Enbekshi QazaQ

Жаңалықтар

Қазақстан Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастықтың басым бағыттары мен жаңа инвестициялық жобаларды талқылады 17.04.2026
Вашингтон қ., 2026 жылғы 15 сәуір – Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия өңірі бойынша Вице-президенті Антонелла Бассани және Дүниежүзілік банк тобының өкілдерімен кездесулер өткізді.Кездесулер барысында Қазақстанның сенімге және тұрақты дамуға ортақ бейілділікке негізделген стратегиялық серіктестікті жоғары бағалайтыны атап өтілді. 30 жылдан астам уақыт ішінде ынтымақтастық аясында көлік, білім беру, экология, «жасыл» технологиялар және цифрландыру салаларында жалпы құны 8 млрд. АҚШ долл. асатын 50-ден астам жоба жүзеге асырылды.Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының көктемгі кездесулері аясындағы маңызды іс-шаралардың бірі Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі ұйымдастырған «Қазақстан реформалар жолында» атты дөңгелек үстел болды. Бұл алаң кездесулер шеңберінде дербес диалогтық платформа ретінде өтті.Іс-шара барысында С.Жұманғарин Дүниежүзілік банкпен бірлесіп тұрақты экономикалық өсімге арналған конференция өткізуді ұсынды. Вице-премьер атап өткендей, Қазақстан негізгі салаларда реформаларды дәйекті түрде жүзеге асырып, тұрақты әрі сапалы экономикалық өсім үшін қажетті жағдай қалыптастырып келеді.Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Төрағасы Әсет Ерғалиев елдің негізгі даму басымдықтарын айқындап, жүргізіліп жатқан реформалар тұтас әрі орнықты экономикалық бағыт қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік сектор өзгерістерді іске асыруда шешуші рөл атқарып, Мемлекет басшысы бастамашылық еткен реформаларды жүйелі түрде үйлестіруді қамтамасыз етеді.Қазақстан экономикасы тұрақты өсім қарқынын көрсетуде екені айтылды. Соңғы жылдары ЖІӨ-нің жыл сайынғы өсімі тұрақты түрде 5%-дан асып, 2025 жылдың қорытындысы бойынша 6,5%-ды құрады. Тауар өндірісі 8,7%-ға, ал қызмет көрсету секторы 5,2%-ға өсті.Сондай-ақ, ерекше назар Alatau City жобасын дамытуға аударылды. Бұл қала ерекше басқару режимі мен дербес қаржылық модель негізінде жаңа өсім нүктесіне айналады. Онда салықтық жеңілдіктер, «бір терезе» қағидаты, халықаралық стандарттар және инвесторлар үшін күшейтілген кепілдіктер енгізу жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1202684?lang=kk
Талғарда жаңа жастар орталығы ашылды 17.04.2026
Талғар қаласында жастарға арналған сужаңа заманауи орталық ашылды, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.Бұған дейін облыс әкімдігінің қолдауымен дәл осындай ғимарат Балқаш, Кеген, Райымбек, Қарасай аудандарында бой көтерген. Сондай-ақ Қонаев қаласы мен Іле, Ұйғыр аудандарында коворкинг орталықтар жастар игілігіне қызмет етуде. Талғардағы жаңа нысан – сол жұмыстың заңды жалғасы. Бұл орталық жастардың жан-жақты дамып, жетілуіне, тың идеяларды іске асыруына мүмкіндік береді.Ғимарат заманауи жиһазбен, құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Орталықта түрлі кездесулер өткізуге арналған мәжіліс залы, шығармашылыққа серпін беретін коворкинг алаңы қарастырылған. Сондай-ақ мейірім мен жанашырлыққа тәрбиелейтін еріктілер клубы жұмыс істейтін болады.Бүгінде Алматы облысында 432 мың жас бар. Оның 70 мыңнан астамы Талғар ауданында тұрады. Оның ішінде 2 мыңға жуығы NEET санатына жатады. Орталық мамандары оларға бағыт-бағдар көрсетіп, қоғаммен етене араласуына жағдай жасайды.Осылайша жаңа орталық жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, болашағының жарқын болуына ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1202686?lang=kk
ТЖД: ТАБИҒИ ӨРТТЕРДІҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛУДЕ 16.04.2026
Шымкент қаласында алдағы өрт қауіпті кезеңге дайындық мәселесі күн тәртібінде тұр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, қалада орман өрттерінің аумағы 18 есеге өсіп, 22,7 гектарға жеткен. Сонымен қатар тіркелген 1 593 жану дерегінің басым бөлігі Абай және Тұран аудандарында орын алған.Осыған байланысты алдағы кезеңге арналған бірқатар жаңа шаралар қолға алынбақ. Атап айтқанда, дрондар арқылы рейдтер жүргізіліп, «Жасыл белдеу» мен «Бадам» орман қоры аумақтарында арнайы кезекшілік ұйымдастырылады.Бұдан бөлек, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғандарға қатысты әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі. Өткен жылы мұндай құқықбұзушылықтар үшін 64 адамға жалпы сомасы 1,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды құрғақ шөпті өртемеуге, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және кез келген өрт қаупіне бей-жай қарамауға шақырады. Қазіргі таңда табиғи өрттердің алдын алу жұмыстары қатаң бақылауға алынған.Толығырақ: https://youtube.com/live/QpYAnrWuCF4?feature=share #РСКШЫМКЕНТ #БРИФИНГ
ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ ЖАҢА ЖЫЛУ-ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫНДА ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ ӨНДІРІЛУДЕ 16.04.2026
Қызылордадағы қолданыстағы ескі  жылу- электр орталығы 1964 жылы пайдалануға берілген, екі қазандық пен бір турбогенераторы болған. Орталық 67 мегаватт электр энергиясын өндіріп,облыстың тұтыну көлемінің тек 30 пайызын қамтып келді.Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен оңтүстік өңірлерде электр энергиясының тапшылығын болдырмау мақсатында Қызылорда қаласында  240 мегаватт электр энергиясы мен 277 гигакалория жылу энергиясын өндіретін жаңа жылу- электр орталығы құрылысы аяқталып, іске қосылды.«Aksa Energy» түрік компаниясы қолға алған жобаға  215 млрд теңге инвестиция салынған. Жоба бойынша қуатылығы 176 МВт 2  газ турбиналық қондырғы (General Electric, АҚШ), 95 МВт бу турбинасы (Doosan Skoda, Чехия), қуаттылығы 120 тн/сағ 2 бу қазандығы (ACBOILERS, Италия), 150 Гкал/сағ 4 жылу қазандығы (Mimsan, Түркия) орнатылды.Бүгінде жылу орталығында  176 мегаватт электр энергиясы өндірілуде және  150 МВттық  4 су жылыту қазандығы қосылды. Қосымша 95 МВттық бу турбинасы да  дайын.Станция құрылысы 2024 жылы басталып, екі жыл ішінде аяқталды.Инвестициялық шартқа сәйкес  2026 жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланған болатын.  Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен құрылыс мерзімінен бұрын бітті.  Орындалған жұмыстардың сапасы да тиісті деңгейде  әрі бекітілген кестеден ерте. Орталық облысты  электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп,  өндірісті дамытуға серпін беруде. Жаңа станцияның қуаты 240 мегаватт,облыстың электр энергиясын тұтыну көрсеткіші 220 мегаватт, яғни ауысқанын өзге өңірлерге сатуға мүмкіндік бар.Станция жұмысына заманауи технологиялар енгізілген. Ескі жылу-электр орталығынан артықшылықтарын атап айтсақ:- газ тұтыну көрсеткіші 50 пайызға үнемді;- станция 20 минут ішінде 50 мегаваттан 240 мегаватқа дейін жүктеме өзгерістеріне тез бейімделіп, қуатты жылдам арттырып немесе азайта алады. Бұл жалпы оңтүстік өңірлердіңэнергетика жүйенің тұрақтылығын сақтау үшін қажет.- ескі жылу- электр орталығының ең жоғарғы желілік температурасы тек 950С болса, жаңа станцияда 1300С дейінұлғайтуға мүмкіндік бар.- су қыздыру қазандықтарының пайдалы әсер коэффициенті (КПД) 30 пайызға жоғары, себебі жылужоғалтуы аз.- жаңа станция автономды жұмыс істей алады, яғни жоғары қуатты (магистралдық) желілерде ақау шықса немесе кернеу күрт өзгерсе  өшіп қалмайды.
Қазақстан мен Словения ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде 16.04.2026
Любляна, 2026 жылғы 16 сәуір – Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Словения Үкіметінің Ұлттық ядролық бағдарламасы мәселелері жөніндегі Мемлекеттік хатшысы Даниэль Левичармен кездесуде энергетика және атом салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.А.Әбибуллаев Қазақстан Еуропаның негізгі энергетикалық серіктестерінің бірі ретіндегі рөліне назар аударып, Республика ЕО-да мұнайдың екінші жеткізушісі болып табылатынын және энергетикалық маршруттар мен көздерді әртараптандыру саясатын дәйекті түрде жүргізіп жатқанын атап өтті. Осы тұрғыда әңгімелесушіге Словениядағы автожанармай құю станцияларының өз желісі бар KMG International/Rompetrol компаниясының қатысуы да хабарланды.Атом энергетикасындағы өзара әрекеттесу әлеуетіне ерекше назар аударылды. Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұрғаны және Ұлттық референдумда қолдау тапқан атом электр станциясының құрылысын қоса алғанда, өзінің атом саласын белсенді дамытып жатқаны атап өтілді. Қазақстанда ядролық қауіпсіздіктің жаһандық архитектурасының маңызды элементі ретінде төмен байытылған уран банкінің бірегей рөлі назар аударды.Қазақстанның Елшісі уран отын жинақтары мен атом энергетикасына арналған компоненттерді қоса алғанда, ядролық отын жеткізу саласындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін білдірді, сондай-ақ Қазатомөнеркәсіп пен Словенияның бейінді Атом құрылымдары арасындағы меморандумға қол қою арқылы негіздемелік өзара іс-қимыл орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Соңында қазақстандық дипломат Д.Левичарды ынтымақтастықтың келешегін талқылау үшін Қазақстанға келуге шақырды.Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Кршко-да АЭС-тің екінші энергоблогын салу жобасын іске асыруды қоса алғанда, мемлекеттік хатшы ретінде өз қызметінің басымдықтарын ұсынды. Бұл тұрғыда Словения Westinghouse Electric Company және EDF сияқты халықаралық серіктестермен жобаны технологиялық қолдау және қаржыландыру мәселелері бойынша белсенді жұмыс істейтіні хабарланды.Словениялық тарап ядролық отын жеткізілімдерін әртараптандырудың стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, Қазақстаннан жеткізілімдерге қызығушылық танытты. Осыған байланысты ынтымақтастық туралы меморандум жасасу жөніндегі бастама қолдау тапты, сондай-ақ Қазақстанның ядролық отын өндіру және жеткізу саласындағы мүмкіндіктері туралы Кршко атом электр станциясының басшылығын хабардар ету ниеті атап өтілді.Д.Левичар сондай-ақ Қазақстанның Төмен байытылған уран банкінің жұмыс істеу тәжірибесіне қызығушылық білдіріп, Словенияда атом энергетикасын дамытуға жауапты Gen energija ұлттық энергетикалық компаниясымен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалануды, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және тұрақты жеткізу тізбегін дамытуды қоса алғанда, энергетика саласында ұзақ мерзімді және өзара тиімді әріптестікті қалыптастыруға өзара мүдделілігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-ljubljana/press/news/details/1202642?lang=kk
Қазақстан Президентінің Арнайы өкілі АҚШ Мемлекеттік хатшысымен келіссөздер жүргізді 16.04.2026
Вашингтон қ.,  2026 жылғы 15 сәуір - АҚШ-қа сапары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің АҚШ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі Арнайы өкілі Ержан Қазыхан мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездесті.Кездесу барысында Е.Қазыхан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Дональд Трампқа жолдаған сәлемін жеткізіп, Қазақстан-Америка қатынастарының қарқынды дамуын, орнықты саяси диалогты және іс жүзіндегі өзара іс-қимылдың кеңейіп келе жатқанын атап өтті.2025 жылғы қарашада Ақ үйдің кеңсесінде өткен екі ел көшбасшыларының кездесуі қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың маңыздылығы, оның ішінде жалпы көлемі шамамен 20 млрд. АҚШ долларын құрайтын инвестициялық жобаларды іске асыру ерекше атап өтілді.Арнайы өкіл еліміздің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық күш-жігерді қолдауға қосқан үлесін, соның ішінде Бейбітшілік кеңесі шеңберіндегі қызметті қолдайтынын атап өтіп, сондай-ақ Авраам келісімдерін іске асырудың өңірлік және жаһандық тұрақтылықты нығайтудың маңызды факторларының бірі ретіндегі маңызын растады.Америка тарапы Қазақстанда жүргізіліп жатқан мемлекеттік жүйені жаңғыртуға, билік институттарының тиімділігін арттыруға және заң үстемдігін нығайтуға бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы хабардар етілді.Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады. Іскерлік байланыстарды жандандыру және бірлескен жобаларды іске асыру Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынына бөлек тоқталды.Е.Қазыхан Мемлекеттік хатшыны Қазақстанға ресми сапармен келуге шақыруды растады.Өз кезегінде, АҚШ Мемлекеттік хатшысы М.Рубио екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі деңгейіне жоғары баға беріп, оны одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдірді.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар диалогты жалғастыруға және екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша Қазақстан-Америка ынтымақтастығын нығайтуға келісті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1202678?lang=kk
Қазақстан мен Эфиопия стратегиялық серіктестікті тереңдетуге және технологиялық ынтымақтастыққа ниетті 16.04.2026
Аддис-Абеба, 2026 ж. 15 сәуір – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, ҚР-дың Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев Эфиопия Президентінің халықаралық қатынастар жөніндегі көмекшісі Биниям Эфрем Бетреворкпен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар екіжақты қарым-қатынастардың қазіргі жай-күйін талқылап, мемлекетаралық өзара іс-қимылды тереңдету жолдарын белгіледі.Қазақстандық дипломат 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумның қорытындылары және бірпалаталы Парламентке (Құрылтайға) көшуді және Вице-президент лауазымын бекітуді көздейтін жаңа Конституцияның қабылдануы туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. Өз кезегінде, эфиопиялық тарап жалпы сайлау қарсаңындағы ішкі саяси жағдайға шолу жасап, елдегі тұрақтылықтың жоғары деңгейін және халықтың жүргізіліп жатқан реформалар бағытына деген сенімін атап өтті.Әңгімелесу аясында тараптар Қазақстан мен Эфиопия арасындағы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың даму барысы, Эфиопияда бірлескен қазақстандық-эфиопиялық кәсіпорындар құру перспективалары туралы пікір алмасты. Сондай-ақ екі ел арасындағы ықпалдастықты одан ары тереңдету үшін мемлекеттік органдар мен іскер топтардың өзара сапарларын ұйымдастырудың маңыздылығы атап өтілді.Кездесу соңында тараптар тауар айналымын арттыру үшін зор әлеуеттің бар екенін қуаттап, өзара тиімді бастамаларды іске асыру үшін екі елдің іскер топтарына жүйелі қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-addis-ababa/press/news/details/1202597?lang=kk
Шақырту қағазы, медкомиссия, кейінге қалдыру: Қазақстандағы әскерге шақыру туралы не білу керек? 16.04.2026
Әрбір шақыру науқаны әскерге шақыртудан бастап медициналық тексеруден өтуге дейін бірқатар кезеңдерді қамтиды. Төменде шақырту қалай беріледі, мәртебені қалай тексеруге болады, кімдерге кейінге қалдыру қарастырылған, егер сіз оқуда болсаңыз немесе шетелде жүрсеңіз не істеу керек сынды әрбір әскерге шақырылушы білуі тиіс негізгі жайттар қарастырылған. Шақырту қағазы қалай беріледі және оны алғаннан кейін не істеу керек?Шақырту қағазы – азаматты жергілікті әскери басқару органына (әскери комиссариатқа) шақыру шараларына қатысу үшін шақыратын ресми құжат. Қарапайым сөзбен айтқанда, әскерге шақыру осы ресми құжаттан бастау алады, ал оны орындау - әрбіз жас азамат үшін міндетті заңды талап.Шақырту бірнеше жолмен жіберіледі. Қол қойдыру арқылы жеке беріледі, жұмыс беруші немесе оқу орны арқылы жеткізіледі. Сонымен қатар, eGov.kz порталының жеке кабинеті, eGov Mobile қосымшасы және SMS арқылы жеткізу секілді цифрлық хабарламалар да енгізілген. Ол 2025 жылдан бастап заңды күшіне енді.Құжатта келу күні, уақыты және мекенжайы көрсетіледі. Дәлелді себепсіз келмеген жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, ал жүйелі түрде жалтару, яғни әскерден түрлі сылтаулармен қашу – қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.Шақырту алғаннан кейін деректердің дұрыстығын тексеру қажет: аты-жөні, мекенжайы, келу күні және шақыру мақсаты (медициналық комиссия, деректерді нақтылау және т.б.). Алдын ала қажетті құжаттарды дайындаған жөн. Олардың қатарында жеке куәлік, тіркеу куәлігі (бар болса), білім туралы құжаттар немесе оқу орнынан анықтама, медициналық қорытындылар, сондай-ақ кейінге қалдыруға құқық беретін құжаттар бар.Егер белгіленген уақытта келу мүмкін болмаса, жергілікті әскери басқару органын (әскери комиссариатты) алдын ала хабардар етіп, себебін құжатпен растау қажет. Аурып қалған жағдайда – медициналық анықтама, оқу немесе жұмысқа байланысты болса – тиісті растайтын құжаттар ұсынылады. Дәлелді себеп міндетті түрде тіркелуі тиіс.Шақырту қағазы бірден әскерге жіберуді білдірмейді. Әдетте бұл деректерді нақтылау, медициналық тексеруден өту, жарамдылық санатын анықтау және кейінге қалдыру негіздерін тексеру үшін жүргізіледі. Уақтылы дайындық болған жағдайда, бұл рәсім еш қиындықсыз өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1202615?lang=kk
Қазақстан мен БҰҰ жаһандық су күн тәртібі мәселелерін талқылады 16.04.2026
Астана, 2026 жылғы 15 сәуір – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев БҰҰ Бас хатшысының су мәселелері жөніндегі Арнайы өкілі Ретно Марсудимен кездесу өткізді.Кездесу барысында Е. Көшербаев су қауіпсіздігі саласындағы өсіп келе жатқан жаһандық сын-қатерлер аясында Арнайы өкіл мандатының маңыздылығын атап өтті. Бұл сын-қатерлердің ушығуы экономикалық, экологиялық және әлеуметтік дағдарыстардың катализаторы болуы мүмкін екені айтылды.Сыртқы істер ведомствосының басшысы Р. Марсудидің Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит қарсаңындағы сапарының маңыздылығын атап өтіп, іс-шара аясында су қауіпсіздігі мәселелеріне ерекше назар аударылатынын жеткізді.Осы орайда Е. Көшербаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасы туралы ақпарат берді. Бұл бастама су ресурстарына қолжетімділік үшін туындайтын қақтығыс қаупіне байланысты жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін қатерлер күшейген жағдайда ерекше өзектілікке ие болып отыр.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жаһандық және өңірлік су күн тәртібі мәселелері бойынша сындарлы диалогты жалғастыруға, соның ішінде Алматы қаласындағы БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі өңірлік орталығы алаңында конструктивті диалогты жалғастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1201753?lang=kk
Қазақстанның мәдени мұрасы «Willkommen in Berlin» дипломатиялық клубының мүшелеріне таныстырылды 16.04.2026
Берлин, 2026 жылғы 15 сәуір – Бүгін Қазақстанның Германиядағы Елшілігінде «Willkommen in Berlin» дипломатиялық клубының өкілдерінің қатысуымен мәдени іс-шара өтті. Кездесу қонақтарды Қазақстанның бай мұрасымен, дәстүрлерімен және көшпелілердің рухани әлемін қалыптастыруда маңызды рөл атқарған қазақ халқының көне музыкалық аспаптарымен таныстыруға арналды.Қазақстанның Германиядағы Елшісі Нұрлан Онжанов өз сөзінде мәдени бастамалардың өзара түсіністік пен достықты нығайтудағы маңызын атап өтті. Ол Қазақстан ғасырлар бойы ашықтық, қонақжайлық және әралуандылыққа құрмет дәстүрлерін дамытып келе жатқанын, ал мұндай кездесулер осы құндылықтарды халықаралық қауымдастыққа жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.Іс-шара аясында қатысушыларға көшпелі өркениет элементтері, қазақтың салт-дәстүрлері мен ұлттық рәсімдері таныстырылды. Елдің музыкалық қазынасына ерекше назар аударылды: қонақтар қобыз бен домбыраның тарихы, олардың рухани мәні және қазақ халқының көркемдік мұрасын қалыптастырудағы рөлі туралы білді.Бағдарламаның музыкалық бөлігінде домбырамен орындалған классикалық күйлер шырқалып, дала әуендерінің байлығы мен тереңдігі көрсетілді, сондай-ақ дәстүрлі сарындар мен заманауи өнердің үйлесімін паш ететін заманауи этно-би ұсынылды.Елшілік ғимаратының тарихы туралы әңгіме де қызығушылық тудырды. Оның сәулеттік ерекшеліктері мен элементтері қазақстан-герман қатынастарының даму кезеңдерін бейнелейді.Қонақтар сондай-ақ Елшілік мұражайын аралап, көшпелі халықтың тарихы мен тұрмысын көрсететін жәдігерлерді тамашалады. Бағдарлама қазақтың киіз үйінің ішкі көрінісімен танысумен аяқталып, дала өмірінің атмосферасын сезінуге мүмкіндік берді.Дипломатиялық клуб өкілдері жылы қабылдау үшін алғыстарын білдіріп, Қазақстан мәдениетімен тереңірек танысу мүмкіндігін жоғары бағалады. Кездесу Қазақстан мен Германия арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтуға және мәдени диалогты кеңейтуге қосылған тағы бір үлес болды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-berlin/press/news/details/1201758?lang=kk
Моңғолия Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды 16.04.2026
2026 жылғы 15 сәуір, Астана - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исетов жаңадан тағайындалған Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Елшісі Батжаргал Гунаажавыннан сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.Кездесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Моңғолия ынтымақтастығының түрлі аспектілері талқыланды.Ағымдағы жылы биік және жоғары деңгейлерде жоспарланған іс-шаралар кестесіне ерекше назар аудара отырып, тараптар саяси диалогтың жоғары қарқынын сақтаудың маңыздылығын атап өтті.Сонымен қатар, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, оның ішінде көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимыл жөнінде пікір алмасты.Кездесу соңында тараптар тұрақты байланыстарды қолдап отыруға және өзара қызығушылық тудыратын барлық бағыттар бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1201763?lang=kk
Қостанай облысының шағын футбол (футзал) бойынша әуесқой командалар арасындағы чемпионаты 16.04.2026
Қостанай облысында әуесқой командалар арасында шағын футболдан чемпионат өз мәресіне жетті. Турнир тартысты өтіп, жанкүйерлерге қызықты әрі әсерлі ойындар сыйлады.Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды Қостанай командасы иеленді. Екінші орын Рудный қаласының командасына бұйырса, үшінші орынды Қарасу ауданының командасы алды.Сондай-ақ чемпионат барысында жекелеген номинациялар бойынша үздік ойыншылар анықталып, олардың шеберлігі мен командаларының жетістігіне қосқан үлесі жоғары бағаланды.Ұйымдастырушылар барлық қатысушыларға адал ойын мен жоғары деңгейдегі бәсеке үшін алғыс білдіріп, мұндай жарыстардың өңірдегі бұқаралық спортты дамытудағы маңызын атап өтті.Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймыз және алдағы уақытта жаңа жетістіктер тілейміз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1201773?lang=kk
Вашингтонда АҚШ сенаторы Стив Дэйнсті марапаттау рәсімі өтті 16.04.2026
Вашингтон, 2026 жылғы 14 сәуір – Қазақстан Республикасының Елшілігінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан АҚШ сенаторы Стив Дэйнс Қазақстан екі ел арасындағы достықты нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін I дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.Марапатты тапсыру барысында Қазақстан Президентінің АҚШ-пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша келіссөздер процесіндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Өкілі Е.Қазыхан: «Сенатор С.Дэйнстың күш-жігерінің арқасында Қазақстан мен АҚШ арасындағы екіжақты қатынастар өзара іс-қимылдың бүкіл кезеңіндегі ең жоғары деңгейге жетті», – деп атап өтті.Е.Қазыхан сенатордың парламентаралық өзара іс-қимылды дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, оның АҚШ Конгресінде Орталық Азия бойынша достық тобын құру бастамасы, Джексон-Вэник түзетуін жоюға бағытталған заңнамалық бастамаларды жүйелі түрде ілгерілетуі, сондай-ақ АҚШ Сенатында «C5+1» платформасының стратегиялық маңыздылығы туралы қарардың қабылдануына қолдау көрсетуі жоғары бағаланды. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат сенатордың Қазақстан-АҚШ арасындағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге, сондай-ақ Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен өзара іс-қимылды дамытуға қосқан үлесін атап өтті.С.Дэйнс өз кезегінде көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, марапаттың табысталуын жоғары бағалайтынын атап өтті және екіжақты қатынастарды институционалдандыру мен одан әрі дамытуға, оның ішінде екі елдің заң шығарушы органдары деңгейінде, белсенді қадамдар жасауға дайын екенін растады.Кездесу барысында тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылап, мемлекеттер арасындағы Кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға өзара қызығушылығын растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1201777?lang=kk
Қазақстан америкалық бизнес және сараптамалық қауымдастықпен ынтымақтастықты нығайтуда 16.04.2026
Вашингтон, Колумбия аумағы, 2026 жылғы 14 сәуір – Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорының көктемгі сессиялары аясында Қазақстан Республикасы Президентінің АҚШ-пен ынтымақтастықтың өзекті мәселелері бойынша келіссөздер процесіндегі Қазақстан Республикасы Президенті Өкілі Ержан Қазыхан бастаған қазақстандық делегация америкалық сараптамалық және іскерлік қауымдастық өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.АҚШ-тың талдау орталықтарымен өткен талқылау барысында қазақстандық тарап елдің саяси және экономикалық басымдықтарымен таныстырып, жаңа Конституцияның қабылдануын саяси жаңғырудың негізі ретінде атап өтті.Е.Қазыхан өткен референдум қоғамның мемлекеттік даму үдерістеріне жоғары деңгейде қатысуын айқын көрсеткенін атап өтті. Конституциялық өзгерістер Қазақстанды қазіргі заманның сын-қатерлеріне жауап бере алатын серпінді әрі бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде одан әрі нығайтуға берік институционалдық негіз қалыптастырады. Жаңа Негізгі заң мемлекеттік басқарудың жаңартылған архитектурасын бекітеді: күшті президенттік институт сақтала отырып, Парламенттің ықпалдығы күшейтіліп, Үкіметтің есептілігі артады.Сонымен қатар, инвестициялық ахуалды жақсарту, қаржы жүйесінің орнықтылығын күшейту және цифрлық экономиканы дамыту шараларына ерекше назар аударылды.Тараптар екіжақты экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің практикалық аспектілері бойынша пікір алмасты. Қазақстанның Орталық Азиядағы АҚШ үшін сенімді серіктес ретіндегі рөлі атап өтіліп, америкалық бизнес үшін энергетика, тау-кен өнеркәсібі, технологиялар, қаржы және инфрақұрылым салаларындағы перспективалы бағыттар айқындалды.Талқылауға АҚШ-тың саяси топтарының өкілдері, жетекші талдау орталықтарының сарапшылары және іскерлік қауымдастық мүшелері қатысты. Кездесуді Атлантикалық кеңестің Еуразия орталығының аға директоры, Елші Джон Хербст жүргізді.АҚШ Сауда палатасы алаңында өткен АҚШ-Қазақстан іскерлік кеңесінің мүшелерімен кездесуге «Chevron», «ExxonMobil», «PepsiCo», «Morgan Stanley», «Citi», «Nasdaq», «Meta» және басқа да жетекші америкалық компаниялардың басшылары қатысты.Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ретінде аса маңызды минералдар саласындағы өзара іс-қимылды дамыту, көлік-логистикалық бағыттарды кеңейту, цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ адами капиталды дамыту айқындалды.Е.Қазыхан қатысушыларды Қазақстандағы қазіргі әлеуметтік-экономикалық реформалармен таныстырып, ұлттық экономиканың тұрақты өсу динамикасын және елдің инвестициялық тартымдылығын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 300 млрд. АҚШ долларына жетіп, елді әлемдегі ең ірі 50 экономиканың қатарына енгізгені айтылды.Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Тимур Сүлейменов макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік қаржының жоғары орнықтылығы, сондай-ақ салық және банк жүйелерін реформалау бағытындағы жетістіктерді ерекше атап өтті. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы инвестициялар үшін тартымды бағыт және Еуразиядағы маңызды транзиттік торап ретінде айқындайды.Қазақстандық тарап америкалық бизнеспен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бейілділігін растап, инвесторлардың құқықтарын қорғау және қолайлы іскерлік орта қалыптастыру жөніндегі Мемлекет басшысы бастамаларға жүйелі қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті.Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар экономикалық серіктестікті тереңдетуге өзара қызығушылығын растады және екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағыттары бойынша белсенді диалогты жалғастыруға уағдаласты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1201778?lang=kk
Ұзынкөл ауданында жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді 16.04.2026
Қостанай облысының Ұзынкөл ауданында жыл басы жағымды жаңалықпен басталды. Аудан орталығында 18 пәтерлі жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, тұрғындардың баспанаға қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.Халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бүгінде аудан бойынша тұрғын үй кезегінде 267 адам тіркелген. Олардың басым бөлігін аз қамтылған және көпбалалы отбасылар құрайды.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бірінші кезекте әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды – көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандарды баспанамен қамтуға ерекше мән берілуде.Аталған тұрғын үй Ұзынкөл аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша салынған. Жаңа нысанның пайдалануға берілуі ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Қазіргі таңда тоғыз отбасы жаңа пәтерлеріне қоныстанып, заманауи тұрғын үйдің барлық мүмкіндіктерін пайдалануда. Қалған пәтерлер де жақын уақытта өз иелерін табады деп күтілуде.Тұрғын үй құрылысы бағытындағы жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1201810?lang=kk
Жер қатынастары бойынша бас маман Нұралы Жасөмірұлы тұрғындарды жеке қабылдады. 16.04.2026
  Жер қатынастары бойынша бас маман Нұралы Жасөмірұлы тұрғындарды жеке қабылдады.Қабылдау барысында азаматтар жер телімдерін рәсімдеу, мақсатты пайдалану, құжаттандыру және басқа да өзекті мәселелер бойынша сауалдарын қойды.Қабылдауға келген тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары заңнама талаптарына сәйкес қаралып, әрбір мәселе бойынша тиісті түсіндірме берілді. Кейбір өтініштер бақылауға алынып, белгіленген тәртіппен шешу жолдары түсіндірілді.⚜️Баянды ауылы әкімі аппаратының баспасөз қызметі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau-munaily-bayandy/press/news/details/1201841?lang=kk
Алматыда Ұлы Отан соғысының ардагерін 101 жасымен құттықтады 16.04.2026
Алматы қаласында Ұлы Отан соғысының ардагері Иван Бегуновтың 101 жасқа толуына орай салтанатты құттықтау шарасы өтті. Ғасырдан асқан ғұмыр иесіне құрмет көрсетуге жергілікті әскери басқару органдарының өкілдері, Құрлық әскерлері әскери институтының және Десанттық-шабуылдау әскерлерінің әскери қызметшілері, сондай-ақ Қарулы күштердің ардагерлері арнайы келді.Жиналғандар майдангердің ерлігіне тағзым етіп, оның Ұлы Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі үшін шынайы алғыс пен зор құрмет білдірді. Қорғаныс министрінің атынан Иван Матвеевичке құттықтау хат табысталып, естелік сыйлықтар ұсынылды. Ардагерге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр және отбасы амандығын тіледі.– Ең бастысы – елімізде бейбітшілік болсын. Өмірдің қадірін біліп, әр күнді таза жүрекпен қарсы алыңыздар, – деп ақ батасын берді қария.Иван Бегунов 1925 жылғы 15 сәуірде Житомир қаласында дүниеге келген. Тағдырдың талай сынын ерте жастан өткерген ол тоғыз жасынан бастап кіндік шешесінің тәрбиесінде өседі. Он алты жасында еңбек іздеп Батыс Қазақстанға қоныс аударып, сол жерде сұрапыл соғыс басталады.Майданға Ақтөбе облысынан аттанған жас жауынгер Украина майданындағы 228-гвардиялық атқыштар полкінде пулеметші болып қызмет атқарып, Еуропа елдерін азат етуге қатысады. Ол Жеңісті Прага қаласында қарсы алды.Ерлігі мен батылдығы үшін Иван Матвеевич Қызыл Ту орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен және өзге де жауынгерлік марапаттармен наградталған.Соғыстан кейінгі жылдары да ол ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, құрылыс саласында абыройлы қызмет атқарды. Қызылордадағы «Қазқұрылысмонтаж», кейін Алматыдағы «Қазэлектромонтаж» мекемелерінде прораб болып, ел дамуына өзіндік үлесін қосты.Бүгінде ардагер Алматы қаласында қызы Иринамен бірге тұрады. Оның өнегелі өмір жолын жалғап келе жатқан үлкен әулеті бар. Бес немере, он бір шөбере және бір шөпшегі өсіп келеді.Ғасыр жасаған қария әлі күнге дейін сергектігін жоғалтпай, ел мен әлемдегі жаңалықтарға қызығушылық танытып отырады. Ол – тек өз отбасының ғана емес, тұтас ұлттың мақтанышы, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық асыл тұлға.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1201845?lang=kk
Эль-Сальвадор Елшісі сенім грамоталарының көшірмелерін тапсырды 16.04.2026
Астана, 2026 жылғы 15 сәуір – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстан Республикасында аккредиттелген Эль-Сальвадор Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Юрий Павел Сантакрусты сенім грамоталарының көшірмелерін тапсыру рәсіміне орай қабылдады.Кездесу барысында Е.Ашықбаев Елшінің қызметі екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді.Өз кезегінде Эль-Сальвадор Елшісі екіжақты ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ БҰҰ жүйесі шеңберіндегі ынтымақтастықты қоса алғанда халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бейілділігін растады.Тараптар саяси диалогты дамыту, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.Елдеріміз арасындағы визалық режимді жеңілдету мәселелеріне ерекше назар аударылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1201923?lang=kk
«Ауыл аманаты»: Самар ауданында ауылды дамыту мен бизнесті қолдауға басымдық берілуде 16.04.2026
Самар ауданында ауыл халқының табысын арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға және агроөнеркәсіптік сектордағы бастамаларды қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы табысты жүзеге асырылуда.Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Жаслан Майкенев кезекті актив отырысында мәлім етті.Оның айтуынша, 2026 жылға арналған бағдарлама бойынша қаржыландыру жоспары 280 млн теңгені құрайды. Ауылдық округтер бөлінісінде жұмыс бірнеше бағытта жүргізілуде: ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, мал шаруашылығын дамыту және туризм саласындағы жобалар іске асырылуда. Бірқатар бастамалар мақұлданса, енді бір бөлігі құжаттарды рәсімдеу және қаржыландыру рәсімдерінен өтуде. Сонымен қатар шағын бизнес бағытындағы жобалар да дамып келеді, оның ішінде наубайхана мен кондитерлік цехтарды ашу бар.- Жалпы алғанда, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелеу 14 жоба бойынша жүргізілуде, - деді Жаслан Майкенев.Аудан әкімінің орынбасары құжаттарды дайындау жұмыстарын жеделдетіп, жобаларды Кредиттік комитеттің қарауына ұсыну қажеттігін атап өтті. Аудан әкімі Серік Жеңісов бұл жұмысты ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөліміне ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп жүргізуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-samar/press/news/details/1201945?lang=kk
Құрманғазы аудандық көшпелі отырысы 16.04.2026
Құрманғазы ауданында өткен көшпелі отырыста медициналық-әлеуметтік сараптама комисиясында 76 азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-atyrau/press/news/details/1201975?lang=kk