен келуге дайын екенін білдірді. Сапар мерзімі дипломатиялық арналар арқылы келісілетін болады.

Сапар аясында Черногорияның бірқатар салалық министрліктерінің басшыларымен де кездесулер өткізілді. Ауыл шаруашылығы, орман және су шаруашылығы министрі Владимир Йоковичпен Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Черногорияға жеткізу мүмкіндіктері, екі елдің өндірушілері, импорттаушылары мен дистрибьюторлары арасында тікелей байланыстар орнату, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігімен ынтымақтастық туралы екіжақты құжатқа қол қою қажеттілігі талқыланды.

Мемлекеттік басқару министрі Мараш Дукаймен мемлекеттік басқаруды цифрландыру, GovTech, жасанды интеллект және адами ресурстарды дамыту салаларындағы ынтымақтастық перспективалары қарастырылды. Д.Батырашев Қазақстанның цифрлық трансформация саласындағы тәжірибесімен бөлісуге әзірлігін жеткізді. Өз кезегінде М.Дукай екі елдің тиісті ведомстволары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға дайын екенін хабарлады.

Көлік министрі Радош Зечевичпен кездесуде Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін және Черногорияның порт инфрақұрылымын пайдалана отырып, көлік-логистикалық байланыстарды дамыту мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ салалық компаниялар арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою және ықтимал жүк ағындарын айқындау мәселелері қаралды. Осы тұрғыда Адриатика теңізінің жағалауында орналасқан Бар портының әлеуеті атап өтілді.

Черногория Сыртқы істер министрлігінде саяси диалогты одан әрі дамыту, шарттық-құқықтық базаны кеңейту, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия құру перспективалары, парламентаралық байланыстарды нығайту және халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы саяси консультациялардың кезекті раундын 2027 жылы өткізуге уағдаласты.

Кездесулер мен келіссөздерге Қазақстан Республикасының Черногориядағы Бас консулы Ғабиден Темірбек қатысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-zagreb/press/news/details/1290588?lang=ru