«Сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған»: директор «Жайлы мектеп» жобасы туралы айтты
09.02.2025 14:09:24 1390
Жайлы мектеп жобасы - бұл балалардың заманауи стандарттарға сәйкес келетін жағдайда өсуіне, білім алуына және табысқа жетуіне мүмкіндік беретін Қазақстанның болашағына инвестиция. Астанадағы №33 орта мектептің директоры Дана Оразалина «Жайлы мектеп» жобасы туралы пікірімен бөлісті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Спикердің айтуынша, осы мақсатта Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үркер тұрғын алабында балаларға арналған заманауи мектеп салынды.
«Біздің мектеп 2 мың оқушыға есептелген. Сапалы білім алу үшін барлық жағдай жасалған: заманауи жабдықталған оқу кабинеттері, зертханалар, оқу залы бар кітапхана, телестудия, кең асхана, 4 спорт залы. Қазіргі таңда мектепте 60-тан астам мұғалім жұмыс істейді, 900-ден астам бала білім алуда», - дейді Дана Оразалина.
Бір ауысымда жұмыс істейтін бұл мектептің ерекшелігі – үйірмелер мен шығармашылық секциялар түрінде қосымша білім беруді жүзеге асырудың жоғары мүмкіндігі. Сондай-ақ оқу үйірмесі, домбыра, шахмат, спорт секциялары, түрлі пәндерден қосымша сабақтар бар. Қазіргі таңда балаларды жан-жақты қолдау, түрлі қылмыстардың алдын алу мақсатында аталған іс-шараларды ұжым қызметкерлері тегін жүргізуде.
«Бүгінгі таңда мектепте ата-аналарды қолдау орталығы ашылды. Қолдау орталығы «Даналық мектебі» деп аталады. Онда ата-аналарға түрлі психологиялық көмектер көрсетіледі. Қазіргі мектептердің басты мәселелерінің бірі – ата-аналар қауымымен қарым-қатынасының нашарлығы, мектепке деген сенімсіздік, мұғалімдердің қоғам тарапынан жаппай айыпталуы. Орталық бұл мәселелерді ата-аналармен бірлесіп шешуге тырысады. Сонымен қатар, әр сенбіде «режиссер сағаты» деп аталады. Онда қаладағы жұмысына байланысты уақыты аз ата-аналарға жеке кеңес беріледі», – дейді Дана Оразалина.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/930633