Жаңалықтар
Сеулде Наурыз мерекесі атап өтілді 24.03.2026
Сеул, 2026 ж. 22 наурыз – Ханган өзені жағалауында International World in Korea (IWIK) ұйымы мен Орталық Азия елдерінің студенттер қауымдастығының ұйымдастыруымен Наурыз мейрамы аталып өтті.Іс-шараға Оңтүстік Кореядағы Қазақстан және Орталық Азия елдерінің азаматтары, қоғам белсенділері, отандастар және студенттер және Кореяның мәдени және қоғамдық орта өкілдері қатысты.Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов өзінің құттықтау сөзінде Наурыздың жаңару, бірлік, қонақжайлық және табиғатпен үйлесім идеяларын білдіретінін атап өтті. Сонымен қатар, ол Наурыздың Қазақстанда мерекелену ерекшеліктеріне тоқтала отырып, мұндай іс-шаралардың екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастығын нығайтуға серпін беретінін айтты.IWIK Президенті Ким А-соль (Kim Ah-sol) қонақтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, көктемді қарсы алу фестивалінде Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы достықтың одан әрі нығайып отырғанын тілге тиек етті.Мереке аясында қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, Орталық Азия елдерінің мәдени мұрасын танытатын концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Сонымен бірге, ұлттық ойындар ойнатылып, қатысушыларға Наурыздың мәні мен мазмұнын тереңірек сезінуге мүмкіндік беретін достық әрі мерекелік атмосфера қалыптасты.Наурыз мерекесін Сеулде атап өту Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің мәдениетін насихаттауға, отандастар арасындағы байланысты нығайтуға және Корея қоғамымен мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты тереңдетуге өз үлесін қосты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1187004?lang=kk
Қазақстан Лондонда Наурызды ерекше сән-салтанатпен атап өтті: төрт күнге созылған мәдени дипломатия 24.03.2026
– Лондон, 2026 жылғы 19-22 наурыз. Жаңару мен бірліктің, береке мен молшылықтың символы – Наурыз мейрамы 19 наурыз күні Лондонда Еуропалық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) алаңында бастау алды. Қазақстан халықаралық іскер қауымдастық пен банк қызметкерлерінің зор қызығушылығын тудырған ауқымды мәдени-ақпараттық бағдарламасын ұсынды.Қазақстандық көрмеде ұлттық кәдесыйлар, Наурызнама туралы ақпаратты қамтитын басылымдар, сондай-ақ елдің бай мәдени мұрасын, туристік және инвестициялық әлеуетін танытатын материалдар көпшілік назарына ұсынылды. Дәстүрлі өнерді қамтыған мәдени бағдарлама шараның шырайын кіргізіп, ерекше әсер қалдырды.Қонақтарды ЕҚДБ Президенті Одиль Рено-Бассо құттықтап, Орталық Азия елдерінің инвестициялық мүмкіндіктеріне жоғары баға берді. Іс-шара барысында Қазақстан мен банк арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқаны атап өтілді: инвестициялар көлемі 1 млрд еуроға жуықтап, 2024 жылы бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда үш есеге артқан.Мерекелік шаралар 21 наурыз күні Кембридж университетінде өткен дөңгелек үстелмен жалғасты. Оған Орталық Азия мен Кавказ елдерінің Елшілері мен дипломаттары, сондай-ақ академиялық орта өкілдері қатысты. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Д. Құрмашева өз сөзінде қазақ-британ қатынастарының терең тарихи тамырына тоқталып, британ инвесторларының Қазақстандағы тау-кен өнеркәсібінің қалыптасуына, соның ішінде Spassky Copper Mine Limited секілді жобалар арқылы үлес қосқанын атап өтті.Бүгінде бұл серіктестік стратегиялық бағыттарда – маңызды минералдар, жасыл технологиялар, цифрландыру және басқа да салаларда табысты дамып келеді. Сондай-ақ елдің инвестициялық тартымдылығы мен жүргізіліп жатқан саяси реформаларға, оның ішінде референдум мен жаңа Конституцияға ерекше назар аударылды.«Наурыз бізге шынайы күшіміздің бірлікте екенін, ортақ мақсаттар мен бағыттағы біртұтас өңір ретінде бірлесе әрекет етудің маңызын еске салады», – деп ата өтті Кеңесші-уәкіл. Дөңгелек үстел мазмұнды сұрақ-жауап сессиясымен аяқталып, өзара пікір алмасуға ұласқан тағылымды диалогқа айналды.Кембридж университетінде өткен концерт мерекелік көңіл күйді одан әрі жандандыра түсті. Домбыра үні қонақтарды қазақ даласының кең тынысты әлеміне жетеледі. Қазақ диаспорасының өкілі орындаған «Айналайын» әні көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, қонақтар Орталық Азияның дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, қазақстандық кәдесыйлар көрмесімен танысып, ел мәдениеті мен дамуына қызығушылық танытты.Наурыз мерекесінің тағы бір маңызды алаңы – University College London болды. Мұнда Орталық Азия елдерінің студенттері халықаралық студенттерге арналған ашық іс-шара ұйымдастырды. Ұлттық тағамдар, әуезді музыка, би және шынайы қонақжайлық атмосферасы кең аудиторияның назарын аударып, қазақ мәдениетін кеңінен насихаттауға ықпал етті.22 наурыз күні Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының қатысуымен өткен ауқымды мерекелік жиынмен шаралар қорытындыланды. Қазақ мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылған бұл басқосуға 200-ге жуық адам – диаспора өкілдері мен Елшілік қызметкерлері қатысты. Қатысушылар асық ату, арқан тарту секілді ұлттық ойындарға қатысып, наурыз көжеден дәм татып, ұлттық билерді тамашалап, бірнеше сағатқа туған мәдениеттің шуағына бөленді.Ұлыбританиядағы Наурыз мерекесі Қазақстанның мәдени дипломатиясының жарқын көрінісіне айналды. Бұл шаралар диаспора ішіндегі байланыстарды нығайтып қана қоймай, Лондонның саяси, іскерлік және академиялық ортасының қазіргі Қазақстанға – бай мұрасы мен қарқынды дамып келе жатқан болашағы бар елге деген қызығушылығын едәуір арттырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-london/press/news/details/1187014?lang=kk
Братиславада Қазақстанның жаңа Конституция бойынша референдумның қорытындылары талқыланды 24.03.2026
Братислава, 2026 жылғы 19 наурыз – Қазақстанның Словакиядағы Елшісі Жанна Сағынова Словак Республикасы Президентінің сыртқы саясат және халықаралық ынтымақтастық мәселелері жөніндегі кеңесшісі Ян Кубишпен кездесті.Әңгіме барысында Елші 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумның қорытындыларымен таныстырды. Азаматтардың қатысу деңгейі 73%-дан асқаны, жаңа Конституция жобасын 7,9 миллион азамат немесе дауыс бергендердің 87%-ы қолдағаны атап өтілді.Елші Негізгі заңның қабылдануымен елдің ұзақ мерзімді, тұрақты дамуының бағыты айқындалатынын, сондай-ақ турбулентті кезеңнің сыртқы және ішкі сын-қатерлеріне жедел жауап бере алатын жаңа кезеңдегі Қазақстанның институционалдық архитектурасы қалыптасатынын атап өтті. Бір палаталы Парламентке (Құрылтайға) көшу, вице-президент институтын енгізу, Халық кеңесін қамтитын көпдеңгейлі қоғамдық диалог жүйесін құру, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін нығайту конституциялық өзгерістердің ауқымдылығын көрсетеді.Дауыс беру үдерісіне халықаралық стандарттарға сәйкес өткеніне оң баға берген халықаралық байқаушылардың пікіріне де ерекше назар аударылды.Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты саяси және құқықтық кеңістікті, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды үдерістер басталатыны атап өтілді. Мемлекеттік және азаматтық институттарды, сондай-ақ жеке тұлғаның құқықтық кепілдіктерін күшейтетін жаңа конституциялық заңдар мен өзге де заңнамалық актілер қабылданатын болады. Сонымен қатар, жаз мезгілінде Қазақстанда Құрылтайға сайлау өтеді.Я. Кубиш жүргізіліп жатқан конституциялық реформаға жоғары баға берді. Оның пікірінше, референдум қорытындылары қазақстандықтардың Президент Қ.К.Тоқаев жүргізіп отырған ауқымды саяси жаңғырулар мен әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытын кеңінен қолдайтынын айқын көрсетеді. Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал етіп отырған проактивті сыртқы саясаттың нәтижелілігі атап өтілді.Тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bratislava/press/news/details/1187035?lang=kk
Қорғаныс министрінің орынбасары 47007 әскери бөлімін және бірқатар үздік әскери қызметшілерді марапаттады 24.03.2026
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабековтің шешімен жоғары жауынгерлік дайындық көрсеткіштері және маңызды нысандарды күзетудегі сапалы қызметі үшін 47007 әскери бөлімі мен бірқатар әскери қызметшілер марапатталды.Осыған орай Абай облысы Жарма ауданының Жаңғызтөбе кентінде орналасқан әскери бөлімге теледидар сыйға тартылды. Сарбаздар бос уақытында ақпараттық-тәрбие жұмысы бөлмесінде танымдық бағдарламаларды тамашалап, жаңалықтар көруге пайдаланбақ.Жеке құрамға марапаттарды Шығыс өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы полковник Бауыржан Күреңкеев салтанатты жағдайда табыс етті.Қолбасшылықтың өкімімен қырағылығы, қарауыл қызметі Жарғысының талаптарын қатаң сақтағаны және қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін қатардағы жауынгер Ықылас Ділдәқанұлы қолсағатпен марапатталды.Сонымен қатар, бірқатар әскери қызметшілерге қызметтік міндеттерін адал орындағаны және жауынгерлік дайындықтағы жетістіктері үшін грамоталар мен алғыс хаттар табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1187052?lang=kk
ҚЫЗЫЛОРДАДА «МӨЛДІР БҰЛАҚ» АУҚЫМДЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ 23.03.2026
Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттікмекемелер қызметкерлері және экобелсенділердің қатысуымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында«Мөлдір бұлақ» атты ауқымды экологиялық акция өтті. Бұлақтар мен жағалау аумақтарытазартылып, оған 16 000-нан астам адам қатысты, 425 тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Сонымен қатар, 140-тан астам арнайы техника жұмылдырылып, жұмыстың сапалы әрі жедел орындалуына мүмкіндік жасалды.Өңірдің барлық ауданында Сырдария өзенініңжағалауы, Арал ауданындағы "Ақеспеде", Жаңақорғанауданындағы «Қайнарбұлақта» табиғи су көздері тазартылып, маңы абаттандырылды.Жалпы бұлақтар су ресурстары тапшы аймақтар үшін баламалы су көзі ретінде ерекше маңызға ие. Осындай игі бастамалар табиғатты қорғаудағы ортақ жауапкершілікті арттырып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға сүбелі үлес қосады.Айта кету керек, аймақта «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық, абаттандыру, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында кешенді жұмыс атқарылуда.Бюджет қаражатынан бөлек, кәсіпкерлердің демеушілігі есебінен демалыс орындары, балалар ойын және спорт алаңдары, қоғамдық кеңістіктер кезең-кезеңімен қайта жаңғыртылып, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи талаптарға сай жөндеуден өткізілуде.Соңғы жылдары бюджет және демеушілік қаражаты есебінен Қызылорда қаласындағы орталық алаң, қалалық мәдени-демалыс паркі және Қорқыт ата сквері қайта жаңғыртылып, тұрғындар игілігіне берілді. Сонымен қатар, жуырда Президент саябағы қайта салынып ашылды.Ауылда қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру және тұрғындарды тазалық мәдениетіне ынталандыру мақсатында жыл сайын «Үлгілі елді мекен» конкурсы ұйымдастырылып келеді. Аталған жобаға соңғы үш жылда 2 млрд 64 млн теңге бөлініп, үздік деп танылған елді мекендерге 67 арнайы техника табысталды.Тұрмыстық қатты қалдықтарды тиімді басқару, сұрыптау, өңдеу және кәдеге жаратуда «Жасыл даму» АҚ қаржыландыруымен 9 жоба қолға алынған.Жаңақорған ауданында қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешені толық қаржыландырылып, қажетті құрал-жабдықтары жеткізілді. Қазір нысанды іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 8 жобаны «Өнеркәсіпті дамыту қоры» сараптамадан өткізіп, қаржыландыру үшін тиісті келісім-шарттар жасалуда.Бұдан бөлек, облыстық бюджет есебінен 475 млн теңгеге Сырдария ауданында сұрыптау кешені бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны салынып, іске қосылды.Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Шымкентте «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы өтті 23.03.2026
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын іске асыру аясында Шымкент қаласының Алтынтөбе тұрғын алабында Наурыз мерекесіне орайластырылған Тазару күні аясында «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.«Тазару күні» қоғамның табиғатқа деген жанашырлығын арттырып, ортақ жауапкершілікті сезінудің белгісі. Акция барысында Бөржар Бастау бұлағының бастауы тазартылып, айналасы абаттандырылды, санитарлық тазалық жүргізілді.Іс-шараға Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қоғам белсенділері мен еріктілер қатысты.Айта кету керек, «Мөлдір бұлақ» акциясы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қаланың қоршаған ортасын жақсартуға және тұрғындарды ортақ іске жұмылдыруға бағытталған маңызды қадам болды.Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың үндеуі 23.03.2026
Қымбатты отандастар!Бүгін «Тазару күніне» орай еліміздің әр түкпірінде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңіне жол ашатын ауқымды экологиялық акция басталды.Бұл – Наурызнама онкүндігінде айрықша орын алатын күн. Қоғамымыздың жаңғыруы күллі табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келіп отыр. Уақыт пен іргелі өзгерістердің осылай үндесуі баршамызға Отанымыздың игілігі жолында аянбай еңбек етуге айрықша күш-жігер беретіні сөзсіз.Республика аумағында «Мөлдір бұлақ» бастамасын жаппай жүзеге асыру қолға алынды. Бұл жоба аясында бұлақтардың көзін ашып, тал егу, жағалаулар мен су айдындарын, аулалар мен саябақтарды тазалау жұмыстары жалғаса береді.Наурыз мейрамы кезінде қабылданған Жаңа Халық Конституциясында азаматтарымыздың табиғатқа қамқорлықпен қарауы ұлттық дүниетанымымыздың басты қағидатының бірі ретінде айқындалған.Жаңа Халық Конституциясы ел бірлігінің арқауы, рухани және құқықтық бағдарымыз әрі Тәуелсіздігіміздің мызғымас тұғыры болатыны күмәнсіз.Ата заңымыз қоғамда дүниетанымымыз бен бітім-болмысымыздың өзегі саналатын ынтымақ, жауапты әрі жасампаз отаншылдық, сондай-ақ «Таза Қазақстан» құндылықтарын қалыптастырады.«Таза Қазақстан» идеологиялық тұжырымдамасының түпкі мәні көшелерді, аулаларды және айналамызды таза ұстаудан ғана емес, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бастайтын ниет пен пейілдің тазалығынан көрініс табады.Отандастарымызды Тазару күнімен құттықтаймын!Қазір табиғат игіліктерін ұқыпты пайдалану және саналы тұтыну жолын таңдаған азаматтарымыздың саны артып келеді. Бұл – жарқын болашағымызға кепіл болатын игі үрдіс. Мен бүкіл халқымызды тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырамын.Бәріміз күш біріктірсек, елімізді биік белестерге жетелеп, Әділетті, Таза, Өркендеген Қазақстанды құра аламыз.Баршаңызға амандық және бақ-береке тілеймін!
Наурыз думаны Шымкентті ән мен шаттыққа толтырды 23.03.2026
Бүгін Шымкент қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі ерекше қарқынмен жалғасын тапты. Таңнан кешке дейін қала бойынша әр ауданда концерттер ұйымдастырылып, өнерпаздар тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.Ауа райы құбылмалы болса да, алаңдарға жиналған халықтың қарасы қалың болды. Ән мен күй әуелеп, бишілердің өнері көрермендерді тәнті етті.Қаланың әр бұрышында құрылған сахналарда Шымкент қаласының «Шымкент концерт» ұжымы, Саз колледжі, Оқушылар сарайы, «Нұрсәт» өнер мектебі және басқа да өнер ұжымдарының әншілері мен бишілері кезек-кезек өнер көрсетті. Бағдарлама әр сағат сайын жаңарып отырды, бұл мерекенің ажарын айшықтады.Астана алаңында Саз колледжінің ұжымы Ұлыстың ұлы күніне орай мерекелік концерт ұйымдастырды. Концерт барысында қазақтың дәстүрлі және классикалық музыкасы, халық әндері мен аспаптық шығармалар, сондай-ақ көркем би өнері көрермен назарына ұсынылды.Сахнада «Үрмелі және соқпалы аспаптар» оркестрі, «Қазақ халық аспаптар» оркестрі, «Шамсинур» би ансамблі, қылқобызшылар, домбырашылар, сырнайшылар, «Прима қобызшылар» ансамбльдері, эстрадалық оркестр және талантты жеке орындаушылар өнер көрсетті. Бағдарлама барысында белгілі композиторлардың шығармалары орындалды.Мерекелік көңіл-күймен бөліскен қала тұрғыны Анарбай Тасқынбай өз әсерін былай жеткізді:— Наурыз елдің бәрі бір-бірімен көрісіп, қуанысып, қауышатын шағы. Әсіресе, береке мен молшылықтың символы іспетті наурыз көженің дәмі ерекше. Бүгін ішкен көжем сондай дәмді болды, бала кезді еске түсірді. Осындай мереке көп болсын, — деді ол.Наурыз мерекесі тек концерт пен думан ғана емес, ол береке мен бірліктің, ақ дастархан мен ақ тілектің мерекесі. Шымкенттегі бұл шаралар дәл осыны айқын дәлелдеді. Қала тұрғындары мерекенің ерекше рухы мен атмосферасын бірге сезініп, ұлттық өнердің шынайы көрінісін тамашалады.
«Шымкент сазы» дәстүрлі өнер думаны Наурыз мерекесінде өтті 23.03.2026
Бүгін, Шымкент қаласының «Астана» алаңында Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мейрамына арналған «Шымкент сазы» дәстүрлі өнер думаны ұйымдастырылды. Салтанатты шара халқымыздың төл өнерін дәріптеп, ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасын қала тұрғындары мен қонақтарына паш етті.Мерекелік бағдарламаның шымылдығын «Қаратау» фольклорлық ансамблі Бауыржан Ақтаевтың «Арнау» күйімен ашты.Сахна төрінде халық әндерімен қатар Ақан сері, Біржан сал, Кенен Әзірбаев сияқты ұлттық өнердің көрнекті тұлғаларының шығармалары орындалды. Дәстүрлі әншілер мен термешілер тыңдарманды терең тебіреніске бөле отырып, ұлттық өнердің өміршеңдігін көрсетті.Күмбірлеген күй өнері шараның ерекше сәніне айналды. Құрманғазының «Байжұма», Сүгірдің «Аққуы», Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйлері орындалып, Астана алаңы ұлттық рухқа кенелді.Қылқобыз, домбыра және басқа да фольклорлық аспаптардың үнімен шебер орындаушылар өз өнерлерін ортаға салып, аспаптық музыканың сан қырлы мүмкіндіктерін танытты.Мерекелік думан «Қаратау» фольклорлық ансамблінің рухты «Қара жорға» күйімен салтанатты түрде қорытындыланды.Бұл шара Шымкент қаласының мәдени тынысын айшықтап, қала тұрғындарына рухани азық беріп, Наурыз мерекесінің шырайын келтірді. Қатысушылар мерекелік думаннан ерекше әсер алып, ұлттық өнердің шынайы көрінісін тамашалады.
Әскери қызметшілер Наурыз мейрамын атап өтті 22.03.2026
Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдері мен құрамаларында Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтті.Наурыз – күн мен түннің теңеліп, табиғаттың жаңарып, тіршіліктің түлейтін кезеңі. Бұл күні әскери ұжымдарды да ұлттық киім мен бай дастархан айшықтап тұрды. Наурызда әскери қызметшілер мерекелік концерттер мен театрландырылған қойылымдар, ептілік пен тапқырлықты қажет ететін түрлі сайыстар ұйымдастырды.Шымкент гарнизонындағы 35748 әскери бөлімінде өткен іс-шараларға Қарулы күштердің ардагерлері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелері қатысты. Меймандар мен жеке құрам үшін киіз үйлер тігіліп, концерттік бағдарлама әзірленді. Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, мерекелік дастархан жайылды. Жиналғандар Наурыз көжеден дәм татты.– Наурыз – халқымыз үшін жақсылық пен үміттің бастауы. Бұл мереке біздің ұлттық болмысымызды сақтауға, отбасылық құндылықтарды нығайтуға және қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға тәрбиелейді, – деп атап өтті 35748 әскери бөлімінің командирі подполковник Сергей Биболатов.Әскери қызметшілер «бесікке бөлеу», «тұсау кесу», «беташар» сияқты салт-дәстүрлерді көрсетіп, ұлттық бай мәдениетті паш етті.Сондай-ақ жеке құрам арасында «бәйге», «қыз қуу», «аударыспақ», «асық ойыны», «арқан тарту» және «тоғызқұмалақ» сияқты ұлттық ойындар ұйымдастырылды.Іс-шаралар әскери қызметшілердің бірлігі мен ынтымағын нығайтып, жауынгерлік рухын көтеруге ықпал етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1186796?lang=kk
Қостанай облысында жабық хоккей корты пайдалануға берілді 22.03.2026
Қостанай облысының Жангелдин ауданында көпфункционалды жабық хоккей корты ашылып, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.Жаңа спорт нысаны Торғай ауылында орналасқан және облыстық бюджет қаражаты есебінен салынған. Бұл бастама ауылдық жерлердегі спорт инфрақұрылымын дамытуға және қысқы спорт түрлерімен айналысуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.Жабық хоккей корты тұрғындарға, әсіресе жастарға, жыл бойы спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Мұнда хоккей, мәнерлеп сырғанау және жаппай сырғанау сияқты қысқы спорт түрлерін дамытуға барлық жағдай жасалған. Нысан салауатты өмір салтын ұстанатын азаматтар үшін тартымды орынға айналады деп күтілуде.Жаңа нысанның пайдалануға берілуі өңірде дене шынықтыру мен спортты дамытуға серпін беріп, тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және түрлі спорттық іс-шараларды өткізуге жаңа мүмкіндік ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1186802?lang=kk
Облыс әкімінің Наурыз мейрамымен құттықтауы 22.03.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов аймақ тұрғындарын Наурыз мейрамымен құттықтады.Бүгін – халқымыз үшін ерекше мәні бар күн. Шуақты көктемде жер-дүние қайта жаңарады. Әз-Наурыз – береке мен бірліктің бастауы, молшылықтың мейрамы. Жаңару күні адамдар бір-бірін құттықтап, амандық-саулық сұрасады. Осы үрдістің бастауында үлкенге құрмет, кішіге ізет өнегесі жатыр. Әрбір үйде ақ дастархан жайылады. Бұл күні мейірімділік пен жанашырлық қасиеттер ерекше дәріптелген. Өткен жылғы өкпе-реніштің бәрі ұмытылады. Біз ежелден Ұлыстың ұлы күніне айрықша мән беріп келеміз.«Қазақстан ауқымды саяси реформалар кезеңінен өтуде. Оның маңызды қадамы – Әділетті мемлекет құруға бағытталған жаңа Конституцияны қабылдау болды. Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясаттың арқасында еліміз тұрақтылықты сақтап, экономиканы нығайтып, азаматтардың өмір сапасын арттыруға жағдай жасап келеді. Әртүрлі ұлт өкілдері бірлікте, татулықта өмір сүруде. Қостанай жеріндегі ұлттар достығы құр сөз бен бос ұран емес, күнделікті өмірдегі өзара құрмет пен сыйластықтың айқын көрінісі», – деді облыс әкімі.Бүгінде Қостанай облысы – еліміздің тұрақты дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Әсіресе, облысымыздың аграрлық өңірден индустриялық-аграрлық бағытқа табысты түрде трансформацияланып жатқанын ерекше атап өту керек. Қазіргі таңда Қостанай облысы өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі бойынша еліміздің жиырма өңірі ішінде төртінші орында. Өңіріміз – машина жасау саласының орталығы, бұл еліміздегі машина жасау өндірісінің жалпы көлемінің 25%-ын құрайды. Сонымен қатар, аймағымыз ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу экспорты және азық-түлік өндіру бойынша да жетекші орындардың бірін алады. Ал биыл «Кондитерлік астана» жобасының іске қосылуымен, Қостанай облысы еліміздегі ірі кондитерлік өнім өндіруші аймаққа айналады.Ауыл шаруашылығы саласында облысымызда 7 заманауи сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді, сондай-ақ тағы 7 осындай ферма салынуда. Оның ішінде 5-еуі ағымдағы жылдың өзінде іске қосылады. Автожол саласында өткен жылы 1 300 км жол жөнделді. Былтыр 50-ден астам әлеуметтік нысан іске қосылды: оның ішінде 20-сы білім беру, 12-сі медициналық нысан және 19-ы спорт кешендері. Биыл Қостанайдағы 2 мектептің, Заречный ауылындағы емхананың құрылысы аяқталады.Кедергісіз қоғам қалыптастыруға бағытталған жобаларды ерекше атап өту керек:бұрынғы резиденция базасында балаларға арналған оңалту орталығы ашылды;мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталуда;Қостанай қаласында онкологиялық ауруларды емдеуге арналған облыстағы алғашқы желілік үдеткіш іске қосылды.Сондай-ақ Үстел теннисі орталығы, «Осьминог» жаңа аквапаркі және триатлон парк аумағында көпфункционалды стадион салынуда. Әлемдік деңгейдегі үш қонақүй кешені – «Мэрриот», «Новотель», «Холидэй Инн» салынып, 300 жаңа жұмыс орны ашылады.«Бізде барлық бағыттар бойынша еліміздің жетекші облыстарының біріне айналуға нақты мүмкіндіктер бар екенін атап өткім келеді. Мұның барлығы әрқайсыңыздың өңір мен елімізді дамытуға қосқан үлестеріңіздің арқасында деп білемін. Осы жетістіктерді сақтай отырып, болашаққа сеніммен қарай аламыз. Жарқын болашаққа, әділеттілік пен өркендеуге басталған жолымыз ұзағынан болсын! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен қуаныш тілеймін», – деді Құмар Ақсақалов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1186804?lang=kk
«DAMDASTOUR» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ НАУРЫЗДЫҢ ЖАРҚЫН ОҚИҒАСЫНА АЙНАЛДЫ 22.03.2026
Шымкент қаласында Наурыз мерекесі аясында ұйымдастырылған «DamDastour» халықаралық гастрономиялық фестивалі өз мәресіне жетіп, мегаполистің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Қала орталығындағы Әл-Фараби алаңы бірнеше күн бойы әлемнің түрлі елдерінің асханасы тоғысқан бірегей халықаралық гастрономиялық кеңістік қызметін атқарды.Фестивальдің басты ерекшелігі – оның халықаралық форматта өтуі. Іс-шараға әлемнің әр түкпірінен келген танымал аспаздар қатысып, өз елдерінің ұлттық тағамдарын ұсынып қана қоймай, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Бельгия, Швейцария, Франция, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген халықаралық байқаулардың жеңімпаздары көрермен назарына авторлық мәзірлерін ұсынды. Бұл фестивальдің мәртебесін арттырып, оны кәсіби гастрономиялық диалог алаңына айналдырды.Фестиваль аясында өткен байқаулар жоғары деңгейдегі бәсекемен ерекшеленді. Қатысушылар ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи аспаздық технологияларды шебер ұштастыра білді. Қазылар алқасының шешімімен «Ең жақсы палау» аталымы Grand Golden Hills мейрамханасына, «Ең дәмді самса» номинациясы Qazaq Samsa мейрамханасына берілді. Ал «Ең үздік ұлттық тағам» аталымында «Понтос» мейрамханасы жеңімпаз атанды. «Камал ата» кафесі белсенді қатысқаны үшін арнайы марапатқа ие болды.Халықаралық мазмұн жергілікті рестораторлардың белсенділігімен үйлесім тапты. Фестивальге қаладағы 50-ге жуық мейрамхана қатысып, келушілерге ұлттық және әлемдік асхананың кең таңдауын ұсынды. Қонақтар қазақтың дәстүрлі тағамдарынан бастап, еуропалық және азиялық ас мәзірлерін тамашалап, дәм тату мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Наурыз мерекесінің басты тағамы – наурыз көженің бірнеше түрі ұсынылып, мерекелік дастарханның ажарын аша түсті.Іс-шараның халықаралық сипаты мәдени бағдарламадан да айқын көрініс тапты. Бір сахнада түрлі мәдени бағыттар мен заманауи трендтер тоғысып, street style және K-pop би сайыстары, ұлттық домбыра өнері, батырлар шоуы, цирк қойылымдары көрермендерге ұсынылды. Сонымен қатар, мотошеру мен автошоу, қолөнершілер жәрмеңкесі және арнайы тақырыптық аймақтар фестиваль мазмұнын байытып, оны көпқырлы мәдени алаңға айналдырды.Осылайша, «DamDastour» халықаралық гастрономиялық фестивалі Шымкент қаласының халықаралық деңгейдегі мәдени және гастрономиялық орталық ретіндегі әлеуетін айқын көрсетті. Түрлі халықтардың асханасы мен дәстүрін тоғыстырған бұл ауқымды шара Наурыз мейрамының рухын заманауи форматта жаңғыртып, қала өміріндегі маңызды әрі жарқын оқиғалардың бірі ретінде жоғары бағаланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-seoul/press/news/details/1186811?lang=kk
Туризм және спорт министрі Грузияға жұмыс сапарымен барды 22.03.2026
2026 жылғы 19-20 наурызда Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновтың Грузияға жұмыс сапары өтті.Сапар аясында Е.Мырзабосынов Грузияның Спорт министрі Шалва Гоголадземен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар спорт саласындағы Қазақстан-Грузия өзара іс-қимылын дамытудың өзекті мәселелері мен перспективаларын талқылады.Атап айтқанда, қазақстандық тарап грузиялық әріптестерін Қазақстан Республикасында өткізу жоспарланған халықаралық спорттық іс-шаралар туралы хабардар етті. Ү.ж. 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтетін «Болашақ ойындарын» өткізуге дайындық жұмыстарына ерекше назар аударылды.Сонымен қатар, сапар бағдарламасы шеңберінде Қазақстан министрі Тбилиси қаласында өткен дзюдодан Tbilisi Grand Slam халықаралық турниріне қатысты. Жарысқа Қазақстан құрамасын қоса алғанда, түрлі елдердің жетекші спортшылары қатысты.Турнир қорытындысы бойынша қазақстандық дзюдошылар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Нұрқанат Серікбаев 66 кг дейінгі салмақ дәрежесінде алтын, Талғат Орынбасар 60 кг дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tbilisi/press/news/details/1186818?lang=kk
Қазақстан–Израиль медицина саласындағы ынтымақтастықты дамыту 22.03.2026
2026 жылғы 19 наурызда Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Дәулет Ембердиев Беэр-Шева қаласындағы «Сорока» медициналық орталығына – Израильдегі ең ірі және озық медициналық орталықтардың біріне барып, оның Бас директоры, профессор Шломи Кодишпен кездесу өткізді.Сапар барысында «Сорока» басшысы оңтүстік өңірдегі жалғыз көпсалалы аурухана болып табылатын және 1 миллионнан астам адамға жоғары деңгейдегі медициналық қызмет көрсететін мекеменің тарихы мен бірегей тәжірибесі туралы баяндады.Тараптар сондай-ақ Қазақстан мен Израиль арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Атап айтқанда, қазақстандық дәрігерлер мен медициналық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері үшін біліктілікті арттыру курстары мен тағылымдамаларды ұйымдастыру, сондай-ақ тәжірибе және қолданылатын тәжірибелермен алмасу мақсатында екі елде өткізілетін тақырыптық медициналық конференциялар мен симпозиумдарға қазақстандық және израильдік мамандардың қатысуы басым бағыттар ретінде белгіленді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tel-aviv/press/news/details/1186830?lang=kk
Кенияда Наурыз мерекесін алғаш рет атап өтті 22.03.2026
Найроби, 2026 жылғы 21 наурыз – Қазақстан Республикасының Елшілігі Кенияда алғаш рет Наурыз мерекесін салтанатты түрде атап өтті.Іс-шараға болу еліндегі мемлекеттік органдардың өкілдері, БҰҰ жүйесіндегі халықаралық ұйымдар, дипломатиялық корпус, бизнес-қауымдастық, діни және мәдени ұйымдар қатысты.Қазақстан Елшісі Барлыбай Садықов өз сөзінде, Наурыз мейрамының тойлануы еліміздің тарихындағы маңызды оқиғамен – 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыұлттық Референдумның табысты өтуімен және жаңа Конституцияның қабылдануымен тұспа-тұс келгенін атап өтті. Бұл оқиға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды» құруға, парламентаризмді нығайтуға және азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуын кеңейтуге бағытталған реформаларын жүзеге асырудың маңызды кезеңіне айналды.«Бүгін, 21 наурыз «Наурызнама» күнтізбесінде Ынтамақтастық күні ретінде ерекше орын алады. Бұл – Қазақстанның халықаралық құқық нормалары пен БҰҰ Жарғысын сақтай отырып, дауларды мен жанжалдарды тек дипломатиялық жолмен шешуге бейілділігін растайтын және әлемдік аренада ілгерілетуге ұмтылатын асқақ рухы», – деп атап өтті Елші Садықов.Іс-шараның құрметті қонағы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-Хабитат Атқарушы директоры Анаклаудия Россбах өз сөзінде Наурыздың жаңару мен бірліктің символы ретінде ұлттық мереке шеңберінен әлдеқайда асып түсетінін атап өтті. Ол бұл мерекенің ғасырлар бойы достық пен тату көршілік қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал ететін терең мәдени маңыздылығына тоқталды. Россбах ханымның айтуынша, адам мен табиғат арасындағы үйлесімділікке, сондай-ақ қоғам ішіндегі ынтымақтастыққа үндейтін Наурыз философиясы БҰҰ-ның тұрақты дамуды қамтамасыз ету жөніндегі миссиясымен тікелей үндес келеді.Іс-шара аясында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің видеожолдауы көрсетілді. Ол қатысушыларды Халықаралық Наурыз күнімен құттықтап, бұл мерекенің бейбітшілік пен бірлікті ілгерілетудегі маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ қонақтардың назарына Қазақстандағы және әлемнің басқа елдеріндегі Наурыз мерекесін тойлау дәстүрлері туралы бейнеролик көрсетілді.Қонақтар үшін Орталық Азия елдерінің (Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан) және Әзербайжанның Кенияда жұмыс істейтін өкілдерімен бірлесіп, мазмұнды мәдени бағдарлама дайындалды. Қонақтар қазақ салт-дәстүрлерімен танысып, ұлттық билерді тамашалады. Соның ішінде қазақтың «Қара жорға» және әзербайжанның «Яллы» билері ерекше қызығушылық тудырды.Іс-шара салтанатты кешкі аспен аяқталды. Қонақтарға палау, қуырдақ, бауырсақ және қазақ пен Орталық Азия асханасының басқа да дәстүрлі тағамдары ұсынылды. Биыл Наурыз мейрамының Ораза айтпен (Ид аль-Фитр) тұспа-тұс келуі бұл оқиғаға бірлік пен рухани келісімнің ерекше символдық мәнін берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nairobi/press/news/details/1186835?lang=kk
ШЫМКЕНТТЕ ӨТКЕН «DAMDASTOUR» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ НАУРЫЗДЫҢ ЖАРҚЫН ОҚИҒАСЫНА АЙНАЛДЫ 22.03.2026
Шымкент қаласында Наурыз мерекесі аясында ұйымдастырылған «DamDastour» халықаралық гастрономиялық фестивалі өз мәресіне жетіп, мегаполистің мәдени өміріндегі айтулы оқиғалардың біріне айналды. Қала орталығындағы Әл-Фараби алаңы бірнеше күн бойы әлемнің түрлі елдерінің асханасы тоғысқан бірегей халықаралық гастрономиялық кеңістік қызметін атқарды.Фестивальдің басты ерекшелігі – оның халықаралық форматта өтуі. Іс-шараға әлемнің әр түкпірінен келген танымал аспаздар қатысып, өз елдерінің ұлттық тағамдарын ұсынып қана қоймай, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Бельгия, Швейцария, Франция, Түркия, Грузия, Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген халықаралық байқаулардың жеңімпаздары көрермен назарына авторлық мәзірлерін ұсынды. Бұл фестивальдің мәртебесін арттырып, оны кәсіби гастрономиялық диалог алаңына айналдырды.Фестиваль аясында өткен байқаулар жоғары деңгейдегі бәсекемен ерекшеленді. Қатысушылар ұлттық дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи аспаздық технологияларды шебер ұштастыра білді. Қазылар алқасының шешімімен «Ең жақсы палау» аталымы Grand Golden Hills мейрамханасына, «Ең дәмді самса» номинациясы Qazaq Samsa мейрамханасына берілді. Ал «Ең үздік ұлттық тағам» аталымында «Понтос» мейрамханасы жеңімпаз атанды. «Камал ата» кафесі белсенді қатысқаны үшін арнайы марапатқа ие болды.Халықаралық мазмұн жергілікті рестораторлардың белсенділігімен үйлесім тапты. Фестивальге қаладағы 50-ге жуық мейрамхана қатысып, келушілерге ұлттық және әлемдік асхананың кең таңдауын ұсынды. Қонақтар қазақтың дәстүрлі тағамдарынан бастап, еуропалық және азиялық ас мәзірлерін тамашалап, дәм тату мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Наурыз мерекесінің басты тағамы – наурыз көженің бірнеше түрі ұсынылып, мерекелік дастарханның ажарын аша түсті.Іс-шараның халықаралық сипаты мәдени бағдарламадан да айқын көрініс тапты. Бір сахнада түрлі мәдени бағыттар мен заманауи трендтер тоғысып, street style және K-pop би сайыстары, ұлттық домбыра өнері, батырлар шоуы, цирк қойылымдары көрермендерге ұсынылды. Сонымен қатар, мотошеру мен автошоу, қолөнершілер жәрмеңкесі және арнайы тақырыптық аймақтар фестиваль мазмұнын байытып, оны көпқырлы мәдени алаңға айналдырды.Осылайша, «DamDastour» халықаралық гастрономиялық фестивалі Шымкент қаласының халықаралық деңгейдегі мәдени және гастрономиялық орталық ретіндегі әлеуетін айқын көрсетті. Түрлі халықтардың асханасы мен дәстүрін тоғыстырған бұл ауқымды шара Наурыз мейрамының рухын заманауи форматта жаңғыртып, қала өміріндегі маңызды әрі жарқын оқиғалардың бірі ретінде жоғары бағаланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-madrid/press/news/details/1186799?lang=kk
Майндағы Франкфурт төрінде Наурыз мерекесі атап өтілуде 22.03.2026
Майндағы Франкфурт, 2026 жылғы 20 наурыз – Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулдығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы кеңінен аталып өтті. Биылғы мереке қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен дәстүрін дәріптейтін Наурызнама онкүндігі аясында ұйымдастырылып, оның маңызды күндерінің бірі – Ұлттық ойындар күнімен тұспа-тұс келді. Мерекелік іс-шараға отандастар және шетелдік қонақтар қатысты. Қонақтар қазақ халқының салт-дәстүрімен танысып, ұлттық мәдениеттің көріністеріне куә болды. Іс-шара барысында ұлттық ойындар кеңінен насихатталып, қонақтарға «асық ату», «тоғызқұмалақ» сынды дәстүрлі ойындар ұсынылды. Бұл ойындар қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырып, қазақ халқының зияткерлік және дене мәдениетінің байлығын көрсетті. Сонымен қатар, мерекелік дастархан жайылып, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылды. Әсіресе, Наурыз мейрамының басты тағамы – Наурыз көже көпшілікке ұсынылып, қазақ халқының қонақжайлығы мен береке-бірлігінің белгісі ретінде жоғары бағаланды. Осы айтулы мереке аясында Қазақстан Республикасының Майндағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы бауырлас Түркия Республикасының шақыруымен «Alte Oper» ғимаратында Мюнхен симфониялық оркестрінің концерттік бағдарламасына қатысты. Аталған мәдени іс-шара халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етті. Наурыз мейрамы – жаңару мен жаңғырудың, татулық пен келісімнің символы. Бұл күн халықтарды жақындастырып, өзара құрмет пен түсіністікті нығайта түседі. Қазақстан Республикасының Бас консулдығы барша қауымды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтай отырып, әр шаңыраққа амандық, бақ-береке және молшылық тілейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-frankfurt/press/news/details/1186706?lang=kk
Наурыз мейрамы құтты болсын! 22.03.2026
Құрметті достар,Сіздерді Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамымен құттықтаймыз! Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-skopje/press/news/details/1186717?lang=kk
Нью-Йорктегі Таймс-скверде Наурыз мерекесі тойланды 22.03.2026
Нью-Йорк, 2026 жылғы 21 наурыз – Нью-Йорктегі әйгілі Таймс-сквер алаңында қазақстандық дипломаттардың, диаспора өкілдерінің, студенттердің және қала қонақтарының қатысуымен көктем мерекесі – Наурыз мейрамы атап өтілді.Іс-шара аясында ұлттық киімдердің жарқын көрсетілімі ұйымдастырылып, ол Нью-Йорк тұрғындары мен көптеген туристердің назарын аударды. Қатысушылар музыкалық өнері мен қазақ мәдениетінің элементтерін, соның ішінде дәстүрлі «Тұсаукесер» рәсімін ұсынып, көктемгі жаңару, достық пен бірлік рухын қалыптастырды.Бағдарламаның айрықша сәттерінің бірі – осы күндері Нью-Йорктегі Secret Arts Center ұйымдастырған New York International Competition for Performing Arts 2026 халықаралық байқауына қатысып жатқан «Әлқисса» балалар ансамблінің және “Жетіген” тобының өнер көрсетуі болды.Таймс-сквер алаңында алғаш рет Құрманғазының «Балбырауын» және «Адай» күйлері домбырамен орындалды. Ансамбль ұжымымен бірге қазақ музыкасы мен мәдениетін Нью-Йорк қаласында белсенді насихаттап жүрген америкалық гитарист әрі домбырашы Джефф Герш те өнер көрсетті.Мәдени-имидждік акция аясында Қазақстанның алманың отаны екендігі туралы ақпарат қамтылған QR-кодтары бар алмалар таратылды. Бұл дерек түрлі зерттеулермен, соның ішінде National Geographic материалдарымен расталады.Мереке жылы әрі достық ахуалда өтіп, қазақ мәдениетін шетелде насихаттауға және АҚШ пен Қазақстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ықпал етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-newyork/press/news/details/1186718?lang=kk