Қоғам
Кеденді цифрлық түрлендіру: ҚР ҚМ МКК мен Халықаралық сауда орталығы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындады 07.11.2025
2025 жылғы 5 қарашада Астана қаласында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (МКК) мен Халықаралық сауда орталығы (ХСО) арасында Ready4Trade Central Asia жобасы аясында сараптамалық кездесу өтті. Негізгі тақырып – ХСО мен МКК бірлесіп әзірлеген кедендік әкімшілендіруді жаңғыртуды қолдау тұжырымдамасын іске асырудың нақты қадамдарын айқындау болды. МКК Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Ермек Қожабергенов Тұжырымдама Қазақстандағы кедендік әкімшілендіруді жүйелі дамытуға арналған практикалық құралға айналатынын және Комитеттің құрылымдық бөлімшелері мен ХСО өкілдерінің келісілген іс-қимылдарының негізі болатынын атап өтті. Оның айтуынша, жоспардың іске асырылуы «тосқауылсыз» транзиттік дәліздерді дамытуға, жасанды интеллект енгізуге және тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған. Ready4Trade Central Asia жобасының сауда рәсімдерін оңайлату компонентінің жетекшісі Аделина Харунжен Қазақстанның тұрақты ілгерілеуін атап өтіп, елдің кедендік цифрландыру саласында өңір үшін үлгі бола алатынын жеткізді. Кездесу барысында тараптар бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын айқындады:«Жіксіз» транзиттік дәліздерді дамыту және цифрлық үйлесімділікті арттыру;Жасанды интеллектті жүк ағындарын талдау мен бақылауға енгізу;Тәуекелдерді басқару және деректер аналитикасын жетілдіру;Өкілетті экономикалық операторлар (ӨЭО) бағдарламасын дамыту және өзара мойындау. Тараптар Тұжырымдаманы іске асырудың бірыңғай жоспарын әзірлеу туралы уағдаласты. Бұл жоспар кедендік реформалардың жол картасына айналып, ашық, жедел және интеллектуалды әкімшілендіру моделіне көшуге мүмкіндік береді. Бұл қадам Қазақстанның инновациялар мен логистикалық интеграцияның өңірлік орталығы ретіндегі позициясын нығайтып, ашық және қауіпсіз сауданың цифрлық негізін қалайды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd/press/news/details/1100874?lang=kk
Қателіктің бағасы — әкімшілік айыппұл: департамент тұтынушылардың құқықтарын қорғады 07.11.2025
Тұтынушылардың құқықтарын қорғау – сауда саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының өңірлеріндегі Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттері азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет етіп, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің Шымкент қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне азамат А.алтыннан жасалған зергерлік бұйымды интернет-дүкен арқылы сатып алу кезінде құқықтарының бұзылғаны жөнінде өтінішпен жүгінген. Тауарды алғаннан кейін тұтынушы бұйымнан ақау анықтап, оны ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап еткен. Алайда сатушы заңды талапты орындаудан бас тартқан. Тұтынушы Департаментке жазбаша өтініш жолдап, оған фото және бейнематериалдарды, бақылау-касса машинасының чегін және талап хаттың көшірмесін қоса тіркеген. Аталған өтініш негізінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру барысында сатушының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген талаптарды және шағымды қарау мерзімдерін бұзғаны анықталды. Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектісіне қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-бабының 5-бөлігі бойынша әкімшілік шаралар қолданылды. Тексеру қорытындысы бойынша сатушы өз кінәсін мойындап, тұтынушыға 95 000 теңге сомасындағы ақшалай қаражатты толық көлемде қайтарды. Осындай ұқсас жағдай Шымкент қаласындағы ірі сауда желісінің бір филиалында да тіркелген. Сатып алушы витринада көрсетілген баға мен кассалық чекте көрсетілген сома арасында айырмашылық бар екенін анықтаған — 1990 теңге орнына 2990 теңге. Азаматтың өтініші негізінде Департамент тексеру жүргізіп, оның нәтижесінде кәсіпкерге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамажасалды. Мұндай мысалдар тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында мемлекет тарапынан жүйелі бақылау мен нақты қолдау көрсетіліп отырғанының айқын дәлелі болып табылады. Азаматтар өз құқықтарының бұзылған жағдайында тиімді қолдау мен объективті қарауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз мүдделерінің қорғалуына сене алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1100863?lang=kk
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен келіссөз жүргізді 07.11.2025
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен Ақ үйде кездесті.Көшбасшылар Қазақстан мен АҚШ арасындағы Кеңейтілген стратегиялық әріптестікті тереңдету перспективаларын талқылап, сапар аясында қол қойылған 17 миллиард АҚШ долларынан асатын коммерциялық келісімдерді құптады.Президент Тоқаев сондай-ақ халықаралық бейбітшілік пен өркендеуді ілгерілетуге бағытталған «Trump Route for International Peace and Prosperity (TRIPP)» бастамасына қолдау білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1100852?lang=kk
2025 жылғы 21 қарашада Меңдіқара ауданының әкімі Ғ.М. Бекбаев және халық қатысты. 07.11.2025
Краснопресненск ауылдық округі, орналасқан жері: Красная Пресня ауылы, мектеп ғимараты сағат 10:30.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-mendykarin-audany-akimat/press/news/details/1100835?lang=kk
Павлодарлық Хатико: адалдық пен үміт туралы әсерлі оқиға 07.11.2025
Павлодарлық Хатико: адалдық пен үміт туралы әсерлі оқиға Павлодарда жүректі елжіреткен ерекше оқиға орын алды. Ұрлық үшін сотталған Иван жазасын өтеп, рақымшылыққа ілігіп бостандыққа шықты. Ал №45 мекеме қақпасының алдында оны ең адал досы — Тайсон есімді ит күтіп тұр екен. Қақпа ашылған сәтте Иван көз алдындағы таныс бейнені көрді. Тайсон, иесін сезгендей, қуанышпен жүгіріп келіп, құйрығын бұлғаңдатып қарсы алды. Ер адам өз сезімін жасыра алмады — қуаныш пен сағыныштың жасын сығып, досын құшағына қысты. Бұл сәт шынайы сүйіспеншілік пен адалдықтың символына айналды. Иванның айтуынша, дәл осы төрт аяқты досы туралы ойлар оған үміт сыйлап, өмірін қайта ой елегінен өткізуге көмектескен. «Тайсон — менің нағыз досым. Ол мені бәрібір күтті. Сол үшін мен өмірімде бәрін өзгертуді ұйғардым», — дейді Иван. Жазасын өтеу кезінде ол еңбек пен тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысып, тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Мекеме әкімшілігі Иванның оң өзгерістерін және қоғамға қайта бейімделуге дайындығын атап өтті. Енді Иван мен Тайсон жаңа өмірдің бетін ашты. Алда — үмітке толы, бірақ сынақсыз болмайтын жол. Дегенмен олар бұл жолды бірге еңсереді. Иван мен Тайсонның хикаясы — жай ғана ит пен адамның кездесуі емес. Бұл — адалдықтың, кешірім мен екінші мүмкіндік алудың көрінісі. Өйткені сенім мен сүйіспеншілік бар жерде әр адам өзгеруге қабілетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ps/press/news/details/1100840?lang=kk
Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Үлкен Нарын халқымен кездесті 07.11.2025
ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Үлкен Нарын тұрғындарымен кездесті.Кездесуде ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауының басым бағыттарын түсіндірді.Мәлік Отарбаев цифрландыру мен инновацияларды енгізу – экономикалық өсім мен халықтың өмір сапасын арттырудың басты тетігі екенін атап өтті.Кездесуде ауданның даму көрсеткіштері, жаңа жобалар мен «Жер аманаты» бастамасының нәтижелері сөз болды.Тұрғындар өз ұсыныстарын айтып, жастарды жұмыспен қамту, инфрақұрылымды жаңарту, цифрлық сервистерді дамыту бағытында пікір алмасты.«Жасанды интеллект дәуіріне бейімделу – уақыт талабы. Бірлесе әрекет етсек, Үлкен Нарын заманауи даму үлгісіне айналады», – деді Мәлік Отарбаев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maslikhat-ulken-naryn/press/news/details/1100841?lang=kk
Қазақстан мен АҚШ цифрлық инфрақұрылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді 07.11.2025
Қазақстандық Alatau City Bank иесі Вячеслав Ким мен DDH (North America) Inc. компаниясы Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен құны 300 миллион доллар болатын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Мақсаты - цифрлық майнинг саласындағы стратегиялық серіктестікті нығайту, энергетикалық және есептеу инфрақұрылымын жаңғырту, елде заманауи деректерді өңдеу орталықтарын құру, майнинг саласындағы ашықтық пен тиімділікті арттыру үшін инвестиция тарту.«Еліміз цифрлық актив саласындағы ынтымақтастықты ашық түрде жүргізеді. Қазақстандық инвестор мен америкалық майнинг компаниясы арасындағы меморандумға қол қою - халықаралық әріптестікке, технология алмасу және орнықты инвестициялық байланыстарды дамытуға деген ұстанымды көрсетеді. Бұл озық тәжірибені пайдалану, құзыреттерді күшейту және цифрлық майнинг пен жасанды интеллект салаларында бірлескен инновацияны дамыту үшін берілген мүмкіндік. Мұндай жобалар Қазақстанның жаһандық цифрлық экономикадағы сенімді және жауапты серіктес ретіндегі мәртебесін нығайтуға ықпал етеді», – деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.«Деректерді өңдеу нарығындағы әлемдегі жетекші компаниялардың бірімен меморандумға қол қою – қазақстандық бизнестің ақпараттық технология, цифрлық активті дамыту, жасанды интеллект және Қазақстан экономикасы үшін басым бағыттағы басқа да салалардағы халықаралық әріптестікті нығайтуға бағытталған. Біз бұл серіктестікті тек инвестициялық жоба ретінде ғана емес, инновацияларды жеткізу, энергетикалық және есептеу инфрақұрылы саласындағы сараптаманы арттырудың, бұлтты технологияларды және болашақтың цифрлық экономикасының басқа да ажырамас элементтеріне қатысты бірегей мүмкіндік ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті Alatau City Bank иесі Вячеслав Ким.DDH (North America) Inc. туралыDDH (North America) Inc. АҚШ-та цифрлық майнинг саласында жұмыс істейді. Компания деректер орталықтарын басқарады және жоғары жүктемелі жүйелер саласындағы озық технологияларды енгізеді, сол арқылы цифрлық активтер майнингіне арналған тұрақты және тиімді инфрақұрылымды қамтамасыз етеді.ҚР ЖИЦДМ баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1100801?lang=kk
Үлкен Нарын ауданында Президент Жолдауының негізгі бағыттары мен міндеттері кеңінен талқыланды 07.11.2025
Бүгін Үлкен Нарын ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауының мазмұнын талқылауға арналған кеңес өтті. Жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысып, Жолдауда белгіленген басым бағыттар мен қойылған міндеттерге кеңінен тоқталды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрғалиев Ербол Жолдаспекұлы Президент Жолдауы қазіргі тарихи кезеңдегі ел дамуының стратегиялық бағдарын айқындайтын маңызды құжат екенін атап өтті. Кеңес барысында ел дамуының жаңа кезеңіне бастайтын стратегиялық басымдықтар, соның ішінде цифрландыру, экономиканы әртараптандыру, адами капиталды дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру мәселелері бойынша нақты пікірлер мен ұсыныстар айтылды.Сондай-ақ, Үлкен Нарын ауданының әкімі Байрахметов Елдос Жанболатұлы Жолдауда көтерілген басым бағыттарға тоқталып, Мемлекет басшысы айқындап берген әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне өту жолындағы нақты іс-шаралар мен жоспарлар туралы баяндап берді. Сонымен қатар, «AMANAT» партиясы филиалының төрағасы Айтказин Елдос Базарбекұлы, Үлкен Нарын ауданы қоғамдық кеңесінің мүшесі, зейнеткер Бопуров Қайрат Сейтказинович өз ойларын ортаға салып, Жолдауда көтерілген бастамаларға қатысты пікірлерін білдірді.Жиын соңында Мәлік Отарбаев өңір активін Мемлекет басшысының «Адал азамат», «Адал еңбек», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» қағидаттарын іске асыру жолында бірлік пен ынтымақты нығайтуға шақырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-ulken-naryn/press/news/details/1100817?lang=kk
Назар аударыңыз! Кедендік тізілімдерінде тұратын компаниялардың 374 бұйрығы бойынша есептілікті жіберуге арналған пошта мекенжайлары 07.11.2025
«Мемлекеттік органдарға, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаларға келіп түсетін жолданымдарды тіркеу, есепке алу, сондай-ақ «Электрондық жолданымдар» ақпараттық-талдау жүйесін жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2023 жылғы 4 қаңтардағы № 4 бұйрығы сақтау мақсатында, сондай-ақ «Электрондық өтініштер» ақпараттық талдау жүйесін пайдалану және есептілікті жіберу үшін e-Otinish платформасын пайдалануды болдырмау үшін Мемлекеттік кірістер департаменттерінде «Есеп жүргізудің және мемлекеттік кірістер органына есептілікті ұсынудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 10 сәуірдегі № 374 бұйрығына сәйкес есептілікті қабылдау үшін пошта жәшіктері құрылды.Уақытша сақтау қоймаларының, кедендік, еркін қоймалардың, өз тауарларын сақтау қоймаларының, бажсыз сауда дүкендерінің иелері, кеден тасымалдаушылары, кеден өкілдері, уәкілетті экономикалық операторлар кезекті есептілікті төмендегі ұсынымдарды ескере отырып, Мемлекеттік кірістер департаменттерінің электрондық мекенжайларына жіберуі қажет. Электрондық пошта арқылы мемлекеттік кіріс органына жіберілетін есептілікті ресімдеу жөніндегі ұсынымдар:Орындаушының тіркеу нөмірі, күні, аты-жөні және байланыс деректері көрсетілген ілеспе хат (жұмыс, ұялы телефон, электрондық пошта мекенжайы);Хабарлама тақырыбын көрсету. Мысалы, «2025 жылғы 3 тоқсандағы «Алатау» ЖШС УСҚ есебі», хабарламаның тақырыбына ұқсас есебі файл атауы. Есептерді жолдадауға үшін электрондық мекенжайларМКД атауыЭлектрондық пошта мекенжайыАкмола облысы бойынша МКДakmol@kgd.gov.kzАқтөбе облысы бойынша МКД50400uta@kgd.gov.kzАлматы облысы бойынша МКД55400_otchet_keden@kgd.gov.kzАстана қаласы бойынша МКДutk.astana@kgd.gov.kzАлматы қаласы бойынша МКДOtchety.Keden_Almaty@kgd.gov.kzАтырау облысы бойынша МКДatyrau.keden@kgd.gov.kzШҚО облысы бойынша МКД51400uta@kgd.gov.kzЖамбыл облысы бойынша МКД51500utk@kgd.gov.kzБҚО облысы бойынша МКДzko_51700@kgd.gov.kzҚарағанды облысы бойынша МКДdgd_karaganda@kgd.gov.kzКостанай облысы бойынша МКДdgduta@mail.ruҚызылорда облысы бойынша МКДdgd_kzo@kgd.gov.kzМаңғыстау облысы бойынша МКД50700uta@kgd.gov.kzПавлодар облысы бойынша МКДuta_pvl_otchet@kgd.gov.kzСҚО облысы бойынша МКДmail.sko@kgd.gov.kzТүркістан облысы бойынша МКД55500uta@kgd.gov.kzШымкент қаласы бойынша МКД57200uta@kgd.gov.kzЖетісу облысы бойынша МКДdgd.zhetisu.uta@kgd.gov.kzҰлытау облысы бойынша МКДulytau_57400@kgd.gov.kzАбай облысы бойынша МКД7101uta@kgd.gov.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-akmola/press/news/details/1171663?lang=kk
«KazAID» және Ұлттық статистика бюросы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды 07.11.2025
«KazAID» және Ұлттық статистика бюросы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды«KazAID» Қазақстанның халықаралық даму агенттігі мен ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы дамуға ресми көмек көрсету бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.Құжатқа «KazAID» Басқарма төрағасы Аркен Арыстанов пен ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаев қол қойды.Меморандум аясында тараптар ЭЫДҰ, БҰҰ және Дүниежүзілік банк жіктеуішіне сәйкес дамуы ең аз деген ел өкілдерінің қатысуымен халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу бағытында ынтымақтасады.Ынтымақтастық шеңберінде экономика, статистика, деректерді басқару және ресми даму көмегінің мақсаттарын іске асыруға қатысты өзге де бағыттар бойынша конференциялар, семинарлар, форумдар, байқаулар, сондай-ақ оқу және ғылыми іс-шаралар өткізу қарастырылған.Бұдан бөлек, тараптар ресми даму көмегі мен статистика салаларында бірлескен халықаралық бастамаларды әзірлеу және іске асыру, ашық деректермен алмасу, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты және тәжірибе алмасуды нығайтуға бағытталған салалық конференциялар, семинарлар, форумдар мен дөңгелек үстелдерді ұйымдастыру мәселелерінде өзара әрекеттесуді дамытуға ниетті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazaid/press/news/details/1100712?lang=kk
Вашингтонда Орталық Азия елдері мен АҚШ компанияларының қатысуымен «C5+1» іскерлік конференциясы өтті 07.11.2025
Вашингтон, 2025 жылғы 6 қараша – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америка Құрама Штаттарына сапары аясында Орталық Азия мен АҚШ арасындағы серіктестіктің он жылдығына арналған «C5+1» форматындағы мерейтойлық іскерлік конференция өтті.«Kennedy Center for the Performing Arts» орталығында өткен іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан және АҚШ үкіметтері мен іскер топтарының өкілдері қатысты. Конференцияның негізгі тақырыбы Орталық Азия мен АҚШ арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту болды.Конференция жұмысына «Самұрық-Қазына» АҚ, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «KAZ Minerals», «Qarmet», «Freedom Holding Corp.», «Bilim Media Group», АХҚО, «Тау-Кен Самұрық» және «Port Kuryk» (Semurg Invest) сияқты мемлекеттік және жеке құрылымдардың басшылары қатысты.Іс-шара барысында АҚШ инвестицияларын Қазақстан мен Орталық Азияның инфрақұрылымдық, энергетикалық және инновациялық жобаларына тарту, сирек кездесетін металдар мен металл өнімдерін және агроөнімдерді АҚШ нарығына экспорттау, сондай-ақ цифрлық және қаржылық технологияларды дамыту мәселелері талқыланды.Форум бес тақырыптық сессиядан тұрды, олар жеткізу тізбектерін дамыту, жасанды интеллектті пайдалану, цифрлық экономика және АҚШ пен Орталық Азияға инвестициялар салу мәселелеріне арналды.Қазақстан цифрлық экономиканы дамыту бойынша сессияның тең төрағасы болды. Онда цифрландырудың келешегі, жасанды интеллектті енгізу, киберқауіпсіздік және трансшекаралық онлайн-қызметтерді дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапынан сессия жұмысына «Kaspi.kz», «ERG», «BTS Digital», «Air Astana» және басқа да компаниялар қатысты.Сессия қатысушылары Қазақстанның Еуразия IT-хабы ретіндегі беделі артып келе жатқанын атап өтті. Елде қазірдің өзінде «Microsoft», «Amazon», «Nvidia» және «Starlink» сияқты жетекші технологиялық компаниялар жұмыс істейді, ал «Meta» және «Amazon» компанияларымен бірлескен бастамалар спутниктік интернетті дамыту мен қазақ тіліндегі жасанды интеллект моделін құруға бағытталған.Панельдік талқылаулар барысында Астана Вашингтонның Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі екені аталып өтті: ел өңірдің жалпы ішкі өнімінің 60%-нан астамын және АҚШ-пен тауар айналымының 75%-ын қамтамасыз етеді. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан экономикасына 100 млрд доллардан астам америкалық инвестициялар тартылды, бұл өңірге салынған жалпы инвестиция көлемінің 80%-дан астамын құрайды.Сонымен қатар конференцияда қазақстандық бизнестің АҚШ-тағы инвестициялық бастамалары да талқыланды. «1Thirty Holding» компаниясы құны 130 млн доллар құрайтын ұнтақ жабындар шығаратын химиялық кешеннің құрылысын ұсынды – бұл АҚШ-тағы Қазақстанның алғашқы өнеркәсіптік инвестициялық жобасы болмақ. Сондай-ақ «abr+» компаниясы АҚШ-та «AUYL» мейрамханалар желісін ашу жоспары туралы хабарлады.Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары қорытындысы бойынша екі ел арасында жалпы сомасы шамамен 17 млрд доллар құрайтын 29 екіжақты құжатқа қол қойылды. Олар өнеркәсіп, энергетика, білім беру, цифрландыру және инновациялар салаларын қамтиды. Бұл келісімдер стратегиялық серіктестікті нығайту мен екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетудің маңызды қадамы болды. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-newyork/press/news/details/1101405?lang=kk
«Қалқан»: тарих, ерлік және Отанға адал қызметтің 3500-ден астам нөмірі 07.11.2025
7 қараша Қазақстанда Әскери журналистер күні ретінде атап өтіледі. Бұл - өз қаламы, камерасы және сөзі арқылы ақпараттық майдан шебінде тұрып, ел қорғандарының күнделікті қызметін және ерлік дәстүрін насихаттайтын жандардың кәсіби мерекесі.Биыл бұл атаулы күн әскери бұқаралық ақпарат құралдарының тарихындағы маңызды оқиғамен тұспа-тұс келді. Кәсіби мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының ресми басылымы – «Қалқан» газетінің 3500-нөмірі жарық көрді.Еліміздегі әскери журналистиканың қалыптасуы мен дамуы Ұлттық ұлан басылымының тарихымен тығыз байланысты. 1961 жылы шыққан «На боевом посту» газетінің алғашқы нөмірі қазіргі «Қалқан» газетінің негізін қалады. Содан бері алпыс жылдан астам уақыт бойы әскери тілшілер ұландықтардың қызметі туралы шынайы ақпарат беріп, бауырластық рух пен әскери дәстүрді сақтап келеді.Осы жылдар ішінде басылым «Дзержинец», «Қалқан»-«Щит», «Қалқан» деп бірнеше рет атауын өзгертсе де, ұландықтардың күнделікті өмірін, әскери міндетін атқарудағы табандылығын, спорттық жетістіктерін және Отанға адал қызметін кеңінен жариялау сынды газеттің мақсаты мен міндеттері өзгерген жоқ.Қазіргі уақытта «Қалқан» заманауи мультимедиялық ақпараттық орталыққа айналды. Басылымның жаңа көркемдік стилі, QR-кодтар арқылы толықтырылған материалдар, визуалды репортаждар және интерактивті форматтар контентті көпшілік үшін қолжетімді әрі тартымды етеді.Редакция Instagram, Aitu, Facebook, TikTok және YouTube секілді әлеуметтік желілерде де белсенді жұмыс жүргізуде. Күн сайын ақпарат айдынында жарияланымдар, сұхбаттар мен деректі бейнематериалдар мыңдаған көрерменге жол тартады. Бұл жас буын арасында әскери қызметке деген құрмет пен қызығушылықтың артуына ықпал етеді.Газетпен қатар, Ұлттық ұланда тағы бірқатар медиа-жобалар жүзеге асуда. Атап айтсақ «Бүркіт» журналы, «Ұлттық ұлан жаршысы» оқу-әдістемелік жинағы, бейнестудияның деректі фильмдері, сондай-ақ Ұлттық ұлан тарихы мен батырлық шежіресіне арналған кітаптар жарық көреді. Бұл өнімдер әскери борыш пен патриотизмнің жылнамасына айналып үлгерді.Ұлттық ұланның бейнестудиясы түсіретін деректі және қысқаметражды фильмдер әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар арқылы көрерменге жол тартып, қоғамның оң көзқарасына ие болуда.Редакция жүзеге асыратын медиа жобалар жас журналистерге, офицерлерге және сарбаздарға шабыт беріп, ақпараттық дәлдік пен азаматтық жауапкершілік дәстүрін жалғастыруға жол ашады.Ұлттық ұланның әскери журналистері ақпараттық майданда абыройлы қызмет атқаруда. Олардың қаламы, камерасы және микрофоны – шындықты жеткізетін құрал ғана емес, жауынгерлік рухты және Отан қорғаушысына деген сенімді нығайтатын маңызды күш. ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/1100686?lang=kk
Қоғамдық-саяси ахуал бойынша жиын өтті 07.11.2025
Аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлының төрағалығымен аудан көлеміндегі қоғамдық-саяси ахуал бойынша жиын өтті.Кездесуде аудан аумағындағы қоғамдық тұрақтылықты сақтау, тұрғындар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ өзекті мәселелерді дер кезінде шешу бағыттары жан-жақты талқыланды.Жиын барысында кент және ауылдық округ әкімдеріне, сондай-ақ дербес бөлім басшыларына облыс әкімдігімен бекітілген алгоритмге сәйкес жұмыс жүргізу қажеттігі ескертіліп, бірқатар нақты тапсырмалар берілді.Жиын қорытындысымен аудан әкімінің орынбасары Диас Асылбекұлы сала бойынша атқарылатын жұмыстардың сапасы мен уақытылы орындалуына ерекше назар аударуды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-karmakshy/press/news/details/1100663?lang=kk
Бүгін әскери журналистер кәсіби мерекелерін атап өтуде 07.11.2025
Бұл мерекелік күн 1929 жылғы 7 қарашада республикалық «Қызыл әскер» газетінің бірінші нөмірі жарыққа шыққан күнімен байланысты. Тәуелсіз Қазақстанның Қорғаныс министрлігі құрылған соң Орталық Азия әскери округінің «Боевое знамя» газеті базасында «Қазақстан сарбазы – Воин Казахстана» басылымын шығару ұйымдастырылды. Газеттің алғашқы 1992 жылдың 16 желтоқсанында нөмірі қазақ және орыс тілдерінде жарық көрді.Қазіргі таңда қорғаныс ведомствосының жанынан «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы шығып тұрады. Бұл мерзімді басылымдардың бетінде республикалық және халықаралық деңгейдегі оқиғалар, әскери оқу-жаттығулар, әскери қызметшілердің спорттық жетістіктері, мәдени іс-шаралар және министрліктің әлеуметтік жобалары туралы материалдар жарияланады.Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын Ақпарат және коммуникациялар департаменті жүзеге асырады. Оның құрамында БАҚ-пен және қоғаммен байланыс жасайтын баспасөз қызметі жұмыс істейді.Медиа саласының мамандары БАҚ-пен өзара іс-қимыл жасайды, ресми хабарламалар дайындайды, брифингтер, баспасөз конференцияларын, әскери дискурстар, журналистер мен блогерлерге арналған баспасөз турларын өткізеді. Биылғы жылы өңірлерге оннан астам журналистік сапар ұйымдастырылды. Қазақстандық «қалам мен микрофон шеберлері» Бейнеу, Ақтау, Аягөз, Гвардейск, Қарағанды және басқа да гарнизондарда болды. Астанада журналистер әскери парадқа, ал Ақтөбеде «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына дайындық шараларымен танысуға мүмкіндік алды.Әскери журналистер, фотографтар, операторлар, мобилографтар, видеоинженерлер мен дизайнерлерден тұратын топ әртүрлі медиаөнімдерді шығарады. Олардың жұмыстары Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында, ведомстволық басылымдарда жарияланып, бұқаралық ақпарат құралдарында және Telegram, Instagram, YouTube, TikTok әлеуметтік желілерінде таратылады. Жаңалықтар мен имидждік контент аудиторияға маңызды оқиғалардан хабардар болуға көмектеседі. Сонымен бірге әскери өмірдің ерекшелігін көрсетіп, үздік әскери мамандар туралы баяндайды.Әскери тілшінің еңбегі адалдықты, шығармашылық ойлау қабілетін, батылдықты және экстремалды жағдайларда жұмыс істеуге дайын болуды талап етеді. Тапсырманы сәтті орындау үшін ол әрдайым оқиғаның ортасында, бір қадам алда және бір саты жоғары болуы тиіс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1100665?lang=kk
Қазақстан Алатауда әуе такси қызметін іске қосу үшін электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алады 07.11.2025
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, америкалық Joby Aero, Inc. компаниясы, Alatau Advance Air Group Ltd. және кәсіпкер Вячеслав Ким өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойды. Оған сәйкес Алатау қаласында әуе такси жүйесін құру мақсатында шамамен 300 млн АҚШ долларына электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алу көзделіп отыр.Бұл тігінен ұшып-қонатын инновациялық ұшу аппараттары Қазақстандағы алғашқы қалалық әуе мобильділігі (Urban Air Mobility) жобасының негізі болмақ. Жоба аясында сертификаттау және демонстрациялық ұшуларға арналған сынақ алаңын құру, сондай-ақ Алатау мен Алматы қалаларының көлік желісіне әуе таксиді интеграциялау жоспарлануда.«Қазақстан инновациялық көліктің болашағына қадам басуда. Электрлі eVTOL ұшақтарын сатып алу - смарт қалалар мен заманауи технологияларды енгізу бағытындағы маңызды кезең. Бұл шара Алатау қаласын болашақтың жоғары технологиялы, бірегей қала ретінде дамытуға серпін береді», - деді Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.Joby Aero, Inc. (АҚШ) - eVTOL авиация саласындағы әлемдік көшбасшы, сертификатталған электрлі әуе таксилерінің әзірлеушісі.Вячеслав Ким - Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы, «Алатау қаласы» жобасының инвесторы.Alatau Advance Air Group Ltd. - Қазақстандағы әуе мобильділігі технологияларының операторы және интеграторы. ҚР ЖИЦДМ баспасөз қызметі Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1100634?lang=kk
ИКАО штаб-пәтерінде TRIP-2025 симпозиумы өтті 07.11.2025
Монреаль, 2025 жылғы 4-6 қараша. – Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы (ИКАО) жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Тимур Тлегенов мырза «Шекарасыз тұлғалық дерек. Келесі ұрпақ жолаушыларын үздіксіз рәсімдеу жүйесін құру» тақырыбындағы TRIP-2025 (Жолаушыларды сәйкестендіру бағдарламасы) 20-жылдық мерейтойлық симпозиумына қатысты.Іс-шара ИКАО штаб-пәтерінде өтіп, жолаушыларды сәйкестендіру және азаматтық авиациядағы цифрлық шешімдер саласындағы жетекші сарапшыларды, мемлекеттік органдардың, әуежайлардың, әуе компаниялардың және халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктірді. Атап айтқанда, АҚШ, Германия, Жапония, Канада, Нидерланд, Корея Республикасы, Қытай, Сауд Арабиясы, Финляндия, Франция, сондай-ақ ИАТА, Әуежайлар халықаралық кеңесі және Интерпол сарапшылары қатысты.ИКАО Кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано мырза өз сөзінде:"Әр адам өзін сенімді растауға және еркін саяхаттауға құқылы. Сондықтан миллиардтаған адамдар TRIP симпозиумында жүргізіліп жатқан жұмысқа сенім артады", – деп атап өтті.ИКАО-ның Бас хатшысы Хуан Карлос Саласар мырза әлемдік жолаушылар ағынының қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтіп, былай деді:"Егер 2025 жылы әуе көлігімен 4,6 млрд. адам сапар шексе, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 12,4 млрд. адамға жетеді деп болжануда. Осы тұрғыда барлық жолаушылардың қауіпсіз және инклюзивті сәйкестендірілуін қамтамасыз ету – ИКАО-ның 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының негізгі элементі болып табылады. Бұл жоспардың мақсаты – баршаға арналған қауіпсіз ұшулар, нөлдік құрбандар және көміртексіз бейтараптыққа қол жеткізу", – деді.Бүгінгі таңда ИКАО-ға мүше 165 мемлекет 1 млрд-тан астам электрондық машиналық оқылатын жол жүру құжатын (MRTD) шығарып, оларды ICAO PKD (Public Key Directory) арқылы әлем бойынша жедел тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етті. Жаңа цифрлық жол жүру куәліктері (Digital Travel Credentials – DTC) инфрақұрылымы шектеулі елдерде де жанаспайтын саяхат мүмкіндігін кеңейтуде.2025 жылғы 4-6 қараша аралығында симпозиум қатысушылары мынадай іс-шараларға қатысты:- TRIP бағдарламасының соңғы жиырма жылдағы негізгі жетістіктерін, нормативтік базасын жаңарту мен TRIP стратегиясын, Doc 9303 спецификацияларын және PKD кеңеюін талқылау;- DTC және Еуропалық саяхат ақпараты мен авторизация жүйесі (ETIAS) сияқты инновациялық цифрлық сәйкестендіру құралдарының тұсаукесері;- Финляндия, Нидерланд, Канада, Сербия, Германия және Жапония тәжірибелерін қамтитын ұлттық практикалар мен кейстер;- Жасанды интеллект, кванттық тұрақты сәйкестендіру және шекаралық бақылауды цифрландыруды қамтитын Sky Talks және демонстрациялық сессиялар;- Жол жүру құжаттарының қорғаныс құралдары мен сәйкестендіру процесін басқаруға арналған шешімдерді қамтыған көрме.Мерейтойлық TRIP Symposium аясында TRIP Award of Excellence марапаты табыс етілді. Лауреат атанған доктор Уве Зайдль – Германия Федералдық криминалдық полиция басқармасының ғылыми директоры және ICAO TAG/TRIP Жаңа технологиялар жөніндегі жұмыс тобының төрағасы. Бұл марапат TRIP бағдарламасын дамытуға, ілгерілетуге және енгізуге қосқан ерекше үлесі үшін табысталды.Іс-шара ИКАО-ның қауіпсіз, тиімді және инклюзивті жаһандық әуе қозғалысын дамытуға және заманауи цифрлық технологияларды пайдаланып, шекарадан өтуді жеңілдетуге деген берік ұстанымын айқындады. TRIP Symposium аясындағы пікірталастар мен таныстырылымдар жолаушылардың қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға бағытталған инновациялық шешімдердің жедел енгізілуіне ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kazakhstanicao/press/news/details/1100623?lang=kk
Астанада Қарулы күштер басшылық құрамының оқу-әдістемелік жиыны өтті 07.11.2025
Қорғаныс министрлігінің алқасы аясында ҚР Ұлттық қорғаныс университеті базасында қазіргі қарулы қақтығыстар тәжірибесі негізінде әскерлерді басқарудың жаңа тәсілдеріне арналған оқу-әдістемелік жиын өтті. Іс-шараны Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов ашты.Жиынға Қорғаныс министрінің орынбасарлары, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің қолбасшылары, құрамалар мен әскери бөлімдердің командирлері, Қарулы күштердің сержанттары және жергілікті әскери басқару органдарының бастықтары қатысты.Оқу-әдістемелік жиын барысында әскерлерді даярлаудың өзекті мәселелеріне бағытталған әдістемелік және практикалық сабақтар ұйымдастырылды.Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың басшылығымен қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар тәжірибесі тұрғысынан әскерлерді басқару мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Онда қарулы күрестің заманауи тәсілдерінің даму үрдістері талданып, технологиялық факторларға баса назар аударылды. Атап айтқанда, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану және оларға қарсы іс-қимыл, жасанды интеллектіні әскерлерді басқарудың автоматтандырылған жүйесіне енгізу, сондай-ақ тылдық және техникалық қамтамасыз ету мәселелері қаралды.Қорғаныс министрлігі, Бас штаб және Қарулы күштердің басшылық құрамы 2025 жылы өткен оқу-жаттығулар барысында анықталған проблемалық мәселелер мен кемшіліктерге жан-жақты талдау жасады. Жиын қорытындысы бойынша жауынгерлік дайындықты жоспарлау, басқару жүйесін жетілдіру және әскерлерді жан-жақты қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныстар мен нақты шешімдер әзірленді.Жоспарға сәйкес барлау, радиоэлектрондық күрес, байланыс, ақпараттық технологиялар және киберқауіпсіздік құралдарын қолдануға арналған әдістемелік және практикалық сабақтар өткізілді.Сонымен қатар Қорғаныс министрінің орынбасарлары өздері жетекшілік ететін бағыттар бойынша лауазымды тұлғалардың баяндамаларын тыңдап, алдағы оқу жылына арналған міндеттерді айқындады. Онда жауынгерлік даярлықты ұйымдастыру, әскери тәртіп пен әскерлер қызметі, тылдық және техникалық қамтамасыз ету, байланыс жүйесін ұйымдастыру, сержанттар корпусының қызметін жетілдіру мәселелері қаралды.Жиын соңында қатысушылар жедел өнер және тактика пәндері бойынша сынақ тапсырып, мемлекеттің қорғанысы саласындағы басшылық құжаттар бойынша білім деңгейлері тексерілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1100615?lang=kk
Beeline Қазақстан, Starlink және ҚР ЖИЦДМ Қазақстанда спутниктік байланысты іске қосады 07.11.2025
Алматы және Вашингтон, Колумбия округі, 2025 жыл 6 қараша - VEON Ltd. (Nasdaq: VEON), жаһандық цифрлы оператор, Қазақстанның бүкіл аумағында, соның ішінде жерүсті желілерімен қамтылмаған шалғай өңірлерде де қолжетімді спутниктік байланысты қамтамасыз ету үшін Beeline Қазақстанның Starlink Direct to Cell-мен серіктесетінін жариялады. Қыркүйекте жасалған коммерциялық келісімге сәйкес, Beeline Қазақстан 2026 жылы хабарламалар алмасу қызметін, одан кейінгі кезеңде мобильді интернетке қосылу қызметін қосуды жоспарлап отыр.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары барысында үшжақты кездесу өтті. Кездесуде Beeline Қазақстан мен Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Direct to Cell спутниктік байланысын енгізу жоспарын қолдай отырып, өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.Beeline Қазақстан аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орын алатын елдің шалғай әрі оқшауланған елді мекендерін тұрақты мобильді интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды іске асыруды жалғастыруда. Бұған дейін компания тұрғындардың саны 100 жетпейтін ауылдарға дейін жерүсті желісінің қамтылуын кеңейтіп, автономды базалық станцияларды қуаттандыру үшін күн панельдерін орнатқан.«Starlink-пен серіктестігіміз – жаһандық технологиялар ұлттық инфрақұрылымды қалай нығайта алатынының айқын мысалы. Бұл келісім орбиталық желіні ұялы байланыс желісімен біріктіру арқылы қамтуды кеңейтіп, дәстүрлі инфрақұрылымды өткізу экономикалық жағынан тиімсіз жерлерде байланысты қамтамасыз етеді. Ұялы байланыс жоқ жерде, бірақ тікелей спутникпен қосылу мүмкіндігі бар жерде модемдер мен қосымша құрылғыларсыз-ақ телефоннан хабарлама жіберу мүмкіндігі – азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, шын мәнінде, адам өмірін де сақтап қалуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары әрі Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.«Бұл серіктестік Қазақстанның толық цифрлы байланысқа өту жолындағы маңызды қадам», - дейді Beeline Қазақстан холдингінің бас директоры Евгений Настрадин. Біздің мақсатымыз – таулы жерлерден бастап, бос жатқан жерлерге дейін тұрақты байланыспен қамтамасыз ету. Ал Starlink Direct-to-Cell спутниктік технологиясын жердегі инфрақұрылыммен біріктіру бізді осы мақсатқа жақындатады. Бұл елдің шалғай жерлерін байланыспен қамту тұрғысынан тиімдЦі шешім».VEON сондай-ақ Starlink компаниясымен ғаламдық негіздемелік келісімге қол қойды – бұл келісім VEON компаниясы жұмыс істейтін барлық елдерде Direct to Cell спутниктік байланысын енгізу бойынша болашақ ынтымақтастықтың шарттарын айқындайтын эксклюзивті емес келісім болып табылады. VEON Starlink-пен осындай көпжақты келісімге қол қойған алғашқы жаһандық телеком-оператор.Beeline Қазақстанның Starlink Direct to Cell спутниктік байланысын енгізу жөніндегі келісімі биылғы жылы Украинада Kyivstar Group Ltd (Nasdaq: KYIV) компаниясы Starlink Direct to Cell арқылы хабарламалар алмасудың сәтті демонстрациясын өткізген соң қол жеткізілген табысты тәжірибеге негізделген.«Біз жұмыс жасайтын нарықтардың бірегей жағдайлары қауымдастықтардың байланыста болуын қамтамасыз ететін инновациялық шешімдерді талап етеді. Украинадан кейін VEON тобының екінші өңірі – Қазақстанда Starlink Direct to Cell-мен ынтымақтастықтың арқасында дұрыс бағытта келе жатқанымызды көру мені қуантады», - дейді VEON Group бас директоры Каан Терзиоғлы. «Біз VEON-ның бес елдегі 150 миллионнан астам абоненті үшін жерүсті және спутниктік байланысты біріктіру мүмкіндіктерін үлкен қызығушылықпен қарастырып жатырмыз».Қазақстанда Starlink Direct to Cell қызметін сынақтан өткізу және коммерциялық іске қосу стандартты реттеуші рәсімдерді сақтай отырып жүзеге асырылады.ҚР ЖИЦДМ баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1100608?lang=kk
Брюссельде Қазақстанның «Орта дәлізді» дамытуға қосқан үлесі талқыланды 07.11.2025
Брюссель, 2025 жылғы 6 қараша – Қазақстанның Еуропалық Одақ жанындағы Елшісі Роман Василенко Еуропалық Комиссияның, Түркияның Өнеркәсіп және технология министрлігінің, сондай-ақ жетекші еуропалық және түрік іскерлік қауымдастықтарының қатысуымен ұйымдастырылған «Түркия – Еуропалық Одақ 2025» форумының жұмысына спикер ретінде қатысты.Форумда Түркия мен Еуропалық одақ арасындағы энергетикалық тұрақтылық, «жасыл» және цифрлық өту, ақылды қалаларды дамыту және көлік байланыстарын нығайту мәселелеріне арналған тақырыптық сессиялар өтті.Бөлек панельдік сессия Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТХКБ), яғни «Орта дәлізге» арналды. Қатысушылар бұл мультимодальды бағытты кеңейту мен жаңғыртудың перспективаларын, сондай-ақ оны Еуропа мен Азия арасындағы сауда байланыстарын және жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын арттыруға бағытталған маңызды маршруттардың бірі ретінде дамыту мәселелерін талқылады.Сессия барысында Елші Р. Василенко «Орта дәліздің» Қазақстан үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Ол еліміздің бұл бағыт бойынша көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға бағытталған кешенді шараларды дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын айтты. Атап айтқанда, Ақтау мен Құрық порттарын жаңғырту, теміржол өткелдерін кеңейту, сондай-ақ осы бағыт бойындағы кедендік рәсімдерді цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.Дипломат сондай-ақ Қазақстанның аймақтағы рөлінің артып келе жатқанын, атап айтқанда, Еуропа мен Азия арасындағы тұрақты көлік және энергетикалық байланыстарды дамытуға бағытталған «Global Gateway» бастамасын ілгерілетуде Еуропалық одақтың негізгі серіктесі ретінде маңызды орын алатынын атап өтті. Оның айтуынша, «Орта дәлізді» дамыту халықаралық сауданың жаңа мүмкіндіктерін ашып қана қоймай, сонымен бірге энергетикалық, азық-түлік және экономикалық қауіпсіздікті нығайтуға, сондай-ақ континентаралық өзара байланыстар жүйесін кеңейтуге ықпал етеді.Жалпы, форум Еуропалық Одақ, Түркия, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдері арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған идеялармен алмасу және практикалық шешімдер әзірлеу үшін маңызды алаңға айналды.Талқылаулардың қорытындысы бойынша қатысушылар тұрақты және өзара тиімді әріптестіктерді қалыптастыруға ықпал ететін инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды одан әрі дамытудың маңыздылығын растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1100586?lang=kk
Қазақстан СОР30 Конференцияның көшбасшылар саммитінің ашылуына қатысты 07.11.2025
Белен қ., 2025 жылғы 6 қараша – Бразилияның төрағалығымен БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының тараптары 30-шы Конференциясының (СОР30) көшбасшылары саммитінің ресми ашылуы өтті. Климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі негізгі сын-қатерлерді талқылау және міндеттемелерді пысықтау үшін пленарлық сессияға мемлекет пен үкімет басшылары, парламент спикерлері, сыртқы істер министрлері, салалық министрліктер мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты. Аталған іс-шараға Қазақстан делегациясын ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев бастап қатысты.Саммиттің ашылуында Бразилия Президенті Луис Инасиу Лула да Силва, бұл кездесу, климат күн тәртіп бойынша халықаралық жұмылдыру мен диалогтың маңызды кезеңі екенін атап өтті. Ол, саммиттің Амазонияда өткізілуі, Бразилия, өңір және жалпы бүкіл әлем үшін терең нышандық мәнге ие екенін жеткізіп, өйткені, СОР конференциясы алғаш рет тропикалық ормандарда ұйымдастырылып отыр.Қазақстан делегациясының басшысы Е.Нысанбаев, саммиттің бірінші күніндегі пленарлық сессия барысында еліміздің жаһандық климаттық күн тәртіпке адалдығын растап, әлемдік қауымдастықты 2025 жылы Орталық Азия елдерінде өткен негізгі климаттық іс-шаралар жөнінде хабардар етті. Сонымен қатар, Париж келісімі мен ғаламдық бастамалар аясында ұлттық басымдықтарды, қаржылық қажеттіліктер мен халықаралық ынтымақтастықтың ықтимал түрлерін анықтап өтті.Сондай-ақ, Ерлан Нысанбаев өз сөзінде өңірлік консультацияларды бастау, климаттық қаржыландыру тетіктерін әзірлеу, ғылыми ынтымақтастық желісін құру мен жобалық портфельді қалыптастыруды қоса алғанда, 2026 жылы өтетін Өңірлік климаттық саммитке дайындықтың аралық нәтижелерін баяндап берді.Е.Нысанбаев, іс-шара аясында халықаралық ұйымдар мен бірлестіктердің басшыларымен және шетелдік делегациялар жетекшілерімен бірқатар кездесулер өткізіп, олардың барысында көпжақты және екіжақты ынтымақтастықтың мәселелері талқыланды. Форумның алғашқы күні жаһандық климат мәселелеріне арналған көшбасшылардың пленарлық сессиясы мен «Климат пен табиғат: ормандар мен мұхиттар» тақырыбындағы алғашқы тақырыптық сессия өтті. Саммиттің екінші күні «Энергетикалық ауысу» мен «Париж келісімінің онжылдығы: Ұлттық анықталған үлес және қаржыландыру» тәрізді бағыттар бойынша тақырыптық сессиялардың өткізілуі жоспарлануда.Саммит аясында «Мәңгілік тропикалық ормандар» қорының (TFFF) іске қосылуы туралы Декларация, Өртті кешенді басқару жөніндегі іс-қимылға үндеу, Орнықты отын түрлері жөніндегі Белем міндеттемесі мен аштық, кедейлік және климаттық әрекеттер мәселелеріне арналған Декларацияны қоса алғанда, климаттың өзгеруімен күрестің стратегиялық бағыттарында Бразилиялық төрағалық ұсынған бастамалар қабылданады деп күтілуде.Сонымен бірге, іс-шара аясында тропикалық ормандары бар елдер мен инвесторларды біріктіретін «Мәңгілік тропикалық ормандар» (TFFF) қорының іске қосылуына арналған салтанатты қабылдау өтті. (СОР30) Көшбасшылар саммитінен кейін, 10-21 қараша аралығында осы Беленде БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 30-шы конференциясы тікелей өз жұмысын бастайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/1100589?lang=kk